Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2749 0 пікір 21 Мамыр, 2009 сағат 08:10

Атау туралы айтыс қайта қызды

Халық санағына байланысты 2008 жылдың 1 шілдесі мен 2009 жылдың 1 сәуірі аралығында республика аумағында қалалар, аудандар, ауылдар, көшелер атауларын өзгертуге Қазақстан үкіметі жариялаған мораторий Павлодар қаласы атауы жөніндегі пікірталастың қарқынын сәл де болса саябырлатқан еді. Алайда санақ өтер-өтпес кезден бастап әлгі атауды құрметтеушілер интернет порталдарында форумдар ашып, біржақты пікір білдіре бастады.
Порталдардағы пікірталас
Мысалы, Павлодар қаласындағы www.pavlodar.gn.kz порталындағы «Переименования Павлодара в Кереку» атты форумды ұйымдастырушылар өз қолайына жағатын пікірлердің интернет арқылы жайылуына аса ыңғайлы жағдай тудырды. Портал әкімшілігі «Павлодар атауын өзгерту қажет пе, жоқ па?» деген сауал қоймай, «Кереку» атауын бірден-бір балама атау ретінде қасақана көрсеткен соң, оның мағынасын ұқпайтын көпшілік, әрине, құлаққа сіңісті болып қалған «әдемі» атауды жақтап дауыс береді ғой, баяғы... 

Халық санағына байланысты 2008 жылдың 1 шілдесі мен 2009 жылдың 1 сәуірі аралығында республика аумағында қалалар, аудандар, ауылдар, көшелер атауларын өзгертуге Қазақстан үкіметі жариялаған мораторий Павлодар қаласы атауы жөніндегі пікірталастың қарқынын сәл де болса саябырлатқан еді. Алайда санақ өтер-өтпес кезден бастап әлгі атауды құрметтеушілер интернет порталдарында форумдар ашып, біржақты пікір білдіре бастады.
Порталдардағы пікірталас
Мысалы, Павлодар қаласындағы www.pavlodar.gn.kz порталындағы «Переименования Павлодара в Кереку» атты форумды ұйымдастырушылар өз қолайына жағатын пікірлердің интернет арқылы жайылуына аса ыңғайлы жағдай тудырды. Портал әкімшілігі «Павлодар атауын өзгерту қажет пе, жоқ па?» деген сауал қоймай, «Кереку» атауын бірден-бір балама атау ретінде қасақана көрсеткен соң, оның мағынасын ұқпайтын көпшілік, әрине, құлаққа сіңісті болып қалған «әдемі» атауды жақтап дауыс береді ғой, баяғы... 
Оның үстіне, форумға Кереку атауын тек Коряковтың атымен байланыстыратын жергілікті орыстілді өлкетанушылар мен партия және комсомол ұйымдарының тарихы бойынша маманданған, егде жастағы Мария Тереник сияқты ғылым кандидаттарының жария¬ланымдарына шүбәсіз сенетін жергілікті жастар қатысатыны белгілі. Бірақ бұлар әлгі ғалымдардың Н.Коряковтың нақты кім болғанын тап басып айта алмағанын, әрқайсысы әркелкі: көпес, жүзбасы, геолог, тұз өндіруші, қала салған құрылысшы  кейпінде көрсеткенін, әрі оның аталары, отбасы, ұрпақтары немесе әскері я жұмысшылары жөнінде бірде-бір дерек келтірмегенін қаперге ілмейді. Ал қазақ жастары филология ғылымдарының док¬торы, этимолог Айтмұхамбет Тұрышевтың «Кереку» сөзінің түп-төркінін талдап тұрып айқындағанын, тарих ғылымдарының док¬торы Жамбыл Артықбаевтың Никита Коряков дегеннің ойдан шығарылған аңыз, әңгімелер кейіпкері ғана екенін, сондықтан бұл өңірде болуы мүлде мүмкін еместігін Ресей қалалары мұрағаттарынан алдырған тарихи құжаттармен негіздеп дәлелдегенін, бұл ғылыми тұжырымды Қырықбай Алдабергенов, Қайырболат Нұрбаев тәрізді тарих ғылымдарының докторлары тың деректермен бекіте түскенін жете білмейді. Осындай жайттарды да ескерген форумды ұйымдастырушылардың айла-шарғысы да, болжамды есебі де дұрыс еді.
Ә дегеннен-ақ, Павел патшазаданың атын құрметтеушілердің қатары күрт көбейіп, қарсыластарын қиямпұрыс сөздермен атқылау тәсілін қолданды. Тіпті «Ермак» ныспысын иеленген біреу патша дәуірін, «павлодарский патриот» деген бүркеншек ат жамылған біреуі кеңестік кезеңді көксейтінін айқын танытты. Енді біреулері «Какому идиоту вообще пришла такая идиотская идея с переименованием Павлодара? Вон пусть Астану Кукареку переименуют», «Историческое название? И в какие времена Павлодар назывался Кереку? Историческое название казахов – кыргыз-кайсаки, но почему то вы себя так не называете! Так что, не мели чушь» деп соқты.
Мұндай сөздер портал әкімшілігінің көңіліне майдай жаққан шығар (ұнамаса, бірден өшірер еді), бірақ тәуелсіздік кезеңінде еркін ойлап өскен жастардың шамына тигені анық. Іле www.Solai.de, www.massagan.com және өзге де порталдарды түрлі аймақтарда қолданушы жастар керекуліктерге қолдау көрсетіп, «Павлодар форумына» тұс-тұстан қаптап кіріп кетті. Олар қала атауын өзгертуді қолдап, дауыс беріп қана қоймай, пікірталасқа түсіп, біліктілігін де, жастық қызбалығын да көрсетті, ал біреуі «Менің сөздерімді қайта-қайта өшіріп тастай береді, енді не істеймін?!» деп күйінді.
Портал әкімшілігі мұндай тосын жайтты күтпесе керек, енді екі жақты да сыпайылық сақтауға шақырып, зиялы қауым өкілдерінің еркін пікір білдіруіне мүмкіндік берді. Осылайша, жоғарыда аталған А.Тұрышев, Ж.Артықбаев, Қ.Алдабергенов, Қ.Нұрбаев тәрізді жерлес ғылым докторларының зерттеулерін жақсы білетін бір жас жігіт ғылыми негізделген ақпараттары, өте орынды сауалдары, иланымды жауаптары арқылы қаптаған қарсыласының екпінін басты. Бейтаныс зиялының «Кереку» – М.Қашқаридың «Сөздігіне» енген «үй», «кереге» дегенді білдіретін көне түркі сөзі екені, бертін келе мағынасы көмескіленгені, Павлодар қаласы тұрған жер ХVІІІ ғасырда Ертіс өзені бойымен жүзген орыстың әскери саяхатшысы  Ремезовтің картасында «Коряков Яр» деп көрсетілгені, кейін осы жерге салынған әскери бекініс дәл солай аталып, құжаттық айналымға түскені, «Коряков Яр» – қазіргі қазақ тілінде «Кереге жар» деген ұғымды білдіретін көне түркі сөзі «Кереку жардың» орысшаланған нұсқасы екенін әдептілікпен айтып беруі форум барысын бақылаушылардың ықыласын өзіне аударды. Мұның өзі Павлодар атауын өзгертуді қолдаушылар қатарының толыға түсуіне ықпал етті.
Соңғы мәлімет бойынша, 334 (49%) адам атауды өзгертуді жақтап дауыс берген, 326 (48%) кісі осы қалпында қалдыруды қолдаған. Осылайша,  бастапқыда дауыс берушілердің 2 пайызын ғана құраған атауды өзгертуді жақтаушылар саны қазіргі кезде қарсыластарының санынан аса бастады. Әйтсе де бұларға жауап ретінде www.Solai.de порталындағы жастар Павлодардың атауын ауыстыру мәселесі жөнінде форум ашып, өз пікірлерін білдірді. Бір жақсысы, қазақша сауатты жазатыны бар, орысша-қазақша сөздерді араластырып ойын жеткізетіні бар, әйтеуір, барлығы дерлік Павлодар атауын ауыстыруды жақтады.
Павлодардағы ахуал
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Павлодар мен Петропавловск қалаларының атауын өзгерту мәселесін сол аймақтардағы тұрғындардың пікірімен санаса отырып, жергілікті билік шешуі керек деген ойын ашық айтқаны белгілі. Ал Солтүстік Қазақстан облысы әкімі «Петропавловск атауы қазір де, алдағы уақытта да өзгертілмейді» деп, тұрғындардың пікірімен мүлде санаспайтынын көрсетті. Павлодардың әкімқаралары, әйтеуір, «өзімбілемдік» мінез танытпай, «сабыр түбі – сары алтын», «асықпаған арбамен қоянға жетеді» деген мәндегі сөздер айтып, жұртшылықты сабыр сақтауға шақырудан танбай келеді. Қарқыны қатты жаһандану заманында мұндай мақал-мәтелдердің мәні, өзектілігі қандай екенін кім білсін?..
Оппозицияның облыстағы белді өкілі Серікбай Әлібаев 2001 жылы  Павлодардағы қызыл комиссар Дзержинский атындағы орталық көшеге ұлы ғалым Қ.Сәтбаевтың атын беру жөнінде мәселе көтерілгенде, Парламент Мәжілісінің сол кездегі депутаты ретінде қала мәслихатына «асықпайық» деген мағынада ресми хат жолдаса, өткен жылдың соңында жергілікті тәуелсіз «Городская неделя» газетінің атышулы тілшісі Юрий Ковхаевпен сұхбатында «Павлодар атауын өзгертуге үзілді-кесілді қарсымын» деп жауап берді. «Свобода слова» басылымы болса сол Ю.Ковхаевтің біздің жерлесіміз, аймақта ғана емес, бүкіл Қазақстанда беделі зор, айтулы ғалымның ұлттық мұрат-мүддені ұлықтаған іс-әрекетін мысқылдаған мақаласын жариялады. Бұл жайт байырғы тұрғындардың, жалпы, оппозицияға деген теріс көзқарасын туындатты. Тек белгілі саясаттанушы Айдос Сарым жуырда Павлодарға келіп, жергілікті зиялы қауым өкілдерімен және студент жастармен кездесу өткізгенде, оппозицияда ұлтшыл қайраткерлер де бар екенін дәлелдеді. «Қазақ тілі» қоғамының облыстық басқармасында Айдос Сарыммен мемлекеттік тіл мәселесі жөнінде пікір алмастырған керекулік ғылым докторлары, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшелері, өзге де зиялылар Павлодар атауын Керекуге ауыстыруды бірауыздан қолдайтынын мәлімдеді.
Бір айтар жайт, Павлодарда мемлекеттік тіл мәселесі бойынша дөңгелек үстел өткізген «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин мен Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры Берік Әбдіғалиевтің ұстанымы ұлт қайраткерлері Мұхтар Шаханов пен Дос Көшім ұстанымдарына кереғар келмейтіні айқын аңғарылды.
Аймақта тіл және ономастика саясатының жүргізілуіне жергілікті орыстілді тәуелсіз басылымдардың тосқауыл қоюға тырысатыны белгілі. Оларға қарсы пікірлерді жариялайтын орыс тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдары жоқтың қасы. Осы себепті, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының таралымы аз, айына бір рет қана шығатын «Ертіс дидары» газетінде орысша материалдар басуды қанағат тұтамыз. Әйтсе де газеттің өткен айдағы нөмірінде жарық көрген тарих ғылымдарының докторы Қайырболат Нұрбаевтың «Тоскующие по безвозвратно ушедшему советскому прошлому»  (Ответ Ю.Ковхаеву на его статью «...А керекуйцы все петушатся»: Городская неделя, 2009 г., 14 января) атты сын мақаласы аймақ тұрғындарының санасында үлкен сілкініс тудырды деуге болады.
Қалай айтсақ та, Павлодар өңірінің байырғы тұрғындары ұлттық қайта өрлеу кезеңін бастан өткеруде. Бұл үрдіс Павел патшазаданың құрметіне қойылған атау өзгертілмейінше күшейе түспек.

Арман ҚАНИ, Павлодар қаласы
«Жас Қазақ» газеті 15 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502