Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Дін мен тін 2373 3 пікір 27 Қараша, 2023 сағат 14:08

Жат ағым идеологиясынан қоғам зардап шегіп отыр!

Бүгінгі қазақ қоғамы үшін дін тақырыбы өте нәзік тақырыптардың бірі. Десе де, өзекті тақырып. Ақпараттық кеңестікте әр алуан әңгіме өріп жүр. Осындай алағай да бұлағай уақытта ел азаматтарына дінге қатысты тура ақпарат ауадай қажет-ақ. 

Соңғы уақыттары Орталық Азиядағы көрші мемлекеттер жат ағымдармен, өзге идеологиялық бағыттармен күресуде «айттым бітті, кестім үзілді» қадамдарға баруда. Өзбекстан билігі биыл әйелдер мен ерлерге қоғамдық орындарда діни жоралға жасауға, никаб киіп, қауға сақал қоюға заң жүзінде тыйым салды.

Дәл осындай қатаң шараға Қырғыз Жоғарғы Кеңесі де баруға шешім қабылдап, заң жобасын қызу талқылауда.

Қазақстан қоғамында да никаб кию мен ұзын сақал қоюға заңмен тыйым салу туралы бірлі-жарым пікірлер әлеуметтік желілер мен БАҚ-та айтылды. Алайда, қазіргі уақытта Қазақстан билігі заң қабылдау туралы сөз еткен жоқ.

Бүгін біз белгілі теолог, тәуелсіз сарапшы Жандәулет Сүлейменовты аз-кем әңгімеге тартып, қазақ қоғамындағы, Қазақстан қоғамындағы дін мәселесіне қатысты ой-пікірін білдік. Сарапшымызға 4 негізгі деген сауалдық қойдық.

1) Қазақстандағы Исламның бүгінгі бет-бедері қандай? Елішілік ахуал қалай?

2) Жат ағымдармен күрес қалай жүргізілуі керек?

3) Исламофобия өршіп барады. Оны тежеу үшін не істеу керек?

4) Жастардың шетелде діни білім алуы дұрыс па, бұрыс па?

Деструктивті бағыттағы идеологиялар Қазақстанда белсенді түрде жұмыс істеп жатыр!

Жандәулет Сүлейменов, тәуелсіз сарапшы, теолог:

- Бүгінгі таңда Қазақстандағы Исламның хал-ахуалы қандай?

- Біз әрдайым жалпылама түрде Қазақстандағы діни ахуал тұрақты, бір қалыпты деп айтамыз. Ал ішінара мәселе жоқ емес, бар. Өйткені діннің атын жамылған экстремистік, деструктивті бағыттағы идеологиялар біздің Қазақстанда белсенді түрде жасырын және жария жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда олардың тікелей мемлекеттің біртұтастығына немесе ішкі тұрақтылыққа әсер ететін қатты мысы болмаса да, астыртын қауіптілігін ескермеуге болмайды. Қазір жұмыс жасап жатыр. Соған қарсы мемлекетіміз экстремизмнің алдын алуға қатысты бағдарламалар, кешенді жоспарлар жасап, жан-жақты жұмыстар жүргізіп жатыр.

Ресми жарияланатынын ақпарат беттерінен көруге болады. Арнаулы мекемелер жариялаған ақпараттан террористік әрекет жасамақшы болған топтардың ұсталғандығы туралы біз көп естіп жатырмыз. Демек, ол қауіптің бар екендігін көрсетіп отыр. Сондықтан осындай мәселелер болғаннан кейін қоғам жалпылама тыныш, бірақ ішінара тәуекелдер жоқ емес бар.

- Елімізде неліктен діни жат-ағымдар көбейіп кетті? Оның алдын алу шаралары қандай?

- Діни ағымдардың көбеюіне тек қана бір мүдделі мекемені айта алмаймыз. Осы уақытқа дейінгі, Қаңтар оқиғасына дейінгі деструктивті діни ұйымдардың алдын алу бағытында жұмыстар толық жүргізілген десек те, бірақ кейбір саяси шешімдердің, саяси, қажеттіліктердің орнына нақты болжалды әрекеттер жасалмағанның себебінен деп білеміз.

Сонымен қатар Қаңтар оқиғасына дейінгі кейбір ықпалды саяси тұлғалардың осы деструктивті діни бағыттардың таралуына атсалысқаны туралы ақпарат көп шығып жатыр. Ол туралы біздің да хабарымыз бар. Сондықтан тікелей бір мекемеге жабу, әрине, ол қате.

Саяси терминде гиперактивті тұлғалар деген бар. Яғни осы діни ахуалды жүргізуге ықпал ететін тұлғаларды олар арбауға тырысты және арбады да. Соның ықпалымен идеологияларын таратып үлгерді. Әсіресе 2000 жылдардың тұсында осындай әрекеттер көп байқалды. Қазіргі біздің көріп отырғанымыз бір сөзбен айтқанда сол 2000 жылдары егілген радикализмнің жемісі ғой. Қазір қоғам содан зардап шегіп отыр.

- Қазіргі таңда қоғамда исламофобия өршіп тұр. Халықтың дәстүрлі исламға деген көзқарасын қалай қалпына келтіреміз?

- Елімізде қоғамдағы діни оң тенденцияны қалыптастыруға тағы да мүдделі уәкілетті мекемелер бар. Біріншіден, діни салаға қатысты тікелей сол саладағы қызметкерлердің, былай айтқанда, мекемелердің құзыретінде.

Екіншіден, ислам діні бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы тақырыпта белсенді және активті түрде жұмыс жасау керек болады.

Өйткені әлеуметтік желіден осындай исламофобиялық ақпараттар көп таралып жатыр. Соған қарсы тұратын және халықтың діни сауатын көтеру үшін әлеуметтік желілерде, интернет беттерінде өте қажеттілік туындап отыр. Өйткені бір жалған немесе қаралайтын ақпарат шықса сол көп таралады.  Сондықтан осыны ескере отырып жұмыстар жүргізілсе, әрине, орнына келтіруге болады.

- Қазір жастардың көбі діни білім алу үшін шетелге кеткісі келеді. Бұл үрдіс дұрыс па?

- Дұрыс. Менің негізі мемлекетке қажетті ұсынысым бар. Оны айтып та жүрміз. Шетелде теологиялық білім алып жүрген ресми және бейресми тұлғалар бар. Бейресми оқып жатқан тұлғалардың барлығын елге қайтару керек. Ұлттық қауіпсіздік комитеті араласа ма, арнайы уәкілетті органдардан ведомствоаралық штаб – комиссия құрылады. Оның ішінде теологтарды,  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан сарапшы мамандарды қосып, бейресми діни бағытта оқып жатқан отандастарымыздың барлығын қайтарып, нақты талдау жұмыстарын жүргізу керек.

Мысалы, оған Өзбекстан мемлекетінің нақты осы сұраққа қатысты шамамен он жыл бұрын жасаған тәжірибесі бар.  Тура солай бізге де қайтарып, талдап,  кім қайда оқып жатыр, егер дәстүрлі діни бағытта болса, ертең бітіріп келгеннен кейін қоғамға зияны-зардабы келмейтіндей комиссия шешім шығаратын болса, оны қайта жіберуге болады.

Ал егер күмәнді болатын болса, оны қайтарып, яғни, құқықтық тұрғыдa тоқтатуымыз қажет.  Бұл теологиялық проблема. Өйткені, біздегі радикалды деструктивті бағыттағы діни идеологиялардың таралуына негізгі себеп болып отырған шетелде оқып келген біздің елдің азаматтары.

Олар көшбасшы болып, сол идеологияның таралуына, бөлінуге себеп болып жатыр. Бұл мемлекеттің құзыретіндегі үлкен шаруа.

- Дін үшін соғыс болып жатқан әлемдік жағдайларды ескере отырып, дінге байланысты қандай саясат ұстануымыз керек?

- Қазіргі елімізде жүргізіліп жатқан саясатты өте қолдаймын. Өйткені кеше Палестина мен Израильдің арасында әртүрлі ұйымдар қатысып, діни мотивтермен қақтығыстар болып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев гуманитарлық, әлеуметтік көмек ретінде қаражат та бөлді. Сондықтан, әрине, ол соғысты ешкім қолдамайды. Мемлекетіміз бүгінгі позицияда тұруы керек. Кез келген себеппен соғыс ақталып алынбайды.

- Әңгімеңізге рақмет.

Түйін: Қазақстандағы қазіргі исламның бұрын аймақта кең тараған дәстүрлі исламнан айырмашылығы бар. Бүгінгі таңда қазақ исламы жаңа идеялар мен технологияларға, сондай-ақ басқа діндер мен мәдениеттермен диалогқа ашық.

Қазақстандағы қазіргі исламның негізгі бағыттарының бірі – оның әлеуметтік рөлі. Исламдық ұйымдар мен қауымдастықтар мұқтаж адамдарға көмектесуге бағытталған түрлі қайырымдылық жобаларына белсенді қатысады. Сонымен қатар, олар ағартушылық қызметпен айналысып, қалың жұртшылыққа исламтану курстарын өткізеді.

Демек, бүгінгі Қазақстандағы ислам ашық, толерантты және әлеуметтік бағытты. Ол көптеген қазақстандықтардың өмірінде маңызды рөл атқарады және қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарын нығайтуға көмектеседі.

Ақпараттық технологияның қарыштап дамыған кезеңінде бүкіл әлем бір пәрменнің астында өмір сүретін сияқты. Әлеуметтік желі және басқа да ақпарат құралдары арқылы қазіргі заманда адамдар үйден шықпай-ақ, Жердің кез келген нүктесімен тікелей эфирде сөйлесуге мүмкіндік алды.

Бірақ, соған қарамастан, жаһанданудың жағымды және жағымсыз жақтарын да ескеру қажет. Әрбір ел, әрбір этнос өзінің этникалық ерекшеліктерін түсінуге ұмтылады. Мәдениеті мен тілін, діні мен ділін сақтау үшін күреседі. Бір сөзбен айтқанда, әрбір халық өзін-өзі тану, болмысын тану үдерісінен өтеді. Болашағын ойлаған елдер ұлттық тарихын терең зерттеп, идеологиялық негіздерін қайта құруға кірісті. Әлемдік геосаясаттағы өз орнын сақтап қалуға тырысып, олар генетика, шежіре, тарих, мәдениет, тіл салаларында зерттеулер жүргізіп, басқа халықтармен тарихи туыстық байланыстарды іздейді. Бірақ сонымен бірге ксенофобия, шовинизм, бір халықты екінші бір халықты мойындамау, ұлтаралық араздық сияқты жағымсыз көріністер де кең етек алуда.

Расында да, жаһандану аласапыран заманда этникалық болмысымызды сақтап қалу үшін тілімізге, дінімізге, ділімізге қамқорлық жасауымыз керек.

Ұлттық салт-дәстүрімізді жоғары бағалап, ұқыптылықпен қарамасақ, мазмұны дүниетанымымыз бен болмысымызға сай келмейтін жат мәдениеттің құрсауында қалуымыз мүмкін.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1522
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3300
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5914