Жат ағымдармен күрес: Абай, Шәкәрім, Мәшһүр керек!
Ислам дегеніміз – барша адамзат баласын бөліп-жармай бауырына тартатын бейбітшілік пен тыныштықтың діні...
Өзім, ең әуелі айтыскер ақын емес, филолог болғандықтан Ұстаздардың 1-ші республикалық сьезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев діни ұстанымға байланысты: «Мен қоғамда жиі талқыланатын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс.
Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек. Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз», - деп айтқанына қосыламын.
Жан-жағымызға көз салар болсақ, қай халықты алып қарамайық, бәрі де ең алдымен басты күш-жігерін тәлім-тәрбиеге, білімге, адамгершілікке жұмасайды. Арттарында аманат етіліп қалдыратын болашақ ұрпағының өн бойына діни һәм рухани азық сіңіруге барын салады. Бұлай дейтін себебіміз, діни тәлім-тәрбиенің, адамгершілік қасиеттердің адам өмірінде алар орны ерекше екендігінен туындап отыр. Осы орайда әлемнің екінші ұстазы Әл Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегені тегін емес. Осыны діни тәлім-тәрбиеге қатысты айтар болсақ, Хакім Абайдың қарасөздері халыққа ерекше тәрбие беретін діни тәлімнің бастау көзінде тұрады.
Дәл қазір дінінен ажыраған заманауи әлем мұсылмандарға қарата бір жақты «лаңкес» деген атауды таға салуға әуестігі жасырын емес. Осы миф қазақ арасында да тарай бастады. Осы мифке қарсы тұратын ұлы күш Хакім Абайдың қарасөздері дер едім. Батыс тек өзі дінсізденіп қана қоймай, 70 жыл атеистік тас қамауда болған посткеңестік елдерді де айтқан догмаларына иландыруға көшті.
Қазақ ислам діні арқылы әлемдік мәдениетке ұмытылуының бастау көзінде Абай мен Ыбырай тұр. Ұлт ұстазының;
«Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар, оқылығы», - неге тұрады. Осы сөзді барша қазақ шәкірті жаттап өсіп жатыр. Осы жаттау барысында жас бала санасы ислам дінін мансұқтаған түрлі ақпараттарға жолығады. Оның дұрыс бұрыстығын балаң санаға қалай ұғындырамыз. Міне, осы мәселе күн тәртібінде тұр.
Абай өз заманында дінбасылары мен діни надандықты атеизм тұрғысынан емес, шынайы діни позициясы тұрғысынан сынағаны тарихтан белгілі. 12,13,27,35,36,38,45 cөздерде құдайға құлшылық етудің мәнін айтып, иман жайын сөз етеді. Ал, 13 сөзінде: «Алла табарака уатагаланың шәріксіз,ғайыпсыз,хақтығына бірден дәлел жүргізелік болып, ақылы мен дәлел испат қыларға керек» деп өз ойын ашып айтады.
Хакімнің аят, хадистерден дәйексөздер келтіретін отыз сегізінші сөзі бұл – «Ғақлиат – тасдиқат». Абайдың өзін шын мұсылман етіп танытатын қарасөздері шәкірттерге арнайы оқтылса, қазіргі теріс түсініктер мен тәпсірлеулерге тосқауыл қойылар еді.
Хакім Абайдың шығармалары оның Аллаһ Тағаланың құлы, пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) үмметі, Ислам шариғатымен өмір сүрген мұсылман, иман негіздеріне сенген мүмин екенін анық танытатындығынан оны діни тәрбиеге түп қазық еткізуге әбден жарайды. Абайсыз берілген діни тәрбие елекпен су тасығанмен бірдей.
Кітапты молда теріс оқыр,
Дағарадай болып сәлдесі.
Мал құмар көңілі бек соқыр,
Бүркіттен кем бе жем жесі, - деуі дінді емес, оны теріс бас пайдасына қолданушыларға арналған. Абайсыз, Шәкәрімсіз, Мәшһүр-Жүсіпсіз қазіргі теріс ағым жетегінде жүргендермен еш күресе алмаймыз.
Өз ұстазым Ринаттың «Бізде мемлекетте дін тақырыбын пайдаланып бүлік жасағысы келетіндер бар, мен мұны анық айта аламын. Оларға шу керек, осы уақытқа дейін олар дайындады, діни ағымдарды кіргізіп, діннің өзін қырыққа бөліп, барлық назар діннің айналасына ауатындай етіп жасады. Бірінші хиджаб мәселесінен бастады, бұл тақырып жылда көтерілетін, бірақ басылатын, биыл неге басылмай жатыр? Неге бұл үкіметтен шешімін таппай жатыр, өзің ойлашы. Себебі қазіргі таңда бұл әңгіме керек болып тұр», - деп айтқан сөздерінің өңін айналдырып, оны «Ислам дініне қарсы шықты» деп дабыра салғандар биттей өріп шыға келді. Осыған қатысты: «Біз жалпы исламға және елдегі исламның Әбу-Ханифа мәзхабына қарсы емеспіз, біз дәстүрлі дінге бүйі тигендей болған салафизм-уахабизм идеясына қарсымыз» деген депутаттар орынды мәселелер көтерді.
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи: «Өткен аптада елдегі теріс исламдық-салафиттік ағым ұлттық және мемлекеттік мүддемізге қатер төндіріп жатқаны жөнінде Мәжілісте депутаттық сауалдар жолдағанын білетін шығарсыз. Бұл сауалдар еріккеннің ермегі емес, Қазақстан қоғамын, оның рухани ортасын барған сайын меңдеп бара жатқан салафизм-арабизм дертінің алдын алудан туған жандәрмен азаматтық алаңдаушылықтың мүддесі еді.
Мемлекетіміздің ұлттық тұтастығы мен халқымыздың дәстүрлі діни діңін, ұрпағымыздың болашағын қатерге байлап бере алмаймыз. Біз ұлттық қадір-қасиетімізді сақтаймыз десек, елдің ішіне іріткі салған жат діни ағымды ақыл-санадан да, ауыл-қаладан да қуып шығуға міндеттіміз», – дегеніне бәріміз қосыламыз.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса: «Біздің сауалымыз басқа еді, бірақ мен бүгінгі дін жайлы маңызды тақырыпта сөйлесем деймін. Құрметті әріптестер, діни радикализмге заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті!Өйткені олар ұлтты жою күресін қатты қарқынмен жалғастырып жатыр. «Ақ жол» партиясы парламентте талай жылдан бері діни теріс ағымдарға қатаң тосқауыл қоятын заң қабылдауды ұсынып келеміз», - деп діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салатын кез жеткенін айтты.
Неге бұлай болып жатыр? Қай кезде болмасын ислам төңірегіндегі мифтер әлдебір жарылыс болған кезде өрістеп, барша мұсылман қауымын лаңкес атандыра салады. Бұл мәселеде проблемаларды шығарушылар Құран Кәрімді бұрмалап, өздеріне қажет догмаларды өмірге әкелушіліктерінің «дінтану» ғылымымен еш қатысы жоқ мүлдем басқа сала өкілдері болып табылушылығынан көп нәрсе бүлінуде. Қазақ бұны өзің білме, білгеннің тілін ала ма дейді. Өзі білмейтін тақырыпты көтеріп, басқаша айтқанда, бес уақыт намазын құр жібермейтін мұсылман бар, Құран Кәрімді тәпсірлейтін дінтанушы бар осы екеуінің көзқарастарын ескеруге тиіспіз. Намазханның не дұрыс, не бұрыс көзқарастарына қисынсыз дәлелдер келтіруден аулақ болғанымыз жөн. Мен жоғарыда айтым, Абайсыз, Шәкәрімсіз, Мәшһүр-Жүсіпсіз қазіргі теріс ағым жетегінде жүргендермен еш күресе алмаймыз деген ойыма оралғым келеді.
Жамағат арасындағы шынайы жағдайды түсініп білу үшін Батыстық, Арабтық стереотиптерден арылып, үш алыбымыздың діни ұстанымын басшылыққа алып, сараптамалар жасағанымыз жөн. Батыстық Raphaël Liogier өзінің «Исламдандыру туралы Миф» («Lemythedel’islamisation») еңбегінде ислам экстремизмін һәм лаңкестікке бейім ағымдарын Сауд Аравиясы басқада мұсылман елдері күресуге тұрмайтын, керісінше арнайы емделетін психикалық ауру деп санайтындығына Батыстық ойдың жетегімен өз пікірін айтып, емдеу қажет емес, күресіп қырып жою керек дегенді айтады.
Осыдан келіп, Батыстағылар радикалдардың теріс жолға түскендер екендігін ұғынбай, біржақтылықпен онымен тек күресу керек деген бірінші мифтерін өмірге әкеле алды. Кеше ғана көз алдыңда өскен шәкіртің діни радикал болып шықса, сіз не істер едіңіз? Батыстың сөзіне еріп, онымен жаға жыртысып күресер ме едіңіз, әлде ата-баба дініне қайтып оралту үшін рухани емдеуге тырысар ма едіңіз? Міне, мәселе қайда жатыр.
Тағы бір теріс немесе миф пікір шаһидтық. Оны Батыстағылар өзге діндегілерге қатысты жасалатын зұлымдық деп таниды. Ислам дегеніміз – барша адамзат баласын бөліп-жармай бауырына тартатын бейбітшілік пен тыныштықтың діні. Ислам бейбітшіліке, өзара сыйластыққа шақырады. Біз үшін әлемдегі ең қасиетті кітап болып табылатын Құран Кәрім ешқашан басқа діндегілерді қырып жой демейді, керісінше қасиеті кітап түскен пайғамбарлардың үмбеттері деп құрмет тұтады.
Бірақ та барлық дінде тарихи даму барысында соғыс пен конфликтілер орын алып отырды. Кейбіреулер өзінің мұсылмандығын ала тарта отырып, саяси аренада әлеуметтік, экономикалық мақсаты үшін дінді құрбандыққа да шалып жіберетіндігін несіне жасырамыз. Осыдан келіп, барша мұсылман қауымы өзге діндегілерге өшпенділікпен қарайды деген ұғым-түсінік туындайды. Бірақ бұл ислам зорлық-зомбылықты қолдайды дегенді білдірмейді. Радикалдар сүйіп қолданатын «джихад» термині өзіңді-өзің жарып жіберу емес, ішкі шайтаныңмен күресіп, адамзат мәдениеті мен тарихында шын мұсылман ретінде өз атыңды қалдыра білу.
Бір сөзбен айтқанда исламды зоролық-зомбылықпен байланыстыратындар қатты қателеседі. Бұл мифті бізге батыс таңып отыр. Ислам ілім-білімі ізгілікке үндеп, ақиқаттың ақ жолынан аттамауға шақырады. Ізгілік пен ақ жолдан аттағандардың бәрі радикалдықтың сайтандық соқпағынан түседі. Олардың мұсылмандыққа еш қатысы жоқ.
Фархад Маратұлы, айтыскер ақын
Abai.kz