Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2178 0 пікір 9 Қыркүйек, 2009 сағат 09:06

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ. Оралды орағытып өткеннен кім ұтады?

Бүгінде Батыс Қытайдан Батыс Еуропаға тартылатын құрылықаралық автокөлік дәлізінің жобасы нақтыланып та қалды. Бағзыдағы «Ұлы Жібек жолының» заманауи баламасы секілді көрінетін бұл күретамыр айдаһардай алып Қытайды еңсесі одан бір де кем емес Еуроодақпен жалғастыратын ғасыр жобасы екендігінде дау жоқ. Бұл жобадан ең алдымен ұтатын, әрине, Қазақстан мен Ресей мемлекеттері. Өйткені дүниенің екі шетін жалғайтын алып күрежол Қазақстанды көктей өтсе, онымен ағылатын көлік тасқыны мен жүк тасымалынан жергілікті халыққа да мол үлес тиері сөзсіз. Жол бойында қаншама мейманхана, асхана, т.б. халыққа қызмет көрсету орындары ашылып, мыңдаған адамға қосымша жұмыс пен валюталық табыс көзі табылар еді.

Бүгінде Батыс Қытайдан Батыс Еуропаға тартылатын құрылықаралық автокөлік дәлізінің жобасы нақтыланып та қалды. Бағзыдағы «Ұлы Жібек жолының» заманауи баламасы секілді көрінетін бұл күретамыр айдаһардай алып Қытайды еңсесі одан бір де кем емес Еуроодақпен жалғастыратын ғасыр жобасы екендігінде дау жоқ. Бұл жобадан ең алдымен ұтатын, әрине, Қазақстан мен Ресей мемлекеттері. Өйткені дүниенің екі шетін жалғайтын алып күрежол Қазақстанды көктей өтсе, онымен ағылатын көлік тасқыны мен жүк тасымалынан жергілікті халыққа да мол үлес тиері сөзсіз. Жол бойында қаншама мейманхана, асхана, т.б. халыққа қызмет көрсету орындары ашылып, мыңдаған адамға қосымша жұмыс пен валюталық табыс көзі табылар еді.

Жаңа жобаның экономикалық тиімділігінде сөз жоқ. Бұл - Қытайды, Шығыс Азия елдерін Еуропаға шығаратын ең қысқа жол. Мысалы, бүгінде Еуропа мен Азия арасындағы жүк айналымы 700 млрд. долларға жетеді. Бұл сан келер жылы бір триллион доллардан асады дейді мамандар. Осы жүк айналымының 50% пайызы соңғы кезде күрт көтеріліп келе жатқан Қытайға тиесілі. Осынау транзиттен жылына 40-50 млрд. доллар таза пайда түседі. Қазір Азия мен Еуропа арасындағы жүк айналымының 85-90%-ы теңіз арқылы өтеді. Бірақ теңіз жолы арзан болғанымен, уақыт жағынан көп ұтылады. Егер теңіз арқылы Суэц каналымен тасымалданған жүк Еуропаға жету үшін 45 күн жоғалтса, жаңа дәлізбен 10 күнде жеткізуге болады. Сондықтан «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» жолының техникалық-экономикалық негізін жасауға Қазақстан көлік министрлгі 2007 жылдан кірісті. Қазақстан аумағындағы жалпы ұзындығы 8,5 мың шақырымнан асатын жолдың құны - 900 млрд. теңге болады екен. Қазақстан бұл жолды бес жыл ішінде салып бітіруі тиіс.

Аталған көлік дәлізі ел қазынасына жылына 56 млрд. теңге құяды деп жоспарланған. Болжам бойынша бұл жолмен жылына 80 мың контейнер тасымалданып, 10 мың автокөлік жүріп өтуі тиіс.

Қазақ-қытай шекарасындағы Хоргос кеден бекетінен бастау алатын бұл магистралдың бағыты ілкіде Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданы аймағынан Ресейдің Озинки елді мекеніне өтетін болып жоспарланған еді. Батыс Қазақстан облысы мен Саратов облысы шекарасында «Тасқала-Озинки» сауда-логистикалық орталығын ашу үшін барлық алғышарт жасалды.

ҚР Үкіметінің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасында мынадай жолдар бар: «Жеті жолдың торабына орналасқан Достық стансасында, Ақтау теңіз портында, Хоргос пен Тасқала-Озинки кеден бекеттерінде, Астана мен Алматы қалаларында көлік-логистикалық орталықтар құру жөніндегі жұмыстарды жандандырамыз».

Айтқандай, ҚР Индустрия және сауда министрлігі Ресей жағымен Саратов облысының шекарасында «Тасқала-Озинки» сауда-логистикалық орталық құру жұмысы бүгінде қызу жүруде. Жобаның қазақстандық бөлігін орындаушы «Батыс ӘӨК ҰК» АҚ болса, Ресей жағынан «Саратов облыстық көлік-логистикалық орталығы» ЖШҰ атсалысып жатыр. ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 6 қыркүйектегі №774 қаулысына сәйкес бөлінген қаржыға «Қазақстанның батыс қақпасы» санитарлық-экономикалық аймағының (СЭА) техникалық-экономикалық негізі жасалды. Бұл құжатқа сәйкес, СЭА құрылысы шекаралық сауда-экономикалық әріптестікті нығайтып, серпінді жобаларды жүзеге асыру үшін керек. Тасқала ауданы әкімінің шешімімен «құрғақ порт» аумағы үшін Тасқала кеден бекеті маңынан 150 га жер де бөлініп, әзір тұр.

Қазірдің өзінде төмендегідей құжаттарға қол қойылған:

-         Батыс Қазақстан мен Саратов облыстары арасында әріптестік туралы келісім;

-         «Батыс ӘӨК ҰК» АҚ мен «Саратов облыстық көлік-логистикалық орталығы» ЖШҰ арасында әріптестік туралы келісім;

-         Өзара әріптестік туралы «Батыс» ӘӨК ҰК» АҚ, «Саратов облыстық көлік-логистикалық орталығы» ЖШҰ, «Хоргос» ШҚХО» АҚ, «Жетісу» ӘӨК ҰК» АҚ, «Каспий» ӘӨК ҰК» АҚ, «Ақтау» теңіз порты» дирекциясы араларында келісім;

-         «Тасқала-Озинки» сауда-логистикалық орталығын құру жөнінде 2009-2010 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары.

Алайда бізге жеткен соңғы мәліметтерге қарағанда, Қытайдан шеру тартқан күре жол Оралға жетпей, Ақтөбеден Орынборға бұрылып кеткелі тұр екен. Бұл, біріншіден, аса маңызды халықаралық автодәліздің неғұрлым ұзағырақ бөлігін өз аймағынан өткізуге тырысқан ресейліктердің әрекеті болса, екіншіден, шекарадағы ауыс-түйіс түсімнен көбірек үлес алуға қызыққан ақтөбеліктердің лобби-жұмысы дейді дереккөздер. Әрине, мұндай жағдайда Батыс Қазақстан облысы ғана емес, күллі Қазақстан Республикасы ұтылары анық. Өйткені автодәліздің қазақстандық бөлігі 500 шақырымның үстінде қысқармақ. Жол бойында пайда болатын қосымша инфрақұрылымдарды есептегенде, жоғалтып отырғанымыз тіптен көп.

Рас, ресейліктер көрпені өзіне көбірек тартуға әуелден мүдделі болған. Тіпті Ресей Көлік министрлігі дәлізді Челябинск қаласы тұсынан өткізіп жіберуге де әрекеттенгені белгілі. Осындай патриотизм біздің отандық министрліктерге де бұйырсайшы деп армандайсың іштей...

Енді не болады? Осылайша Жібек жолы Ақ Жайыққа соқпай өте ме?

- Жергілікті басшылардың жігерсіздігінен, Астанада Батыс Қазақстанның сөзін сөйлейтін мықтылардың болмауынан біздің Орал осымен бірнеше рет «аузындағы нанынан» айрылып отыр. Мысалы, қазір Жайықта мүлдем жойылып кеткен қызыл балықты қайта өсіріп, санын қалпына келтіруді көздеген ғылыми-өндірістік жобаны оралдық ғалымдар жасап, Астанаға ұсынған болатын, жеме-жемге келгенде Атыраудың меншігі болып кетті. Балық зауыты Атырауда салынатын болды. Кезінде бұл мәселені халық талқысына салып, қоғамның қолдауын тапқанда, олай болмас еді, - деп санайды белгілі заңгер, «Өркен» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абзал Құспанов.

«Бұл бәлкім облыстық деңгейдегі мекемелердің көбін өзге өңірлерден келген азаматтардың басқарып отырғанынан ба екен?!» деп басын шайқайды Абзал Темірғалиұлы.

«Өркен» қоғамдық бірлестігінің төрағасы жақында облыс әкіміне, ҚР көлік және коммуникация министріне үндеу-хат жолдады.

 

,

Орал қаласы

(Мақала «Айна» газетінің №23 санында (3 қыркүйек, 2009 жыл) «Қытайдан Еуропаға тартылар жол Оралды айналып өтпек пе?» деген тақырыппен берілген.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406