Жастар – Елім деген ерлер!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Патриотизм» туралы: «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек», - деген еді. Осы ұлттың ет жүрегін елжірететін тақырып жайлы жастарды сөзге тартқан едік.
Аман Тұрғанбекұлы Қонысбеков, дзюдо күресінен спорт шеберіне үміткер, Семей қаласындағы N42 мектептің дене шынықтыру және спорт пәнінің мұғалімі, Қазақ күресінен, дзюдо күресі және волейболдан жаттықтырушы бапкер-ұстаз:
Спорт мектептерінен шыққан балалар қазақ елінің нағыз патриоттары!
- Президентміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне басты назар аударып: «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз» - деген болатын.
Қазақтың Көк байрағы көкте желбіреп, Әнұранымыз айтылған сәтте, елім-жерім, отаным дегенде жүрегін бөліп беретін әрбір азаматтың қазақи намысы ойнап, арқасы қозып, рухтанып кетері анық екені дау тудырмайтын ақиқат. Мұндай сәттерді, әсіресе, спортшыларымыз әлемдік додаларда топ жарып, салтанатты марапаттау рәсімі болған кезде жанкүйерлер тарапынан жиі байқап жатамыз. Дәл осы сәтте спортшысы топ жарған елдің Туы көтеріліп, Әнұраны шырқалатыны әлемде қалыптасқан дәстүр болып табылады.
Амал не, кейбір сәттерге Әнұран асқақтауына куә бола бермейміз. Кей кезде, атап айтсақ, әлемдік додаларда Көк Туымыз көкке көтеріліп, Әнұранымыз шырқалып жатқанда да, кейбір үкілеген үміт спортшыларымыз жұмған ауызын ашпай тұра береді. Бұл орайда басқаларды білмеймін, өз басым «олардың Әнұранды жаттауға құлқы жоқ» деген ойға қалатыным жасырын емес. Демек бұл қуыс кеуделердің бойында «Әнұранымызға» деген құрмет жоқ, Отанға деген жалынды патриоттық сезім жоқ! Айтылған ойымызды қаузай түссек, бұндай спортшылар жарысқа ел намысы үшін емес, өз табысы үшін барады деген сөздің ақиқаттығы санамызға ұялайды. Ең сорақысы, мұндай спортшылар қатарында өзге ұлт өкілдерімен қоса өзіміздің де қаракөздер қандастарымыздың барлығы. Мен тілге тиек етіп отырған бұл мәселе бүгін көтеріліп отырған жоқ. Сол себепті өз басым бірінші орынға спорттық жетістікті емес, ең әуелі әнұранды білуді шәкірттеріме басты талап етіп қоямын.
Отанымызда кейінгі жылдарда өзге елдерден спортшы тарту үрдісі кеңінен белең ала бастады. Спорт маманы ретінде бір түсінбейтіндігім: осындағы мақсат не? Бәрін айтта бірін айт дегендейін сырттан келген шүрегейлердің алатын жалақасын естігенде спорттың маңында жүрген біздей мамандар естен танып құлайды. Басқа жақтан атан түйедей қалап әкелген сол спортшылар қазақтың атын шығару үшін жанын салып ойнай ма?! Әй, қайдам! Олардың басты мақсаты Қазақстанның атын әлемге таныту емес, қалтасын қампитып, байып алған соң табандарын жылтырату. Бір көңілге келетіні Әнұран шырқалғанда қосылу былай тұрсын, олар кеудесіне қолын да қоймайды. Қанша ақша берсеңіз де оларды Қазақстанның патриоты ете алмайсыз. Олай болса, неге біз оларға кең пейіл дархандық көрсетіп, миллиондап ақша шашуымыз керек?!
Саусақ бүгіп санайтын болсақ, бір ғана шетелдік спортшыға төленетін бір жылдық ақшаға бірталай спорт мектебін салуға болады. Бұл арада айтпағым, біз бір-екі жыл легионер шақырмасақ, Қазақстандағы әрбір ауылға балалар-спорт мектебін салуға болады екен. Ал сол спорт мектептерінен шыққан балалар қазақ елінің нағыз патриоты болатынына еш күмәнім жоқ. Тек жергілікті ұлттық спорт мектептері балаларды спортқа ғана емес, отансүйгіштікке де тәрбиелейді. Одан спорт аламанына түлеп ұшқан балалар мемлекеттің қамқорлығын ешқашан ұмытпайды.
Тек жалаң сынның соңында кеткен орынсыз. Бұл орайда біз мемлекет қол қусырып қарап отыр деген жалған пікірден біржола аулақпыз. Қазіргі кезде, мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамыту мәселесіне дұрысты көңіл бөлініп отыр. Осы көңіл бөліну патриоттық өрлеуге арқау болады.
Қарлығаш Ардаққызы Сағындықова, Астана қаласының «Қадыр Мырза Әлі атындағы» № 88 мектеп - лицейінің Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:
Жерге құрмет – елге құрмет!
- Қазақстан Республикасының білім беру мен ғалымды дамытуға арналған 2020-2025 мемлекеттік бағдарламасында бойында патриоттық сезімі алаулаған отбасы, қоғамдық құндылықтардың парқын білетін бәсекеге қабілетті маман дайындау басты орынға қойылып отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті өз Жолдауларында қашанда ел тәуелсіздігін сақтауда «жерге құрмет – елге құрмет» деген қағидатты ұстанып, бір тудың астына жиналып, бір шаңырақта тату-тәтті тірлік кешуде Отандық патиротизмнің алатын орны ерек екендігін баса сөз етіп келеді. «Мәңгілік ел» концепциясы өз жемісін беріп, барша қазақстандықтар қазақтың ата-бабасының идеясын титулды ұлтпен бірге бөлісе бастағандығы көңілімізді қуантады. Қазақстан ортақ үйіміз деген идея өз жемісін бере бастады. Оны ендігі жерде еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін білетін болды.
Бір сөзбен айтқанда патриоттық тәлім-тәрбие жан-жақты сан салалы болып келеді. Ол жеке тұлғаның ғана емес, мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің де басын қосады. Өзін қазақ елінің азаматымын деп санайтын жан ар алдында Отанына деген адалдығынан таймайтын болса, онда бұл оның өзінің нағыз ел мен жерінің патироты екендігін танытқаны.
Түйіндей айтар болсақ, патриоттық тәрбие Отан мен Халықтың бағына шын беріле жұмыс істеудің, қайтарымысыз тер төге еңбек етудің барша қастерлі қасиетін бала бойына мектеп қабырғасынан сіңіруге бағытталған біртұтас педагогикалық процесс болып табылады.
Береке Слямқұл, әнші-сазгер:
Патриотизм дегніміз бұл – Отанға деген шексіз сүйіспеншілік!
- Өз басым патиротизм ұғым-түсінігі бесікте жатқан кезімізде емес, ана құрсағына біткен сәтімізден бастау алады деген ойдамын. Осы қазақи ортада алған патироттық тәрбие әр саналы жанның өз бойындағы барша шығармашылық әлеуетті сыртқа сарқа шығарып, еліңнің мәдени-рухани дамуы үшін өз үлесіңді молынан қосу үшін санаңда ұлттық рухты атойлату болып табылады деп білемін.
Патриотизм дегніміз бұл – Отанға деген шексіз сүйіспеншілік, Ел мен Жерге деген ыстық махаббат. Өз Отанының мүддесі мен бағы үшін жан қиюға дайын екеніңді сөзбен емес, нақты іспен дәлелдеудің сынақ алаңы болып саналады. Мыңның ойы бірмен ұштасып, тоғысқан тағдырлар бір мүдде мен бір идея аясында бірелесе қимылдайды. Қоғамдық санада тарихи, мәдени, ұлттық құндылықтардың жұрттың бәрі мойындаған бірегейлігі төбе көрсетеді.
Біз осы 30 жылдан аса уақыт бойы талай қиныдықтарды еңсердік, тәуелсіз ел ретінде бұғанамыз қатып, буынымыз бекіді. Бұның бәрі Отандық патриотизмнің арқасында мүмкін болды десем, әсте артық айқандығым емес. Тек жалпы мемлекеттік деңгейде ғана емес, жалпыұлттық деңгейде де қазақтың салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына деген ыстық ілтипат өзге ұлт тарапынан айқын біліне бастады. Қазақты жамандаушыларға қатысты дәл қазір тек титулды ұлт өкілдері ғана емес, басқа ұлттың жүрегі адал жандары түре көтерілетініне куә бола бастадық. Тәуелсіз республикаға деген патироттық сезім берік орныққанына куә болдық.
Димаш сияқты өнер жұлдыздары әлемдік сахнаның гүліне айналып, өзге мемлекет азаматтары қазақ тілін үйреніп, қазақ әнін шырқауға ешкімнің мәжбүрлеуінсіз ден қоя бастады. Бұл ұлттық патиротизмді жастар арасында насихаттауымыздың өз жемісін бере бастауының көрініс деп білгеніміз орынды.
Бір сөзбен айтқанда қазіргі қалыптасып отырған патироттық тәлім-тәрбие беру жүйесі қазақ жастарының бойына белсенді өмірлік позицияларды қалыптастырып, жалпымемлекттік проблемаларды шешу үшін белсене атсалысуға мұрындық бола бастады. Соның нәтижесінде жастар жалпыхалықтық барша бастамалар мен іс-шараларға өз үлестерін еселеп қоса түсті. Осы орайда мемлекетте бұл үрдістен тыс қалмай еліміз егемендік алғаннан бері ел дамуына өлшеусіз үлес қосқандарды еңбегіне лайық бағалуды дәстүрге айналдырды. Мемлекет тарапынан осыдан бірнеше жыл бұрын қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы дәл осындай жастардың оза шауып, топ жарған ерен еңбегін еш елеусіз қалдырмады. Нақтырақ айтсақ, осы бағдарлама аясында «100 жаңа есім» жобасы өмірге келіп, республикамызда түрлі салада еңбегі сіңген жалынды азаматтардың есімі таныстырылып, жұртшылық ыстық ілтипанына бөлене білді.
Құралай Азаматқызы Серікова, «Медициналық зертханашы» қызметкері:
Мемлекет деген – біз, біз дегенміз – мемлекет!
- Тәуелсіздік бізге көп нәрсе берді. Соның бірі – дінге, тілге әм нәсілге бөлінбей біртұтас ұлттық патриотизмге қол жеткізуіміз. Бұл біздің басты құндылығымыз болып табылады. Бір идеяның аясына топтасудың арқасында сыртқы және ішкі жауларымызды жеңіп, нағыз іргесі берік, керегесі кең ел екенімізді әлемге паш ете аламыз.
Патриотизм дегеніміз – ата-бабаңа ізет, елің мен жеріңе деген құрмет. Жастардың бойында «мемлекет деген – біз, біз дегенміз – мемлекет» деген асыл да, қастерлі ұғым болуы керек. Жалпы, тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміз жастарды қолдауға басымдық беріп, осы бағытта көптеген шараны жүзеге асырды. Әсіресе, соңғы уақытта ел жастарына көңіл бөлу, оларды барынша жан-жақты қолдау ісі ерекше қарқын алуы жастар арасында патироттық сезімнің өрлеуіне жаңаша жол ашты.
Әрине жастарға жан-жақты қолдау көрсету шаралары белгілі бір жылдың шеңберімен ғана шектеліп қалмауда, бұл үздіксіз жүргізілетін, күн тәртібінен ешқашан түспейтін өте өзекті мәселе ретінде қала береді. Нәтижесінде жастар өз елінің нағыз патриоты ретінде сезіну бақытына ие болады.
Ерзат Рахатбек, жас айтыскер ақын:
Жастарға кең көлемді қолдау көрсетілуі жағымды үрдіс!
- Қазақ қоғамында мәдениет, әдебиет, спорт, өнер және басқада түрлі салада талмай еңбектеніп, елдің ықыласына бөленіп жүрген жастарымыз көп. Оның көп болатын себебі ұлттық патиротизмнің кеңінен өркен жаюынан деп білемін. Патриотизммен арайланып, талантымен даралана танылған шын өнер мен кәсіп иелеріне қазақ Үкіметі де қажетінше қолдау көрсет келе жатқаны жасырын емес. Еліміз өз Тәуелсіздігін алғаннан бастап мемлекет тарапынан жастарға кең көлемді қолдау көрсетілудің жағымды үрдісі басталды. Осы үрдістің бастау көзінде «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы тұр.
Биыл «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының беріле бастағанына 31 жыл толып отыр. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жастар жылы аясында берген тапсырмасына сай Парламент Сенаты «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданып, ендігі жерде 35 жасқа дейінгі өнерлі жастар оның игілігін көре бастайды деп ойлаймын.
Түйін: Біз пікірлескен жастар «Патриотизм» туралы жүрек түпкіріндегі ойларын осылайша жайып салды. Мемлекет басшысы: «Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан ары өркендету қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы. Сондықтан біз сіздерге зор үміт артамыз», - жастарға сеніп қана қоймай, үміт те артады.
Осы орайда бізде отансүйгіштік қасиетімен ұлттық сана-сенімге селкеу түсірмей, үмітті ақтар жастардың қазақ арасында молдығына қуана разы боламыз.
Ерік Қайратбекұлы Омарғалиев, ақын-аудармашы
Abai.kz