Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаһан жаңғырығы 2835 3 пікір 8 Тамыз, 2023 сағат 12:30

Оқшауланған Ресей. Жиддадағы жиында не талқыланды?

Украина мен Ресей соғысын тоқтатуға арналған кезекті бір салихалы жиын тамыздың 5-6 күндері Сауд Арабиясының Жидда қаласында өтті.

Бұл жолғы кездесудің басты ерекшелігі басқосуға Ресей тарабы шақырылмады. Кремль баспасөзі: «АҚШ пен НАТО оңтүстік елдерді өздеріне тартып, одақтас болуға азғырып, бізді сыртқа тепті», - деп тағы да сол Батысты айыптады. Кремльдің наразы болуына Ресей тарабының шақырылмауы ғана емес, әлемнің 40-тан астам мемлекетінің өкілдері қатысқан жиында Киевтің соғысты шартсыз тоқтатуға ұсынған 10 талабының талқыға түсуі еді.

Соғыстың бір жыл толуы қарсаңында Қытай тарабы бас болып ерегескен екі елді рақайластыру мақсатында «бейбітшілік келісімін» ұсынған. Бейжіңнің жобасы Ресей тарабына майдай жаққанымен, Америка бастаған Украинаның жақтастары оны «бір жақты, Кремльдің мүдесін көздеген» деп сынға алған еді. Содан кейін Зеленский де қарап жатпай март айының ортасында өзінің соғысты бейбіт тоқтатудың 10 шартын тараптардың талқысына салған. Онда Ресей басып алған төрт облыс пен Қырымды Украинаға қайтарып, шартсыз түрде әскерін әкету, соғыс шығынын өтеу сияқты мазмұндар қамтылған. Сауд Арабияның порт қаласында өткен Ресей шақырылмаған жиында Киев тарабының жоғарыдағы ұсыныстары кеңінен талқыға түсті. Жиынға қатысушы елдер әдеттегідей БҰҰ-ның отырысы сияқты Ресейдің Украинаға шапқыншылығын айыптап, Украинаның территория тұтастығын мойындайтындарын мәлімдеп, Ресей тарабын соғысты дереу тоқтатуға үндеді.

Кезекті бейбіт мақсаттағы дүбірлі жиынға шақырусыз қалып, әлемнен оқшауланған Ресей тарабы өздері бармаса да «Алтынды елдер бірлестігіне» мүше Қытай, Үндістан, Бразилия, Оңтүстік Америка қатарлы одақтастарының шараға қатысқанын үлкен медеу көріп отыр.

Кремль баспасөзі Ресей жағы жиынға қатысқан «Алтынды елдермен» кезекті жиынның нәтижесі жайында кең көлемде әңгіме жүргізетінін жария етті. Өткен айда аталмыш одақтың кезекті басқосуы өткені белгілі. Халықаралық іздеуде жүрген Ресей президенті Путин мырза әртүрлі сылтау айтып, Оңтүстік Африкаға барудан бас тартқан еді. Кезекті әлемдік талқы жиынды ұйымдастырған АҚШ болсын, Сауд Арабиясы болсын, сол факторларды ескеріп, Ресей тарабын әдейі шеттеткен, одақтастарын өз жағына шығуға шырғалаған сияқты. Айтып-айтпай Пригожиннің «24 сағаттық әскери бүлігінен» кейін Ресей басшысының ел ішінде де, ел сыртында да беделінің күрт түсіп кеткені анық. НАТО мен АҚШ қана емес, өзге де әлем елдерінің соғысты Путинсіз шешу жолын таңдауға мүделі болып отырғанына осы жолғы кезекті жиын да айқын дәлел болды.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373