Байден: «Қытай экономикасы жарылғыш бомба»
Әлемдік БАҚ-тардың жазуынша АҚШ президенті Байден өткен бейсенбі күні Юта штатының Парк қаласында ұйымдастырылған сайлауға қаржы жинау қимылында осындай пікір білдірген.
«Қытай экономикасы еңбек күшінің қартаюы мен жұмыссыздықтың зардабын тең тартып отыр. Біз бәрін назарда ұстап отырмыз» деген ол: «Жаман адам тығырыққа тірелгенде қолынан келген жамандықтың бәрін жасайды» деп сөзін түйіндеген. Бірақ Қытайдың экономикасы кері кетсе қандай әрекетке баратыны жайында нақты айтпаған.
Байден мырзаның Қытайға қарсы өктем сөйлеуі бір бұл емес екені мәлім. Мұның алдында да Калифорния штатында сайлаушылармен кездескенде Қытай басшысын «диктатор» деп атап, әуе шары оқиғасын меңзеп, «оның көзі көлегейленгені сонша бүкіл Американы айналып шыққан әуе шарларының ұшырылғанынанда хабарсыз» деп сөйлеген еді.
Жасы сексеннен асса да әлемдегі нөмірі бірінші экономика алыбын басқарып отырған Байден мырзаның жоғардағы шулы сөздерін аңдаусызда немесе алжығаннан айтпағаны белгілі. Келесі жылғы президенттік сайлауға дайындық, «Қытайға қарсы жұмсақ саясат ұстанды» деп айыптайтын қарсыластарының көңілін аулау, сайлаушылардың басым даусына ие болу мақсатында айтқан болуы мүмкін.
Байденнің мемлекет істер хатшысы Бликеннің жыл басындағы сапары екі ел арасындағы «әуе шары оқиғасына» байланысты кейінге қалдырылған еді. Жуықтағы Бейжіңге сапарының алдында да «Қытай Кубаға Американы бақылайтын әскери база құрды» деген тосын ақпарат шықты. Трамп кезінен бастап сиреген мемлекеттік сапарлар қайта жанданып, екі экономика алпауытының жылымық байланысынан әлем елдері көп үміт күтіп отырған да Байден тағы да қыр көрсетіп, бұлтаққа салды. Алдағы апталарда Ақ үйдің сауда министрі Қытайға барады делінген еді. Байден алдынғы аптада бұл инвестициялар Қытайдың әскери қуатын артыруы мүмкін деген желеумен АҚШ компанияларының Қытайдың кейбір технология салаарына қаржы салуын шектейтін әкімшілік бұйрыққа қол қойды.
Қытай тарабы Ақ үй басшысының ол әрекетін «Сауданы саясиландырды, құралға айналдырды» деп айыптады. Американың белді басылымдары да Қытай экономикасының негізгі үш тірегі саналатын «Тұрғын үй, экспорт, елдің тұтыну қабілеті» көрсеткіштерінің рекорттық деңгейде төмендеп, баяу өсім көрсетіп отырғанын жарыса жазуда.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz