Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3096 0 пікір 18 Қыркүйек, 2013 сағат 07:09

Ардақ Нұрғазыұлы. Мысырдағы жанжалдың астары

Орталық Азия республикаларының, әсіресе Қазақстанның Мысырмен ерекше байланысы бар. Бұл, алдымен, аталған мемлекеттің ислам елдерінің ішіндегі зайырлы, демократиялы ел болғандығынан, одан қалаберді — еліміз Тәуелсіздік алысымен қайта жанданған дінни істерді бір ізге түсіруде осы елді басты әріптес ретінде таңдап алғанымыздан. Өткен 20 жылда екі елдің қарым-қатынасы үздіксіз бекемденіп келді. Біз Мысырдан дін мен саясаттың аражігін айыру жағынан тәжірибе жинадық. Діни білім алғысы келетін жастарымызды осы елде оқыттық. Олар бүгінде Қазақстанның діни істер саласында маңызды рөл атқарып отыр. Екіжақты байланыс мұнымен ғана шектелмейді.

 

Жанжалдың басы — қордаланған қоғамдық қайшылық

Орталық Азия республикаларының, әсіресе Қазақстанның Мысырмен ерекше байланысы бар. Бұл, алдымен, аталған мемлекеттің ислам елдерінің ішіндегі зайырлы, демократиялы ел болғандығынан, одан қалаберді — еліміз Тәуелсіздік алысымен қайта жанданған дінни істерді бір ізге түсіруде осы елді басты әріптес ретінде таңдап алғанымыздан. Өткен 20 жылда екі елдің қарым-қатынасы үздіксіз бекемденіп келді. Біз Мысырдан дін мен саясаттың аражігін айыру жағынан тәжірибе жинадық. Діни білім алғысы келетін жастарымызды осы елде оқыттық. Олар бүгінде Қазақстанның діни істер саласында маңызды рөл атқарып отыр. Екіжақты байланыс мұнымен ғана шектелмейді.

 

Жанжалдың басы — қордаланған қоғамдық қайшылық

2011 жылғы «Араб көктемі» өзгерісінен соң Қазақстанның араб елдерімен, атап айтқанда, Мысырмен байланысы өзгеше кезеңге ауысты. Бұл, негізінен, «төңкеріс неден болды, оның нәтижесінен не көруге болады және төңкерістің бізге әсері қандай?» деген сұрақтар төңірегінде қалыптасты. «Араб көктемі» Каддафидей беделді тұлғаны тақтан тайдырса, Мүбарак сияқты кәнігі саясаткерді темір торға тоғытты, Сириядағы соғыс күні бүгінге дейін толастамай келеді. Жеке Мысырдың өзінде орын алған жағдайдың дамуы да тосын оқиғаларға толы болды. Мысырда 2012 жылы ақпан айында басталған азаматтық ереуілдің соңы жаппай жанжалға ұласты да, аты демократия болса да, заты автократиялық жүйеге жақындау Мысырды 29 жыл басқарған Мубаракты биліктен тайдырды. Тайдырып қойған жоқ, түрмеге тоғытып, халыққа оқ атуды бұйырған айыпты ретінде тергеуді бастады. Сонымен бір уақытта елде сайлау өтіп, басым дауыспен «мұсылман бауырластар» одағының саяси серкесі Мурси ел президенті болып сайланды. Арада бір жыл өтпестен Мысыр тағы да толқыды. Ереуілдеген халық Мурсиды қысымға алып, соңында әскерилердің араласуымен ол да биліктен еркінен тыс шеттетілді. Мубаракты түрмеге тоғытқан Мурсидің өзі де соңында темір тордың аржағынан бір-ақ шықты. Оның соңы жаңа жанжалға, жаңа қантөгіске айналды. Күллі әлем  осы төңкерістерді демін ішіне тарта отырып бақылады деуге болады. Жұрттың көкейінде  «Әлдеқашан демократиялық жүйеге өткен, араб дүниесінің серкесі — Мысырға не болды?» деген сұрақ тұр.

Бұл сұрақтың жауабын біз Мысырда туған толқудың басында кімдердің тұрғанына, олардың кім екенін, төңкерістен соң олардың неге келісе алмағанына талдау жасасақ таба аламыз. Мысырда 2012 жылы ақпанда басталған толқуға екі саяси топ бастамашылық етті. Олар — Мубарактың автократиялық билік жүйесін өзгертуді қалаған саяси либералдар мен мұсылман бауырлар ұйымы. Бұл екі топ алдымен қарсылық шараларын өткізіп, соңында жаппай тәртіпсіздіктің арқасында Мубаракты тақтан тайдырып тынды. Демократиялық жүйеге сай билік ауысқаннан кейін сөзсіз жаңа күштер халықтық сайлау арқылы билікке келуі тиіс болатын. Солай болды да. Сайлауда басым дауыс жинаған мұсылман бауырлар ұйымының өкілі Мурси президент болып сайланды. Бірақ, бұл Мысырда орын алған саяси қайшылықтарды шеше алған жоқ, қайта, жаңа қайшылықтар тудырды. Бастысы, Мурси билікке келген соң қабылдаған Ата заң шариғат заңдарын елестетті де, либералдар бастаған өзге саяси топтардың қатаң қарсылығына ұшырады. Олардың көрсеткен дәлелі: «Мысыр — зайырлы мемлекет, оның Ата заңы шариғат негізінде жазылмауы тиіс». Осыдан барып Мысыр қоғамы жаңа саяси текетірес кезеңіне өтіп, оның соңы әскерилердің араласуымен қан төгілген төңкеріске ұласты. Саяси шолушылардың жазуынша, мәселенің бұлайша ушығуы әуелден-ақ белгілі болатын. Себебі, Мысыр қоғамында діннің алатын орны өзгеше. Мұсылман бауырлар ұйымы мен либерал саяси ұйымдар ескі автократиялық жүйені ауыстыруда тіл табыса алса да, одан кейінгі саяси өмірде келісе алуы екіталай еді. Либералдар қоғамның зайырлы болуын қадағаласа, мұсылман бауырлар ұйымы елдің ислам құндылықтары негізінде өмір сүруін қалайды. Тамыры тереңге тартқан бұл саяси текетіресті демократиялық жүйе шешуге шарасыз болып қалды. Бұдан Мысырда орын алған саяси оқиғалардың «есегіне шомы сай келмеуден» туған саяси жанжал екенін аңғарамыз.

 

Ескі әрі жаңа шиыр

Бұл арада «неліктен Мысырдың демократиялық саяси жүйесі өз артықшылығын сәулелендіре алмады?» деген заңды сұрақ туады. Негізінде батыс үлгісіндегі демократиялық саяси жүйе — Еуропа қоғамының біртіндеп дамуының тікелей туындысы. Бұл арада христиан дінінің жаңарудан өтіп, біртіндеп қоғамның саяси өзгерісімен үндесіп өмір сүре алуы тұр. Бүгінгі батыс қоғамында дін мен саясат орта ғасырдағыдай қайшы дүние емес, қайта бірін-бірі толықтап отыратын құндылықтар. Мұнымен салыстырғанда Мысыр қоғамындағы саясат пен дін әлдеқайда қайшылықты жағдайда, тіпті, орта ғасырға тән текетірес күйде деуге болады. Қоғам бір үстелдің басында отырып өзара келісіп, жол берісіп жұмыс істей алмайтын саяси күштердің билікке таласатын майданына айналса, ондай елде демократия бірден автократиялық саяси жүйеге ауысып отырған. Мубарактың Мысырда 30 жылға жуық билік құруының сыры да осында жатса керек. Мысырдың өткен ғасырдың 50-жылдарында батыс үлгісіндегі демократиялық саяси жүйеге енгені белгілі. Соған қарамастан елдің өзіндік болмысы билікке Мубаракты әкелді. Мысыр шын мәнінде демократиялы ел бола алған жоқ. Соған қарамастан дәл қазір Мысыр қоғамы осы ескі әрі жаңа шиырды қайталаймыз ба, жоқ?! — деген маңызды таңдау кезеңінде тұр.

Ал батыс қоғамы болса, бұл шиырды соңғы рет бір жарым ғасырдың алдында бастан өткерген. «1848 жылы француз жұмысшы табы мен либералдар бірлесіп патшаны тақтан тайдырды. Алайда, ескі жүйенің қирауымен «төңкерісшілдердің» қатары бірден ыдырады. Либералдар жұмысшы табының саяси қалауынан қатты үрейленді де, біртіндеп өзіне жаңа одақтас іздей бастады. Олар жұмысшы табына қарсы одақтас ретінде ескі жүйенің қалдық күштерін пайдаланды. Содан француз қоғамында ескі автократиялық жүйе өңін өзгертіп қайтып оралды. Дәл бүгін осы жағдай Мысырда да қайталануда. Ескі жүйенің қирауымен либералдар (француз қоғамындағы жұмысшы табынан үрккені сияқты) ислам бауырластар ұйымын жау санай бастады да, ескі жүйенің қалдық күштерімен одақтасуды бастады. Египет кешегі автократиялық жүйеге қайта оралудың алдында тұр...

Исламшылдар Мысырда қалайда ірі, ұйымдық жүйесі мығым, әулетті саяси күш ретінде қала береді.  Әскерилер мен либералдар келешектегі Мысырдың саяси картасында исламшылдарға орын барын қалайда мойындауы керек. Бұлай болмай, исламшылдарды қаралау орын алса, Мысырда тыныштық бола қоймайды. 1848 жылдан кейінгі бір ғасырда Еуропада социал-демократтар (жұмысшы табын қамтыған), либералдар мен патшалықты қолдаушылар керісе отырып келісіп, ақырында бүгінгі демократиялы қоғамға жетті. Таяу Шығыстағы саяси элита осыдан сабақ алуы тиіс», — деп жазды Ш.Борман («Мысырлықтар Маркстің сөзінен сабақ алуы керек»).  

Бұдан түйеріміз, Мысыр қоғамындағы ислам дінінің рөліне назар аудармай болмайды. Ұзақ тарихы бар ислам діні бастан-аяқ ұстанымын өзгерткен емес. Бұл жағынан ол Батыстың реформалаудан өткен хиристиан дініне мүлде ұқсамайды. Ал ислам діні Мысырда қалай болса, Қазақстанда да дәл сондай.  Тек аздаған парық — біз 70 жылға жуық атейстік қоғамнан кейін дінді шыт жаңа қабылдап жатырмыз да, ал Египетте ол әбден орныққан. Бұл жағынан Қазақстандағы діннің жағдайы тіпті де күрделі деуге болады.

 

Діннің қоғамдық рөлін өз орнына қоя алдық па?

Еліміз Тәуелсіздік алған ширек ғасырға жуық уақытта қазақ халқы ислам дінінің қайтып оралуын құшақ жая қарсы алды. Сонымен бірге біз күллі әлемге өзімізді Батыс үлгісіндегі зайырлы елміз деп жарияладық.  Бұл ұстаным Ата заңымызда тайға таңба басқандай анық жазылған. Бұл біздің елде дін саясатқа араласпайды дегенді білдіреді. Біз дәстүрлі ислам дінінен де, зайырлы қоғамның қайбірінен де бас тартуға шарасызбыз. Мұны белгілеген — біздің мемлекеттің түпкі болмысы. Алайда, Мысырда көрініс бергендей, уақыт өте келе біздің қоғамда да діннің саясатқа араласу мүмкіндігі жоқ емес. Себеп — бізде қайта оралған дініміздің қандай қоғамдық рөл ойнауға тиіс екендігі немесе діннің қоғамдық өміріміздегі шек-шекарасы туралы мәселе әлі толық өз орнын тапқан жоқ. Бұл анықталмаған жерде дінді кез-келген мәселеге тықпалауға мүмкіндік туады. Біздің айналамызда қазірдің өзінде күнделікті өмірде зайырлы елдің заң-түзімі мен қағидасының талабымен емес, шариғат заңдарының талабымен өмір сүретін азаматтар тобының қалыптаса бастағанын несін жасырамыз. Олардың ұғымында мемлекет заңынан гөрі шариғат заңы әлдеқайда ықпалды және сонымен өмір сүруді қалайды. Уақыт өте келе бұл ұстаным осы азаматтардың саяси еркінде, айталық, демократиялық сайлауда көрініс бермейді деп ешкім де айта алмайды. Ал бұл зайырлы елдің саяси жүйесінің тепе-теңдігіне сызат түсіріп, қоғамның тыныштығын шайқауы мүмкін.

Сондықтан діннің қоғамдық ықпалына үстірт қарауға болмайды. Дін — сенім ғана емес, қару да бола алады. Діннің қоғамдағы орнын кем бағаласақ, онда атстік дүниетанымның батпағына қайта батуымыз мүмкін. Дегенмен, біз үшін бұның мүмкіндігі аздау. Ал артық бағаласақ, айталық, күні кешегі сияқты әлеуметтік орындардың бәрінде намазхана ашсақ, супермаркеттерде құдайдың суретін шығарып садақа тілесек, т.б. онда бара-бара барлық салаға шариғат заңдарын кіргізуге тиіс боламыз. Бұл арада мемлекет үшін Ата заңның ел азаматтарының нәсіліне, ұлтына, жынысына, ұстанған дініне қарамай бәрінен үстем тұратынын қоғамның басты құндылығы ретінде дәріптеудің маңызы зор. Осы таным азаматтар санасында мызғымастай орын алғанда ғана діни ұстаным қоғамдағы өзіне тән орнын табатын болады. Саясатты қамтыған қоғамдық келісім шарттары сонда дұрыс жұмыс істей алады.

Мұнда мемлекеттегі жетекші ұлт болған қазақ халқының ұлттық құндылығын  насихаттау да аса қажет. Қазақстан Дін істері комитетінің төрағасы Лама Шәріп Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінде оқыған лекциясында «қазақ тілінің бай сөздік қорында «хиджаб» деген сөз жоқ. Хиджап кию ұлттық дәстүрімізге жат нәрсе» деп атап көрсетті. Қазақ ежелден далалық өркениеттің мәйегінен қанып ішкен, еркіндікке бой ұрғыш халық. Қазақ ислам дінін қабылдағанда оны өзінің өмір сүру болмысына қарай икемдеп қабылдаған. Дінге көзсіздікпен емес, ақылмен бет бұрған. Бүгінгі қазақтың рухани ұстазы, байырғы дүние мен жаңа дүниенің қиысқан тұсында тұрған Абайдың бойынан біз қазақ халқына тән қасиеттің біраз келбетін байқаймыз. Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дейді, ол кісі тағы «есектің артын жусаң да мал тап» деген.  Бұл — Абайдың бойындағы үлкен реалистік дүниетанымның бір көрінісі. Ал реалистік дүниетаным демократиялық принциптерге бастайтын жолдың басы. Қоғамда шынайы реалистік дүниетаным  үстемдік құрып, азаматтық сана басымдық алғанда ғана демократиялық құндылықтар мен діни сенім бостандығы өз болмысында үйлесіп өмір сүре алады. Біз қоғамды осыған қарай жетелеуге тиіспіз.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377