Кәмшат Тасболат. Қайрат Нұртастың феномені мен жастар саясатының олқылығы
Алматыдағы «Прайм Плаза» сауда орталығында болған жаппай тәртіпсіздік 20 жылдан астам уақыт жүргізілген жастар саясатының бірқатар олқылықтарын ашып көрсетті. Әнші Қайрат Нұртасты тыңдайтын, арзан фаст-фудтан тамақтанатын, америкалық фильмдердің рухында тәрбиеленген әрі өзара тек қазақша сөйлейтін бұл жастар ұрпағын қаншалықты саяси күштер мен зиялы қауым танып білді екен?! Жастар саясатында ұран көп, қыруар қаржы да бөлініп жатыр. Бірақ орындалмаған бір ән үшін төбелес шығарып, біреудің мүлкіне қол сұғып, бүлдіруге дейін барған жастар тәрбиесіне кезінде не жетпей қалды: қаржы ма, көңіл ме, қамқорлық па?Обалына не керек, елімізде тұратын 4,5 миллионнан астам қыз-жігіттердің мүддесін қорғауы тиіс құрылымдар президенттік деңгейде де, әкімдік деңгейінде де жұмыс істеп келеді. Парламенттік үш партияның екеуінде арнайы жастар қанаттары да бар. Бірақ «Прайм Плазадағы» тәртіпсіздік жастар саясатын қайта қарауға түрткі ме?
Алматыдағы «Прайм Плаза» сауда орталығында болған жаппай тәртіпсіздік 20 жылдан астам уақыт жүргізілген жастар саясатының бірқатар олқылықтарын ашып көрсетті. Әнші Қайрат Нұртасты тыңдайтын, арзан фаст-фудтан тамақтанатын, америкалық фильмдердің рухында тәрбиеленген әрі өзара тек қазақша сөйлейтін бұл жастар ұрпағын қаншалықты саяси күштер мен зиялы қауым танып білді екен?! Жастар саясатында ұран көп, қыруар қаржы да бөлініп жатыр. Бірақ орындалмаған бір ән үшін төбелес шығарып, біреудің мүлкіне қол сұғып, бүлдіруге дейін барған жастар тәрбиесіне кезінде не жетпей қалды: қаржы ма, көңіл ме, қамқорлық па?Обалына не керек, елімізде тұратын 4,5 миллионнан астам қыз-жігіттердің мүддесін қорғауы тиіс құрылымдар президенттік деңгейде де, әкімдік деңгейінде де жұмыс істеп келеді. Парламенттік үш партияның екеуінде арнайы жастар қанаттары да бар. Бірақ «Прайм Плазадағы» тәртіпсіздік жастар саясатын қайта қарауға түрткі ме?
Бүгінде көптеген сарапшылар 2004 жылы қабылданған «Жастар саясаты туралы» заңының қазіргі заман талабына сай еместігін көтеріп жүр. Тіпті, өткен жылы жастар ұйымдары мен белсенділерінің қатысуымен бұл заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу бастамалары көтеріліп, ұсыныстар айтылды. Бірақ мұның да арты қайырлы болмады. Содан болар, жас белсенділер «Бізге арнайы «Жастар туралы» жеке заң қажет дегендей мәселелерді оқта-текте айтып қалады. Бірақ елімізде құқықтық нигилизмнің барын тағы жасыра алмаймыз, заң қабылданса да, қаншалықты бұл жастар жаңа құқықтары мен мүмкіндіктерін қоғам мен өз мүддесі үшін пайдалана алады?!
«Прайм Плазадағы» жағдай мен Қайрат Нұртастың баспасөз мәлімдемесінен кейін не түйдік?! Біріншіден, жастардың шешілмеген әлеуметтік мәселелері арта берсе, оның арты жақсылыққа апармайды. Екіншіден, 90-шы жылдардың ар-жақ бер жағында, Тәуелсіздік таңында туылған жастардың басым бөлігі мемлекеттік тілде ғана сөйлейді. «Прайм Плаза» басшыларының ең басты қателіктері – қазақ аудиториясының сұраныс деңгейінен хабарсыз болуы, Қайраттың концертіне қазақ тілінде сөйлеп, жағдайды түсіндіретін жүргізушілердің шақырылмауы. Жағдайды орысша түсіндіріп, халыққа «стоп» деп зекіген екі жүргізуші ақыр соңында жастардың ызасынан қорқып, «Прайм Плазаның» шатырына қашып мініп шыққанын әлеуметтік желілерден көрдік. Бәлкім, Ресей әншілерін пір тұтып, Қайрат Нұртасты «ауыл әншісі» деп санайтын ұйымдастырушылар бұл концертке де көп болса мыңға жетпейтін адам келер деп ойлаған шығар. Түсінетін жәйт, Қайрат Нұртастың феномені елдегі нонсенс жағдайдан туындайды: Қазақстан – қазақ мемлекеті, бірақ билік те, оппозиция да, қала халқының біраз бөлігі де орысша сөйлейді. Бұл нонсенс. Сол халықтың ішінен өмірінде орысша сөйлемейтін, орыс журналисі «ответьте по-русски» десе, «мен тек қазақша сөйлеймін!» деп жауап беретін Қайрат Нұртас шығады. Ал бұл феномен сияқты... Сол қазақ аудиториясының көңіл-күйін білмей, тамырын баспай отырған орыстілді ортаға айтылатын бір нәрсе – Қазақстанда мемлекеттік тілде ғана сөйлеп, күнін көрмек түгілі, зәулім сарай үй салып, 30 мың долларлық сағат тағатын Қайрат Нұртастардың ұрпағы келе жатыр. Олар ауылдан шыққан, орыс тілін білуге ұмтылмайды. Бұның қажеті де жоқ. Және, ең бастысы, олардың саны басым. Көпшілік. Ал олардың арманы мен мұңы туралы кезінде әрқилы жастар ұйымдарының белсенділері болып, бүгінде журналистік, саяси карьера жасап жатқан жастар айтпақ.
Руслан ЖЕЛДІБАЙ, тележүргізуші, журналист:
Концертке барған жастар қандай құндылық үшін күресті?
- Әрине, жастар саясатында олқылықтар бар. Кеше Алматы қалалық жастар саясаты басқармасының төрағасы Санжар Боқаевтың мәлімдемесін көрдім, онда ол ұсталған жастардың 90 пайызының Алматы тұрғындары еместігін жеткізді. Бұл тұрғыдан қарасақ, жастардың тұрғын үй мәселесі, жұмыспен қамтылуы мен жалпы мемлекеттің аударып жатқан назарына көңіліміз толмайды. Біріншіден, «Жастар саясаты туралы» жаңа заңның әлі де қабылданбауы – өкінішті жағдай. Өкінішке қарай, заң жобасы Парламентке бірқатар маңызды ұсыныстар енгізілмей барды. Депутат Дариға Назарбаева бұл заң жобасына үлкен сын артты. Біз онымен келісеміз.
Оның үстіне, жаңа формациядағы, жаңа ойдағы жастардың нақты құқын қорғайтын ұйымдар жоқ. Бүгінде саяси партиялар ішінде тек «Жас Отан» жастар қанаты ғана жұмыс істеп келеді. Қалған партиялардың жастар қанаты мүлдем көрінбейді. Сол Қайрат Нұртастың концерттеріне баратын ұрпақтың мұңын, назын, ренішін билікке жеткізетін қоғамдық ұйымдар қайда?! Қазір «Әркім өз құндылығы үшін күреседі» дейді. Бірақ кешегі концертте жастар қандай құндылық үшін күресті? Олар мемлекеттік тіл немесе жастар құқықтары үшін күрескен жоқ. Сондықтан ұлттық құндылықты тәрбиелеу – үлкен мақсат. «Жастар тәрбиесіз, бұзылған» деп баға бермес бұрын, «оларға кім тәрбие берді?» деген сұрақты қою керек.
Егерде әрбір азамат баспасөз мәслихатын өткізген Қайрат Нұртастай қазақша сұрақ қоюды, яғни, сөйлеуді талап ететін болса, онда біздегі тіл мәселесі де оңтайлы шешілер еді. Жалпы, мемлекеттік тілді білмейтін азаматтың Қазақстанда болашағы жоқ деп білем. Себебі жаңадан келе жатқан ұрпақ – қазақ жастары. Олардың тілі – қазақ тілі. Өкінішке қарай, бұл жастардың ойын алға қарай жетелейтін бірде-бір ұйым жоқ. Статистикаға келсек, жас отбасылардың 80 пайызында тұрғын үй жоқ. Олардың өмірі жалданған бір пәтерден екінші пәтерге көшумен өтіп жатыр. Он жыл ішінде некеге тұрған жас отбасылардың үштен бірі ажырасып кеткен. Қанша бала әкесіз қалды?! Бұл проблема ешкімді ойландырмай ма?!
- Жас лидерлердің жоқтығынан Қайрат Нұртас саяси көшбасшыға айналып бара жатқан жоқ па?
- Енді айналып отыр ғой. Бірақ Қайрат Нұртас – әнші. Яғни, әркім өз орнын білгені дұрыс. Қысқасы, бұл жерде жүйелі қателіктер кетіп жатыр. Оның үстіне, жастар саясатына бөлініп жатқан қаржы дұрыс игеріліп жатыр ма, неге жұмсалды, қандай жетістіктер бар дегендей сауалдар өзекті. Қоғамдық тыңдаулар аз. Парламент депутаттарының жастарды тыңдауы аз. Екі-үш-ақ депутат жастармен жұмыс жасайды. Бірақ әлеуметтік желілердегі көңіл-күйді біліп, тамырын басып отыратын депутаттар кемде-кем. Мәселен, «Жас Отанның» өкілдері неге депутат болып сайланбай отыр?! «Жас Отанның» қатарында 200 мың азамат бар. Солардың үнін жеткізетін өкіл керек-ақ.
Мақсат ЖАҚАУ, «Ақ жол» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары:
Бізде азаматтық сауаттылық төмен
- Біріншіден, бұл оқиға Сайын мен Райымбек даңғылының қиылысында болды. Бұл қаланың төменгі жағы. Ар жағында – «Шаңырақ», бер жағында – «Алтын орда» базары бар. Олардың көбісі Өзбекстан, Қарақалпақстаннан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп, пәтер жалдап тұрып жатқан жастар. Арасында ұры-қарылар да көп. Яғни, жиналған контингенттің саяси мәдениеті мен жалпы адами мәдениеті төмен.
Басты проблема – ішкі миграцияның шешілмеуі. Яғни, ауылдан қалаға келіп, бірақ сол қаланың ішіне кіре алмағандықтан, олардың әлеуметтік қарсылығы пайда болады. Содан ашу-ыза шығады. Бұл жерде әлеуметтік желілер «Қайрат қазақша ғана сөйлейді, оны Мұхтар Шахановтың деңгейінде көтеру керек» деп жалған ұлттық намысты қозғап жатыр. Бірақ Қайрат Түнтеков деген әнші де тек қазақша сөйлеп, кейде французша ән айтады. Оны неге солай көтермелемейміз?! Техникалық тұрғыдан, біздің ағылшынымыз қандай нашар болса, Қайрат Нұртастың да орысшасы сондай нашар. Сол себептен де ол тек қазақша сөйлеп, былайша айтсақ, барымен отыруға мәжбүр.
- Бірақ артымыздан тек қазақша сөйлейтін ұрпақтың келе жатқанын мойындайсыз ба?
- Иә. Бірақ бізде діни және қаржы сауатсыздығы, саяси сауатсыздық өте жоғары. Міне, осы бағыттардың ешқайсысында толық идеология жүргізілмеген. Күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің бесінші шақырылымында: «Кімде-кім менің тапсырмаларым мен міндеттерімді орындай алмаған болса, жұмыстан кетсін!» деді. Идеологияға бірден-бір жауап беретін Білімі министрі Б.Жұмағұлов осылайша орнынан кетті. Идеологияның бір бағытын ұстап отыр бұл министрлік. Сондықтан әркім өз жұмысын дұрыс орындауы керек. Айтпақшы, саяси технологияларға келсек, сайлау уақытында кейбір партиялар, бәлкім, Қайрат Нұртасты пайдалануы да мүмкін. Бірақ әркім өз ісімен айналысуы керек.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚКХП Алматы қалалық филиалының хатшысы:
Қайрат қазақылықты насихаттаудан жастар лидеріне айналды
- Жастар саясатының олқылығы неде? Біріншіден, оларды жас саясаткер ретінде тәрбиелеу Қазақстанда үлкен белес алған жоқ. Мәселен, партияларды алайық, 2012 жылы өткен сайлауда депутаттық орынтаққа жайғасқандардың арасында шын мәнінде жастардың сөзін сөйлейтін 29 жасқа дейінгі толқынның арасынан бірде-бір депутат шықпады. Екіншіден, жас көшбасшыларды қалай тәрбиелеу керек? Ол үшін ең алдымен мемлекет саясаты жастарға қарай бағытталуы тиіс. Яғни, жастардың ішінен шыққан лидер болашақта биліктің оппоненті ретінде емес, жастарға дұрыс ақпарат беріп, оң бағытта алып жүреді-ау деген оймен жас жетекшілерді тәрбиелеу қажет. Жастар көшбасшыларының тәрбиеленбеуінің бір себебі – университеттердегі білім жүйесі, қоғамдық істердің барлығы тек сол оқу орнының маңайында ғана шектеліп қалуында. Егер студент бір партиямен жұмыс істей бастаса, сол университеттің жауына айнала жаздайды. Саған оппонент, оппозиция ретінде қарайды. Бұл жастарды тығырыққа тірейді.
Менің таңданысым, Қайрат Нұртастың концерттері қашанда аншлагпен өтеді. Яғни, ұйымдастырушылар мұны ескеруі керек еді. Қазір әлеуметтік желілерде «бұл жастар мәдениетсіз», тіпті, «мамбеттер» дегендей терминдер кетіп жатыр. Бұған мен қынжылдым. Бұл жердегі мәдениетсіздік жастар тарапынан емес, ұйымдастырушылар тарапынан шықты.
Оның үстіне, бұл жерде жағдайды түсіндіретін бірде-бір қазақ тілінде сөйлейтін ұйымдастырушы болған жоқ. Екіншіден, сахна кішкентай балалар өнер көрсететіндей тым шағын жер еді. Ұйымдастырушылар Республика сарайында екі рет аншлагпен концерт берген әншіге кем дегенде 20 мыңдай адам келеді-ау деп ойлауы керек-тін. Ал ол жердегі ұйымдастырушылардың басты қателігі мынада: егерде бұл шараны қазақтілді асаба ма, не провайдер ма ұйымдастырғанда, ол міндетті түрде: «Қайрат Нұртас – халықтың сүйікті әншісі. Оның концертін «Прайм-Плазаның» алаңқайы көтере алмайды» - дер еді. Сөзсіз, бүгінде Қайрат қазақша сөйлеу мен қазақылықты насихаттау жағынан жастар арасында көшбасшыға айналды. Тіпті, оның өрені өзін «саяси лидермін» деп жүрген кейбір жастардан әлдеқайда биік. Бірақ Қайраттың сөзінен байқауға болады, ол саясатпен айналысқысы келмейді. Бірақ «Саясатпен сен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» дегеннің кейпін әнші киіп тұр. Бірақ мен Қайрат саяси тұлға бола алмайды деп есептеймін.