Сенбі, 23 Қараша 2024
Бүгінгі сатира 2580 1 пікір 24 Қазан, 2023 сағат 15:19

Барлық елдердің есалаңдары, бірігіңдер!

Өткен ғасырдың орыстарында бір тақырбас «көсем» бар еді ғой, В.И. Ленин деген. Сол кісі: «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» – деп ұран тастаған еді ғой? Мен тақырбас та, «көсем» де емеспін, мен де: «Барлық елдердің есалаңдары, бірігіңдер!» – деп ұрандатқым келіп кеткені.

Бір күні әйелім түскі тамаққа алдыма бір тостақ қара су қойды.  Бір стақан суы да бар. «Ұн қымбаттап кетті, беляши же» – деген бір парақ жазуы бар тарелка қойды. Былтыр мүжілген сүйек те алдымда. Не деген баршылық, байлық! Біздің елдің кедейлері не деген бақытты! Мен де есалаңдарша, керісінше тірлік істей бастадым, бір тостақ суды қасықтап ішіп, арасында стақанымнан су ұрттап қойып, жоқ беляшиден жеген болып, бір «тойып» қалдым. «Тик-токтағы» есалаңдардай...

– Рахмет, қатынушка! – деп ыржидым.

– Ас болсын! – деді ол. Жалпайып жата бергенше деп, жұмыс іздедім ғой. Қайда барсам да, бастықтар жалынып, жалпайып, «қызметке келіңіз, бізге сеніңіз!» – деп қоймайды ғой. Бір мекеменің бастығы: – Жұмысқа алайын! – деп пара бергені. Қалтама бір миллион теңге зу еткізді! Не деген есалаң еді? Жолым болып, облыстық мәслихаттың депутаты болдым. Жағдайым жақсара бастады. Бірде, ауыл халқынан арыз түсті. Жолға асфальт төселген екен, астына тас төселмепті, смола ағызбапты... Жиналған халыққа ентігіп мердігер келді.

– Неге тас төсемегенсіздер? – деп сұрадым халық көзінше.

– Тас суық тартады. Оның орнына күзгі жапырақ төседік. Қыста жалаңаяқ жүрсеңіз, жылы...

– Смола ше?

– Смола деген қап-қара. Қара ниетті...

– Топырақ үстіне төселген асфальттың қалыңдығы 2 сантиметр ғана?  Үнемдеп асфальт жедіңіздер ғой?

Есалаң мердігер: «Қалай асфальт жейміз? Былай ма?» – деп жолдың шетінен үгітіп, асфальт жеп көрсетті. Мұндай есалаңды бірінші көруім. Содан, менің тасым жоғары домалап, мәжіліс депутаты болдым. Үнемі министрлерге депутаттық сауалдар жолдаумен болдым. Бір күні артыма қарасам, үндемейтін депутаттардың отыратын орындарын «Жаңа Қазақстанға» лайықтап, етпетінен жатып тыңдайтындай, жағдай жасап қойыпты! Құс жастық, атлас көрпеше... Жандарында уылдырық, виски, жүзім, құрма... Сөйтсем, «Веб депутаттар» екен. Не үшін депутат болды екен? Үндемей келіп, үндемей кете берсе? Бұлар да, өзіміздің есалаңдар ғой деймін... Біздің елде солай... Құрылысшылар шегені ұшы жағынан ұрып, кіргізе алмай әлек болады, түбі тесік шелекпен су тасытқызып қояды әкімдер... Шаштаразшылар шашыңызды шалғы орақпен орады... Қала көшелерінде түнде жарық шамдары сөніп, күндіз жарқырайды...  Әкімшілік жазда көп қабатты үйлерге жылу бергіздіреді... Ооох, барлық елдердің есалаңдары, бірігіңдер!

Мұхтар Шерім

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364