Жастар: Рәміздер – елдігіміздің бірден-бір белгісі!
Рәміздерімізді жалпақ жұртқа танытып жүрген жас буын қаламгерлердің ой-пікірін білген едік. Осы тақырып төңірегінде Арна Шәкеров, Еламан Рахымұлы, Еркежан Сағимоллалардың жеке пікірін, өзіндік оқшау ойларын білу үшін бір ғана, Рәміздерге байланысты сауал қойып, осы қойылған сауалымызға тұщымды жауап ала алдық.
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы актілерінің бірі 1992 жылы 4 маусымда Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның бекітілуі болды. 2007 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң қабылданды. Бұл күн ел тарихында мемлекеттік рәміздердің туған күні ретінде мәңгі қалады. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні болып мерекеленеді.
Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің бірегейлігі мен егемендігін танытатын ажырамас атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында мемлекеттік рәміздер – Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран.
Арна Шәкеров, ақын, ұстаз, полиглот:
- Расында да, Отанға қызмет ету, ізгілік, әсемдік, халықтың тарихи тамыры мен салт-дәстүрін құрметтеу Мемлекеттік рәміздерде бейнеленген. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанның туы биікте желбіреп тұрған сәтте біздің жүрегіміз еліміз үшін, Тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізген барлық жетістіктеріміз үшін мақтаныш сезіміне бөленді!», - деп атап өткені бар.
Біздің әрқайсымыз спортшыларымыздың жеңістері кезінде осындай эмоцияларды бастан кешіреміз. Әлем үшін маңызды шешімдер қабылданатын форумдарда Туымыздың болуы бұл жерде – әділеттілікті, бейбітшілікті, келісім мен өзара түсіністікті қорғауда Қазақстанның пікірі ескерілетінін көрсетеді. Мемлекеттік рәміздер – Отанды қорғап, бүгінде, ел мүддесінің күзетінде тұрғандарды ұлықтау кезінде есте қалатыны шындық.
Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылы заңнамаға мемлекеттік рәміздердің қолданылуына қатысты өзгерістер енгізу туралы бастамасы өте өзекті болып табылмақ. Енгізілген өзгерістер нәтижесінде Қазақстан Республикасының азаматтары үшін Мемлекеттік Туды қолдану аясы кеңейтілгенін ескерген де жөн.
Мемлекеттік рәміздер жастардың патриоттық санасын қалыптастыруда ерекше маңызға ие. Осылайша, барлық іс-шаралар мемлекеттік Рәміздерді пайдалана отырып өткізіліп жүргенін талай рет көзімізбен көріп жүрміз. Жалпы, отансүйгіштікке тәрбиелеу мен халқымыздың бірлігін нығайту ісінің табысты болуы бүкіл қоғамның барынша кең атсалысуына байланысты. Қазақстандықтардың, оның ішінде жастарды, о бастан өзінің ыстық Отанына, дербес Туына, айбарлы Елтаңбасына, рухты Әнұранына деген шынайылығы оған сүйіспеншілік пен терең құрметпен тәрбиелеуден басталады.
Жұдырықтай бірге жұмылған жұмыр да мығым күш-жігердің арқасында ғана біз тәуелсіз Қазақстанның нағыз патриоттарын тәрбиелей аламыз.
Еламан Рахымұлы, ақын, тарихшы:
- Әрбір тәуелсіз мемлекет сияқты біздің еліміз де өзінің мемлекеттік рәміздерін – Туы, Елтаңбасы, Әнұраны бар.
Ту, Елтаңба, Әнұран – мемлекеттілікті нығайтуға көмектесетін ресми атрибуттар.
Мемлекетіміздің рәміздері – егемендік пен тәуелсіздіктің, халықтар мен билік бірлігінің бұлтартпас айғағы. Олар қазақстандық демократияның белгілі бір мемлекеттік идеясын, жалпы адамзаттық құндылықтарға ұмтылысты білдіреді.
Мемлекеттің барлық азаматтары – ересектер де, балалар да – мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, олардың рәміздерін білуге және түсінуге міндетті. Өз еліңнің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын құрметтеу – өз Отаныңды құрметтеу деген сөз.
Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттік тәуелсіздікті жүзеге асыру идеялары. Олар бұл идеяның адамдардың ойлары мен сезімдеріне енуіне ықпал етпек. Әлемдегі көптеген елдердің тұрғындары өздерінің мемлекеттік рәміздерін мақтан тұтады. Бірақ өз еліңнің елтаңбасы, туы мен әнұраны қандай екенін біліп қана қоймай, олардың рәміздерін де түсіну маңызды деп ойлаймын. Ол үшін олардың тарихы, бұл мемлекеттік рәміздердің қалай пайда болғаны және ғасырлар бойы қандай жолды басып өткені туралы түсінік болуы керек.
Туымыз көк. Және бұл кездейсоқ емес. Өйткені табиғатта бұл түс басым. Бұл кемпірқосақтың жеті қасиетті түсінің бірі. Аспан мен судың түсі. Бұл бұлтсыз аспанның, бейбітшілік пен гүлденудің түсі.
Күн – өмір мен қуат көзі, сондықтан күннің сұлбасы – өмірдің символы. Сәулесі бар алтын күн – байлық пен бейбітшіліктің белгісі, оның сәулелері – елімізде тұратын барлық халықтардың достығы. Ал қалықтаған дала қыраны – жомарттық пен қырағылықтың, ой биігінің белгісі.
Қазақстан Республикасының туын халықаралық көрмелерде, жарыстарда және әлемдік деңгейдегі кездесулерде көбірек көруге болады. Менің Отанымның әлемге танылып, құрметтелетінін білу мен үшін қуанышты. Бұл, біздің, Қазақстанның әлемдік аренада маңызды орын алатынын көрсетеді және де айғағы.
Елтаңбамызды әспеттеп айтар болсам, дөңгелек ғаламшар тәрізді келген Елтаңба кеспірі әлемде мінсіз пішінді доп деп санайды. Ал ою-өрнек көшпенді елімізде өте жоғары бағаланады. Елтаңбамыздың орталық элементі – шаңырақ ошағы мен шаңырақ татулықты бейнелейді. Шаңырақ нұры бөлек, Қазақстандағы тату-тәтті өмір сүріп жатқан көптеген халықтарды біріктіреді.
Көшпелілердің бүкіл өмірі жылқымен байланысты. Елтаңбамыздың маңызды бөлігі – екі жақтағы шаңырақты қорғайтындай екі мифтік ат, пырақ. Жылқылардың қанаттары жүгері масағы ретінде бейнеленген. Масақ – Отанның байлығы. Ай мен күнмен бірге жұлдыздар киелі саналған. Сондықтан Елтаңбамыздағы алтын жұлдыз – бақыттың, бейбітшіліктің, мәңгіліктің белгісі. Ал Елтаңбада жазылған «Қазақстан» сөзі қазақ елінің ұзақ жылғы дамуының жемісі.
Кез келген мемлекеттің өмірінде Әнұранның алатын орны зор. Ол ел азаматтарын біріктіреді. Қазақтың белгілі бір ақыны айтқандай: «Әнұран – сөзден өрілген ту». Расында, бұл рухани ту. Әнұран халықтың еркіндікке деген ұмтылысын, тамырын тереңдетіп, болашаққа деген арманын бейнелейді. Әнұран көне де әсем өлкемізде адамгершілік, бейбітшілік пен келісім жолындағы достық пен бірлікке үндейді. Оймызды сара сабақтап, сөз соңында түйетін түйін: Рәміздер – елдігіміздің бірден-бір белгісі!
Мен болашаққа сеніммен және оптимистік көзқараспен қараймын, өйткені біздің мемлекетіміз өркениетке қанат жайған айбарлы, азулы мемлекет.
Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің, егемендіктің мызғымас негіздерінің бірі. Рәміздер Отан Тәуелсіздігінің қасиетті біріктіруші бейнесін білдіреді дегім келеді. Алда келер Республика күні мерекесі құтты болсын! Осы орайда, барлық Қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын! Отанымыз гүлденіп, біліміміз артып, санымыз өсіп, санамыз кемелденіп, келешегіміз жарқынданып, қазынамыз тасып, қауқарымыз қуаттанып, қорғанымыз нығайып, елтаңбамыз бедел-бедерленіп, әнұранымыз рух тербеп, көк туымыз жер әлемде үстем желбіреп тұрсын!
Еркежан Сағимолла, жас ақын:
- Мен елімді сүйемін! Ал Отанды сүю – онымен бір өмір сүру деген сөз. Адам өмір бойы туған жеріне, балалық шағы мен жастық шағы өткен жерлеріне деген сүйіспеншілік пен ерекше сезімді алып жүреді. Мен бейбітшілік пен тұрақтылық сенімді елде тұрып жатқанымды мақтан тұтамын.
Ертедегі Қазақстан – жаужүрек түркі тайпаларының тарихи отаны, Орталық Азиядағы қуатты мемлекет. Қазіргі Қазақстан – алдыңғы қатарлы Азия мемлекеттерінің қатарынан өз орнын нық басып, даму қарқыны жоғары тәуелсіз мемлекет. Бүгінгі Қазақстан – тәуелсіз, егеменді, демократиялық, экономикасы тұрақты, болашаққа жоспары бар мемлекет. Бүгіндері Қазақстан өзін, құқықтары мен мақсаттарын батыл жариялап отыр. Қазақстан әлемдік қауымдастықта да маңызды рөл атқарады. Болашақтың Қазақстаны – әлем мойындаған державалардың бірі деп толық айта аламыз.
Патриоттық сана, патриоттық сезім, Рәміздер жайында өз жеке ой-пікірімді білдіре кетсем: Патриоттық сезім - адамның Отанға, елге, жерге деген ыстық сезімі мен шынайы ниет пейілі. Яғни,патриот адам рухани бай, көзі ашық, осы әлемге деген көзқарасы өте ерекше болады. Осы сезімнің символы, нақышы ол рәміздеріміз: әнұран, елтаңба, көк туымыз.
Мемлекеттік рәміздер - кез келген Мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін ұлттық бейне.
Ту - ежелден елдің халқын біріктіру және оны белгілі бір мемлекеттік құрылымға сәйкестендіру міндетін атқарып келеді.
Елтаңба - Мемлекеттің мәдени және тарихи дәстүрін бейнелейтін үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіреді.
Әнұран ол - әр Мемлекет үшін өте маңызды дыбыстық рәміз саналады.
Қазіргі таңда, мен үшін патриоттық сезімді оятатын бейне, кескін ол - Міржақып Дулатұлының "Оян қазақ" фильмі. Себебі қазақтар қан төгіп, отаршылдыққа ұшыраған кезең. Рухани жаңғыра түсіп, сана сілкініп, қайта түлеп жатырмыз, былайша айтқанда. Осындай ұлттық дүниелер көптен назарға алынса деген тілегіміз де жоқ емес.
Патриоттық тәрбиеде халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған бай тәжірибесін негізге ала отырып, жас азаматтардың бойында Отан, ел-жұрт алдындағы азаматтық парыз бен борыш туралы, адам бойындағы рухани құндылық – ар-намыс, ұлттық сана-сезім туралы ұғымдар арқау болуы маңызды. Менің ойымша, жастарға патриоттық тәрбие беруде халқымыздың құнды мұраларының бірі – байырғы халықтың тұрмыс - тіршілігін, сұрапыл соғыстың түйінін, батырлар жырын, масамен оятқан, қазақтар оян деген, «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деп жалын айтқан тұлғаларымыздың өмірбаянын оқыту. Өз басым, жастар өз елінің патриоты болуы үшін еліміз Қарулы Күштерінің жетістіктері мен аға ұрпақ өкілдерінің ерлік істерін насихаттап, ерлік пен жанқиярлықтың мәнін түсіндіріп, олардан үлгі алып, мақтан тұтуға баулу өте тиімді жол деп санаймын. Мен өз Республикамның саналы азаматы, өз Отанымның патриоты ретінде мемлекетіміздің үмітін ақтауға міндетті екенімді түсінемін. Өйткені, көп нәрсе менің біліміме, тынымсыз еңбегіме, елде болып жатқан әр нәрсеге жауапкершілікті сезінуіме байланысты. Бұл менің өмірлік ұстанымым. Рәміздерді ұдайы ұлықтау – мемлекеттің маңызды үстем мерейінің бірі. Біз – Жастар қауымы Рәміздерімізді құрмет тұтып, әрқашан тағзым етеміз!
Алаштың рухани астанасында қазақ әдебиетінің бағын асыру үшін шығармашылық тер төгіп жатқан жас буын қаламгерлер осылайша жүрек түкпіріндегі ойларын «Рәміздерге» қатысты тебірене төгілтіп, көкейдегі асыл ойларын жайып салды.
Ерік Қайратбекұлы
Abai.kz