Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
46 - сөз 1976 4 пікір 17 Шілде, 2023 сағат 13:04

Бір өлеңнің өзегіндегі өрт

Мен оның әлеміне, сол арқылы әр заманда ту етіп көтерілген өзекті мәселелерге қайта айналып соға беруден еш жалыққан емеспін. Тұрмағамбет Ізтілеуұлының соңында қалған өлең мұрасын аударып, төңкеріп зерделеген сайын түйсігі терең асылдың бір кезде өмір сүрген өз дәуіріне қаратып айтқандары кім-кімнің де алдына жон арқасын жаңа бір қырынан тосып, кесе-көлденең шыға береді. Астары көнеруді білмейтін тым ескі жырдың тасасында қалған жауһарлар қай дәуірге болсын, сынадай сыйыса беретіні несі? Тіпті оқып отырып, уақыт тегіршігі ілгері емес, үнемі кері айналғандай әсерде қаласың. Өйткені, қай мәселенің де мәні өзгермеген. Әлде, бұл әулие пейіл шайырдың бойынан үнемі қылаң беріп отыратын көрегендік қасиеттің белгісі ме?

«Заң азды төресі әділ хан жоғынан» деген мына шағын өлең кемі осыдан жүз жыл бұрын жазылса да, өзегіндегі қаулаған өрт өшпепті, бәз баяғы қоз күйінде жатыр. Көзін түртсең болды, әркімнің көкейіндегі сөзге айналып кете беретіндей. Иә, қай нәрсенің де төрелігін әділ беретін төрешің болмаса, қандай заң болсын және кім шығарса да, одан қарашыға тиетін пайда жоқ. Тетігі табылмаған соң ол да бір айғайыңды естімейтін меңіреу жартас. Аталмыш жырдың екінші жолындағы «Тозды жұрт тойып жейтін нан жоғынан» деген уәзипа артық-кемі жоқ, бүгінгі қазақ қоғамының басындағы ахуалды баяндаған да қойған. Басқа ештеңе де емес. Халықтың басынан өткен кешегі дүрбелең осының жарқын үлгісі емес пе? Әлгі екі жол арқылы көтерілген мәселе «Қыран құс қайда ұшарын біле алмай тұр, / Алып жер ашыққанда аң жоғынан» деген түйін арқылы күрмеледі. Несін айтасыз, тығырыққа тірелу дегенің – осы. Көзіне қан толған қыран аңға түспесе, адамға түседі. Өйткені, ол әдет оның болмысына жат емес. Адам да, аң да табиғатындағы тағылықтан аса алмайды һәм қаша алмайды. Жаратылыс заңы солай.

Ол ойын өрлете келе, кең далада жаудың жоғынан күнелткен «қара шыбын есебіндегі халық едік» дейді. Шынымен де, бір заманда жауы жоқ жұрттың қатарын толтырғанымыз рас. Мына шартарап қазақтың қара баласына емес, далиған даласына аш көзін құныға қадай бастаған қазіргі уақытта осылай деп айта аламыз ба? Жоқ! Міне, соның салдарынан «Жер жүзін жеті қабат зұлмат басып, / Жол таппай жүдеді көп таң жоғынан». Көптің көңілін жүдеткен әлгі жеті қабат зұлматтың әр қабатын талдап, таразылай түссек, «Сияқты байсыз қатын болып тұрмыз, / Кең ойлы, кеңес айтар жан жоғынан» деген бүгінгі шындықтың пердесі түріле береді. Бұл – басындағы бардың қадірін білмеген қай елдің болсын, тірелер тұйығы. Біздің де кеңесіміз ілгері баспай, кері кете бастағанын бүгінде кімнен жасырып қалғандаймыз? Ақыры шайыр, «Жүк жұртта қалды, өзің жеткер, Алла, / Баһадүр, бүтін туған нар жоғынан» деп налиды. Бүтін туған наруандардың белін майырып, қолын артына қайырып, асылын қор тұта берсе, қай кезде де қоғамдастан ізгілік күтуге болмайды.

Тұрекең өзі өмір сүрген дәуір шалдыққан дерттің денін тізбектей келіп, «Болар – деп, – заман қалай?» қауып етемін, / Бұл үшін ешбіреуде қам жоғынан» деп қамығады. Рас, көпте ақыл болса да, қам бола бермейтіні бес-енеден белгілі. Бүгінде көп нөпірдің тентекке түстен кейін ес кіргендей бола бастағаны сол. Шайырдың «Көз жасын көр қалай да осы жанның, / Састырды келіп жалын жан-жағынан» деген сөзін бейжай отырып қабылдау мүмкін емес. Одан әрі пенде пиғыл жүрек түкпіріндегі шынын айтады: «Көп үшін көбелектей болсам деймін, / Есімнің хабарым жоқ бар-жоғынан». Көзін алған көбелекте ес болмайтыны түсіндірмені қажет етпейді. Оның жамағатқа кеңес етуінің бір сыры осында болса керек. Ақырғы сөз түйіні тіпті ғажап: «Ақылды ер айтқанымды абайлайды, / Ақылсыз, ақымақ күлер ар жоғынан!». Иә, оның мысалын көзіміз күнде көріп отыр. Асылында, пенде атаулы ақылы кәмілдің айтқанын абайлағанға не жетсін?!

Біз көбіне өлеңді тыңдауға емес, талдауға бейімделіп алғанбыз. Талдағанда да, кейде сөз иесінің ойын ақиқаттан тым алшақтатып алып кетуге бейім тұрамыз. Тіпті, сөз иесінің аузына сөз салып беруге де «кет, әрі» емеспіз. Қанша жерден сөздің мөрін «таныдық» деп өзім білемге салынғанмен, шын мәнінде автордың нақты нені меңзегенін енді ешқашан біле алмаймыз. Сол үшін де Тұрекеңнің өлеңін тыраштана талдауға тырыспадық. Жасыратыны жоқ, бүгінгі жағдайға сәйкес, қоғам бастан кешіріп жатқан уақиғаларға сырттай шақтап, шаптай салдық. Шынымды айтсам, одан не шығатыны әзірге өзім үшін де беймағлұм. Алайда, түйсінгенім, шайыр бұл сөзді алыстан емес, тым жақыннан, кеше-бүгін, отбасымнан шай-су ішуге келіп, тап құлағымның тұсынан айтып отырған тәрізді болды. Осыдан кейін пешенедегі тағдыр деген тылсымның баяғыда сызылып қоятынына, сіз бенен біз тек сол жолды жүріп өтуге тиіс екенімізге риясыз сенгің келеді. Әулие Тұрекең де осы болмыстан. Олай болса, мен мұның жүгін өлеңге жыға алмас едім. Ұйқасқа келтірілген болжам десек, ақиқат ауылын төңіректей түсуіміз мүмкін. Кім білген, анығы тек Аллаға аян!

Берік Жүсіпов,

фольклортанушы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1550
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3344
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6172