Ғазы (Сұлтанғазы) Болатұлы Уәлиханов
(Султангази Булатович Вали-Хан (Валиханов))
(Шамамен 23 мамыр 1842...1844-1903)
Кіріспе
Қазақтың ұлы ханы Абылайдың әйгілі түсінде айтылғандай қолына қалам ұстаған Уәли әулетінен шыққан даңқты тұлғалар баршылық екені сөзсіз. Сол Уәлихановтардан тараған тағы бір атақты, бірақ неге екенін көп аталмайтын, дәріптелмейтін тұлға жөнінде қазіргі күнде көптеген қауесеттер айтылуда. Әсіресе Шоқан туралы кейбір сенсация қуғыштар ол кісіні «двойник Чокана; послан специально для заблуждения, а Чокана отправили в другое место....» деп т.с.с. мәліметтерді сапыра беретін болыпты. Ондайларға (русскоязычныйларға) жауап ретінде: «...Алдымен ол кісінің аты туралы біліп алыңдар, қазақша Ғазы, Ғази, Қазы, кейде Қажы дегендер бір есім, ал сұлтан дегенге келсек, шыққан тегіне байланысты берілген, сондықтан орысша Султангази деп қосып айтылады. Ал өмір жолына келсек, әрине, көп тұстары Шоқанды қайталайтындай, бірақ, бұл кісі көбіне әскери жолды (ғылым жолындағы да жетістіктері жетерліктей, Шоқан сияқты Императорлық Географиялық Қоғамға мүше болған) таңдаған адам. Оның үстіне Шоқаннан 7-8 (мүмкін 9) жас кіші, сондықтан екеуін шатастыратын еш жағдай жоқ...» деп жазғанымыз бар.
Негізі, көп айтылмағандықтан, тарихи оқулықтардан орын алмағандықтан, мәліметтердің толық зерттелмегендіктерінен бұл кісі жұмбақ жандай сезілетіні де рас. Өз басым бұл кісі жөнінде Тезек Төре туралы зерттеулер барысында, төренің туған қызын алған күйеу екенін (Шоқан қарындасын алған) және «1866 жылы, уездной бастық көмекшісі Здоренконы ұрып-тонады деген айыппен қайын атасы және Ұлы Жүздің бірталай кісілерімен бірге Қапал түрмесіне қамалып сұраққа алынды...» деген қысқа мәліметтерді ғана көріп қалған едім (кадрлік офицер қалайша ондай күдікке ілінеді?..). Қызығушылық танытып біраз іздеп те көрдік, ҚСЭ былай дейді: «Уәлиханов Ғазы Болатұлы – әскери қайраткер, полковник. Уәли ханның үлкен ұлы Ғұбайдолланың немересі. Омбы кадет корпусын бітіргеннен кейін Сібір Әскери штабында қызмет атқарған. Поручик шенінде эскадрон басқарып, Вильно қаласындағы поляктар көтерілісін басуға қатысты. 26 жасында штабс-ротмистр шенінде генерал Черняев жасағының құрамына алынып, жеке батальонды басқарды. Осы жорықтан кейін Патша гвардиясында қызмет атқарды. Арнайы елшілік құрамында Парижде болған. Баласы қазақтың алғашқы зиялыларының бірі болған – Дінмұхаммед Сұлтанғазин». Бұл мәліметтер ол кісі туралы жауаптарды емес, көптеген сұрақтарды тудыратындай.
Жалпы мағлұматтар
Шығу тегіне келсек Ғұбайдолланы хан ретінде Қытай империясы т.б. мойындап, Орыс империясы мойындамай, ақырында қолға түсіріп, бірталай (кей деректерде 90 қазақ деп айтылады) адамдармен бірге Березов қаласына (1841-48 ж.ж.) жер аударғаны, Қасымның, Кенесарының Патша билігінен тақтың заңды иесін босатып, қайтару туралы қойған талаптары бар екені және тұтқыннан босатылғаны тарихтан белгілі оқиғалар. Ұлы Болат сұлтанға келсек (басқа Жәнібек, Жошы, Ханқожа, Әбілпейіз атты балалары болған), 1803...08-1866 жылдары өмір сүрген, ақындығы да бар, дарынды кісі деген деректер кездеседі. 1824 және 1828 жылдары әкесінің жіберуімен Петербургте қазақта хандық жүйені сақтау жөніндегі мәселелермен барған. 1828-37 жылдары Көкшетау округінің Қырғыз-Майлыбалта болыстығын басқарған. Патша билігінен көптеген марапаттар алғанымен, 1855-59 жылдары қатаң бақылауға түсіп, 1866 жылы қайтыс болған.
Ғазы Болатұлы туралы 1891 жылы «Нива» журналында, әскери-офицерлік қызметінің 30 жылдығына орай шағын мақала жарияланыпты (қазіргі белгілі суреті қоса берілген). Бұл кісі туралы барлық мәліметтер содан тараған. Ол кезде Император мұрагерінің атаман лейб-гвардиясының полковнигі (яғни полковник әскери шенін алған бірінші қазақ) әскери шеніндегі еңбек сіңірген жоғары офицері ретінде бағаланған. Ресейлік мемлекеттік тарихи архивтің деректерінде 1903 жылы демалысқа генерал-майор шенінде шыққан. Осы дерекке сүйенсек Ғазы Болатұлы, Ғұбайдолла Жәңгіроғлы Шыңғысханнан (1894 жылы кавалерия генералы шені берілген) кейінгі қазақтан шыққан екінші әскери генерал болғаны (Империяда солай қалыптасқандықтан, азаматтық қызметі үшін де генерал атақтары біраз адамдарға берілгенін ұмытпай бөліп қаралық)!
Әкесін ұстаған соң Орыс билігі 16 жасар Болатқа көптеген сыйлықтар тартып, майор шенін берген және кейінірек 1853 жылы генерал-губернатор Густав Гасфордтың ұйғарымымен тоғыз жастағы ұлы Ғазы, Омскіге Кадет корпусына оқуға беріледі. Бұл оқу орнын 16 жасында аяқтаған Ғазы, корнет ретінде Жеке Сібір полкіне қызметке жіберіледі. Семіз-Найман т.б. тайпаларды Ресейге қосу үшін Ертіс жақта болып қайтады. Сосын, тапсырмаларға сай, Қоқан Хандығынан қолға түскен Әлішер, Шигаулы датхалармен арнайы жұмыс жүргізген. 1857 жылы Орыс билігіне өзінің шыққан тегін дәлелдей отырып, сұлтан атағын қосып айтуға рұқсат сұрайды, міне содан бастап Сұлтан Ғазы, Ғазы сұлтан (орысша Султангази, яғни қазіргі орыстілдестердің шатасатыны) атанған және кейін де осы атымен белгілі болды. 1863 жылы жоғарыда аталған Кадет Корпусын толық бітірген болып есептеледі. 1879-81 жылдары Оқу-кавалерлік эскадрон қатарында болып, Александр-Екіншінің таққа отыру салтанаты кезінде Бухара, Хиуа хандықтарынан келген өкілдіктерге жауапты-ресми тілмаштық атқарды. Қытай шекарасына сан рет барып, түрлі қытай-ұйғыр-дүнген өкілдіктерін қарсы алды. Орыс билігінің Сұлтанғазы өз елі Қотыркөл болыстығына келгенде көптеген қарапайым халықтың арызданып мұң-мұқтаждарын айтып жолыққандығына алаңдаушылық білдірген құпия хабарламалар да бар екен...
Сұлтанғазы Болатұлы туралы жазбалар және тарихи құжаттар
Осындай атақты кісі туралы біраз зерттеулер, жазбалар да бар екені белгілі болып отыр (Шоқан туралы зерттеулерде Вали-хан деген фамилияны көріп, айналып өтпегендері білінеді, оған жоғарыда айтқан «Нива» журналындағы мақала түрткі және кейін біраз архивтік материалдар табылған...). Атап айтсақ, алдымен әдебиетте «Жизнь замечательных людей (ЖЗЛ)» топтама-сериясында И. Стрелькова (1983) және С. Димитриевтің еңбектерінде Сұлтанғазы туралы бірталай мәліметтер келтірілген және ол кісі карьерист, Шоқанмен бақталас адам ретінде суреттелген. Қазақстан зерттеушілері К. Абуова, Г. Кенесарина, О. Онищенко, А. Қашқымбаев, М. Сатенова, К. Хафизова, Г. Муканова, А. Михайлов т.б. өздерінің кей еңбектерінде Сұлтанғазы туралы мәліметтерді келтіре кеткен екен. осылардың барлығын жинақтап, бір із-системаға түсірген («Другой Валиханов» еңбегінде, бұдан әрі «ДВ!) тарихшы-ғалым Сәуле Удербаеваға алғысымыз шексіз. Екі Уәлихановтардың бір-бірімен еш бақталас болмағаны туралы пікір білдіре келе, Потанинмен Шоқанның соңғы кездесуі делінетін оқиғада Шоқан емес Сұлтанғазы екенін де дәлелдеген де осы тарихшы қарындасымыз.
Бұл зерттеушілердің дені орыстілді болғандықтан, біздің көптеген салт-ғұрыптарымызды білмейтіндіктерінен бірталай қателер де жібергенін де байқадық. Бөтендер бізге қашан жақсылық ойлаушы еді, Стрелкова Ғұбайдолланы – ақылы таяздау... Сұлтанғазыны – Шоқанды көреалмайтын, мансапқор-карьерист дегенге шейін барып суреттеген! Өзіне атадан қалған мұра атақ-титулды сұраған болса, сонда мансапқор болғаны ма? Қазір ше, ақшасы бар кейбіреу дворяндықты сатып алып жатса ше? Ал әскери қызметтегі шендерін Ғазы таза еңбегімен, ерлігімен, ең төменнен бастап біртіндеп-сатылап алғаны қызметтік тізімнен көрініп тұр!
С. Удербаеваның еңбегімен танысқан соң, көңілге ұялаған бірталай сұрақтарға жауап іздеп Шоқанның алты томдығын қайта бір қарап шығуға тура келді. Жалпы қазақтың көптеген тұлғаларын және мәдениет-салт-дәстүрімен қоса Шоқанды да қазаққа әкелген академик Ә. Марғұлан десек еш қателеспеген болармыз. Шоқан тануды бастаушылар, Уәли хан шежіресін жазушылар т.б. ең алдымен жарықтық Әлекеңнің «Шоқан туралы оның ұрпақтарының жарқын естелігі» атты шағын, бірақ өте маңызды еңбегін мұқият оқуы қажет деп кеңес берер едім. Өйткені, 1958 жылғы (қазіргі зерттеушілер тұрмақ біздер тумағанбыз да) бұл дәптерінде ұлы ғалым арнайы Сырымбетке, Құсмұрынға барып, Шоқанды әке-шешелері көзбен көрген, бірге болып, сауық-сұқбат құрған адамдармен кездесіп, айтқандарын жазып алып, өзі айтқандай «Шоқанның қадірлі ұрпақтарының жарқын түрде сақталған естеліктері әдебиет, тарих ғылымына үлкен үлес болатын, бір жарқын ойлар. Біз оны дәптерге босқа қалдырмай, көпшіліктің алдына тартуды мақсат еттік» дегенін ескерген жөн..
Ғажап еңбекқор Әлекеңнің бұл жазбасы 1958 жылы, 25 июльде Сырымбетте басталып, Құсмұрынды т.б. жерлерді аралап, қарттардың сөздерін айнытпай жазып алғанынан басталады, яғни, - Көп әігімелерді айтқан тоқсанның төріндегі қарт Құлыш Жақыптың ұлы, «...Қарағым, мен сені сыртыңнан жақсы біліп, атыңа қанық едім, сондықтан шүйіркелесе бастадым, әйтпесе ешкіммен сөйлеспейтін едім. Былтыр біреулер келіп, Шоқан, Шоқан дей бергеннен басқа сенің сұрауыңдай, ойға түсерліктей ештеңе сұрамады. Сондықтан мен оларға ештеңе дей алмадым...еске түсіретіндей сұрақ берсе айтамыз ғой...» деп бастаған Әлекеңнің сөзінен қазақ салтын, мәдениетін қатты сақтағанын, ұстанғанын көреміз (оның үстіне Мақыұлы Ыдырыспен (Шота Уәлиханның әкесі) де таныстығы-достығы бар). Әлекең және: - Шоқанды есінде жақсы сақтаған кісі - сексеннен асқан Жақыптың қызы Рабиға, анасы Айсарыдан (біздің Жетісуда Айсара дейтін) естігендерін түгел айтты,- дейді.
Ә. Марғұлан Зүбайыр Қоқышұлы, Сары, Жауар т.б. көптеген ақсақалдармен де әңгімелесіп сөздерін жазып алған. Бұлардан басқа да көптеген кісілердің Уәлидің Көкшедегі Абылай Ордасын ағасы Ғұбайдолла (кейбір кісілер Абайдолла деп те айтқан) иемденгеннен кейін Сырымбетке келгені, одан қызмет бабымен Құсмұрында тұрғаны т.б. сияқты оқиғалардан басталатын естеліктері келтірілген, әкелері-шешелері Шоқаннның не жеп, не қойғанына шейін көзбен көрген. Тағы бір маңызды жағы, ол қарттардың «Шоқан патшаға барғанда Қашғарда әйелің қалған екен, соғыс ашып алып кеп берейін...» деген тұрғыдағыдай, яғни, қазіргі біздер сияқты қоспаламай, өтірікке, өсек сөзге бармай, аталарын құр босқа мақтамай қарапайым сөйлейтіндігі! Бұл мәселені де Әлекең марқұм кейінгілерге дөп сездіргендей.
Сұлтанғазы, Айсара апамыз туралы әлдебір нәрсені ұмыттым ба деп бұл еңбекті қайта оқып шықтым, алайда, бұл жердегі естеліктер тек қана Уәли, көбіне Шыңыс ұрпақтары (олардың кімнен тарайтыны, әйел-бала-шағалары, қыздардың кімге күйеуге тигені сияқты құнды материалдар) туралы болып шықты. Шоқан туралы деректер өте көп, Совет дәуірінде аталардан қалған жазба-кітап-заттар секілді асыл мұралардың қалай қолды болғаны туралы да мәліметтер бар. Шоқанның біз білмейтін тұстары да қамтылған деуге болады.
Өзім қызыққан Тезек Төренің қарындасы Айсараға келсек, қазіргі кейбіреулер жазатындай ол жақта ешқандай қағажу көрмеген, керісінше аяулы жар, ардақты ана атанған екен («ДВ» К. Х. және басқалар айтқандай Айсарының өмірі «довольно трагична...» емес). Оны, Әлекең жазған: «...Айсарыны алып келгенде Шыңғыс: - Қарашығым, Шоқанымның сүйген әйелі,- деп, аялап отыратын. Оған арнап өз үйімен тұтастырып тағы бір үй жасады. ...Атамыз қартайған кезінде күмістей әдемі сақалы бар, көзідірік киіп отыратын, шөгіп қалған қария еді. Жақсы көргені Шоқанның әйелі Айсары. Ол кісі аршындай сөйлейтін ашық кісі еді, сары бейнелеу. Рабиға сияқты ұзын сұңғақ, ашаң, сабырлы кісі еді...». ...«Жақып болса, Шоқандай емес, аусарлау еді, кадет корпусын бітірмей шығып кетті. Өзінің ең бір ерлік сапары, Жетісуға 25 кісімен барған еді, үш қатыны болды: Ману Тұрлыбекқызы, Гакия Керей Өсіптің қызы, үшіншісі Айсары, Шоқанның жесірі. Айсарыға ретімен келіп-кетіп жүретін, үш бала, яғни, Мәриям, Мәлік, Рабиға туды. Шыңғыстың көзі тірісінде Айсары оның аяулы пейілінде болып, кейін еншісі Қоқышпен бірге болды... Қолында Шоқанның көп дүниелері бар еді, ауырып жүрген кезіндегі сақалы өсіңкіреген фото бейнесі де бар еді. Шыңғыстан, Шоқаннан, басқа аталарымыздан қалған қымбат дүниелер өкімет ауысқанда жерге тығылып көміліп, кейін табылғаны сатылып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Алты арба дүниені активтер Володар қаласына алып кеткен...» мына естеліктерден көреміз.
...Сұлтанғазының алғаны «ДВ» бір-екі автор жазғандай Тезек Төренің «родственницасы» емес, туған қызы еді, ал тарихшы Сатенованың («ДВ») «...Сұлтанғазы 1865 жылы Төгерек деген жерде (Төгерек Жетісу облысы Панфилов, Кербұлақ аудандарының жерінде орналасқан, кейін болыстық атанды) болды... 1868 жылы әйелі қайтыс болды» дегені шындыққа келеді (бірақ ол кісі қалай, қай жерде қайтыс болғаны айтылмапты).
«ДВ» авторының келтірген Сұлтанғазының Қызметтік Тізімінде жоғарыда айтқандарымыздан басқа, Алатау Округінің бастығында қызмет атқарғаны, Қазақ милициясын басқарғаны т.б. қызметтері туралы мәліметтер бар. Онымен қатар Ф. Брокгауз бен И. Ефронның сөздігіндегі: «чингисханид. Орта Жүздің сұлтаны, Сібір патшасы Көшімнің тікелей ұрпақтарынан, Қытайдың ваны (князь) саналады. Санкт-Петербургтегі Мұсылман Қайырымдылық қорының 1890-1910 жылдардағы төрағасы; Лейб гвардия Атаман Полкінің полковнигі» деген анықтаманы жариялаған және Орталық мұрағаттағы Қор Ф.И.З Оп.21. көрсеткен С. Удербаеваның ізденген ғылыми еңбегінің бағасы өте жоғары деп есептейміз.
...Даңқы асқан дейтіндей қазақ ұлының соңы да соншалықты қаралы-аянышты үзіліпті, «ДВ» дерегі бойынша, Сұлтанғазы 1919 жылы емес, 22 июнь 1909 жылы Саблинодағы саяжайында (дача) өз қызметшілерінің үйді тонау кезінде опат болыпты (Бұл да бір жұмбақ оқиға ол кезде 1905-тегідей төңкеріс жоқ, неліктен осындай қылмыс жасалғаны белгісіз). Сүйегі 1 июль күні Петербургке жеткізіліп, сондағы танымал мұсылмандар, әскери қызметтестері, Лейб-гвардия полкінің өкілдері т.б. қарсы алыпты. Жерленген жері Ново-Волков мұсылман қорымы екен, алайда, ол бейіттер қазіргі уақытта сүріліп кетіп жоқ болса керек...
Екі Уәлихановтардың тағдырларының көп жерлері ұқсас, тіпті штабс-ротмистр әскери шендерін де 25-26 жас кезінде алған және бір ойланарлық жағдай Черняевтың қанды жорығы кезінде екеуі де қызметтен бас тартқан. Екеуі де Жетісудың атақты сұлтаны Тезек Төреге күйеу. Бұл жөнінде түсінік бере кетсем, әйгілі Тезек Төре Нұралыұлы Абылайханов, Жетісудағы Абылай ұлдары Сығай әулетімен (баласы Батырхан Тәжінің қызын алған) де, Сөк Төре әулетімен (немересі Ешмұханбет Сөк-Оглы Абылайханов Тезекқызы Күлханды алған) де құдандалы болып келеді. Үлкендерден сұрағанымызда бұрындары төре әулеті Жеті Ата салтымен емес, Шариғат заңымен үйлене беретінін түсіндірген еді. Бұл оқиғаларға қарап, Абылай ұрпақтары қай жерде жүрсе де қастық-жаулық жолда емес, керісінше бір-бірін қолдап жүргенін байқаймыз.
Уәли ұрпақтары Қасым ұрпақтарымен жандары қас дегеннің де аса бір дәл еместігін Шыңғыс сұлтанның Шоқанға жазған хатындағы Кенесары-Наурызбай опат болған соң әулеттің қалған үлкені ретінде елін жинаған Қасымұлы Көшекке шамасы келгенше көмектесіп, Патша Өкіметінен кешірім алып берген оқиға да дәлел дегіміз келеді...
Қорытынды
Сұлтанғазы Болатұлының әскери қызметпен қатар, ғылыми мұрасы да мол болса керек (қазіргі қаптаған академиктердей емес, ол кезде бекер адам Географиялық Қоғамға мүше болмаған, 1892). Ғалымдардың зерттеулерінше Хиуа этнографиялық экспедициясына, Қытай шекарасындағы келіссөздерге қатысып т.б. көптеген жерлерде болып, нәтижесінде талай-талай еңбектер жазған. Қазіргі ғалымдарымызға соларды анықтау міндеті тұр. Жалпы алғанда Алаш арыстары Қазақстан шекарасын анықтағанда Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсын т.б. ардақтыларымыз қатысқан сапарлары материалдарын кеңінен дәлел ретінде қолданғаны белгілі дүние десек, бұл кісінің де жазбалары құнды деректерге толы екендігі сөзсіз.
Ғалымдарымыз тағы бір Қазақ арысының өміріндегі көптеген ақтаңдақ тұстарын ашқанымен, әлі де ашылмаған тұстары, жұмбақтары жеткілікті. Сондықтан көптеген сұрақтар туындайды: мысалы, ҚСЭ «Баласы қазақтың алғашқы зиялыларының бірі болған – Дінмұхаммед Сұлтанғазин» деген мәлімет туралы; Туған бажасы, яғни, Тезек Төренің тағы бір қызын алған полковник Ешмұхамбет Абылайхановпен қарым-қатынасы қандай; Кадрлік офицер бола тұра 1866 жылы Орыс билігі тарапынан неліктен жауапқа тартылды деген сияқты т.б. сұрақтарға жауап іздеу қазіргі зерттеушілеріміздің міндеті дейміз.
Қазақтың даңқты ұлдарының бірі Сұлтанғазы Болатұлы Уәлихан қазіргі Қазақстан тарихында, әскери тарихта және сол заманның мықты ғалымы И. Гаспринскийдің өзімен теңдес деңгейдегі жан екендігі ғылым саласында да ойып тұрып өз орнын алуы керек деген пікірдеміз...
Азкен Алтай
Жетісулық
Abai.kz