Жексенбі, 24 Қараша 2024
Көкжиек 2460 0 пікір 3 Шілде, 2023 сағат 12:19

«Жаң Зымың мен Ли Фыңға шапан тіккен Шәріпқан»

Қытайдан келген ағайындар еңбекшіл, нарыққа бейім келеді. Жұмысым жоқ деген ағайынды кездестіру қиын. Әркім өзінің қолынан келетін шаруасымен айналысып, отбасын асырап, ал кейбіреуі бір кәсіптің басын ұстап, оның дөңгелегін дөңгелетіп  жүр. Бүгін назарларыңызға ұсынылып отырған кейіпкеріміз Шәріпқан Мұхтарұлы кәсібімен нәсіп тауып жүрген іскер азаматтың бірі еді. Іскер болғанда ұлттық өнерімізді жаңғыртып, оны жаңа қырынан дамытып жүрген шебер тігінші болатын. Өкінішке қарай, он саусағынан өнер тамған Ш.Мұхтарұлы қазір ортамызда жоқ. Сұм ажал оны 2020 жылы арамыздан біржолата алып кетті. Шәріпқанның өзі жоқ болманымен оның айтқан сөзі мен бастап кеткен ісі артында қалған бала-шағасына мұра болып қалды. Марқұм Шәріпқанның тірі кезінде мен онымен кездесіп сұхбаттасқан болатынмын, бірақ бұл сұхбат кезінде жарияланбай қалды. Бұл сұхбаттың сіздермен жүздесудің сәті енді түскендей. Марқұмның аруағы разы болсын!

– Шәріпқан Мұхтарұлы, сіз Қазақ еліне қашан көшіп келдіңіз?

2008 жылы тамыз айында.

– Соңғы кездері Қытайдан көшіп келетін ағайындар алдымен бір-екі келіп, ел көріп, жер шалып ойланып-толғанып көшіп келетінді шығарды. Сіз де солай істеген жоқсыз ба?

Қазақстан Республикасының Мәдениет минстрлігі 2000 жылы Қытайдағы диаспора өкілдерінен шыққан көркемөнер, қолөнер шеберлерінің туындыларын Қазақ еліне алып келіп атажұрттағы қазақтарға көрсетіп, таныстырып қайтуды мақсат-мұрат етіпті. Қазақстанның мәдениет минстрлігінің мұрындық болуымен ШҰАР-дың ұйымдастырған 13 адамдық делегациямен бірге мен де Алматыға келген болатынмын. Ол кезде ел көрейін, жер шалайын, ұнап жатса көшіп келейін деген ой менде болған жоқ.

– Табаныңыз алғаш атамекен топырағына тигенде қандай сезімде болдыңыз?

Шынымды айтсам, ол кездегі сезімімді қазір сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Қалай да ол кездегі қуанышым да шек болған жоқ.

– Алматыға келген соң атбасын қайда тіредіңіздер?

«Дүниежүзі қазақстары қауымдастығының үйі» деген жазуы бар 5 қабатты үйге келіп түстік. Қауымдастық төралқа төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев деген ағамыз бізді қарсы алды. Қауымдастықтың бұл үйі сол жылы біткен екен, біз алғашқы қонағы болып мейрамханасына жатқан едік.

– Сонда сіздердің көрме Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында ашылды ма?

Жоқ, Қазақстан Республикасының орталық ұлттық мұражайында жұртшылық назарына ұсынылды. Бұл көрме ұлттық мұражайда бір аптадай жұртқа көрсетілген соң, оны жиысытырып алдық та, Астанаға апарып аштық. Сол кезде марқұм Қалдарбек Найманбаев ағамыз бізбен бірге пойызбен Астанаға барғаны  әлі есімде. Біз қазақ жерінде 20 күндей жүріп елге көңілді қайтқан болатынбыз.

– Жиырма күн деген аз уақыт емес, сол кезде сіздің санаңызға  «атамекенге оралсақ» деген ой оралмады ма?

Маған бұл ойды санама түсірген марқұм Қалдарбек ағаның өзі болатын. Ол кісі біз аттанарда мені жанына шақырып алып: «Шәріпқан, басқаларды білмеймін, сенің мына киім тігу өнерің күшті екен. Қайтып барғанан кейін екі-үш айдан қалмай көшіп кел. Қазақ қауымдастығы үйінің астынан бөлме берейін. Тігін цехыңды аш, жұмыс істе. Бір-екі жылға дейін сенен үйдің жалақысын алмаймын. Кәсібіңді дамыт, аяғыңнан тік тұрып жатсаң, одан арғысын көре жатармыз», – деді. Мен: – Аға, мына өтінішіңіз жақсы екен, Құдай қаласа екі-үш айдан қалмай келетін боламын, – деп уәде беріп, қуанып аттанып едім. Сөйтсем, менің қолымдағы құжат бір жолға келуге ғана жарайтын, екінші рет келуге жарамайтын іскерлік паспорт болып шықты. Біз барған соң ол құжатты үкімет жинап алды.

Ол заманда жеке төлқұжат жасату қиын кез еді. Тіпті шақыртудың өзін жылдап зорға алдыратын заман еді ғой. Әлгі үш айда келетін болып кеткен мен бейбақ, төлқұжатымды үш жылдан кейін зорға алып, Алматыға жолдасым Мәрия, кіші ұлым Мейірлан үшеуіміз келсек, Қалдарбек ағам: «Ей, бала, сен қайда жүрсің? Мен саған екі-үш айда кел десем, үш жыл жоғалып кеткенің қалай?! Саған беретін бөлмелердің бәрін басқаларға беріп қойдым. Сені күте-күте шаршадым», – деп күлді. Мен болған жағдайды айтып кешірім сұрап, ақталуға тырыстым. Бірақ ол кісі: «Ей, бала, ақталып әуре болмайақ қой. Ең бастысы көңіліңді түсір ме, әлі де саған жұмыс істеуге қаладан орын тауып беруге болады. Керек десең, Алматыдан баспана алуға көмектесейін, құжаттарыңды тездетіп жинап Көші-қонға өткіз», - дегенде төбем көке екі елі жетпей қалғандай қуанып кеттім. Сол күннен бастап құжаттарымызды жинап, Алматы қалалық Көші-қон басқармасына өткізген болдық. Қалдарбек ағаға қайта айналып кіріп, Көші-қонға құжаттарымызды тапсырғанымызды, енді Қытайға барып бір айдан қалмай біржолата көшіп келетінімді айтып едім, ол кісі маған біртүрлі қимастық сезіммен жымия қарап: «Және де жоғалып кетпейсің бе?», – деді, мен, –  Жоқ, аға, осы жолы уәдемде тұратын боламын, – дедім.

Өкінішке қарай, біз кеткен соң 20 күннен кейін ол кісінің қайтыс болғаны туралы суық хабар артымыздан жетті.  Әсілі, алдын ала бір нәрсені кесіп айтпау керек екен. Осы жолы да жолымыз болмай қалды. Бір жақсысы кейін ықтияр хат алып алдық.

Қытайда тіккен қазақи киім-кешектерді арқалап тасып, Борахолкадағы сатушыларға үлестіріп өткізіп жүрдік. Кейін өзіміз бір дүкен сатып алып тауарымзды соған салып саттық. 2006 жылы шілде айында Алматы облысының Есік қаласының маңындағы саяжайдан бір үй сатып алдық. Бірақ бұл үй екі жыл бос тұрды. Кейін Кеден ақысы қымбаттап кеткендіктен, енді бүйтіп екі арада тасымалдауды қоялық деген шешімге келіп, 2008 жылы тамызда атамекенге біржолата қоныс аударып келдік. Қазақстан азаматтығын да алып алдық.

– Шәке, енді әңгімені Қытай жерінде тігіншілікті қалай үйреніп, қалай кәсіп бастағаныңызға  қарай бұрсақ? 

Мен мектеп бітіргенен кейін жоғары оқу орнына оқуға түсе алмай қалдым. Оқуға емтиханнан өте алмай қалғанымнан емес, қайта емтиханан өтіп тұрып қалып қалдым. Бұған негізінен денсаулығым себеп болды. Өйткені, содан бір жыл бұрын аяғымды сындырып алып, мүгедек болып қалдым. Ақиқатын айтқанда, ол кезеде Қытайда жоғары мектепке мүгедек оқушыны оқуға қабылдамайтын саясат бар екен.  1983 жылы Тоғызтарау ауданы бойынша ең жоғары балл алған үш баланың бірі болған мен осылайша оқу орайынан біржолата айырылып қала бердім. Мүмкін, тағдыр менің маңдайыма оқуды жазбаған шығар. Көнуге тура келді.

Ауылыма барып, әкем ашқан шағын асханаға көмекші болып жұмыс істедім. Кейін әкем самсы жабатын бір ұйғыр досын жұмысқа алды. Мен сол кісіге көмекші болып жүріп өзім де самсы шебері болып кеттім. Екі-үш жыл самсы пісірумен айналыстым. Самсыгерлік атағым біраз жерге дейін жайылды білем. Жолдан ары-бері өткен игі жақсылардың бәрі менің самсаханама түспей өтпейтін болды.

1985 жылдың жаз айы болатын, біздің ауылдың тумасы, ақын, «Іле айдыны» журналының бөлім редакторы, ақын Нығымет Қамызай деген ағамыз біздің асханаға келе қалды. Ол кісі тамақ ішіп отырып әкеме: «Мұхтар аға, Құлжаға ішкі қытайдан келген тігінші ханзулар, тігіншілікке оқушы қабылдап жатыр. Мына балаң қызықса сол курсқа жіберсеңші?», – деді. Бұл сөзді естіп тұрған мен әкем недер екен деп құлақ түре қалдым.  «Онда жақсы екен ғой. Балам, естідің бе? Құлжаға барып тігіншілік үйренесің бе?», – деді, маған дауыстап. – Барамын әке, – дедім мен де ойланбастан.

Содан бір-екі күннен кейін жиналып әкем екеуіміз Құлжаға аттанып кеттік. Тігіншілік үйрететін Құлжа қонақ үйінде екен. Қиналмай тауып алып, тіркеуге тұрдым. Курсқа тіркелген 47 баланың үшеуі ғана қазақ, қалғандары ұйғырлар екен. Үш қазақтың біреуі мен, ал екеуі Күнес ауданынан келген екі қыз. Курстың айлық ақысы 30 юань, қымбат емес.

– Қанша айда тігіншілікті үйреніп шықтыңыз?

Төрт ай үйретті. Алғашқы екі айында тігіншіліктің теориясын оқыдық, оған қоса сызуды, өлшеп, кесіп-пішуді үйрендік.

«Енді қалған екі айда материалды пішіп-тігуді үйретеміз. Ауылдарыңа барып тігін мәшинелеріңді алып келіңдер, жоқтарың сатып алыңдар» деп, ұстазымыз бізді он күндік демалысқа жіберді. Демалыс біткенен кейін Құлжаға әкем бірге келіп 180 юаньға аяқпен басып жүргізетін тігін мәшинені алып берді. Мәшинемді  көтеріп курсқа келсем, 6 ұйғыр баладан басқа баланың бәрі жоқ. Әлгі екі қазақ қызым да келмей қалыпты. Олардың неге келмей қалғанын сұрастырып көрсем, «тігіншілік қиын жұмыс екен, оқымаймыз» деп кетіп қалыпты. Енді ойлап көрсем, қазақтардың өнер үйренуге деген ынтасы сол кезде негізінен жоқ екен. Мен намысқа тырысып курсты соңына дейін жалғастырдым.

– Осыдан кейін ауылыңызға барып тігіншілікпен айналыстыңыз ба?

Олар бізге негізінен тігіншіліктің бағыт-бағдарын көрсеттіп берді. Ұстаздар көрсеткен жолмен жүріп кету өзіңнің ынта-жігерің мен еңбектенуіңе байланысты екен.

Содан ауылға барып әкемнің асханасының жанындағы бір ауыз үйге аяқ мәшинемді қойып, тігіншілікпен айналыса бастадым. Онда да ауылдастарымның кең шапанын тарайтып, ұзын шалбарын қайырып, тар көйлегін кеңейту деген секілді жұмыстарды істеп қол жаттықтырып жүрдім. Жаңа киім тігуімге шынымды айтсам батылым бармай жүрді. Бір күні әкемнің құрдасы Нұрмұхамет деген кісі ендей материал алып келіп, балам: «Мынадан маған бір шалбар тігіп бер, қол үйреншігің болсын. Бүлдірсең де саған ренжімеймін», – деді.

Мен ол кісінің бойын өлшеп алып қалдым да, матриалды қиып, оны тігіп үтіктеп қойдым. Ертесі Нұрмұхамет ағам: «Балам, кешегіні не істедің. Бірдемеге жараттың ба?» – деп келді. Дайын тұрған шалбарды қолына ұста та салдым. Қолына алып, ары аударып, бері аударып көрді де: «Мынауың кәдімгідей шалбар ғой», – деді де үстіне киіп алған ол маған ақшасын тықпалай берді. Ал мен болсам, – Аға, ақшаңыздың керегі жоқ, батаңызды беріңіз, – деп өзімше мәз болып жүрмін. Сонда Нұрмұхамет ағам: «Балам, ырым болсын, қолың жүрсін!» деп болмай жүріп 50 тиын қолыма ұстатты. Соңынан батасын берді.

Бір күні бір жеңгем келіп: «Ей, қыршын, маған майка жағалы көйлек тігіп бер», – деп материалын тастап кетті. Жағасын дөңгелектеп ойдым да, көйлекті тігіп киім ілгішке әдемелеп іліп қойдым. 3-4 күннен кейін келген жеңгем ілулі тұрған көйлекті көріп: «Ой, қыршын, мына көйлекті құртыпсың ғой», – демесі бар ма. Сөйтсем оның айтып жүрген «майка жаға» дегені кәдімгедей жағасы бар көйлек екен.

Өстіп біреуін түзеп, біреуін бұзып жүріп тігіншілігімді шыңдай бастадым. Содан не керек,  ауылымыз тұрғындарының әртүрлі киім-кешегін, тіпті малшылардың тері киімдерен (қасқыр ішік, тері шалбар, түлкі тымақ, қолқап), сырмалы шапандарын тіктім. Ауылда жүргенде тікпеген нәрсем қалмады.

1991 жылы Іле қазақ автономиялы облысының 10-кезекті ақындар айтысы Тоғызтараудың Шашы жайлауында өтті. Осы ақындар айтысына өнер көрсететін отбасылық әнсанбілге біздің отбасымызды тіркеп қойыпты. Оған жай киіммен шығу ұят іс, содан өзім саханалық киім жобалап, барлығына түгел киім тігіп шықтым.

–  Бұл айтыста сіздер қандай өнер көрсеттіңіздер?

–  Әкем күй тартты, мен терме айттым, қарындасым домбырамен ән шырқады, ал інім гитара мен ән айтты. Жаман болмадық, ақындар айтысынан бірінші жүлдені еншілеп қайттық.

Ақындар айтысынан бірге қайтқан Іле облыстық мәдениет мекемесінің басшысы Ырымқан Айдарбек деген кісі жол жөнекей біздің үйге түсті. Ауылдағы менің шеберханамды көрген ол кісі: «Мұндай өнерлі жігіттің ауылда жүргені дұрыс емес, обал болыпты. Мұны қалаға алып кету керек», – деп кетті.

Ырымқан ағам Құлжаға барған соң Облыстың қатысты орындарына мен туралы айтқан боу керек. Көп өтпей мені Құлжаға шақыртып алды. Сөйтсем, Іле облыстық әйелдер бірлестігі ұйымдастырып құрған кестеханада 70-80 астам қазақ, ұйғыр, дүңген қыз-келіншектер тәрбиеленіп жатыр екен. Мен осыларға киім пішіп-кесетін ұстаз болып келдім. Екі-үш жыл жұмыс жасағанан кейін бұл курс қаржының тапшылығынан жабылып қалды.

–  Содан кейін ауылға қайта қайтыңыз ба?

–  Қалаға келіп киім тігу тарихым осыдан басталып кетті, ауылға қайтқым келмей қалды. Өзім ұстаздық еткен курсқа үйренуге келген Қорғастық бір қызбен махаббаттасып, отбасын құрып Құлжада біржолата қалып қойдым. Өзімізде жеке баспана болмаған соң,  Алма базарының маңындағы бір ұйғырдың үйін жалға алып жанынан тігінхана ашып алдық. Ол кезде қазіргідей дайын кастюм-шалбар жоқ-тұғын. Елдің бәрі дүкеннен ендей материал алып, тігіншілерге тіктіріп киетін. Біздің тіккен кастюм-шалбар өте сәнді, сапалы, әрі арзандау болды білем. Көп ұзамай елге таныла бастадық. Қазақ, ұйғыр, ханзудың көбі бізге тапсырыс беретін болды.

–  Кастюм-шалбарды қаншаға тігуші едіңіз?

–  Ауылда 10-20 юаннан тігетінбіз, ал қалада 50-60 юаннан тіктік. Демек, ауылға қарағанда қалада кәсіпті дамытуға, баюға мүмкіндік көп болды. 1992 жылы болатын, бір жеңіл ақ көлік келіп, біздің есіктің алдына тоқтай қалды. Ішінен салауатты киінген екі қазақ жігіт түсті. Аман-сәлемнен соң:

–  Шәріпқан деген сенсің бе? – деді.

–  Иә, менмін, – дедім.

–  Сені көп іздеп, әрен таптық. Біз Іле қазақ облыстық үкметтің қонақ қабылдау басқармасынан келдік. Бізге 20 оқалы тон, 200 кестелі тақия керек. Орталықтан басшылар келеді, солардың үстіне жабамыз, тіге аласың ба? – деді.

–  Тіге аламын, – дедім мен.

–  Жақсы онда, біз ертең келеміз, – деп кетті де, ертесі оқалы тонның матриалдарын әкеліп берді. Оған қоса тонның үлгісін ала келіпті. Олар: «Осыған қарап тігесің», – деп кетті.

Біз басқа жұмыстың бәрін қайырып тастадық та, облыстық үкіметтің тапсырысын орындауда кірісіп кеттік.

Бұл тапсырысын алып кеткеннен кейін, бес-алты күн өткенде әлгі жігіттер қайта келіп: – Сені облысқа шақырып жатыр. Сені алып кеткелі келдік, – демесі бер ма? Менің тіккен шапанымнан бір мәселе шыққан жоқ па екен, болмаса бұлар неге келеді деп қорқыншақтап ақ көлікке отырдым. Олар мені Облыстық әкімшілікке алып келді. Кіріп барсам, бөлмеде үш адам отыр екен. Екеуін таныдым, төрде отырған денесі ірі қара кісіне танымадым.

–  Ассалаумағаликум, – деп сәлемді есіктен төрге ала жүгірдім.

–  Әликумассалам, – деген жуан қара кісіге алдымен қол бердім. Содан кейін облыс әкімі Асқат Керімбайұлына, содан үкіметтің хатшысы Сабыр Бағдәулетұлына қол беріп амандасып, бос орындыққа барып жайғасқаным  сол еді. Облыс әкімі Асқат:

–  Шәріпқан деген тігінші ініңіз осы, – деді де, маған қарап: – Мына ағаңды таныйсы ба? Бұл кісі ШҰАР-дан келеген Қыдырбай деген ағаң, сенің тіккен шапандарыңды кім кигенін білесің бе? Төраға Жаң Зымың (Цзян Цымин) мен премьер-минстр Ли Фың мырза киіп кетті. Сол шапандарды көрген мына Қыдырбай ағаң саған аңсары ауған соң, сені арнайы алдырдық, – деді мені бұрыннан білетін адам секілді Қыдырбайды  таныстырып. Сонда Қыдырбай аға:

–  Әй, інім. Мен Шыңжаңның түкпір-түкпірін аралап жүрген адаммын. Қазақтан киім тіккен ер адамды тұңғыш рет көріп отырмын. Соған мен таңғалып, сені әдейі көргім келді. Не қиыншылығың бар? – деді. Мен сонда анда-мұнда көшіп үй жалдап жүргенімізді, мүмкін болса тігін цех ашатын бөлме керек екенімді айттым. Сонда ол кісі Асқатқа қарап:

–  Әй, Асқат, қайда кетпеген үкіметтің бір-екі ауыз үйі, осындай өнерлі жігітті көрінген жерге қаңғыртып қоясың ба, бір-екі бөлме берсеңші, – деді. Сонды Асқат:

–  Болды, болады аға, орналастырамын, – деп бәйек болды.

Сонда Қыдырбай аға:

–  Мен кеткенше маған бір тақия тігіп бер. Жұмысың болса мені ізде, мен саған көмек қолымды беруге бармын, – деді. Ол кісі 62 размер киеді екен, әдемілеп отырып бір тақя тігіп кигізіп жібердім.

Егер мен сол кезде Қыдырбай ағаға бизнес жоспарымды көрсетіп, мектеп бітіріп жұмыс таба алмай жүрген жастарды өнерге тәрбиелейтін мектепті Құлжадан ашсақ жақсы болар еді деп айта алған болсам, мүмкін ол жұмыс та шешім табуы ғажап емес екен. Өйткені, Қыдырбай Мөрсәлімұлы ол кезде ШҰАР-дың Халық үкіметінің орынбасар төрағасы, ШҰАР партия комитетінің тұрақты мүшесі, экономикаға жауапты ұлтжанды басшы екен. Жоғарыдағы өтінішімді айтпағаныма әлігедейін өкінемін.

–  Облыс әкімі Асқат уәдесінде тұрып, сізге орын берді ме?

–  Екі күннен кейін үкіметтен адам келіп: «Саған Облыс бастығы Асқат мырза Наньюардан бір үлкел залды босатып берді. Енді цехыңды соған көшіріп алып барсаң болады», – деп кетті.

Сөйтсем, ол зал бұрын машина қойған ескі қойма екен. Соны жуып-шайып, тазалап көшіп келдім. Онда екі-үш жылдай жұмыс жасадым, кейін Асқат Керімбайұлы Үрімжіге ауысып кеткен соң, екі күнен кейін оны үкімет менен қайтарып алды.

–  Киім-кешек фестивальдарына өзіңіздің тіккен киімдерді қатыстырып көрдіңіз бе?

–  1992 жылы шілдеде Қытай мемлекеттік аз ұлттарының «Сымбат» фестивальі Гаңжу қаласында өтетін болып, Іле облыстық мәдениет мекемесі маған модельші (модельер) үш қызға қазақи киім тіккізді. Сол үш қыз мен тіккен көйлек-камзолды киіп Гаңжудағы фестивальға қатысты. Үшеуінің біреуі алтын, екіншісі күміс, ал үшіншісі қола медаль алып келді. Осыдан кейін журналистер мені іздеп сұхбаттасып газет-журналға, теледидарға жариялай бастады. Менің атақ-абройым Шыңжаңа тарала бастады. Содан үш аймақтың жер-жерінен келетін тапсырыстар көбейіп кетті. Күнделікті той-төкін, жыртысқа тіккізетін тапсырыстар одан да көп еді.

Мен және қазақтың ұлттық салт-дәстүрін таныстыруды мақсат еткен 5 сериалы телефильм «Іле салтанатына» түскен адамдардың барлығына қазақи киім-кешек тігіп берген едім. Ең өкінштісі, Шәкен Қалиолла деген режиссер ағам уәдесінде тұрмай, менің аты-жөнімді телефильме жазбай, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Жаудат Қайса деген суретшінің атын жазып жіберген болатын.

Ал 2002 жылы Іле қазақ автономиялы облыстық ақындар айтысында менің тіккен киімдерім 2-дәрежелі сыйлық алды.

–  Тапсырыс көбейгеннен кейін жұмыс та көбейеді, қосымша жұмыс  күшін алған шығарсыз?

–  Әрине, Ташлапкідегі бір бинаның 4-қабатындағы залды жалға алып, 20 шақты қазақ қыз-келіншекті жұмысқа алдым. Оның сыртында 300 оқушыны тігіншілікке тәрбиеледім. Арада Тоғызтарауға барып 60-қа жуық баланы тәрбиелеп кеттім. Қазір біз тәрбиелеген балалар әр жерде өз кәсібін істеп жүр. Қазақстанға келіп жұмыс істеп жүргендері де бар.

Осы арада қазақ фота салонын ашқанымды да айта кетейін. 1995 жылы болатын, аяқ астынан «Құлжада ұлттық киіммен сурет түсіретін суретхана ашуым керек» деген ой туды да, Іле аймақтық уәли мекемесінің жанынан бір бөлмелі үйді жалдап алып фато салон аштым. Шыны керек, бұл фото салоным өте жақсы жүріп келе жатыр еді, 1996 жылы ақпанда болған Құлжадағы содырлардың қалаймақанынан кейін амалсыз жауып тындым. Енді Қазақстанда ашсам ба деген ойым бар.

–  Сіз жаңа бір сөзіңізде Қытай төрағасы Жаң Зымин мен премьер-министр Ли Фың сіз тіккен қазақи шапанды киіп кеткені туралы айттыңыз. Біздің елдің  атқа мінерлері, өнер адамдары сіздің шапанды киді ме?

–  1999 жылы болатын. Іле облыстық әкімшіліктен бір адам келіп: «Қазақстан Республикасы Алматы облысының әкімі Заманбек Нұрқаділов бастаған 11 адам біздің елге келетін болды, ішінде әнші Мақпал Жүнісова бар. Бір жетіден қалмай бітіруің керек», – деп кетті. Содан бір жетіде 11 шапанды бітірдік. Іле қонақ үйінде облыс басшылары көкқасқа тайға бата сұрағанда Заманбек пен Мақпалды өз көзіммен көрген болатынмын.

Қазақтың маңдайына симай өмірден ерте кеткен Оразәлі Досымбек пен Айнұр Тұрсынбай 2006 жылы Құлжаға барып өнер көрсеткенде, екеуіне арнайы тіккен шапанымды үстіне жапқан болатынмын.

Есік қаласындағы «Алтын адам» мұражайының қызметкерлерінің қазақи киімдерін біз тіктік.

–  Қазір қандай тірлік істеп жатырсыздар?

–  Қытайдағыдай үлкен цехымыз жоқ, шағын отбасылық цехпен елдің тапсырыстарын тігіп бала-шағаны асырап жатырмыз.

–  Тапсырыс көп пе?

–  Тапсырыс өте көп. Тігіп үлгірте алмай қалатын кездеріміз жиі болады. Сол себепті өткен жылы наурыз айында Қытайдың Қорғас ауданы Лусагу қалашығы Ластай қазақ ауылынан бір тігін цехын аштық. Онда 20 қазақтың қыз-келіншегі жұмыс жасап жатыр.

–  Ол қыз-келіншектердің кестешілікке бейімі бар ма екен?

– Жолдасым Мәрия Халыққызы оларға бір ай кестешілікті үйретті. Оларды үйретуге жұмсалған жіп, маталардың бәрін жергілікті әкімшілік өзі көтерді. Ал өзім киімді қалай кесіп-пішуді үйретіп келдім. Қазір онда компьютерлі кесте тігетін мәшиненің біреуі жұмыс жасайды.

–  Қытайдағы цехты кім басқарады?

–  Балдызым Серік Халықұлы.

–  Сол цехты осы Есік қаласынан ашуға да балар еді ғой?

–  Бұл жақта біріншіден үйдің жалақысы қымбат, екіншіден еңбекақы жоғары, үшіншіден материал қымбат, төртіншіден үкімет тарапынан қолдау жоқ.

–  Ал Қытай үкіметі қолдау көрсетіп отыр ма?

–  Екі жылға дейін үйдің жалақысы мен салықғын алмайтын болды. Осы мүмкіндікті мен секілді Қазақстан азаматына алып берген Ластай ауылының әкімі Амантай мырзаға және Іле облыстық базар басқару мекемесінен осы ауылға түсіп қызмет жасап жатқан Асқар мен Тәлет мырзаға алғысым шексіз.

–  Себебі...

–  Себебі, 20 адамды жұмыспен қамтығаным үшін. Маусым айында Қорғас ауданының бірінші хатшысы Гың мырза цехқа келіп, жұмысымызды көзден кешірген еді. Ол кісі ризашылығын айтып, аттанар кезінде: «Мына жалғыз  кесте тігетін компьютрлі мәшине сендерге аздық етеді, мен біреуін алып берейін. Сендерге жасаған көмегім болсын», – деп кеткен болатын. Кейін ол кісі уәдесінде тұрып бір тігін мәшинесін алып берді. Қазір екі компьютерлі мәшине жұмыс істеп жатыр. Енді жұмысымыз өнімді болатын болды.

–  Кедендік салық деген бар ғой?

–  Кедендік салықтың айланып өте алмайсың. Бір киллограмм тауарға 850 теңге төлейміз.

–  Алда қандай жоспарыңыз бар?

–  Жоспар болғанда цехымыздың көлемін кеңейту. Одан кейін қазақ халқының атадан балаға жалғасып келе жатқан қолөнерін жастарға мұра етіп қалдыру үшін оларды тәрбиелейтін орталық жоқ. Жергілікті үкімет орындары қолдау көрсетсе, Есік қаласынан бір орталық ашқымыз келеді. Осы орталық арқылы мектеп оқушыларының формасын тігілетін болса, киім сырттан сатып алып келгенге қарағанда арзан болып, ата-аналардың қиыншылығын аз да болса жеңілдеткен болар еді. Оның үстіне жұмыссыз жастар жұмыспен қамтылар еді.

–  Сіздің жолыңызды қуған балаларыңыз бар ма?

–  Үлкен ұлым Марғұлан да, кіші ұлым Мейірлан да өнер жолында жүр. Кейде жұмыс басты болып кеткен кезімізде балашағамызбен тігіншілікпен айналысатын кезіміз болады. Үлкен ұлымды былтыр үйлегем. Келінім Перизат Нығыметқызы Қазақстан Республикасының орталық ұлттық мұражайынында жұмыс жасайды. Мұражайдың Фотосуретшісі.

–  Шәке, туған жеріңіз туралы айта кетсеңіз?

–  Мен Іле қазақ автономиялы облысының Нылқы ауданында 1962 жылы туылыптым. Әкем сақшы мекемесінде істеген адам болатын. Қызмет бабымен Нылқыға барған ғой. Кейін Текес ауданына ауысып барады. Әкем сақшы қызметкері болғанымен домбырамен құйқылжытып халық әндерін жақсы айтатын, күй шертетін. Сол өнері мәдениет төңкерісі кезінде басына пәле болып жабысыпты. «Мұхтар сары ән айтады, шетпен байланысы бар...» деген секілді жаламен қызметтен кетеді. Содан 1975 жылы өзінің Тоғызтарау ауданының Ақтүбек ауылындағы ел-жұртына оралады. Әкемнің асхана ашып кәсіппен айналысқан ауылы осы Ақтүбек болатын. Менің ес біліп, етек жиған шағымның көбі осы Ақтүбекте өтті.

–  Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы

2017 жылы, шілде.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588