Дат, Қасеке, тоқтаңыз! Артыңызға бір қайрылыңыз!
ҚР Президенті Қ-Ж.Тоқаевқа!
Әділеттің ауылы алыс әлі...
«Ашуланба, ей, патшам, айтамын дат!»
Абай, «Ескендір».
«Әлем күйресе күйресін, тек
әділет салтанат құратын болсын»
Көнеримдіктер мақалы
Президент мырза!
«Өткен күнге – салауат» деп, биылғы жылдың өзін ғана алайық. Жылдың ең басындағы, Мәжілістегі жиында, «Былтыр қаңтардың 6-сы күні кешке Алматының орталық алаңында "Біз қарапайым халықпыз, біз террорист емеспіз" деп ұзыннан-ұзақ плакат ұстап тұрған (1-сурет) жүзге жуық адамды кім атты?» деген, бүгінгі күннің ең күйіп тұрған сұрағы қалайша қойылмай қалды? Ермұрат Бапи бастаған қазақ журналистерінің отыз жыл бойы армандаған, жан аямай күрескен, соның нәтижесінде қолы «өлгенде жеткен бір төбелесі» емес пе еді ол жиын? Қандай күш оларды үн шығармауға мәжбүр еткен?..
Міне, содан бері биліктің түсінуге қиын ісі күн санап көбейіп барады.
Ал, шын мәніне келгенде бұл – «бұйрықты асыра орындау» ғана емес, нағыз шектен шығу, елдің Президентін, ол кім болғанда да, аярлықпен орға итеру, орысша айтқанда «подставить ету» ғой! Солай бола тұра неге тексерілмейді? «...Осы секілді қаңтар көтерілісіне және отыз жылдық тонауға қатысты сұрақтарға ашық әрі шынайы жауап берілмейінше халық пен билік арасында ешқашан сенім орнамайды. Ал сенім жоқ жерде даму да, тұрақтылық та болмайды. Қанша уақыт өтсе де, осы сұрақ биліктің алдынан шығатын да тұратын болады. Әділетті Қазақстанның іргетасы қаңтар көтерілісінің әділ тергелуінде жатыр».
Қайрат Жолдыбайұлы бауырымыз көптің көкейіндегі сұрақты қойып отыр.
Бірақ, бұл салмағы қаншама ауыр болғанымен, бар болғаны бір ғана сұрақ. Ал, Сізге бұрынғы биліктен қалған «мұраның» көптігі мен ауырлығында шек жоқ, өйткені, еліміздің Тұңғыш президенті 30 жылда мемлекет алдында тұрған бір де бір (!) мәселені түбегейлі шешкен емес (әлі күнге дейін Алматы бастаған күнгейдегі бес облыс орталығынан Арқаға, Астанаға апаратын жөнді жол жоқ екенін немесе бензиннің төрттен бірін Ресейден сатып алатынымызды айтсақ та жетер), тек кейінге ысырумен болды (сірә, Шыңғыс ханның өз ұлдарына: «ешбір мәселені түпкілікті шешуші болмаңдар, халық айналып алдарыңа келе беретін етіңдер» деген өсиетін ұстанған болса керек). Есесіне дін мен тіл секілді «жаңа» бірнешеуін қолдан жасап, қазақтың мойнына іліп кетті...
Сөзімізге дәлел – сенім-нанымның санаға емес, оған бұйрық беруші түпсанаға, сезімге байланатынын, сондықтан оның салдары сойқан болатынын бәрі көре, біле тұра 1992 жылдың 15-қаңтарында (?) асқан асығыстықпен сан-алуан ағымдарға есігімізді айқара ашып тастаған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңды қабылдауда қандай күйіп бара жатқан қажеттік бар еді? «Азулы парламент» атанған Жоғарғы Кеңес неге қабылдауға жол берді? Ал, заңды қабылдатқан адамның түпкі ойы – билікте барынша ұзақ отыру үшін - қазақтың басын біріктірмеу болатын. Ол процесс дәл сол 1992-жылғы 15-қаңтарда-ақ басталды...
Асфальтты тесіп шығатын тікенектей, улы дәнектен қазақты қақ жарар қаһарлы күштің өніп шықпауы мүмкін емес еді – «Қанды қаңтарда» қазақ мың бірінші рет ажал құша жаздап, әупіріммен аман қалды. Әйтсе де қатер жойылған жоқ, жоюды қолға алып жатқан да ешкім жоқ, есесіне ХХІ-ғасырда «білім, ғылымның бәрі – дінде» дейтін дәлелсіз жалаң догматизмнің қараңғылығына батып бара жатқанымыз сондай, бұл бетімізбен Ауғанстанды жолда қалдырар түріміз бар...
«Асығуға болмайды» деген «сарабдал» саясаттың салдары ат төбеліндей аз ғана қазақты діннен ғана емес, тілден де қақ бөліп тынды –1994 жылы «орыс тілі де мемлекеттік тіл болсын» деп талап қойған әйгілі Б.Әбілов, Р.Баталов, Н.Смағұлов секілді 150 көзқаман бастаған «жаңа қазақтар» бүгін тұтас бір этносқа айналды және өздеріне өте жайлы (комфортабельно) өзге тілдік өмір-тұрмысын өзгертпес үшін ғана қазақ тілінің, демек, Қазақтың да тағдырын құрбандыққа шалып отырған орыс та емес, мәңгүрттер де емес – Махатма Гандидің айтқаны айдай келді – «іштен шыққан ең жаман жаудың» екіншісі, ісінің бәрін саналы түрде істейтін өзіміздің «көзқамандар»... Олардың «үлгісін» көріп отырған, «осылар бір нәрсені біледі» деп ойлайтын қарапайым қазақ ақымақ болып қалғысы келмейді – балаларын орыс мектепке береді; Астанадағы, Алматыдағы кез-келген көпқабатты үйдің ауласына кіріңіз, немесе автобус аялдамасына барыңыз, қазақтың тек орысша сөйлейтін үлкен-кішісін, бала-шағасын көресіз.
2018 жылғы мәліметке сәйкес, елімізде барлығы 7393 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның ішінде 3797 (2008 жылы – 3836 еді) қазақ мектебінде 1 млн 394 мың 192 оқушы, 1312 орыс мектебінде 395 мың 562 оқушы, 2255 аралас мектепте 1 млн 380 мың 44 оқушы бар. Ондағы 691 мың 727 оқушы қазақ тілінде, 599 мың 775 оқушы орыс тілінде білім алады деп есептелгенімен, іс жүзінде бәрі орысша екені ешкімге құпия емес. Сонда таза орыс тілінде білім алатын бала саны 995 337, бұл - қазақ мектептерінің 71 пайызы. Елдегі орыс ұлтының өкілдері 19 пайыз, орысша оқитын бала үлесі 71пайыз! Санаға сыймайтын парадокс! Аралас мектептің қазақша оқитынын қоссақ тіпті 1 млн 687 064 болып шығады. 10 жылда қазақ мектебіне барған бала саны 155 мың балаға азайған! Әлемнің бір де бір елінде бұндай жағдай жоқ!
«Оңып жатқан Оспан жоқ. Туып жатқан Гүлжан жоқ»
Ең нәзік, ең жанды, ең маңызды екі саладағы жағдай сондай болғанда, басқа жағымыз да оңып тұрған жоқ. Мысалы, кез келген елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) ғылымға бөлінетін үлесі 3 %-дан кем болса ол ел дами алмайды, ал, бізде 1991 жылдан бері ол көрсеткіш 0,3 %-ғ жеткен емес! Бірақ, біздің Үкімет ешқашан «дамымай қалдық!» деп дабыл қақпайды. Неге? Өйткені, бізде ғылымның табысын пайдаланатын, тіпті ғылымға тапсырыс беретін өнеркәсіптің өзі жоқ! Демек, болашағымыз жоқ! Жоқ болғандықтан да газ бен мұнайдың экспорттағы үлесі 1991-жылғы 5%-дан бүгін 70 %-ға жетіп отыр. Сондықтан ғалымдар ғылымның нәтижесін емес, ғылымның өзін бизнеске айналдыруда. Солай етуге мәжбүр...
Экономистер «кәзір «жұмыстық кедейшілік» деген ұғым пайда болды, айлықтан айлыққа жете алмай, «каспи-редтен» қарыз алушы көбейіп барады; халықтың 41 пайызы күніне 10 долларға (4500 теңге, айына 135000 теңге) күн көріп отыр, бұның аяғы жақсылыққа апармайды» дейді. Олар былтыр қаңтардан кейін «жағдай түзелмесе, келесі «қаңтар» үш жылға жетпей қайталануы мүмкін» деген еді. Одан бері бір жылдан аса уақыт өтіп те кетті...
Бұл жағдайға біз бір күнде келген жоқпыз. Қазақтың басын біріктірмейтін, оны сиырдың бүйрегіндей бөлшектеп жіберген, бір кісінің бүкіл мемлекеттің байлығын сыбайластарымен бірігіп дүмінің астына басып алуы үшін ғана жасалған адамзат тарихындағы теңдессіз сойқан соққы – мемлекеттік меншіктің жойылуы болды. «Мемлекетсіздендіру (атының өзі қандай сұрқия еді!) және жекешелендіру» министрлігі құрылды. Созхоздар мен колхоздар таратылды. Байлықтың шамамен 90 пайызын халықтың ары барса 10 пайызын құрайтын атқамінерлер иеленіп алды. Ауылдағы әлеуметтік нысандар мен мәдениет ошақтары «жаңа байшікештерге» су тегінге сатылды. Қазақ жерге 1917 жылға дейін ұжымдық түрде иелік етіп келді, бұл нарықтық жүйенің таза қазақи ерекше түр еді. Ұлт жанашырлары «колхоз-совхоздарды акционерлік қоғам етейік,сөйтіп, нарықтың кәзіргі әлемдік жүйесіне ауырмай-сырқамай өтейік» деп қанша жерден шырылдағанмен, билік оған құлақ асқан жоқ. Есесіне оның бұлбұлдары: «Нарық – бәрін өзі автоматты түрде реттеп отыратын ғажап дүние. Әрқайсың жеке меншікке ие болсаңдар ғана қарық боласыңдар!» деп күні-түні сайраумен болды. Биліктің сол кездегі ең жақсы көретін сөзі: «Біз сендерге бостандық бердік. Немен айналысамын десеңдер өздерің біліңдер!» деген сөз болатын.
Ал, басым бөлігі ауылда тұратын, егін салайын десе техникасы жоқ, мал бағайын десе жайылымы жоқ қазақ нәтижеде жерден де, жұмыстан да, түптеп келгенде ауылдан да айрылды. Екі мыңнан аса ауыл жойылды. Бейбіт заманда ел босқынға айналды, мәжбүрлі, жоспарсыз урбанизация басталды. (Билік әлі де «жеті жүзден аса болашағы жоқ ауылды жоямыз» деп отыр...) Қазақ енді «бай» және «кедей» болып, дүние-мал жағынан тағы қақ бөлінді...
Елін қорғау – ер-азамат үшін ең абыройлы іс. Бірақ, ол үшін алдымен өкімет халыққа қорғауға тұратындай өмір жасауы қажет. Бұрын солай еді. Бала әскерден өмір көріп, есейіп, қолында «құлап» қалмаса болды, оқуға жеңілдікпен түсіретін жолдамасы бар, тегін оқитын оқуы дайын, бітірген соң баратын жұмысы дайын, ол жерде тұратын тегін үйі дайын, қысқасы, уайымсыз-қайғысыз өмір сүретін болашағы дайын еді. Бізде бүгін соның бірі де жоқ. Есесіне темірдей тәртіптің символы болып саналатын әскерде қазақ табиғатына жат «дедовщина» дамыды. Бұрын әскерге баратын баланы ауыл-ел болып тойлап, батасын беріп шығарып салатын. Кәзір «дедовщинаға» ешкімнің барғысы келмейді. Оны жоюдың орнына билік енді жасөспірімдерді көшеде тарпа бас салып ұстап, есін жиғызбаған күйде әскерге аттандыратын «әдіс» тауыпты...
Елімізді жайлаған жұмыссыздықтың салдарынан жастар арасындағы ажырасу 40%-дан асып, біз бүгін Азияның алдына шықтық. Ажырасқан әйелге де еркек керек, ол өмірдің заңы, көпке топырақ шашпайық, дегенмен, солардың көбі болмаса да азы күн көру үшін қалталылардың ойнасы болуға мәжбүр. Оны көріп жүрген ұл-қыз намыссыз, жігерсіз, жасық болып өспегенде қайтеді? «Еркек бұзылса үй бұзылады, әйел бұзылса ел бұзылады». Европа мен Азияның «ең жақсы үйлерін» жаулап алған «эскортшы» қыздарымыз бүгінгі «қазақ қызы» қандай екенін әлемге паш етіп жүр...
Жүз мың адамға жиырма суицид орын алса, психология ғылымында бұл ұлтқа төнген қатерлі жағдай болып есептеледі. Ол көрсеткіш бізде қырықтан асты, әлемнің алдына шықтық, бірақ, бұл биліктің қыртына да кірмейді. Есесіне ежелгі Римдегідей күні-түні бітпейтін ойын-сауық, шоу, концерт, телеарналардан көретініңіз атыс-шабысқа, сатқындыққа толы таусылмайтын түрік сериалдары. Білім, ғылым, техника жайлы бір хабар таппайсыз.
Кезінде жазушы Дулат Исабеков Тұңғыш президенттен: «300 мың қытай деген не бұл? Осыған менің қабырғам қайысып жүр» деп сұрағанда: «Мен әрбір адамды есеппен алып отырмын. Оған қабырғаң қайыспай-ақ қойсын» деген екен. («ЕВРАЗИЯ-KZ», 29.04.2005)
Жеткен нәтижеміз мынау – қазақ мұнайының 45 пайызы қытайлықтардың қолында!.. Енді бүгін қытайларды елімізге визасыз кіргізетін болдық. «Сыртқы істер министрлігі: «Бұған дейін де 14 күнге визасыз кіруге рұқсат бергенбіз. Қаптап келген қытай жоқ» дейді. Бұрын келмесе, болашақта да келмейді деген сөз емес қой ол! Қытайдың ешқашан асықпайтынын, қазақтың еркегі үш жылдығын ойласа, қытайдың еркегі кемі үш жүз жылдығын ойлайтын ұлт екенін министрліктегілер білмесе де сіз жақсы білесіз ғой, Қасеке! Мысалы, Қытай 1949 жылдан бері еліндегі қазақтың барлық жағдайын жасап келді-дағы, сол саясат бір-ақ күнде өзгерген жоқ па?...
Тұйықтан шығатын жол - Төңкеріс
Құрметті Президент мырза! Бір сөзбен айтқанда бізде дәл кәзір Ленин айтқан «жоғарыдағылар жаңаша басқара алмайтын, төмендегілер ескіше өмір сүргісі келмейтін төңкеріс алдындағы жағдайда тұрмыз». Өкіметтің былтырғы әскерден қашқан бір миллионнан астам ресейлік жасты елімізге кіргізіп жіберіп, олардың үш жүз мыңдайының елімізде қалып қоюы; халықтың рұқсатынсыз АЭС салу; қазақтың уранға ең бай кен орнын бір жеке кәсіпкер орыстың Ресейге 1,2 млрд.долларға сатып жіберуі, бірақ, қазақтың қазынасына одан бір теңге түспеуі секілді кез-келген олақ қадамы былтырғыдай оттықтың рөлін ойнап кетуі мүмкін. Сондықтан төңкерісті жоғары жақ өзі істегені жөн және ол рухани-мәдени және ғылыми-техникалық төңкерісті жүзеге асырар Ұлттық мемлекет құру түрінде болуы тиіс.
«Ұлттық мемлекет» дегеніміз не? Рухы, мәдениеті, әдебиеті, діні, салт-дәстүрі қатаң, айнымас ұлттық негізде; білімі, ғылымы, техникасы дамыған халықаралық негізде құрылған мемлекет. «Жапондық үлгі» бір сөзбен айтқанда. «Адамның жеке басының құқығы» деген екі желеу, бір сылтаумен ешқандай ЛГБТ-ның елге кіруіне жол жоқ! Азғындықтың аты – азғындық, адам түгілі айуан бармайды оған. Мұхаммед пайғамбар: «Адам тазалықта періштеден артық, азғындықта айуаннан жаман» деп бекер айтпаған. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық – аздырар адам баласын!»(Абай). Әбден дамыған, жетілген, шешетін мәселесі қалмаған, енді сол семіздікті көтере алмай өз еркімен жынданғандар өз елінде білгенін істей берсін, тек бізде шаруасы болмасын!
Ұлттық мемлекет бізге не береді? Бәрін береді
1. Ең алдымен, Сенат, Қазақстан халқының ассамблеясы , қаптаған «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры секілді халыққа түк пайдасы жоқ, ішкі есеппен жасалған, заңсыз некеден дүниеге келген құрылымдар мен саяси партияның бәрі таратылып, жаңадан бір мандатты округтардан Мәжіліске депутаттар сайлауы өткізіледі. Үкіметтің орнына төрағасы мен мүшелері үш жылға тағайындалып, бағдарламасы мен құрамы Мәжілісте бекітілетін «камикадзелер» Үкіметі келеді. Партиялар шынайы қалыпта жаңадан, төменнен жоғары қарай қайта құрылады.
2. Конституция Ұлттық мүдде тұрғысынан қайта жазылады, онда біздің Ұлттық мемлекет құратынымыз тайға таңба басқандай анық көрсетіледі.
3. Көп кодекс пен заң да жаңа Конституция негізінде өзгеріске ұшырайды. Мысалы, Жер туралы Кодексте: «Жер – қазақ халқының Құдай берген несібесі. Ол ешкімге, қазаққа да, басқаға да ешқашан сатылмайды, жалға да берілмейді. Жыл сайын қайта қарала отырып, уақытша пайдалануға ғана беріледі» деп жазылады. Сонда ғана қазақтың көңілі жайланып, ол тыныш ұйықтай алатын болады.
4. Бір-екі жылдық нақты дайындықтан соң елдегі барлық аралас және орыс мектептерді қытайдың үлгісімен 1-сыныптан бастап қазақ тіліне көшіру басталады. Түркітілдес мектептерді бес жылда-ақ көшіруге болады.
Дәл осылайша дайындықпен мемлекеттік қызметтен бастап, барлық салада кезең-кезеңімен қазақ тіліне көшу жүргізіліп, ол мектеппен қатар он жылда толық аяқталады.
Сөйтіп, он жылда бүкіл Қазақстан бір тілді мемлекетке айналады. Бұл – біздің ұлттық құқығымыз, бұл – бүкіл әлемдік тәртіп, сол себепті талдауға жатпайтын мәселе.
5. Мұнай өндіретін қытай компанияларымен және еліміздегі мұнайдың 60 пайызын өндіріп отырған Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында «Өнімді бөлу туралы келісімге» (ӨБК) сәйкес өздері ғана емес, мердігер компаниялары да қосымша құн салығы мен кедендік бажды төлемеу (бұдан басқасы да толып жатыр) секілді ақылға сыймайтын, нағыз қарақшылық шарттармен жұмыс істеп келе жатқан үш компаниямен келісім қайта жасалады. Рас, бұл өте қиын шаруа, бірақ, бұдан әрмен тұтас ұлттың мүддесін бір адамның мүддесіне құрбан етіп қоюға болмайды. Ықылас-ниет болса, шешілмейтін шаруа жоқ. Анық келісімге келмесе, мемлекетке қайтарылады.
6. Шетелге заңсыз шығарылған қаржы қазаққа қайтарып алынады. Ол үшін арнайы Мемлекеттік комиссия құрылып, оның төрағалығына Ә.Қажыгелдинді қоюға болады.
7. Алдағы бес жылда шеттегі Отанына көшіп келуге ынталы қазақтың бәрі, бұл шамамен 4-5 млн.адам, Шығыс және Солтүстіктегі шекараның бойына орналастырып, жартысы өнеркәсіпке, жартысы ауыл шаруашылығына тартылып, баспанамен және жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бұл үрдіс, Ататүріктің үлгісімен, тарихи отанына оралам деген өзбек және орыс ұлтының өкілдерімен баспана айырбастау жолымен де іске асуы мүмкін.
Атап айтар жайт – мемлекетіміз Моңғолиядағы 200 мың қазақты қолындағы суыққа төзімді 2,5 млн. қазақтың қызыл қойымен бірге көшіріп әкелуі, олар үшін арнайы мал шаруашылығы ұйымдастыруы шарт.
Сонда біз бір мәселені шешу арқылы қауіпсіздік, тіл, мәдениет, өнер секілді бірнеше мәселені де жол-жөнекей шешіп аламыз. Біздің биылғы жылға 15 мың отандасымызға квота беру – Қазақстанға қарай ұшарға қанаты болмай отырған миллиондаған қандасымызды мазақ ету емес пе? Әрекетсіздіктің соңы әдетте қылмысқа паратынын ойлауымыз керек. Енді 30 жылдан кейін шетелдерде төбесінен алтын құйсақ та келетін қазақ қалмайды. Бұл – біздің соңғы мүмкіндігіміз. Оларды бүгін әкеліп алмасақ орысқа, өзбекке, қытайға айналып кеткен қазақтың бәрінің көзінің жасының, өшкен арманының, өлген жастық шағының обалы кешегі ғана емес, бүгінгі биліктің де мойнында қалады.
8. Бүкіл елімізде экономикаға да, рухани және мәдени дүниеге де толық инвентаризация жасалып, қолымызда не бар екені нақтыланады.
Жоспарлы экономика, Рузвельттің үлгісімен, бүгінгі күнге оңтайланған түрде екі бесжылдыққа қайта оралады.
Және экономика ғылым мен техникаға, инновацияға түбегейлі бет бұрып, түбірімен және жеделдете қайта құрылады. Басты басымдық – ғылымға беріледі. Әнші мен әртіс емес, нағыз, шынайы жұлдыз деп ғалымдар мен өнертапқыштарды, инженерлерді атайтын боламыз. Президент шетелдік қонақтарды қабылдағанда өзінің қасына ақынды, әншіні емес, жапон императоры секілді ғалым мен өнертапқышты шақыратын болады...
9. Бірінші бесжылдықта барлық облыстар мен аудан орталықтары арасын сапалы автомобиль жолы жалғастырады.
10. Экономикалық секіріс жасау үшін Шығыс Қазақстан облысында жоғары технологиялық өнімдер шығаратын, тұрғынының жартысы қазақ болатын бірнеше жапон-қазақ қалашықтарын салу, ол үшін 1 миллионнан 5 миллионға дейін жапон мамандарын ұзақ мерзімдік келісім-шартпен әкелу жайлы жобаны іске асыру. Бұл шынында да әлемде теңдесі жоқ мега-жоба болғандықтан, ол жайлы менің «Жауғашты Нәбиев – істің адамы» деген еңбегімде кеңірек танысуға болады (https://kitap/kz/author/1987, 415-424бет)...
11. Дәл осындай жобамен 1 миллионға тарта немістерді әкеліп, Қостанай мен Павлодардың арасында бірнеше автомобиль, ұшатын аппараттар, роботтық техника, жасанды интеллект жасап шығаратын озық техника мен технологиялы зауыттар салу – ауадай қажеттілік. Бұл қалашықтарда да тұрғынның кем жартысы қазақ болуы шарт. Олар ертең жапондар мен немістердің орнын басуы тиіс. Осы жоба аясында аталған екі елмен шынайы достық және туыстық туралы ерекше мәртебесі бар келісім-шарт жасалғаны жөн.
Осы жерде шетелдерде істеп жүрген озық ойлы маман, ғалым қазақтың бәрін әкеліп, кезінде Ландауды лабораториясымен қоса сатып алған Сталин секілді, оларға қажетті барлық жағдай жасалатынын айта кетелік.
12. Қарағандылық профессор Сантай Жетесовтің ойлап тапқан, сынақтардан өтіп қойған бірнеше техникалық теңдессіз жаңалығының негізінде Ұлттық қару-жарақ шығаратын арнайы зауыт жеделдете салынады.
13. Еліміздегі түрмеде отырғандардың кемі 70 пайызы қосақ арасында кеткен жазықсыздар мен болмашы қылмыс үшін бостандығынан айрылғандар екенін ескеріп, саяси және тұрмыстық қылмыс жасағандардың (рецидивисттерден басқа) бәрінен «тағы да қылмыстық жолға түсетін болсам, жанымды Құдайға қайтаруға дайынмын» деген жалғыз ауыз қолхат алынады да, рахымшылық жасалады. Және барлығы мемлекет тарапынан үш айдың ішінде, қайта даярлау курсы, т.б. арқылы жұмыспен қамтамасыз етіледі.
14. «Басты байлық – халқымыз!» деген ұран астында әрбір әйелдің «Батыр ана» атануына барлық жағдай жасалады! Әрбір сәбиге берілер жәрдемақы алдындағынан еселеп өсіп отырады. Соның арқасында алдағы он жылда қазақтың саны екі есе көбейеді.
Міне, осының бәрін және одан басқасын да бізге беретін – Ұлттық мемлекет.
Ұлттық мемлекетке біздің қолымыз қайтсек жетеді?
Оған біз Тәуелсіздік алғанға дейін екінші сорт болса, алғаннан кейін, өз елі, өз жерінде үшінші, тіпті төртінші сортқа айналған, отыз жыл бойы ерекше езіліп-жаншылған қазақтың Рухын көтеру арқылы ғана жетеміз! Себебі, Рухы биік халық қана мақсатына жете алады. Ал, қазақтың Рухы – оның ТілОның бары да, нары да – сол Ел аман қалу үшін де ол «бір мемлекет - бір ұлт – бір тіл» деген дәрежеге жетуге тиіс екендігін бүгінгі Украинаның мысалы айдан анық көрсетіп отыр. Ал, біз еліміздің халқы қазақтың айналасында ұйысуы үшін ең алдымен өзіміз, бүкіл қазақ біртілді болып алуға тиіспіз.
Бұл – Ұлттық мемлекет құрудың бірінші шарты болса, бұдан басқа тғы бір шарты бар. Ол – еліміздің барлық саласын шырмауықтай шырмап алған сыбайлас жемқорлық. Тарих трагедия түрінде қайталанғанды жақсы көреді: ірілі-уақты коммунист басшылар социализмнің өздері шетінен кертіп жеп отырған игілігінен айрылмау үшін ғана Горбачевтің ізгі ниетті «перестройкасын» «катастройкаға» айналдырып жібергені белгілі. Дәл сол секілді Тұңғыш президенттің шапанынан шыққан 162 олигарх бастаған, оның өзі «кез-келгеніңді қолыңнан жетектеп сотқа апара аламын» деген бизнесмендері мен әкім-министрлері қостаған қалың армия Сізге «Жемқорлық» атты жалмауыздың жеті басын жеті жылда біртіндеп шабуға мүмкіндік бермейді – біреуінің орнына екі бас өсіп шығады да отырады.
Және сіз біліміңіз бен білігіңіз жетпегеннен жеңіліс таппайсыз – сіздегі ол екі игілік бес адамға жетеді – оған сіздің жұмсақ жаратылысыңыз бен зиялы болмыс-бітіміңіз жібермейді. Сізден басқа кез-келген адам «Қаңтарда» елде «төтенше жағдай» жариялап, 162 олигархқа тағы сонша әкім-қара мен «Тұңғыш президенттің» өзін қосып, оған ұлы ғалымның ізімен: «Ұстазым маған қымбат, бірақ ұлтымның тағдыры одан да қымбат» деп, олардың бәрін темір тордың аржағына тоғытар еді. Және сыбайлас жемқорлық қарақшылардан жүз есе қатерлі дейтін кәрістердің үлгісімен олар мен педофилдер үшін өлім жазасын жедел қайта қалпына келтірер еді. Содан кейін олардың шетелге шығарған қаржысын қайтаруды қолға алар еді. Бірақ, сіз оны істемедіңіз, қайталанбас керемет қолайлы сәт қолдан шығып кетті...
Дәл сол сияқты сіздің қазақтың тілін шын мәнінде мемлекеттік тіл етпейтініңізге де жұртттың көзі жетіп болды. «Қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл болады» дейсіз. Кешіріңіз, керісінше, қазақ тіліне қажеттілілік болғанда ғана сұраныс туады! Басқа сөздің бәрі – орысша айтқанда, от лукавого. Конституцияның 7-бабының «ҚР мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деген 1-тармағын ғана қалдырып, 2-тармағын алып тастау арқылы қажеттілікті тудыру – мемлекеттің, яғни, сіздің тікелей міндетіз. Бірақ, қанша айтылып, жазылып жатса да, сіздің оны өзгертер ниетіңіз байқалмайды.
Оның орнына «Мемлекеттік тілді оқымаған және тиісті деңгейде меңгермеген азаматтар тіл білмегені үшін қысым көрмеуге тиіс» дейсіз. Мен бұны сіздің өзіңіздің сөзіңіз деуге қимай отырмын. Бұны кіргізіп отырған, сізді қазаққа жаманатты көрсету арқылы болса да өздеріне қалқан жасап алып отырған, сірә, сол әкім-министрлер мен аппараттағы «жаңа қазақтар» болса керек. Олардың ойы – «қайтсек те тағы 30 жыл осылай шыдай тұрайық, сонда бір күні Удмуртия, Чувашия, Бурятия секілді орыстілді мемлекетке айналып шыға келеміз!»
Қазақ бұған дейін ешкімге қысым жасамаған халық, ондай әрекет оның жаратылысына жат. Америкаға барған ағылшыша, Францияға барған французша, Германияға барған немісше, тіпті Ресейдің өзіне барған адам орысша білмесе нанын тауып жей алмай қалады. Оның аты «қысым» емес, оның аты «нақты өмір». Неге бізге келгенде ол басқаша болуы тиіс?»
Таңдау өз қолыңызда, Қасеке!..
Президент мырза! Дос Көшім «Тоқаев бізге демократиялық заңдарды қабылдап беріп, өзі оттавкаға кетсе, біз оған алтыннан ескерткіш қояр едік» депті. Президенттік мерзімді 7 жылға кету үшін создырмайтынын қалай естен шығарып алды екен?..
Сіз кетпеңіз, кетпегеніңіз жақсы. Сіз тек атқарушы билікті премьер-министрге тапсырып, өзіңіз үш биліктің үйлестірушісі ретінде, дамыған елдердегідей экономиканың күретамыры – Ұлттық банк пен қауіпсіздік кепілі – Қорғаныс министрлігінің билігін өз қолында ұстайтын Президент болып отырыңыз, елді парламенттік республикаға айналдырыңыз. Әлемдегі ең мықты дамыған 7 елдің біреуі ғана таза президенттік екені бекер емес қой.
Қасеке, Сіз істің адамы емессіз, сіз ойдың адамысыз. ойшылсыз. Күн сайын дәл сол жерде, дәл сол сәтте нақты шешілуі тиіс жұмыс көбейген сайын гүл-гүл жайнап, өзін судағы жайыннан еркін сезінетін, «проблема бар ма, әкел бері! Біз соны шешу үшін жүрміз» дейтін менің ұстазым, өзіңіз қатты сыйлайтын замандасыңыз Қуаныш Айтахановтай, артында арқа сүйер саяси жетекші тұрса тауды қопарып, теңізді қотаратын Жауғашты Нәбиевтей азаматтар көп қазақта. Премьер-министрлік билікті сондай «ішінде жай тасы бар» адамның біреуіне - Ислам Әбішевке беріңіз. Екі жарым жылда өзін кірпідей жиырылып қарсы алған Өскеменнің орысын қазаққа айналдырған (Әбішев Астанаға ауысқанда қалалықтар бірінен-бірі естіп, жеті жүздей (!) машинамен аэропортқа келіп шығарып салған), 5 жыл Су комитетінің төрағасы болғанда бюджеттің 1 трлн. 300 млрд. теңгесін жемқорлардың жемсауына түсіртпей, қазынаға қайтарған ол сізге басты екі мәселені – Қазақстанды қазақ тілді мемлекет ету мен жемқорлардан кемі 200 млрд.долларды қайтару мәселесін қамырдан қыл суырғандай етіп шешіп береді. Сізге де, бізге де, бәрімізге де керегі сол емес пе?..
Дэн Сяопин он жыл бойы төртінші орындағы мансапта отырып-ақ Қытайды әлемнің алдына шығарып жіберді ғой. Сіз президент ретінде Ұлттық мемлекет құрушыларға саяси «крыша» болып отырсаңыз, Қазақстан Қытайдың 40 жылда өткенін 10-ақ жылда өтеді! Оны басыңыздағы шашыңыздай көре беріңіз! Тек қасына сенімді серік ретінде Көші-қон министрлігін Ибадулла Қалыбековке, орта және шағын бизнесті дамытатын Жергілікті өнеркәсіп министрлігін Жауғашы Нәбиевке жүктесеңіз болды. Екеуі де Шарль де Голлдің Алжирдегі 6 млн.французды үш жылда көшіріп әкеліп, баспанамен, жұмыспен қамтамасыз ет деген тапсырмасын екі жылда орындап берген министріндей (атын ұмытып отырмын) міндетін мерзімінен бұрын, артығымен орындайтын жандар.
Манастың 40 шорасындай 20 министр мен 20 әкімнің қалған 37-ін де «Елім, ұлтым!» деген, барлық нәрсеге тек ұлттық мүдде тұрғысынан: «Осы нәрсе қазаққа керек пе, жоқ па? Қазаққа пайдалы ма, зиян ба?» деген тұрғыдан қарайтын» (Г.Бельгер) жігіттерден тағайындасаңыз, есіміңіз қазақ тарихына алтын әріппен жазылды дей беріңіз.
Өйткені қазақтай дарынды, талантты, алғыр, қабылетті, еліктегіш, икемделгіш, төзімді, көнбіс ұлт әлемде жоқ! Тек оның бағы ашылмай, басшыға жарымай келді. Қытайдың басшылары халықтың іштегі әлеуетін сыртқа шығаратын, істеген игілігін ит-құсқа жегізбейтін жағдай жасап еді, 5 мың жылдық тарихында теңдесі жоқ дамуға қолы жетті. Шөл далаға орналасып, 20-ақ жылда (1947-жылдан 1967-жылға дейін), бар-жоғы 6 млн.халқымен бүкіл араб әлемінің төбесіне әңгіртаяқ ойнататын мемлекетке айналған Израиль секілді біз де 20 жылда Батыс Түрік қағанатын қайта тірілте аламыз.
Тек ұранымыз, Ұлттық идеямыз – Қазақтың қайта өрлеуі болуы тиіс.
Апаратын жолымыз – Ұлттық мемлекет; адастырмас ай мен жұлдызымыз – Тазалық пен Тәртіп болуы тиіс. Бүкіл қазақ бір тілді, бір дінді болып біріккенде ғана ол Ұлттық мемлекет құра алады. Ұлттық мемлекет қана оны біз кәзір құстай ұшып келе жатқан құзға барып құлаудан сақтап қала алады! Өйткені, біздің еліміз кәзір өзінің 5 мың жылдық тарихындағы ең шешуші кезеңде тұр. Бұның қасында жоңғар шапқыншылығы да, ашаршылық та ойыншық. Себебі, ол кезде жау кім болғанда да сырттан келген, көзбен көруге болатын, айқасып күресуге болатын жау еді. Бүгінгі жау жел сияқты көзге көрінбейді, ұйық секілді бір аяғыңды суырсаң екінші аяғыңнан тартады. Өйткені, ол – іште! Тілден, діннен, меншіктен, ең ақыры Шыңғыс ханнан да екіге бөлініп біткенбіз. Біздің өзімізге тән ұлттық даму жолынан барынша бас тартып, мейлінше европалық даму жолына түсуіміз түбірімен қате! Бұралқы иттерді атуға тыйым салдық. Ал, былтыр Ақтөбеде қаңғыбас иттер бір жас баланы талап өлтіріп қойды. Мүмкін, одан кейін де талайын өлтіріп жатқан шығар, тек біз білмейтін болармыз. Міне, біз бара жатқан тұйық жол...
«Ең жаман диктатура ең жақсы анархиядан артық» деген сөзді білесіз. Бізде бүгін барлық салада анархия! Қазақтың басы бірігіп кетпес үшін қолдан, қасақана жасалған анархия... Бізде Тәртіп пен Тазалық диктатурасы болуы тиіс. Және барлық салада жемқорлық. Осы екі жауды да, басқасын да біз орыс империясы мен қоқан хандығының, 50 жылға ғана болса да, қоластына қарағанға дейінгі бұрынғы, «бұзылмаған», шынайы қазақы болмыс-бітімімізге қайта оралу арқылы жеңе аламыз.
Біздің Б.Әбілев секілді бауырларымыз дувановтардың ізімен дамыған елдердегідей «азаматтық қоғам» құрғанды жақсы көреді. Бірақ, іштеріне кішкентай қулық сақтап, ол елдің бәрінде ұлттық мемлекет сонау 1648-жылы 30-жылдық соғыстан кейінгі Вестфаль бейбіт келісіміне сәйкес құрыла бастап, баяғыда-ақ құрылып қойғанын, сол себепті оларда «мемлекет» пен «ұлт» деген ұғымның теңдес екенін айтпайды. Ал, бізге дамудың ондай сатысынан өтпеу, «бір-ақ секірім шығам деп, жығылады, жатады» деп Абай атамыз айтқандай жақсылық әкелмейді.
Мен, әрине, Мессинг те, Мөңке би де емеспін. Бірақ, Горбачевті аэропортта алғаш рет күтіп алғанда: «Мынау бізге бәрін сататын болады» деген Рональд Рейган секілді, мен де Тұңғыш президент билікке келген күннен бастап: «Мына адам бізді орға жығады!» деумен болдым. 30 жылда үлкендерден есітпеген сөзім қалмады. Ешкіммен айтысқан жоқпын, «уақыт көрсетеді» деумен болдым. Уақыт көрсетті...
Қасеке! Қазақ соңғы 30 жылда оңбай екі рет алданды. Алдымен оны халықтың өзі «бағымызға біткен адам» деп, Құдайдай сенген басшысы алдады. Екінші реттегі алаяқтың атын ауызға да алғым келмейді. Дәл бүгін сіз де қайтып айналып келмейтін, тариха бір-ақ рет болатын мүмкіндіктің алдында тұрсыз. Иә, қазақтың Ұлттық мемлекетін құрған, оның Қайта өрлеу дәуірінің басында тұрған адам ретінде атыңыз тарихқа алтын әріппен жазылатын болады, иә, қолына келіп тұрған мүмкіндікті пайдаланбаған (ләйім, мен-ақ жаңылысқан болайын), соның салдарынан халқын ауыр кезеңге тап қылған басшы ретінде кіресіз.
Таңдау өз қолыңызда...
Құрметпен, Өмірзақ Ақжігіт
Abai.kz