Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 6289 93 пікір 3 Қазан, 2023 сағат 11:54

Имамға жауап: Ойдан анықтама ойлап тауып, қоғамға таңудың қажеті жоқ!

«Шеше, шеше! Неше кесе, сынды кеше?»

«Қабылбек ұстаз» атанған Қабылбек Әліпбайұлы имам оқырман қауымға әлеуметтік желіде: «Ана» деген бар, «шеше» деген бар. «Ана» - баланы дүниеге әкеліп, тәрбие берген әйел, «шеше» - баласын тастап кеткен, жөргегін ауыстырмаған әйел» (анықтама қысқартып алынды – Т.К.), - деген анықтама берген.

«Шеше, шеше! Неше кесе, сынды кеше?». Осы жаңылтпашпен тілін жаттықтырмаған қазақ кемде кем шығар! Бала «шеше», - деп анасынан сұрап тұр! «Шеше», «Ана» - бір ұғым! «Шеше», «Ана» - ертеден келе жатқан көне түркі сөздері, екеуі де дүниеге ұрпақ әкелген әйел адам!. «Әке-шеше» - баланың ата-анасы.  Анасы мен баласын, «шешесі мен баласы» немесе «шешелі - балалы», - дейді. «Шешелі жетім - жарты жетім», - деген халық мақал-мәтелінде шешесінен айырылғанды меңзеп тұр.

Құрманғазының анасы Алқаға арнап шығарған күйі – «Қайран шешем»!

Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында «Абайдың анасы» демейді, «Абайдың шешесі», - дейді.

Қытай, Моңғолия, Түркия, Иран қазақтары арасында анасына «шеше» деп қатынас жасайтын отбасы баршылық!

Қазақ халқы әулеттің үлкен ақсақалының жарына, оның әулеттің ұйытқысы ретіндегі орны, қасиетіне қарай сол әулеттен тараған ұл-қыздар «шешеміз», «үлкен шешеміз» деген сыйластық құрметпен қарайды. Әжені де «үлкен шеше» дейді.

Анаңа, үлкен кісіге «шешетай», «шешем» деген қаратпа сөз қолданасың.

«...Кім сендерді, балалар, сүйетұғын,
Қуанышыңа қуанып, қайғыңа күйетұғын?
Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,
Шешең байғұс дамылсыз жүретұғын...»

(Ыбырай Алтынсарин. «Ананың сүюі».)

«...Жерге сауып емшегін,
Шешем қайғы жей ме екен?
Орамал қылып кең жеңін,
Жерге сауып емшегін,
Теріп жүріп шөпшегін,
«Құлыным қайда?» - дей ме екен?
Жерге сауып емшегін,
Шешем қайғы жей ме екен?...» (Мағжан Жұмабаев. «Шешем»)

«...Сұрасаң қайыр шешетай,
Мен үшін жемтік жинама...»
«...Сол тілде шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен, «құлыным, жаным», - деген...» (Сұлтанмахмұт Торайғыров, «Алаш ұраны».)

«..Шеше,Сен бақыттысың!
Жыламағын.
Жай түсіп жатқанда да құламадың.

Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның,
Сондықтан жыламағын, жыламағын!...
...Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,
Өзім кепіл тот басып тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап,
«Шеше» деп жаздым ылғи сөз басына.
Тәңірім кеше көрсін кесірімді.
Аспанға жазам сенің есіміңді!!!
Шеше!
Сен бақыттысың, тербете бер,
Құба талдаи иілген бесігімді...» (Мұқағали Мақатаев. «Шеше, сен бақыттысың»)

Өлеңдері «Бес ғасыр жырлайды» жинағына енген ақын Құлыншақ Кемелұлы (1840-1911) діни сауатты болған. Анасына арнаған толғауын «шешем» сөзімен береді.

«...Тал бесігін таянған шешем,
Түнде тұрып оянған шешем,
Тар құрсағын кеңіткен шешем,
Тас емшегін жібіткен шешем...»  (Құлыншақ ақын)

Ертегі, аңыздарда, лиро-эпостық жырларда, қисса-дастандарда «ана» сөзінен көрі «шеше» сөзі көп қолданылады. Қазақ ертегілерінде жасы үлкен әйелден жол сұраса, «Е, шеше», «Шеше-ау» - деп өзіне қаратып барып сұрайды, сондай-ақ, жасы үлкен әйелмен кезіксе «Шеше-ау, қайдан келесіз», - деп сұрайды.

«Сыңсу», «жоқтау» сияқты отбасылық фольклорда негізінен «шеше» сөзі қолданылады, «ақ шешем», «шешекем», - деп жылаған.

Сондай-ақ, әкесінің екі немесе үш  әйелі болса сол әйелдерден туған балалар, яғни кіші әйелден туған балалар үлкенін «үлкен шешеміз», сондай-ақ, үлкен әйелден туған балалар әкесінің кіші әйелін «кіші шешеміз», - дейді. «Кеш батып, қораға мал келетін уақыт тақалғанда, оның кіші шешесі Айғыздың үйіне барды» (М.Әуезов. «Абай жолы».)

Үлкен абысындарын кіші келіндер, сондай-ақ өз туған енесінен басқа, әулеттің  үлкен аналарын келіндер «шешей» дейді.

Туған шешесі қайтыс болып кетіп, балаларды қамқорлығына алған әйелді «өкіл шеше», ал, өз шешесі қайтыс болып, әкесі екінші әйел алса, ол балаларға өгей шеше болғанымен, ол әйел балаларды бауырлса, балалар оны «шешеміз» дейді.

Бір анадан туған балаларды «шешелес» дейді, «аналас» демейді. «Біләл Махамбетшенің Жәмиләдан туған кіші ұлы, шешелес інісі, Сарыбала немере інісі». (Ғабит Мүсірепов. «Көз көрген»)

«Нағашы шеше» - шешесінің шешесі, бұл ұғымды «анасының анасы» деп түсіндірмейді.

«Кіндік шеше» - әйелді босандырып алып, кіндігін кескен әйел. Қазақы әйел босандырып, баланың кіндігін кесетін әйелді «аққол ана» деп атаған (бұл күні «кіндік шеше» шартты түрде сайланған, бала тудыртудан хабары жоқ жас келіншектің бірі – Т.К.).

Қазақ: «Ұлдың ұяты әкеде, қыздың ұяты шешеде»; «Әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер»; «Шешесіне қарап қызын ал, аяғына қарап асын іш», - деген.

Ал, шешемен байланысты боқтық сөз «шеше» ұғымының анықтамасына жауап бермейді, түбін қазатын болсақ «ана» ұғымымен байланысты да боқтық сөз бар. «Әке» туралы боқтық сөз де ортада кең қолданыста, сонда «әке» ұғымына «баласын тастап кеткен адам» деп анықтама берсек не болады?.   «Боқтық» сөз өз алдына бөлек тақырып. Бірін екінші бірі боқтауға қақы бар адамдар арасында  «боқтық сөздің» өз қолданысы бар, ал қоғамдық ортада «боқтыққа» қазір заң тұрғысында тиым салынған, әкімшілік айып тағылады.

Дәстүрлі ортада «шеше» сөзімен байланысты боқтық сөзге тиым салуға ата-аналар, үлкендер, ауыл ақсақалдары, яғни «ақсақалдар кеңесі» жұмыс жасауы керек!.

Бір ұғым бірнеше сөзбен айтылып, сол сияқты бір сөз бірнеше ұғым беретіні қазақтың дүниетанымының кеңдігі. Мысалы, «кемпірім», «қатыным», «әйелім», «келіншегім» сөздері жастық ерекшелікке қарай қолданылғанымен, өмірлік жарына байланысты қолданылатын ұғым тұрғысынан келгенде түсінігі бір.

Діни тұрғыдан қарасақ та, Қасиетті Құран аяттары мен сүрелерінде де «ата-ана» ұғымын, әке-шеше ұғымымен береді.

«Раббым, тек қана өзіңе құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды» (Исра, 23).

«Маған және әке-шешеңе шүкіршілік ет, қайта оралар жер менің құзырым» (Лұқман, 14).

«Уа, Раббым! Есеп күні мені, әке-шешемді және бүкіл мүміндерді жарылқай көр!» ( Ибраһим, 41).

«Шеше» ұғымына ойдан анықтама ойлап тауып, қоғамға таңудың қажеті жоқ. Тереңге үңілмейтін, фольклорлық мұраларымызды оқымай, имамның сөзіне иланатын белгілі бір қоғам мүшелері қалыптасқанына көзіміз жетіп жүр. Сондықтар имам, молдалар қауымы ұлттық құнылықты сақтауға аса сақтықпен қарауы қажет.

Имам ілім, білім беретін діни тұлға болуы шарт!. Қазіргі кезде имам, молдалардың кәсіби мамандығына «ұстаз» сөзі тіркеліп жүр, мысалы «Қабылбек ұстаз». «Ұстаз» сөзі үйретуші, оқытушы, білім беруші адам деген мағынада. Діни кәсіпте «ұстаз» сөзі қосылса, ол оның біліктілік дәрежесін, статусын танытады, біздің ғылыми ортада «профессор», «доцент», әскери ортада «капитан», «майор» деген сияқты. Сондықтан «ұстаз» статусына ие болған имам, молдалар қандай да бір дәстүрлі ұғымдар жүйесіне анықтама берер алдында, фольклорлық, этнографиялық әдебиеттер, энциклопедиялар, академиялық басылымдарды (10 томдық «Ұлттық энциклопедия»; 15 томдық «Әдеби сөздік»; 5 томдық «Этнографиялық энциклопедия»; 100 томдық «Бабалар сөзі», т.б.) оқып, халық алдында дайындықпен шыққандары абзал. Уағыз да «білім жетілдіру» мазмұнында болуы қажет.

Қажетті ақпаратты технологиядан алуға дағдыланған белгілі топ өкілдері қалыптасқан осы заманда айтқан пікірімізді оқылмайтын кітап, тыңдалмайтын ертегінің бір сөзін жеткізетіндей нақты, тұщымды ету – өз қолымызда!

Тәттігүл Картаева

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

93 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5520