Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2699 1 пікір 13 Маусым, 2023 сағат 14:45

Сұхбат: Өнер адамын мемлекет қорғауы керек!

- Тасқын бауырым сенің өнерлі отбасыан шыққаныңды білеміз. Алдымен өнер жолыңды, шығармашылық бағытыңды таныстыра кетсең...

Т.Жармұқамет: Есбол аға, бұл сұрақты менен кез келген журналист бірінші болып сұрайды. Дегенмен бұл сұраққа мен былай жауап бергім келеді. Мені өнерге алып келген Қазақтың өнер ортасы мен қасиетті топырағы. Әке-шешем Іле бойында туған адамдар, екеуі де ән айтып, өлең шығарып, жазу-сызудан өз қатарлары арасында беделі бар адамдар. Мен бала кезімнен Әшім, Қожеке, Қоңқай күйшілердің күйін ауыл қарияларынан естіп, Таңжарық өлеңдерін оқып өстім. Нағашы атам тіпті Әшімнің шәкірті Камал Мақай атамыздың жақын таныс адамы болды, өзі де аздап күй шертетін, күй құмарлығы тағы өз алдына. Мені қасиетті топырақ – Іленің тұнған өнері, бала кезден естіп өскен қазақы әуен, әжелердің қара өлеңі, қыз-бозбаланың қалжың айтыстары осы музыка өнеріне алып келді-ау деп ойлаймын. Дегенмен классикалық өнер ол ұзақ мезгіл оқу мен еңбекті талап ететін өнер. Мен тек музыканың жоғары оқу орнын 14 жыл оқыған екенмін. Кейде ойлаймын, сонша оқығанда «талантсыз оқушы» да Талантты болатын болды ғой деп. Дегенмен мен өте бақытты шәкіртпін. Ұстаздарымның ішінде Ақтоты Райымқұлова, Юрий Сергеевич Каспаров сияқты заманымыздың мықты композиторлары болды, Айтқали Жайымов, Қанат Ахметов, Бейбіт Дәлденбаев ағаларымыз да әр кезде өз білімін үйретіп, жол сілтеп, ақыл айтып отырды.

- Өзің тәуелсіздік кезеңінде Операға құлаш ұрған санаулы композиторлардың бірісің. «Домалақ ана» операсының жазылу жайына тоқтала кетсең...

Т.Жармұқамет: «Домалақ ана» операсы 2021 жылдың 5 наурызында Тұңғыш сахналанған. Қазірге дейін Шымкент, Астана, Қарағанды қалаларында 45 рет қойылды. Опера жалпы көлемі 90 минуттық, 4 көрініс, 2 актіден турады, қойылымда 160 артист рөл сомдады.

Егер қазір ең көп сахнада қойылатын классикалық операларымызға қарасақ, бәрі ғашықтық тақырыпта, «Қыз Жібекте» Төлеген мен Жібек, «Абайда» Ажар мен Айдар, сосын «Біржан Сара» шыны керек,өткен ғасырда жазылған шығармалар болғандықтан бұл операларда өткен ғасырдың идеялогиясы бар. Мысалы, «Біржан Сарада» Біржанды Молдалар шариғат заңына салып жазалап өлтіреді, тіпті Астана опера бұл операның жаңа қойылымын қоғанда қазіргі таңда жастардың дінге бет бұрып жатқанын ескеріп, Молдалардың сотын билер сотына алмастырған. Ал «Абай операсында» Ажар мен Айдар қазақтың «Сұрқия», «Жаман» дәстүрінің себебінен қосыла алмай Абай оларға араша болуынан Байлар Абайға қас болады. Былай қарасаң операдан қазақтың әмеңгерлік дәстүрі жаман болған деген түсінік шығып тұр. Егер кеңес одағы кезіндегі опера, спектаклдерді қарасақ олардың түп-төркінінен «Байлар жаман», немесе Қазақтың «бел құдалық», «әмеңгерлік», тіпті ғылыми негізі бар «жеті атаға толмай қыз алыспау» дәстүрі жаман деген ұғым мен мұндалап тұр. Себебі қазақты өз дәстүрінен бездіру керек қой... сондықтан да трагедияға тап болатын кейіпкерлер тап болатын «Табу» басқаша айтқанда шектеу – қазақ дәстүрі болған. Мен бұл жерде Ұлы жазушыларымызды, драматургтерімізді кінәлайын деп отырғаным жоқ, жоғарыдан тапсырыс солай болған. Бір жағынан еркін махаббатты кім ұнатпады дейсіз.

Енді өзімнің операма келсем, бұл тақырып өзгеше. Жаңа ғасырдың жаңа тақырыбы деп білем. Ол Ана туралы. Ана мен байланысты қазақ халқы арасында өте көп феномен бар. Мысалы: Ана тілі, Жер-Ана, Ана сүті... сондай-ақ, ана бейнелері де аңыз-ертегі, дастан, шежірелер де көп. Мысалы, Ұмай Ана, Сақ Батыры Тумар ана, кешегі өткен Бопай ана, немесе Абай романындағы Абайдың әжесі Зере, Шоқанның әжесі Айғаным, т.б. бұл феномен арқылы қазақ қыздары «Ана қандай болу керек?» деген сураққа жақсы жауап табады. Мен бұл операда ешкімді ешкімге әдейі қарсы қоймаймын, Домалақ ана туралы халық арасында тараған аңыздардың басын біріктіру арқылы «қазақ ана» бейнесін халық алдына – сахнаға алып шығуды көздеймін. Бұл қазіргі заман үшін, қоғамда ажырасу асқындап, баласын тастап кету өршіп тұрған кезде, өте өзекті тақырып! Шәкен Айманов атамыз айтқанындай «Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын». Көріп отырған көрермен операм арқылы отбасыға, отбасы арқылы қоғамдағы сақталып отырған кейбір келеңсіздіктерге ой жүгіртсе екен деген ойым бар. Мысалы, операда Нұрилаға(Домалақ анаға) Бәйбіше – Марау қатты қызғаныш танытады, әрине жас тоқалға қызғаныш көрсету заңды да, алты баланың анасымын деп асып-тасып күпірлік етіп, ең соңында бар баласынан айрылып қалады. Бұдай күпірлік дәл осы өмірде де бар, отбасын құрған екі жас арасына түсіп күпірлік етіп баласы немесе қызын артық санап ажырастырып алатын ата-аналар да жетерлік... тіпті соңғы кезде «тоқал аламын» деп қағынып жүрген еркектер де аз емес, міне операдағы оқиға 6-7 ғасыр бұрын болған деген күннің өзінде қазіргі таңда қазақ жерінде қайталанып жатқан көріністер де белең береді. Сондықтан, театр-опера арқылы көрерменге дұрыс тәрбие беру, өнердің ең маңызды қоғамдың міндеті болуға тиіс.

- «Домалақ ана» операсының халыққа жетуі қалай болды?! Астана мен Алматы қазақ тілді операға жылы қабақ танытты ма?!

Т.Жармұқамет: Шыны керек, «Домалақ АНА» операсы шығыпты дегенді Шымкент халқы естіген соң көп адамдар театрға келіп жатты, оның ішінде балаларын ерткен ана да, қарттар да, «Атамыз еді», «анамыз еді» деп келіп жатқандар да болды. Егер опера қызықты болмаса «шаншардың мазағындай» әркім күлкі етіп кетер еді. Ал мен сол аналардың, қарттардың көзіне жас алып отырып қойылымды бір жарым сағат бойы тамашалағанын өз көзіммен көрдім. Операның мазмұны да өте тамаша ғой, Ана – Нұрилә баласын бесікке бөлеп бесік жыр айтып отырған бейнесі, баласы жараланғанда Қудайдан медет тілеуі, Жау шапқанда ауыл-аймақтың тілеуін тілеуі, Ана ретінде жер-әлемде бейбітшілік, тыныштық болуын қалап, жүрек жарды мұрат арманын айтуы барлың «Қазақ анасына» тән ортақ қасиет! Опера қай қалада орындалса да сахна аншлаг болды, мен де көрермендерге ұнайтын опера ұсынғаным үшін қатты қуандым.

- Кейінгі жазбаңда жазғаныңдай бізде әлі шетелге табыну, өзіміздің авторларды қаржылық жақтан демеудің орнына шетелдік авторларға жосықсыз шашылу жойылмаған сияқты. Осы туралы ойыңды тағы да толықтырып айта кетсең...

Т.Жармұқамет: Есбол аға, мен ол жазбам арқылы опера жазғанымды бұлдап отырғаным жоқ. Шындық жанымды ашытады. «Түйенің танығаны жапырақ» дегендей ағылшын композиторы Карл Дженкинсон шығармаларынан жиналған папурри – «Shine Astana», осымен екінші рет орындалып жатыр. Бірінші рет орындалғанда тіпті ноталарының клавирін дайындап, мен де сол Астана операның бас-қасында жүрдім. Ішінде XIV ғасырда жазылған «Қыпшақ гимннің» нотасын мен расшифровка жасағанымды жалпы қазақ елі тұрмақ, музыканың авторы – Карл өзі де білмейтін шығар бәлкім... енді осы шығарманың орындалу көлеміне қарайық: Бірінші рет орындалғанда Италиядан бір оркестр шақырды, оған Астанада екі-үш оркестрін қосты, ал хорға сонау Ақтөбеден, Алматыдан хор капелласын шақырып жалпы саны 1800 адам орындады. Солисттерден де шетелден келгені бар. Енді ойлай беріңіз олардың қонақ үйі бар, тамағы бар, ұшағы бар, жол бар, гонарары бар... неше кеткені айтпаса да түсінікті, миллиард теңге кетті деп ойлаймын. Ол ол ма енді тағы бес-алты жыл өткен соң осы «салтанатты» 1200 адаммен қайталап отыр. Ал сол шығарманың Қудіреті неде сонда? Ішінде Абай атамыздың әндері, Нұрғиса атамыздың «Ата толғауы», «Дудар-ай» сияқты халық әндері, Қорқыттан келген сарын, автордың тамаша өңдеуімен сахналанған. Мен Карлдың шығармашылығына шек келтіріп отырған жоқпын! Ол керемет композитор. Бірақ ол қазақ музыкасын, қазақ композиторларының шығармаларын пайдаланбаса сол музыкалардың көк тиын бізге құны болар ма еді?! Ал Қазақ композиторлары миллион емес бес жүз мың теңге гонорарға зар болып отырғанда сіздер ағылшын композиторын 100 милионмен аузын майлап отырғаныңызды білесіздер ме? Карл қазақ болып қазақша музыка жазып бере алмайды ғой! Ол тап осы шығармаларда өңдеуші, немесе құрастырушы. Неге соны білмейді Министрлік, қазақ композиторлары Астана операдан өз шығармасын бір тыңдауға зар болып жүрген жоқ па? Егер менің бұл сөзіме шұба келтірсеңіздер мен айтайын, Жас композиторлардан Арман Жайым «Бейбарыс» операсын жазған, Әліби Әбдинұров «Сәкен» операсын жазған, Шырын Базарқұлова Скрипкамен симфониялық оркестрге арналған тамаша концерті жазған, Сәтжан Шаменовтың көптеген камералық шығармалары бар, Бауыржан Ақтаев та ұлт аспаптар ансанбліне кейінгі кезде керемет шығармалар жазып жүр. Мен айтқан осы жас композиторлардың бірде бір шығармасы Астана опера сахнасында орындалмаған, біз ол театрға жалыныштымыз. Неге бізді орындамайды? Иә біз Бетховен, Шопен, Рахманиновтардай талант емеспіз, бірақ сол композиторлар қазақ болып туып бізге қазақша музыка жазып бере ме?! Егер жас композиторлар шығармасы орындалмаса, қолдау таппаса олар жалғасты музыка жазып еңбектене ме? Мүмкін емес! Шығармалары суырмаларының бір бұрышында шаң басып жатса, олар өздерінің кәсіби өресіне, талантына күмәнмен қарайтын болады, оның арты бүкіл ұлттық музыка мектебінің жойылуына алып келеді! Мен театрларда ұлттық стратегия болуға тиіс, өз елінің саусақпен санарлық өнер иелерін қолдауы керек деп ойлаймын.

- Өзің саудаға бет бұрған екенсің. Не үшін мұндай қадамға барғаныңды түсіндіре кетсең?

Т.Жармұқамет: Қазақта айтылмаған сөз қалмаған ғой, «Ораза намаз тоқтықта» деп айтқан, өнермен айналысу үшін де, өнерге қолдау көрсету үшін де адамның қолында белгілі қаражат болу керек екенін түсіндім. Біреуден артық, біреуден кем өмір сүргім келеді. Сәл табыс тапсам өнерімді жалғастырсам, ал өзімнен артылып жатса өзім білетін, қанаты жетіліп келе жатқан жас өнер иелеріне қолдау көрсетсем деп саудаға бет бұрдым. Біздің елде де классикалық музыкаға қолдау жасайтын мецанаттар болса екен, солардың қолдауымен домбыра-күй, дәстүрлі ән, көне жыр дастандар айтып орындау бойынша өнер жаңа биікке көтерілсе екен деген арманым бар.

- Композиторлар арасында сақталып келе жатқан басқа да проблемалар бар ма?

Т.Жармұқамет: Менің білуімше тек композиторлар арасында емес, бүкіл шығармашылық саласында үлкен проблема бар. Ол Президент, Президент әкімшілігі, қатысты мамандар тез арада араласып реттеуге тиісті дүние. Себебі шығармашылықтың адамы тек өз шығармасымен өзін асырап отырған жоқ, ол мемлекеттің рухани қазынасы, оларды мемлекет қорғауы керек. Ал ол проблема – авторлық құқық. Ең кең таралған заң бұзушылық композитордың шығармасын қалағанынша пайдалану, қалағанынша орындау, ал одан композиторға қаржылай пайда жоқ(әсіресе классикалық музыка жазатындар). Мысалы, Айтқали Жайымов, Ермұрат Үсенов ағаларымыздың шығармалары Қазақстанның түкпір-түкпірінде орындалып жатады, ал композиторға ол көк тиын кіріс алып келмейді. Жазушылар кітап жазады, қызық болса елдер интернеттен емін-еркін көшіріп алады, кітап сатып алмайды, интернетті бұғаттап жатқан ешкім жоқ. Немесе универлер ол кітапті сатып алғанымен авторға ешқандай пайдалану ақысын бермей-ақ, студенттерге бере алады, суретшілер, дизайн мен сәулетшілердікі тіпті, бір жерден көріп ұнатып қалса ксеркстен өткізіп алып пайдаланып кетеді, дамыған елдерде оның бәрі заң аясында қорғалады, дамыған елдегідей болмасақ та авторлар үшін нормативтік заң белгілемесін жасау керек, кеңестік көне авторлық заңдарды жаңалау керек... авторлардың құқығын цифрлық жүйемен қорғау қазіргі таңда бек мүмкін. Мысалы біз А.Бочеллидің әнін Youtube-ге қалағанымызша салсақ интернет бізден аккаунтты бұғаттап тастайды. Бұл қолайлылықты отандық авторлар кейбірі қолданып та жүр. Бірақ нақты нота, репертуар болып орындалуға келгенде Қазақстандық заңның шектемелер күші жетпей жатады. Сол сияқты Қазақстанда egov-ті ойлап тапқан «Болашақ» түлектерін өнер иелерімен кездестіру арқылы заңгерлермен осы проблемаларды әбден шешуге болады деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан: Есбол Үсенұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5446