Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3120 0 пікір 28 Тамыз, 2013 сағат 13:03

ӨГЕЙ МЕН КЕДЕЙДІҢ СӨЗІН КІМ СӨЗ ДЕПТІ?

Халықтың мұң-мұқтажын айтып-жеткізуде бұқаралық ақпарат құралдарының орнын әкімдердің есеп беру жиын-теріні де алмастыра алған жоқ. Парламент депутаттары да айына-жылында бір айтылып қалатын жекелеген мәселелермен ғана шектелуде. Олардың халықпен кездесулері кезіндегі алға тартылған проблемалар жаңа заңдардың қабылдануында ескеріліп жатқан шығар, бірақ көптеген ұсыныс-пікірлер сол айтылған жерінде қалып қояды.
Ал жоғарғы жаққа жазылған арыз-шағымдардың көбінесе алты қырды айналып, сол үстінен арыз берілген мекеменің өзіне қайтып келетінін көзіміз көріп жүр. Ондағы көтерілген мәселені бұрын шешпеген, шеше алмаған тиісті мекеме өкілі енді сені қалай мазақтаймын десе де өз еркі. Табанынан таусылып, заң орындарына шағымдануға екінің бірінің мүмкіндігі келе бермейді. Осының бәрін жинақтай келгенде, билік пен халықтың арасындағы байланыстың ең оңтайлысы ақпарат құралдары болып отыр.   

Халықтың мұң-мұқтажын айтып-жеткізуде бұқаралық ақпарат құралдарының орнын әкімдердің есеп беру жиын-теріні де алмастыра алған жоқ. Парламент депутаттары да айына-жылында бір айтылып қалатын жекелеген мәселелермен ғана шектелуде. Олардың халықпен кездесулері кезіндегі алға тартылған проблемалар жаңа заңдардың қабылдануында ескеріліп жатқан шығар, бірақ көптеген ұсыныс-пікірлер сол айтылған жерінде қалып қояды.
Ал жоғарғы жаққа жазылған арыз-шағымдардың көбінесе алты қырды айналып, сол үстінен арыз берілген мекеменің өзіне қайтып келетінін көзіміз көріп жүр. Ондағы көтерілген мәселені бұрын шешпеген, шеше алмаған тиісті мекеме өкілі енді сені қалай мазақтаймын десе де өз еркі. Табанынан таусылып, заң орындарына шағымдануға екінің бірінің мүмкіндігі келе бермейді. Осының бәрін жинақтай келгенде, билік пен халықтың арасындағы байланыстың ең оңтайлысы ақпарат құралдары болып отыр.   
Алайда біз сол ақпарат құралдарын жұртшылықтың арызын әдемілеп жазып беретін сауатты адам дәрежесінде ғана қалдырып қойдық. Себебі жоғарғы жақ ақпарат бетінде жарияланған арыз-шағымдарды құлаққа да ілмеуге айналды. Ақпарат құралдарының қолында өздері сынаған адамды ар сотына салғаннан басқа қайран жоқ. Міне, сондықтан да зардап шегуші тарап биік кранның басына шығып алып, не үйіммен бірге жарылып өлемін деп, наразылық білдірудің жаңа тәсілдеріне көшті. Ақпарат құралдары болмаса ондай жанкешті әрекеттер де жазатайым оқиға дәрежесінде қала берер еді. Осылайша ақпарат құралдарының сынын қасақана менсінбеушілік қоғамымызда әлеуметтік әділеттіліктің барына сенбеушілікті туындатып отыр. Басқасы басқа, Талғат Мұсабаев сияқты ардақтыларымыздың өзі журналистің кеудесінен кектене итеріп тастап жатса қайтесіз енді!
Бұған қарап, бұқаралық ақпарат құралдары халықтың арыз-арманын айта-айта кейбір лауазымды шенеуніктерге жексұрын көріне бастады ма дегендей де ой келеді. Мысалы, өткенде жол сақшыларының қатысуымен мынандай бір келеңсіз оқиға болды. Жүргізушімен ерегесіп қалған жол сақшысы өз пагонын өзі жұлып тастап, «мынау маған қол көтерді» деп бәле салды. Ол құқық қорғау саласының өкіліне қол көтерген адамның қандай жазаға ұшырайтынын жақсы біліп тұр. Құдай сақтағанда, әлгі оқиға түгел бейнебақылау камерасына түсіп қалған екен. Әйтпегенде ана байғұстың күні не боларын көзге елестетудің өзі қиын. Ал енді мамандығына сәйкес қашан да әлеуметтік әділеттіліктің туын көтеріп жүретін ақпарат құралдары өкілдерінің жағдайы ондай емес. Журналисті ұнамаса жолынан ысырып тастайтын, кеудесінен итеріп жіберетін дөкейлерге ешкім ештеңе істей алмайды. Күзетшілер басшыларын камераға түсіртпей, қоқан-лоққы көрсетіп жатқандарын да талай көрдік. Егер Талғат Мұсабаевқа жоғарыдағыдай қылығы үшін ескерту жасалған болса, басқалар ойланып қалар еді. Тап сол кезде, яғни халықтың көңілін тыныштандыру үшін кешенді шараларды қолға алып жатқан Үкімет,  Мұсабаевтың қылығын оның өзінің жеке ісі сияқты елеусіз қалдырды.
Иә, демек өзінен ақпарат алуға келген БАҚ өкілін кеудеден итеріп тастауға болады екен. Сондай өрескел әрекетпен ақпарат құралының өкілін орнына қоюдың еш әбестігі жоқ. Талай қауашақта тап осындай пікір орныға қалмағанына кім кепіл? Өйткені, жоғары лауазымды қызметкер ретінде Мұсабаевтың әрекетіне ешқандай баға берілген жоқ. Бұл және үстіне қайта-қайта гептил төгілген халық наразы болып тұрғанда орын алған әрекет. Жай уақытта болса мүлдем назардан тыс қалғандай екен. Тіпті жұмысыма бөгет жасады деп, БАҚ өкілінің өзін тәртіпке шақыруы да бек мүмкін екен-ау. Ендеше өз құқын қорғай алмай жүрген журналист өзгенің құқын қалай қорғайды? Халық сонда айта алмай жүрген арыз-арманын енді қайда жазады?
Қайбір жылдары Президент газетте шыққан бір хаттарға: «Мынаны қараңдар», – деп бұрыштама соғып бергенде, көңіліміз қалай көтеріліп қалып еді. Жұртшылық жоғары билікке сөзімізді жеткізетін амал бар екен ғой деп қуанған. Кейбір әпербақан басшылар соны оқып, әрнеден аяқтарын тарта бастаған. Әлеуметтік әділеттілік бір күнде келіп орнай қалғандай, газет оқырмандары: «Әп, бәрекелді», – дескен. Өкінішке қарай тиісті органдар мен жергілікті басшылар тарапынан ондай үрдіс байқала қойған жоқ. Президент қашанғы бұрыштама соға берсін, егер төмендегілер іліп әкетпесе. Мемлекет басшысының елдің есінде қалған сол бір ықтияттылығын Мұсабаевтардың әлгіндей өрескел әрекеті шайды да кетті, әне!
Бұдан кейін: «Ақпарат құралдары төртінші билікке жата ма?», – деп сұрақ қойып немді алған десеңші. Олар басқасы басқа, мұғалімдер мен дәрігерлер қатарлы үй алу кезегіне де тұра алмайтын болды. Бұл өзі соңғы жылдары ешқандай артықшылыққа ие бола алмайтын мамандық иелерінің қатарына жатқызылды. Бүкіл журналист атаулы біреудің жекеменшік жұмысын істеп жүргендей сезінеді өздерін. Мемлекет ісінен гөрі, сол жеке қожайындардың қамын көбірек күйттейтін сияқты ма, қалай. «Екі өгіз сүйкенсе, арасында шыбын өледінің кебін» киіп жүргендер де жоқ емес. «Қалам ұстаған журналист те бір, шекарада тұрған жауынгер де бір» деген сияқты жел сөздер кімге мақтан? Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі қайда қалады сонда?
Міне, сөйтіп соңғы бес-он жылдың көлемінде журналистердің басында бір дүбәра қызық жағдай қалыптасып отыр. Журналистикаға қатысты түрлі қоғамдық ұйымдардың да белсенділігі төмендеп бара жатыр. Қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті теңшеп отыратын бір тетік істен шыға бастағандай қоңылтасып қалдық. Төртінші билік дегенді, төртқұбыласы түгел қоғамның ісі деп түсінетіндер азайды. Бұрнағы бір министр «газет жойылуы мүмкін, ақпаратты электронды нұсқада оқитын боламыз» деп тіпті қорқытып кетті. Енді осының бәріне берілетін жауап біреу: Өгей мен кедейдің сөзін кім сөз депті, шіркін?!  

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ
"Халық сөзі" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5290