МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ МҰҢЛЫ ХАЛІ
(«Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының
арнайы мәлімдемесі)
Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Назарбаевқа,
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі
С.Ахметовке,
Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарына,
және бүкіл Қазақстан халқына
Қашан да «Ұлт – анасы тіл» екендігін және «Тіл жоқ жерде – ұлт жоқ» болатынын ой-санамыздың елегінен тағы бір рет өткізсек, онда еліміздегі Мемлекеттік тілдің мүшкіл халіне, оның қолданыс аясының күн санап тарылып бара жатқанына толғанбауға, алаңдамауға, әрі осы іске жауапты адамдарға ренжімеуге хақымыз жоқ.
(«Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының
арнайы мәлімдемесі)
Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Назарбаевқа,
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі
С.Ахметовке,
Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарына,
және бүкіл Қазақстан халқына
Қашан да «Ұлт – анасы тіл» екендігін және «Тіл жоқ жерде – ұлт жоқ» болатынын ой-санамыздың елегінен тағы бір рет өткізсек, онда еліміздегі Мемлекеттік тілдің мүшкіл халіне, оның қолданыс аясының күн санап тарылып бара жатқанына толғанбауға, алаңдамауға, әрі осы іске жауапты адамдарға ренжімеуге хақымыз жоқ.
Республикамызда қазақ халқының саны 2009 жылғы санақ бойынша 67 пайызды құрап, артынша 63,1 пайызға түсірілсе, 2013 жылғы қорытынды сараптау бойынша республика этноқұрамы төмендегідей болды: қазақтар – 65,2 пайыз, орыстар – 21,8 пайыз, өзбектер – 3 пайыз, украиндар – 1,8 пайыз, ұйғырлар – 1,4 пайыз, татарлар – 1,2 пайыз, немістер – 1,1 пайыз, кәрістер – 0,6 пайыз, түріктер – 0,6 пайыз. Яғни, Қазақстандағы 100-ден астам ұлт өкілдерінің саны 1 пайызға да жетпейді.
Бұл арада тіпті ұлттық намысымызға көлеңке түсіретін бір мәселеге тоқтала кетпеске болмайды. Осыдан екі жыл бұрын қолға түскен мәліметке жүгінсек, еліміздің бас қаласы саналатын Астана қаласында қазақ балаларының 47 пайызы тек орыс мектептерінде оқып, білім алады екен. Масқара емес пе? Онда несіне мемлекеттік тілдің абыройын асқақтатып жатырмыз деп кеуде соғамыз? Басқа қалаларда бұдан да сорақы болуы мүмкін ғой. Бірақ Білім және Ғылым министрлігіндегілер мен қала әкімшілігінде қызмет істейтіндер бұл сұрақтан ат-тонын ала қашады. Оларға мұндай мәліметті жарияламауға жоғарыдан арнайы тапсырма берілгеніне көзіміз жетті. Мәселен, біз білім және ғылым саласында істейтін кейбір таныстарымыздан «Алматы қаласында 40 пайыздай қазақ балалары орыс тілді мектептерде оқып жүр» деген жасырын мәлімет алып осы сұрақты Алматы қаласының Білім басқармасына арнайы хатпен жолдағанымызда олар «орыс мектептерінде оқитын қазақтар 16 пайыз ғана» деп жауап қайтарды.
Енді еліміздегі екі ірі қаладағы мектептердің статистикасына назар аударалық:
Астана қаласында 91 күндізгі жалпы білім беретін мектептің 77-сі, немесе 84,6 пайызы мемлекеттік, 14-і немесе 15,4 пайызы мемлекеттік емес мектептер. 77 мемлекеттік мектептің 24-і қазақ, 15-і орыс, 37-і аралас, 1 украин мектебі бар. Этникалық құрамы жағынан оқушылар саны: 77,9 пайыз – қазақтар, орыстар – 12,9 пайыз, украиндар – 1,5 пайыз, немістер – 1,2 пайыз, татарлар – 1,1 пайыз, кәрістер – 0,9 пайыз үлесте екен.
Алматы қаласы бойынша 2012-2013 оқу жылында мемлекеттік жалпы білім беретін 185 мектепте 160 мың, 40 мемлекеттік емес мектепте 8590 оқушы білім алды. Оның ішінде: қазақ тілінде 59 мектеп; орыс тілінде 62 мектеп; ұйғыр тілінде 3 мектеп; 56 аралас – орыс-қазақ, 2 орыс-неміс, 2 орыс-ұйғыр, 1 қазақ-орыс-ұйғыр мектебі жұмыс істейді. Егер Кеңестер Одағының дәуірлеп тұрған кезінде 1 миллион 200 мың халқы бар Алматыда жалғыз ғана қазақ мектебі болғанын ескерсек, бүгінгі таңда, егемендігіміздің 22-ші жылында, яғни, саны 2 миллионға жуықтаған қалада 59 қазақ мектебінің болуы үлкен жетістікке баланбаса керек.
Еліміздегі қазақ мектептерінің көп үлесін кілең ауылдық жердегі саны бар да сапасы аздау қазақ мектептері толтырып тұр. Алайда ауылдағы білім ордаларында бала санының аздығы, кей жерлерде 40-50 оқушыдан ғана тұратын шағын мектептердің едәуір мол екендігі көп жағдайда ескерілмей келеді.
Республикамызда бүгінгі таңда 2161 орыс-қазақ мектебінің бар екендігі көңілге ерекше түйткіл ұялатады. Тәуелсіздік жылдары саны қаулап өскен аралас мектептерді орыс мектебі деп санай беріңіз, өйткені ол мектептерде бастығынан бастап еден жуушыға дейін орысша сөйлейтінін ешкім жоққа шығара алмаса керек.
Қазір елімізде ХІХ ғасырдағы орыс миссионері Н.И.Ильминскийдің осы салада сіңірген еңбегіне орай «Ильминский оқыту жүйесі» деген атқа ие болған аралас мектептерге қатысты көптеген мәселе шешімін күтуде. Мысалы, қазақ-орыс аралас мектебі болып саналатын білім ордасында тым болмаса, екі тілде білім беретін сыныптар саны бірдей болуы қажет. Ал республика аумағында көп жағдайда аралас мектептегі 2 немесе 3 сынып қана қазақ тілінде білім береді және ол сыныптардағы қазақ балаларының саны 30-50 оқушыны әрең құрайды. Еліміздегі аралас мектептердің көпшілігі орыс мектептерінің санын азайтып көрсетудің бір тәсілі іспетті.
ХІХ ғасырдағы орыс тарихшысы М.И.Щербатов аралас мектеп туралы «…бұратана халықтар үшін ашылған миссионерлік мектептер осы халықтарды құлдандырудың бірден-бір жауыз тәсілі» деп баға берген еді. Бұрынғы одақтас республикалардың бәрінде дерлік аралас мектептер жабылып, оның орнына жаппай бір ғана тілдік мектептер ашылып жатыр. Бұл мәселенің бізде мүлде керісінше көрініс тапқаны қалай?
«Қазақ мектебінің білімі төмен» деген ұғым Кеңес дәуірінде әдейі қалыптастырылғаны белгілі жайт. Бұл үрдіс әлі де жалғасуда. Сол себептен қоғамдық іс-шаралар, пікірталастар, ғылыми жарыстар, бүкіл ғылыми жарыстардың тілі көбіне орыс немесе ағылшын тілдерінде өтеді. Соған орай қазақ мектебінің білім деңгейі төмен деген пікір қалыптасқан. Осы алдамшы пікірді негізге алған Білім және ғылым министрлігі оқу бағдарламалары мен оқулықтарды министр ауысқан сайын өзгертумен келеді. Мұның бәрі қазақ мектептерін тұқырту үшін әдейі ұйымдастырылып жатқандай әсер қалдырады. Болмаса, биыл «Алтын белгі» алған түлектердің 69,7 пайызы қазақ мектептерін тамамдаған. Халықаралық олимпиадаларда жүлделі орын алғандардың 73 пайызы – қазақ мектебінің оқушылары. Биылғы тестілеу нәтижесі бойынша орташа балл – 86,68. Қазақ тілінде білім алғандардың орташа балы 87,02 болса, орыс тілінде білім алғандардың орташа балы 85,99.
Бұрын екі тілді болып келген Қазақстан енді жаһанданудың арқасында үш тілді елге айналып бара жатыр. Қазір елімізде «үш тұғырлы тіл» саясаты жүзеге асырылуда. Біздің қарсылығымыз – ұлттық мемлекет Қазақстанда үш тілдің, яғни қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің қатар қойылуы, іс жүзінде үшеуінің бірдей қолданылуы. 2013-2014 оқу жылынан бастап, ағылшын тілі мектептерде бірінші сыныптан бастап оқытылатын болды. Ағылшын тіліне ешкімнің қарсылығы жоқ. Бар бәле осы «үш тұғырлы» тіл саясатын жүзеге асырудың жолдарында болып отыр. Мемлекеттiк тiлдi үш тiлдiң бiрi ету – бұл қазақ тiлiн әлсiрету және орыс тiлiн мемлекеттiк тiл ретiнде заңдастыруға бағытталған биліктің қитұрқы саясаты деп бiлемiз. Әлі оңы мен солын айқын айыра алмайтын балабақшадағы екі жасар сәбиге бірден үш тіл үйретуге бет бұру – педагогиканың заңына түгелдей қайшы, қылмысқа барабар іс. Тіпті бұрынғы Кеңестер Одағының өзінде балаға шет тілді бастауыш сыныптан кейін үйрететін. Ал Жапонияда бүлдіршін 12 жасқа жеткеннен кейін ғана шет тілдерді үйренуге бағыт алады. Оған дейін жас қанат өз ана тілінің сұлулығын, құдіретін бойына толық сіңіруі, туған ана қуатын мойындауы қажет екен. Содан кейін ғана он тіл, тіпті жүз тіл меңгересің бе, өз еркің. Осы жайттарды ескере келе педагогиканың заңына кереғар «үш тұғырлы тіл» саясатын толығымен тоқтатуды талап етеміз.
Мәдениет және Ақпарат министрлігінің ресми сайтындағы 2013 жылдың 15 наурызындағы мәлімет бойынша мемлекеттік тіркеуден өткен 2111басылымның 344-і ғана мемлекеттік тілде жарық көреді екен. Яғни, мемлекеттік тіл баспа тілінде де тұсаулы күйде тұр. Бұған қоса Ресей Федеративтік Республикасынан Қазақстанға жыл сайын 5 мыңға жуық газет-журналдың келіп таралуы «Осы біз Қазақстанда тұрамыз ба, жоқ әлде Ресей құрамына еніп кеттік пе?» деген ой тудырады.
Техникалық даму заманында интернеттің қоғамдық өмірде алатын орны күн сайын арта түсуде. Қазақ тіліндегілері бір пайызға да жетпей, 0,8 пайызды құрайды. Яғни, интернет пайдаланушылар толықтай орыс тіліне бағынышты.
Кезінде 10-25 мың данамен шығатын қазақ кітаптарының таралымы қазір 2 мыңнан аспайды. Жергілікті кәсіподақтар қарауындағыларды есептегенде, 500-ге жуық кітап дүкенінің 43-і, Алматыдағы 37 дүкеннің 5-уі ғана қалған. Олардың сатылымындағы 90 пайыз кітап тек Ресей баспаларының өнімдері. Дүкендердің барлығында орыс тілінде ғана кітап сатылғандықтан, қазір қазақ оқырмандары кітап дүкендеріне мүлде бармайтын да болған. Бұл саясатты кім қалыптастырды? Ол аз десеңіз, ресейлік баспа өнімдерін саудалаушылар сөмкелерін арқалап, әр үй, әр мекемеге бас сұғатын мінез қалыптастырды. Ауылдардағы кітап дүкендері, түгелге жуық жабылған. Республика бойынша бұрын 20 мыңдай кітапхана болса, 2013 жылдың басындағы дерек бойынша 4192 кітапхана ғана жұмыс істейді. Халықты рухсыздыққа бастайтын мұндай келеңсіздіктің орын алуына жауапкер кім?
«Қазақстан», «Хабар», «Ел арна», «Білім», «Астана», «КТК», «НТК», «7 арна», «31 арна», «СТВ», «Мәдениет», «Балапан», «Kazakh TV», «24 KZ» және жақында ашылған «KAZsport» еліміздегі басты телеарналар болып табылады.
Бұрынғы Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев былтыр 2012 жылдың 22 ақпанында «Телерадио туралы» жаңа заң жобасын талқылау барысында мынадай деректі мәлімдеді: «Еліміздегі телеарналар қазақ тілінде 10, өзге тілдерде 8, ал орыс тілінде 82 пайыз хабар таратады». Осыған орай 2013 жылдың басында «Телерадио хабарларын тарату туралы» Заң қабылданды. Телерадио хабарын таратушылар бұл заңнан кейін эфирлік уақыттарын заңға сәйкестендіруі тиіс еді. Парламент депутаттары қабылдаған Заң бойынша, еліміздегі кез келген телеарна мемлекеттік тілде 50 пайыздан төмен хабар таратпауы тиіс. Яғни прайм-тайм уақыты артық болмаса, кем бөлінбеуі керек. Одан соң, «Телеарналарды тарату кезінде субтитр түріндегі телебағдарламалар мен фильмдердің аудармасы қазақ тіліндегі телебағдарламалардың жалпы көлеміне есептелмейді» деп тайға таңба басқандай көрсетілді.
Ал, басылымдарда «Қазақстанда хабар тарататын телеарналарда берілетін хабарлардың 10-ақ пайызы, ал фильмдердің 3-ақ пайызы ғана қазақша», «Астана телеарнасының 19 сағаттық бір күндік бағдарламасының 3 сағаты ғана қазақ тілінде берілген» (Т.Бейісқұлов, «Жас қазақ үні») деген сияқты сыни еңбектер үздіксіз жарияланып келеді. Осы ретте «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы айтылып жатқан пікірлердің қаншалықты дұрыс-бұрысына көз жеткізу үшін тәуелсіз бақылау жасады. Оның қорытындысы төмендегідей:
Мемлекеттік міндетті арналардың ішінде 50-де 50 заңына «Хабар», «Еларна» ғана бетбұрыс жасады дегенімізбен, қазақ тіліндегі бағдарламалардың көпшілігі көшірме, аударма, уақыт жағынан адам баласы теледидар көрмейтін кезге белгіленген. Ал «Астана» арнасының жұмыс күндердегі хабар таратуы 50-де 50 мөлшерлемесіне жақындағанмен, халық теледидарды көп қарайтын демалыс күнгі эфир уақытының 30 пайызы ғана қазақ тілінде. «СТВ» 44-45 пайыз, «КТК» 23-25 пайыз, «НТК» жұмыс күндері 19 пайыз, демалыс күндері 11 пайыз, «7 арна» жұмыс күндері 24 пайыз, демалыс күндері 15 пайыз, «31 арна» жұмыс күндері 21 пайыз, демалыс күндері 10 пайыз қазақ тілінде хабар таратады. Ал, «Тан» телеарнасына таң қалмауға тіпті болмас: оның жұмыс-демалыс күнгі қазақ тіліндегі эфир уақыты 6-7 пайызды ғана құрайды. Міне, заң қабылдағаннан соң 1,5 жылдан кейінгі жеткен жетістігіміздің сиқы осындай.
Ал, қазақ жерінің шет ауылдарына дейін таралатын Ресейдің «1-ші Еуразия» арнасы 14-15 пайыз, сол сияқты мемлекетаралық «Мир» арнасы жұмыс күндері 14 пайыз, демалыс күндері 1 пайыз қазақ тілінде эфирге шығады.
Ұлыбритания, Ресей, Франция, Израил сияқты елдердің телеарналары бір ғана – мемлекеттік тілде. Яғни Қазақстандағыдай көрермен аудиториясы «қазақтілді» және «орыстілді» деп бөлінбейді. Кешегі Одақтан біздің елмен бірге бөлінген Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Армения, Грузия, Эстония, Латвия, Литва елдерінде Ресей ақпарат құралдарын емін-еркін таратуға қатаң тыйым салынған. Қазір осы елдердің қай-қайсысында да телеарналар тәулігіне әрі кеткенде жарты, не бір сағаттан артық орысша сөйлемейді. Украинада 30 телеарна тек қана ұлттық тілде; Өзбекстанда 63 телеарна хабар таратса, ақпараттың 85 пайызы тек өзбек тілінде. Өзбектер спутник арқылы тарайтын Ресейдің бірнеше телеарнасына тосқауыл қойған. Өз мемлекеттік тілдеріне ғана басымдық беретін елдер ресейлік телеарналар мен басылымдар қалай болса да тек орыс тілін ұлықтайтынын, Ресейдің саясатын жүргізетінін жақсы біледі. Ал қазақ билігі соны біле тұрса да, әлі батыл қимылдауға келгенде бұғып отыр.
«Қазақстан» ұлттық арнасы мен балаларға арналып ашылған «Балапан» арналарының тек мемлекеттік тілде хабар таратуы «Тәуелсіздікті қорғау» және «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы қайраткерлерінің мемлекет билігіне қойған талаптарынан кейін ғана жүзеге асты. Билік дүйім жұртты дүрліктірген «Ел бірлігі» доктринасын қабылдауды тоқтатқан кезде сол кездегі Президент әкімшілігінің басшысының орынбасары М.Әшімбаев 2009 жылдың 15 желтоқсанында «Мемлекеттік тіл» республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы М.Шахановтың атына жазылған хатта: «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы атынан жолдаған хатыңызды алып, мұқият танысып шықтық. Ендігі кезекте сіздердің хаттарыңызда көтерілген нақты мәселелер бойынша жауап берейік:
...Қазақстанда цифрлық телевидениеге көшу аясында мемлекеттік тілде хабар тарататын 3 телеарнаның тұжырымдамасы әзірленуде. Олар ақпараттық-танымдық, әлеуметтік-мәдени, тарихи-педагогтық телеарналар болады деп отырмыз. Арналардың біреуін – «Мәдениет», келесісін – оқу-ағартушылық бағыттағы – «Зерде», ал бүлдіршіндерге арналғанын «Балауса» деп атаған жөн шығар...» – деп жауап берген еді.
Телеарналарда Мемлекеттік тіл мәртебесінің құлдырауына отандық шоу-бизнес өкілдері де үлес қосуда. Мәселен, Баян Есентаева КТК телеарнасынан жүріп жатқан «Мама мия» жобасында қазақ тілінде орындалған әндерге орыс тілінде талдау жасап, баға беріп, «бүйректен сирақ шығарып» келеді. Байыбына барсақ, бұл мемлекеттік тілді басыну, қорлау болып табылады. Жалпы, осы үрдіс біздің телеарналарда қалыпты жағдайға айнала бастады. Бұл тұрғыда «Екі жұлдыз», «Спой» деген бағдарламаларды атауға болады. Екі жұптың біреуіне міндетті түрде мемлекеттік тілді білмейтіндер таңдалған «Екі жұлдыз» бағдарламасының жүргізушілері Гүлнәр Досматова мен Фарида Ниязова осыған белсене жұмыс жасады. Кейін «Хабар» арнасынан «Спой» деген бағдарлама жүрді. Кілең қазақтың қыз-жігіттері мақтанып тұрып, орысша ән салады. Жүргізушісі – Қымбат Хангелдина қазақ халқын мемлекеттік тілге менсінбей қарауға өзінше үлес қосты. Мемлекеттік тілді мойындамайтын бұл бағдарламаға көрермендер тарапынан бірнеше рет қарсылық орын алып, өзгеше ұлтсыздық танытқан Досматова мен Хангелдина әрекеттеріне ызасы келген бір ақынның ұлт жанайқайы болатын өлеңі де жарияланған еді. Ақын өз өлеңінде бұл келеңсіздікке тосқауыл қойылуы қажеттігін айта келіп былай дейді:
...Телеарнада «Екі жұлдыз» және «Спой» сияқты,
Мемлекеттік тілді қорлап, белден басқан ұятты,
Досматова, Хангелдина деген шала қазақтар,
Құтқарудың орынына ана тілін мазақтан,
Тастағандай отқа масақ,
Екі тілден ботқа жасап
Мемлекеттік тілге теліп менсінбестік бағытты,
Жүз телеарна ұлы тілде үн қатса да тоқталмай,
Орыс тілі, орыс әні зорлық көріп жатқандай
Бұл қос ару елден-ерек ұлтсыздық танытты.
Өз ыңғайы жетегінде ана тілін шетке ұрып,
Еркінсіді «космополит әншілерден» топ құрып.
Бұл әрине Мемлекеттік тілді аяққа басқандық.
Кімге қажет ұлттан қашқан мұндай мәңгүрт бостандық?..
Одан беріде әнші-жұлдыздардың қаншалықты батыр екендіктерін құрт-құмырсқамен сынайтын «Фобия» жобасы, мемлекеттік тіл мәртебесіне көлеңке түсіретін «Әзіл студио», «Шіркін, лайф», «Құрдастар», «Бешбармақ шоу» деген көрсетілімдер пайда болды.
«КТК» арнасынан жүретін «Наша казаша» деген сайқымазақ бағдарлама мемлекеттік тілді қорлаудың медиалық озық үлгісі. «Салеметсiз бе, детилер! Итак, биз начинать етемиз урок шала-казахского языка» – деп бастап, мектеп оқушыларына мәңгүрттікті насихаттайтын бағдарлама кезінде тіпті жоғары рейтингке ие болды. Жартылай қазақша, жартылай орысша түсірілген «Жаным» сияқты телесериалдарды тіпті көре алмайсың. Жаңалықтар болса, қазан-ошақтың маңындағы әңгімеден арыға аса алмай тұр әзірге. Осы тектес дүниелерді сараптаған сырт көз қазақты сайқымазақ, ұлттық құндылықтарға бас қатырмайтын, тек үйме табақ етті алдына қойып, арзан күлкіге қарық боп отыра беретін тобыр деп ой түйері сөзсіз.
Сондай-ақ мемлекеттік тілде жүріп жатқан бағдарлама қонағы қазақ бола тұрып, өз пікірін орыс тілінде білдіру үрдісі де қалыпты жағдайға айнала бастады. Өзгелер оның пікірін талқылай жөнеледі. Тым құрыса, жүргізуші, не отырғандар бірауыз «Мемлекеттік тілге деген құрметіңіз қайда? Неге тілді меңгеруге тырыспайсыз?» деп айтпайды. Мұндай жайт барлық телеарналарға тән.
Қорыта айтқанда, қазақ телеарналарында қазақ ұлтының бүгінгі тілдік, әлеуметтік, ділдік, дәстүрлік, ұлттық мәдениеті, ұлттық тәрбиесі қандай күйде екені туралы ащы шындық айтылмайды. Дарақы күлкі, арзан әжуаға толы жеңіл дүниелер, орысша араластырып сөйлеу – орыстанған басшылар билігіндегі телеарна журналистерінің пікірінше озық үлгідегі ток-шоу, топ-шоу, реалити-шоу, бизнес-шоу яғни, «тың идеялар» болып табылады екен.
Наразылық тудырушы тағы бір фактор – латын жазуына 2025 жылға дейін тек қазақ тілінің ғана көшетіндігі. Біздегі биліктің 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейтін болады, «қазақ тілі кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады» деген болжамы еріксіз күлкі шақырады.
Егер республикамыздағы барлық басылымдар, барлық ұлт өкілдері бірлесіп латынға көшетін болса, онда мәселе басқаша сипат алар еді. Бірақ биліктің халыққа жолдауында латын жазуына тек қана қазақ тілі ғана көшетіні айдан анық жазылған.
Еліміздегі мемлекеттік билік орыстілділердің қолында екені жасырын емес. Жалпы үлкен билік төңірегіндегі басшыларымыздың 70-75 пайызы қазақ болса, олардың 70 пайызға жуығы орыстілді қазақтар. Сол шала қазақтардан өрбіген ұл-қыздардың үлкен бөлігі шет елдерде білім алған, ал немерелерінің 90-95 пайызға жуығы қазақ тілін білмейді. Сондықтан қазақ тілі қоғамның барлық саласына еніп, мемлекеттік тіл деңгейінде мәртебелі биікке көтерілуі, олардың өздері үшін, қала берді ұрпағы үшін қауіп тудыратыны заңды құбылыс. Билік мақсат тұтқандай, латын әліпбиіне тек қазақ тілі, қазақ басылымдары ғана көшер болса, өз ана тілінде оқи алмайтын, жаза алмайтын қазақ халқының 60 пайызға жуығы оған пысқырып та қарамайды, бұрыннан үйреншікті жазуында қала береді.
Оның сыртында қазақтың көп бөлігі ауылдан қалаға келіп, базарда арба сүйретіп, машинасымен әрі-бері адам тасып, күзетші болып күн көріп жүр. Сонда латын әліпбиіне көшкенде олар бала-шағаларын асырай ма, жоқ латын әліпбиін үйрене ме? Жоқ, әрине. Ұлтсыздану процесі бұрынғыдан да үлкен деңгейде күш алады. Қазіргі таңда үкімет қаржы тапшылығынан әйелдердің зейнетке шығу жасын ұлғайтуға мәжбүр болып отырған кезеңде, кириллицада жарық көрген миллиондаған кітаптарды латын әліпбиіне кім аударып, басып бермек?
Латын жазуын қабылдаған бұрынғы одақтас Өзбекстан мен Әзірбайжан елдерінде мемлекеттік тапсырыспен 400-500 мың данамен шығып келген газет-журналдардың тиражы 5-10 мың данаға дейін құлдырап, жас буын мен үлкен буынның арасындағы байланыс әлсіреген. Әзірбайжандықтар мен өзбектер ана тілдерін толық меңгерген ұлттар бола тұра, әліпби ауыстырғанның зардабын әлі тартып келеді... Бұл мәселе төңірегіндегі біздің көзқарасымыз қалың қауымға белгілі.
Соңғы уақытта Қазақстанда саясат ыңғайына қарай «қазақстандық» деген айтылым қалыптасты. 2009 жылы билік Қазақстан Халқы Ассамблеясы ұсынған «Ел бірлігі» доктринасы арқылы елімізді «Қазақстандық ұлтқа» енгізуді жоспарлады. «Қазақстандық ұлт» өзінің негізін «американдық ұлттан», яғни көп ұлттан бір ұлт жасау идеясынан алатыны белгілі. «Қазақстандық ұлтқа» енсек, бүкіл ұлттық мүддеден мақұрым қаламыз. Зиялы қауым өкілдері бұл ұлтсыздандыру шарасына түбегейлі қарсы тұрып, аштық жарияламақшы болды. Республика бойынша 4 мыңнан астам адам бұл акцияға белсенді түрде қатысатындықтарын білдірді. Бүкіл ел оянысқа түскендіктен, республика билігі амалсыздан біздің талап-тілегімізге құлақ асты. Қазақстан Халқы Ассамблеясы ұсынған «Ел бірлігі» доктринасынан «Қазақстандық ұлт» түбегейлі алынып тасталынды және оған «Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуге міндетті» деген сөйлем ендірілді. Билікті райынан қайтарған бұл бірлескен шара зиялы қауым өкілдерінің демократия саласындағы елеулі жеңісі еді. «Қазақстандық ұлт» саясатын ендірмей тоқтатқанымызбен, ол әлі залалсыздандырылмаған бомба іспетті көмулі жатыр. Сондықтан да оның уақытын жақындату үшін жоғары басшылар мен теле-радио: «қазақ халқы, Қазақстанды мекендейтін орыс ұлты, болмаса татар, не кәріс ұлты» деп айтудың орнына – «қазақстандық, қазақстандықтар» деген сөзді жиі қолдана бастады. Болашақта «қазақстандық ұлтқа» көшетінімізді ескертіп отырған Қазақстан билiгi бастапқы райынан қайтар емес. Сонда қалай, бұрынғы текетірес қайтадан басталмақ па?
Тағы бір маңызды мәселе – Қазақстан Республикасының Парламенті орыстілді болғандықтан кез-келген заң алдымен орыс тілінде қабылданып, қазақ тіліне аударылады. Қазақ Парламентаризмі тарихында қазақша дайындалған жалғыз ғана заң бар. Ол – 1997 жылдың 13 желтоқсанында қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасы болатын. Тәуелсіздік алған 23 жылдың ішінде негізінен қазақ депутаттар отырған Қазақстан парламенті бір ғана заңды қазақ тілінде қабылдауы Қазақстандағы саяси биліктің «Мемлекеттік тілге» деген құрметінің сиқын аңғартады. Аударма заңдардың қазақ тіліндегі нұсқасын қазақтілділердің өзі әрең түсінеді.
Жоғары билік жолдаулар мен мәлімдемелерде ғана Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеріп жатқандай әсер қалдырып, елді алдарқатып қояды. Ал шындық оған мүлде кереғар. Мысалға жуырда, 24-ші шілдеде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев еліміздің бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы және таяу кезеңдегі жоспарлар жөнінде баяндама жасаған Премьер-Министр С.Ахметовті қабылдады. Мемлекеттік тілде есеп-баяндамасын жасаған Премьер министрге Елбасының жауабы толықтай орыс тілінде болды. Әлде Елбасы өзі бас болып «қазақ тілі республикамыздағы басқа тілдерді басып кетпеуі керек» деген қағидаға сай орыс тіліне жүгіне ме? Басқа тілдерден құзыры да, міндеті де мықты болмаса ол тіл несіне Мемлекеттік тіл болып табылады?
Соған орай, мемлекеттiк тiлдiң тағдырына алаңдаған Республикалық «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы, тiл жанашырлары мен ұлт зиялылары мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн сараптай келе, билiк басындағыларға мынандай талаптар қояды:
1. Бiз 2012 жылдың 14 желтоқсаны күні жария болған «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Президент жолдауында «2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс» деп жоспарланған талабын құптаймыз. Бірақ жұртты тыныштандыру бағытында тек сөз жүзінде салтанат құратын мұндай пікірлер арнайы заң қабылданбағандықтан тек қағаз бетінде ғана қалып қояды. Сондықтан Қазақстан Парламенті «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылдап, заң негізінде мемлекеттік тілдің түбегейлі негіздерін күшейтіп, заң талаптары орындалмаған жағдайға қатысты жауапкершілікті нақты белгілеуі қажет;
2. Мәдениет және ақпарат министірлігінің бір бөлімшесі ретінде ғана Тіл комитеті қызмет етіп келеді. Турасын айтсақ, министрлік аясындағы комитеттің құзыры қордаланып қалған Мемлекеттік тіл проблемаларын шешуге мүлде дәрменсіз. Сондықтан Мемлекеттік Тіл агенттігін құруды ұсынамыз;
3. Республикамыздағы саны жағынан өте көп аралас балабақшалар мен аралас мектептердің бәрі дерлік қазақ-орыс аралас балабақшасы, немесе қазақ-орыс аралас мектебі болып табылады. Бұдан құтылудың төте жолы – қазағын қазақ, орысын орыс балабақшасы мен мектебiне айналдыру. Ешкiм бұған дау айта алмаса керек;
4. Балабақшалар мен мектептер саны, білім алу тілі мен оқушылардың этникалық құрамына қатысты деректердің бәрі ашық әрі нақты болуы шарт;
5. Ресейлік басылымдар тасқынына шектеу қойып, отандық, мемлекеттік тілдегі кітаптарды сататын кітап дүкендері мен кітапханаларды ашу ісін мемлекеттік деңгейде көтеру қажет;
7. Қазақстандағы телеарналардың барлығында мемлекеттік тілді жетік меңгерген басшы отыруы тиіс.
8. Телеарналардағы жартылай қазақша, жартылай орысша дүбәралықты насихаттайтын дүниелерді таратуды тоқтатып, барлық телеарналардың «прайм-тайм» уақытын, «рейтингі төмен» деген желеумен жабылған талай қазақша бағдарламалардың орнын жаулап алған ресейлік дайын өнімдерден телеарналарды тазарту керек. Мұны заң негізінде міндеттеу қажет.
9. Мемлекеттік Тіл агенттігі жанынан мемлекеттік телеарналардағы бағдарламалар мен шоу-думандарды тексеріп, сараптап отыратын бөлім ашылу керек;
10. 2012 жылдың 22 ақпанында қабылданған «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңда көрсетілген 50-де 50 мөлшеріне бағынбаған телеарналар жауапқа тартылсын;
11. Парламентте кез келген заңның түпнұсқасы мемлекеттік тілде қабылдансын;
12. Республикамыздағы әрбір сауатты, білімді адам латын жазуын тануы, меңгеруі қажет. Бұл істе мемлекет тарапынан әр адамға мүмкіндік жасалатын болсын. Елімізде қазақ халқының 60 пайызға жуығы өз ана тілінде оқып, жаза алмайтынын ескерсек және республикамыздағы басқа тілдерді емес, тек қазақ тілін ғана латын жазуына көшіру, қазақ халқын тікелей екіге бөлетіндіктен, әрі өзге де күрделі проблемалар тудыратындықтан, әліпби ауыстыру туралы идеяны тоқтатуды талап етеміз;
13. Негізін «американдық ұлттан» алатын «Қазақстандық ұлт» саясаты Қазақстан халқы Ассамблеясы доктринасынан алынып тасталынғанмен, қоғамға сыналай ендіріліп жатыр. «Қазақстандық ұлт» саясаты қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауымның жіті назарында болғандықтан, бұл іске қайта бет бұру, халықтың зор қарсылығын тудыратынын биліктің есіне саламыз.
14. Елбасының өзінен бастап мемлекеттік лауазымды қызмет иелері барлық отандық, шетелдік ресми кездесулерде, негізінен, мемлекеттік тілде сөйлеуге міндеттеліп, республика көлеміндегі маңызды іс-шаралар мемлекеттік тілде жүргізілсін. Республика министрліктері, мемлекеттік органдар, департамент, басқармалардың іс-қағаздары толықтай мемлекеттік тілге көшірілуі керек. Мемлекеттік тілді білмейтіндер ілеспе аударма қызметін пайдаланатын болсын. Мемлекеттік тілді мойындамайтындар, оны оқып, үйренуге тырыспайтындар – мемлекеттік қызметке алынбасын;
Жоғары билік арнасында бұл мәселелер қайта қаралғаннан кейін, нақты заң жобаларымен міндеттелетін әділетті шешім шығады деген сенімдеміз.
Мұхтар ШАХАНОВ, Республикалық «Тәуелсіздікті қорғау»және «Мемлекеттiк тiл» қоғамдық қозғалыстарының төрағасы, Қазақстанның Халық жазушысы; ҚОЗҒАЛЫС ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ: Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы;Амангелді АЙТАЛЫ, Қоғам және мемлекет қайраткері,филология ғылымдарының докторы, профессор; Тұрсынбек КӘКІШЕВ, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор; Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы; Дулат ИСАБЕКОВ, «Мәдениет» журналының бас редакторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;Оразалы СӘБДЕН, Қазақстан Ғалымдар Одағының Президентi, ҚР ҰИA Академигi, э.ғ.д., профессор, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты; Софы СМАТАЕВ, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты; Темірхан МЕДЕТБЕК, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы,Қазақ ПЕН-клубы сыйлығының лауреаты; Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Нұрғали НҮСІПЖАНОВ, ҚР халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; Хайролла ҒАБЖАЛИЛОВ, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының президенті; Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері,Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты; Рысбек СӘРСЕНБАЙ, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы;Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының президенті; Эрнест ТӨРЕХАНОВ, Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы; Иса ОМАР, журналист-жазушы, «Замана» Баспа үйінің бас директоры; Жангелді ШЫМШЫҚОВ, ҚР ҒК Экономика институтының Астана қаласы бойынша филиалының директоры;Мәди МАНАТБЕК,тележурналист;Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы; Совет-Хан ҒАББАСОВ, жазушы, Медицина және педагогика ғылымдарының докторы, Махамбет сыйлығының лауреаты, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі; Мақсұт ҚАЛЫБАЙ, Қазақстан Республикасына ерекше еңбегі сіңірген зейнеткер; Жанұзақ ӘКІМ, саясаттанушы, биология ғылымдарының кандидаты; Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын, ҚР мәдениет қайраткері; Құдияр БІЛӘЛ, жазушы,ҚР Мәдениет қайраткері; Дәурен БАБАМҰРАТОВ, «Болашақ» республикалық жастар қозғалысының лидері; Еркін РАҚЫШЕВ, «Жас Ұлан» киностудиясының директоры; Асылы ОСМАН, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Әзірбайжан мәдени-орталығының төрайымы;Мереке ҚҰЛКЕНОВ, жазушы, «Өлке»баспасының дидекторы;Тілеуберді БІНАШЕВ,мүсінші, Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері; Назарбек ҚАНАФИЯ, филология ғылымдарының кандидаты; Қарлығаш ҚОЖАМҰРАТОВА, «Алаш аманаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы; Дәурен ҚУАТ, «Абай.kz» ақпараттық порталының бас редакторы;Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, «Қазақстан-Заман» газетінің бас редакторы; Жарылқап ҚАЛЫБАЙ, «Жұлдыздар отбасы», «Аңыз адам» журналдарының бас редакторы;Ермұрат БАПИ, «Тасжарған» газетінің бас оқырманы;Қажымұқан ҒАБДОЛЛА, «Қазақ елі» газетінің бас редакторы;Төлемырза ТЕМІРБЕКҰЛЫ, «Төртінші билік» газетінің бас редакторы; Марат ТОҚАШБАЕВ, «Президент және халық» газетінің бас редакторы;Қазыбек ИСА, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері;
Талғат БАЛТАБАЕВ, «Уақыт» газетінің бас редакторы; Ардабек СОЛДАТБАЙ, «Шын» интернет порталының бас редакторы; Мұхтар МҰХАМБЕТЖАН, «Ел бірлігі» қоғамдық қозғалысының төрағасы; Дос НҰР-АХМЕТ, «Ұлт патриоттары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы; Жанболат МАМАЙ, «Рух пен Тіл» клубының жетекшісі;Тоғайбай РЫСБЕК, журналист, Халықаралық жазушылар Одағының мүшесі; Мұхамбет-Шәріп КЕНЖЕБАЙ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің доценті, Ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты; Клара ХАН, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Болат ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ, «Тәуелсіздікті қорғау» қоғамдық қозғалысы Астана қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары; Геройхан ҚЫСТАУБАЕВ, қоғам қайраткері; Бейсенғазы СӘДУҰЛЫ, «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы;Рахым АЙЫПҰЛЫ, «Жебеу» РҚБ орталық атқару кеңесінің директоры; Ералхан ӘБІШ, «Мұрагер» продюсерлік орталығының директоры; Бақытжан МЕРГЕНБАЕВ, «Аманат» қоғамдық қорының төрағасы; Марат БӨТЕЕВ, «Аллажар-қолдау» қоғамдық қорының төрағасы;Кенесары ҚАПТАҒАЙ, «Халық дабылы» қозғалысының төрағасы;Мұхтархан АБАҒАН, «Кенесары хан» қоғамдық қоры төрағасы; Жарылқасын ДӘУЛЕТ, сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері; Берік АҒЫБАЕВ, «Болашақ» қозғалысы жастар қанатының жетекшісі;Жұмаш Кенебай, «Таным» пікірсайыс клубының жетекшісі; Жұмабек АШУҰЛЫ, Қазақстан саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы;Нұржан ОШАНБЕКОВ, қоғам қайраткері; Жанна ИМАНҚҰЛОВА, журналист, Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты; Шәкизада СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР Мәдениет қайраткері; Нұрғали ЖҮСІПБАЙ, www.erkineurasia.com медиа порталы редакторлар кеңесінің төрағасы; Еркінбек СЕРІКБАЙ, жазушы, «Тәуелсіздік толғауы» байқауының лауреаты; Аманғазы КӘРІПЖАН, ақын Ермек МҰҚАНҒАЛИЕВ, Зейнеткер, қоғам белсендісі;Ауыт МҰҚИБЕК, ақын; т.б. Мәлімдемеге 125 адам қол қойды.
Abai.kz