Жексенбі, 13 Қазан 2024
1336 7 пікір 21 Қыркүйек, 2023 сағат 13:40

Қазақстандықтар кімге қарсы петиция жаза алмайды?

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров Қазақстанда қандай тақырыптар бойынша петиция беруге болмайтынын түсіндірді.

Атап айтқанда, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қоғамдық бақылау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдары мақұлданды.

Бұл құжаттарда петиция институтын регламенттеу жөніндегі түзетулер қамтылған. Уәкілетті орган петиция жария болғанша оның заңда бекітілген шарттарға сәйкестігін анықтайды.

Бұл ретте басқару нысанын, республиканың әкімшілік-аумақтық құрылымы мен шекараларын, сот төрелігін, рақымшылықты, ұлттық қауіпсіздікті және т.б. өзгерту сияқты мәселелер бойынша петиция берілмейді.

«Тыйым салынған» тақырыптардың тізбесі конституциялық және қылмыстық құқық, референдум туралы заң негізінде қалыптастырылған.

«Әкімшілік-аумақтық құрылым, шекара, тіл мәселесі, конституциялық заңдар, арнайы қызметтердің жұмысы қарастырылмайды. Сонымен қатар, мемлекеттік құпия санатындағы мәселелер петицияда қаралмайды. Мұнымен қоса, Президент, Парламенттің қос палатасы және Үкіметтің құзыретіне кіретін лауазымдарды тағайындау мен босату мәселелері қаралмайды. Өйткені бұл тақырып тиісті заңнама аясында іске асады. Атап айтқанда, адамның құқығы мен бостандығына нұқсан кетіретін тақырыптар петицияда қаралмайды», - деді Данияр Қадыров Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, бұған дейін петиция орналастыру платформалары ресми болмады.

Бүгін заң жобалары күшіне енген жағдайда ресми ақпараттық платформа пайда болады. Ол «е-өтініште» жеке модуль болып белгіленеді.

Осы орайда тілшілер вице-министрден «қазақстандықтар тікелей әкімдер мен министрлерге қарсы петиция бере ала ма?» деп сұрады.

«Бұл мәселелер заңда анық көрсетілген. Қарсы петиция бере алмайды. Өйткені конституциялық заң бар, Президенттің, Үкіметтің және Парламенттің қос палатасының конституциялық құқықтары бар. Ал басқа жағдайларда ұсынуға болады. Бірақ Президент, Парламенттің қос палатасы және Үкімет тағайындайтын лауазымдар бойынша петиция жасалмайды», -деді Данияр Қадыров.

 

Abai.kz

7 пікір