Сәрсенбі, 24 Шілде 2024
Анық-қанығы 2922 34 пікір 2 Маусым, 2023 сағат 12:15

ҰҚШҰ-да "Үйлестіруші" қай мемлекет болады?

ҚР Парламенті Мәжілісі пленарлы отырыста Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бітімгершілік қызметі туралы келісіміне өзгерістер енгізу туралы протоколды ратификациялады. ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамаладиновтің айтуынша, протоколға 2021 жылдың 16 қыркүйегінде, Душанбеде өткен ҰҚШҰ жиынында қол қойылған.

Бұл протоколдың басты даулы мәселесі – "үйлестіруші мемлекет" ұғымының енгізілуі. Осыны басшылыққа алып, ҰҚШҰ-ның ұжымдық бітімгершік күштері жасақталып, БҰҰ шеңберінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету  операцияларына қолданылады.

Протоколға сәйкес, "үйлестіруші мемлекет" - ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер ортақ келісіп бекітетін бір мемлекет. Ол "ортақ бітімгерлік күштерді" ұйымдастыру және жан-жақты қаматамасыз ету, сондай-ақ, БҰҰ миссияларына жіберумен айналысады.

"Ортақ бітімгерлік күштерді" қолдану мәселесі "үйлестіруші мемлекет" пен БҰҰ арасында келісіліп шешіледі.

Осы ретте Abai.kz редакциясы оқырман талқысына Азаттық радиосы 2022 жылдың наурызында жариялаған "ҰҚШҰ-да "Үйлестіруші" қай мемлекет болады? Мұның Украинадағы қантөгіске қатысы бар ма?" атты мақаланы ұсынғанды жөн санадық.


Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы жарғысына "үйлестіруші мемлекет" деген өзгеріс енгізу процестегі мәселе болғанымен, Украинадағы оқиғалар Ресейдің нені көксейтінін көрсетеді.

РЕСЕЙШЕ РАТИФИКАЦИЯЛАУ

3 наурызда Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттік думаға Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) жарғысындағы бітімгерлік күштер туралы келісім хаттамасына өзгеріс енгізуді ратификациялау туралы заң жобасын ұсынды. Осы өзгеріске сай "үйлестіруші мемлекет" ұғымы енгізілмек. Оны ұжымдық қауіпсіздік кеңесі анықтауы мүмкін. Бұған қоса БҰҰ-ның "бейбітшілікті қамтамасыз ету операцияларына" арналған ҰҚШҰ-ның бітімгерлік күштері құрылатыны да айтылған.

Кремльдің Украинаға басқыншылық әрекеттерінен кейін бұл мәселенің жариялануы бірден назар аудартатын тақырыпқа айналды. Тиісінше, түрлі жорамалдарға себеп болған. Алайда ҰҚШҰ елдері ұйым жарғысына түзету енгізу туралы хаттамаға 2021 жылы 16 қыркүйекте Душанбеде қол қойған. Сондықтан кейбір сарапшылар бұл мәселенің Ресейдің Украинаға басқыншылығына қатысы жоқ деп таниды.

Хаттаманы ратификациялау ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің БҰҰ аясындағы бітімгерлік операцияларға қатысуына мүмкіндік береді.

Украинаға шабуыл басталмай тұрып, 16 ақпанда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Ресейдің бастамасымен БҰҰ мен ҰҚШҰ арасындағы ынтымақтастық жөнінде мәжіліc өткізілген. Онда БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш ҰҚШҰ-ның қақтығыстардың алдын-алу, бітімгершілік операциялары және Ауғанстан мәселесі бойынша ынтымақтастық бойынша іс-қимылдарын жоғары бағалаған. Айта кету керек, Ресей ақпан айында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етті.

ҰҚШҰ 2004 жылдан бері БҰҰ Бас ассамблеясында бақылаушы мәртебесіне ие. БҰҰ мен ҰҚШҰ арасында ынтымақтастық жөніндегі біріккен декларацияға 2010 жылы қол қойылған.

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛАЙ?

Қазақстан бұл хаттамаға өзгеріс енгізу және ҰҚШҰ-мен болған басқа да келісімдерді ратификациялау шараларын өткен желтоқсан айында бастаған. Қазақстан қорғаныс министрлігі ҰҚШҰ жарғысындағы бітімгерлік күштер туралы келісім хаттамасына өзгеріс енгізуді ратификациялау туралы заң жобасын 2021 жылы 14 желтоқсанда "Ашық нормативтік-құқықтық актілері" сайтына шығарған. Жобаны көпшілік арасында талқылау уақыты ретінде 2021 жылдың 30 желтоқсаны көрсетілсе, онлайн-талқылау биылғы 17 қаңтарда аяқталған. Бұл заң жобасы парламентке қашан түсетіні әзірге белгісіз.

ҰҚШҰ-ға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мүше. Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елге "террористік шабуыл" жасалғанын айтып, осы ұйымнан әскери көмек сұраған (Билік айтқан "террористік шабуылды" нақты кім жасағанын әлі күнге дейін белгісіз, Ақорда бұл жайлы ашып айтпады). Соған орай мүше мемлекеттер әскери бөлімшелерінен саны 2500 шамалы әскер Қазақстанға енгізілген.

Қазақстандағы қаңтар оқиғасынан соң Алматыға келген ҰҚШҰ миссиясы сапындағы ресейлік әскерилер. 13 қаңтар 2022 жыл.

Қазақстандағы қаңтар оқиғасынан соң Алматыға келген ҰҚШҰ миссиясы сапындағы ресейлік әскерилер. 13 қаңтар 2022 жыл.

Бұл әскердің елге кіруіне алаңдаған белсенділер оларды шығаруды талап еткен. 19 қаңтарда билік ҰҚШҰ әскерінің "елден толық шығарылғанын" хабарлаған. Ресейдің Украинаға басқыншылығы тұсында Қазақстанда Мәскеудің ықпалы басым ұйымдар: ҰҚШҰ мен Еуразия экономикалық одағынан шығуға шақырған петициялар пайда болды.

"ҮЙЛЕСТІРУШІ МЕМЛЕКЕТ" НЕ ІСТЕЙДІ?

ҰҚШҰ бітімгерлік қызметі туралы келісімнің түсініктеме-жазбасында ұйымға мүше мемлекеттердің бітімгерлік қызмет көрсетуі мейлінше ерікті екендігі айтылған. Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі анықтайтын мүше мемлекеттердің бірі "үйлестіруші мемлекет" бола алады.

"Үйлестіруші мемлекет" БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау операцияларында ҰҚШҰ бітімгерлер күшін қолдануды жан-жақты қамтамасыз ету және ұйымдастыру жұмыстарын шешумен айналысады.

Осы мақсатта "үйлестіруші мемлекет" БҰҰ-мен меморандумға қол қояды. Онда БҰҰ миссиясын қолдау үшін әкімшілік, материалдық-техникалық және қаржылай шарттар, персоналдарды, мүліктерді және қызметтерді ұсынудың мән-жайы анықталатын болады.

НЕГЕ РЕСЕЙ?

Әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов "үйлестіруші мемлекет" ұғымының туындауына ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кемшілігі сылтау болып отырғанын айтады.

- Өйткені ұйымның ұжымдық қауіпсіздік кеңесі дербес шешім қабылдай алмайды. Кеңесте шешім шығару үшін мүше мемлекеттердің барлығының келісімі қажет. Мәселе алқалы түрде коллегиально шешіледі. Кеңес керек жағдайда жедел шешім шығара алмайтын болған соң бұл міндет "үйлестіруші мемлекетке" жүктелуі мүмкін және бітімгерлер мәселесі әдетте жылдам шешім қабылдауды қажет етеді, - дейді Ермек Сейітбатталов.

ҰҚШҰ әскерінің Қазақстанға келуінің салдары не болмақ?

Оның айтуынша, "үйлестіруші мемлекет" мәселесі Ресейдің мүддесінен туындауы ықтимал.

- Анықтай айтқанда, ұйым белгілі бір елдің ықпалына түседі. Шешім қабылдарда қалған елдер үшін бұрынғы келісім-шарттар негіз болады да, бітім күштері бойынша "үйлестіруші мемлекет" қана айналысуы мүмкін. "Үйлестіруші мемлекет" ұйымның бітім күштерін өзі қалаған мақсатқа жұмылдыруы ықтимал, - дейді Ермек Сейітбатталов Азаттыққа.

Ол бұл мәселенің Ресейдің Украинадағы әрекетіне қатысы бар деп есептейді.

- Былай қарағанда, бұл Украинаға қатысы жоқ, бұрыннан талқыланып келе жатқан мәселе сияқты көрінуі мүмкін. Алайда Украинаға көз аларту – Ресейдің көптен келе жатқан пиғылы. Украинадағы майдан, ресейшіл биліктің құлатылуы – мұның бәрі, сөз жоқ, Мәскеудің қытығына тиеді, - дейді ол.

ҰҚШҰ-дағы "үйлестіруші мемлекет" дегенде, сарапшылардың көбі Ресейді ауызға алады. Әскери сарапшы Ермек Сейітбатталовтың да пікірі осыған саяды. Оны сарапшы ҰҚШҰ-ға мүше Ресейден басқа елдердің "үйлестіруші мемлекет" болуы мүмкіндігі төмендігімен түсіндіреді.

- Ұйымға мүше мемлекеттерді салыстыратын болсақ, олардың ара-салмағы жер мен көктей. Армения әскерінің қандай екені түсінікті. Беларусьта кейбір әскербасылар Украина соғысына қатыспас үшін қызметтен кетіп жатыр. Қазақстан әскерінің қандай болғанын Қаңтар оқиғасы көрсетті. Қырғызстан әскерінің күші шектеулі. Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шекара дауы шығып қалып жатады. Бұлардың жанында Ресейдің әскері де, техникасы да, техниканы қамтамасыз ететін мамандары да жеткілікті. Алайда Украинадағы жағдай Ресейдің де қауқары қандай екенін көрсетіп берді. Ресей стратегия, оперативтілік және тактика жағынан осал екенін көрсетіп алды. Бірақ салыстырмалы түрде ҰҚШҰ аясында бәрібір де Ресей алда тұр, - дейді Ермек Сейітбатталов Азаттыққа.

"РЕСЕЙ БОЛМАСА ДА, РЕСЕЙШІЛ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАНАДЫ"

Әскери сарапшы ҰҚШҰ бітімгерлері БҰҰ аясында таяу арада бейбітшілікті қамтамасыз ету операцияларына қатысуы неғайбіл деп санайды.

- Украинадағы соғыстан кейін Ресейдің халықаралық деңгейдегі беделі қатты құлдырап кеткендіктен, БҰҰ мұны қалай қабылдайды деген сауал туындайды. Яғни, ҰҚШҰ мүшесі Ресей – бұл жерде қақтығысушы тарап. Оның үстіне халықаралық санкцияларға ұшырап отыр. Бұл да бір көрсеткіш болса керек,- дейді әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов.

Саясаттанушы Думан Қабдығалиевтің пікірінше, ҰҚШҰ-дағы "үйлестіруші мемлекет" ұйымның бітімгерлік күштерінің жұмысын үйлестіріп, қадағалауы мүмкін. Ол да "үйлестіруші мемлекет" Ресей болу мүмкін екенін жоққа шығармайды. Алайда басқа ел "үйлестіруші мемлекет" болған күннің өзінде негізгі шешім Мәскеуде қабылданады деп есептейді.

- "Үйлестіруші мемлекет" Ресей десек, Украинадағы қақтығысушы тарап ретінде Кремль ҰҚШҰ-ның басқа мүшелерін қиын жағдайға ұшыратады. Ал Ресейден басқа ел "үйлестіруші мемлекет" бола қалған жағдайда да ресейшіл шешім қабылданатыны анық, - дейді Думан Қабдығалиев Азаттыққа.

Саясаттанушы Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚШҰ әскерін Қазақстанға жіберу шешімін ресми түрде ұйымның кезеңдік төрағасы Армения қабылдағанымен, Ресейдің ықпалы байқалды деп есептейді.

Ұжымдық Қауіпсіздік шарты ұйымы 2002 жылы Мәскеуде құрылды. Ұйымның штаб-пәтері де Мәскеуде орналасқан. Ұйымның құрылуына 1992 жылы Ташкентте қол қойылған Ұжымдық шарты келісімі себеп болды. Келісімге Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан қол қойып, кейін оған Әзербайжан, Беларусь және Грузия қосылды. Қазір ұйымға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мүше.

Қуанышбек Қари,

Азаттық радиосы

Abai.kz

34 пікір

Үздік материалдар

Абай мұрасы

Абай іліміндегі өмір мақсаты не?

Досым Омаров 1395
Ой түрткі

Әлмерек абыздың оралуы - Елге діннің оралуы

Бақтыбай Айнабеков 2193
Көршінің көлеңкесі

Ресей тілдік һәм саяси экспансияны қалай жүргізді?

Бейсенғазы Ұлықбек 2214