Соқыр ақын Ырыскелді
2019 жылы падемия кезінде математик, Өтейбойдақтанушы, ақын Шаяқмет Қали ағам телефон шалып, аман-сәлемнен соң: «Әлімжан інім, қазір қолыңда істеп жатқан тірлігің болмаса, менің әкем Құдайберген Сәйдуақасұлы Бақы би тегінің «Мен таныған шындық» атты мақалалар жинағы бар. Бұл кітап кезінде Шынжаңда жарияланған. Соны кирилл жазуына аударып дайындап отырмын. Егер сен құп көрсең электрондық нұсқасын саған жіберіп берейін, кітапқа корректорлық жасап берсең», - деген өтініш айтты.
Мен Шаяқмет ағаның өтінішін осылай қабыл алып едім. Осы кітапты көріп отырып, бала кезімізде атын үлкендердің аузынан еміс-еміс естіп қалатын Албан елінің көрнекті тарихи тұлғалары туралы шынайы деректерді оқыдым. Оның бәрін қазір тізбелеп айтып отырсам, біраз әңгімеге арқау болады. Менің айтайын дегенім, автордың «Соқыр ақын Ырыскелді» деген мақаласының кейіпкері маған өте ертеден таныс сияқты сезілді. «Соқыр ақын» атанып кеткен Ырыскелді бабамыз Албан елінің Сары руынан шыққан, өз заманында өлеңімен арғы бет пен бергі бетке өте танымал болған ақын. Бала кезімде ауылымыздағы қариялар өлеңдерін жатқа айтып отыратын. Балалықтың әсері болар, ол кезде оған онша мән бермеген екенмін. Өкінішке қарай, бұл ақынның көп өлеңі хатқа түспей, көнекөз қариялармен бірге кетіп қалды.
Мына мақаланы оқығаннан кейін ақын Ырыскелді бабамыз өмірдің тауқыметін көп тартқан, тағдырлы ақын екенін және қалай соқыр ақын аталғанын білгендей болдым. Сол себептен де бұл мақаланы әзірлеп сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын.
Құрметпен Әлімжан Әшімұлы.
Соқыр ақын Ырыскелді
Патшалық Ресейдің зұлым саясатына қарсы қозғалған Албандар көтерілісі хақында, өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу ауыл азаматтары: Бағашар, Нүсіпбай, Мырзахмет, Нұрақын, Нұрдәулет деген кісілер отырған, тұрған жерде көп әңгіме айтып, көңілдері босап, көздері жасқа толып өткен өгей күндерге лағынет айтып, налып отырушы еді. Бүгін байқасам сол даланың дарқан пейілді дана қарттарының көбісі сексеннің сеңгірінен асып, мәңгілік сапарларына аттанып кетіпті, Тәңірім жандарын жарылқасын! Қазір көненің сарқытындай, сол ескі көздерден тек жалғыз томардай болып тоқсан алты жасқа келген, Жақып ақын қария ғана қалды.
Бүгін менде жетпістің желді кезеңінде, күзгі жапырақтай күрең тартып, күйім қашыңқырап отырмын. «Қартайғанда бір бала» деген де шын екен. Жетпіс жаста жеті жасар баладай көшкен жұрттан асық іздеп отырмын. Жоқ, дегенмен іздегенім тәуір болған сияқты. Сол қариялар айтқан тағы да біраз өлең есіме келді. Жаңылмасам 1945-1946 жылдары Нұрдәулет қариямен ауылдас болып отырдық. Руы қоңырбөрік, өлеңші адам еді. Сол Нұрдәулет қария: «Ауылымыз Қарқараға жақын болған соң, күнде базарға барып тұрушы едім. Сонда «Сары» деген елден Ырыскелді деген соқыр ақын күнде базарда отырып өлең айтушы еді», – деп ақынның өз әуеніне салып, мына бір өлеңді айтып, отырған топты аузына қарататын. Үшінші сыныпты бітіріп, қайта оқуға жағдайым болмаған соң, қашан да естігенімді жазып алып, ебін тауып жаттап жүретінмін. Толығы болмаса да тозығын жазғым келіп отыр.
«Еңбектеп бір жасымда төрге жеттім,
Бес жаста домбыраны ермек еттім.
Он үшке шыққан жылы соқыр болып,
Атқан таң, шыққан күнді көрмей өттім.
Демеңдер ақша үшін ел мақтады,
Өрт болып өзегімді шер қаптады.
Келгенде он үш жасқа шешек шығып,
Сорлатып екі көзді шел қаптады.
Көз соқыр, сөзден тілім жаңылмады,
Құдырет, құдыретімен не қылмады.
Жазылып шыққан шешек жаным қалды,
Көзді ашар шипа маған табылмады.
Құдай-ау, көзім болды көп көргенің,
Сонда да қарғанбадым, жек көрмедім.
Сауыңда садақа бер дейді қазақ,
Бәрі бір аз бергенің, көп бергенің.
Құдай-ау, көзімді алдың көрмесін деп,
Артынан елдің жүріп ермесін деп.
Қай молда, қай қожаңнан қағаз келді,
Соқырға қайыр-зекет бермесін деп.
Құдай-ау көзімді алдың көрмесін деп,
Базарға өздігінен келмесін деп.
Құдай жерге ырыздық шашқан екен,
Жаралған жан-жануар, ел жесін деп.
Қызыл тілге қызықты өнер берді,
Ырыздығын елден теріп, өлмесін деп.
Тауықпын тары жеген Албанымнан,
Өлмесем алар көп алғанымнан.
Өрбіткен өрешеден осынша ұрпақ,
Бәйдібек айналайын аруағыңнан.
Дейді екен қызыр шалған Бәйдібекті,
Өмірге қай жыл келіп, қай жыл кетті?
Албан, суан, дулаттай үш баласын,
Өмірдің үлесіне бай ғып өтті.
Домалақ бақ қоныпты шешемізге,
Шешен қарт шежіре шерткен кеше бізге.
«Мал бөлсең де ындымақ бөлмеңдер» деп,
Айтыпты өсиетін неше бізге.
Мына мен сол ұрпақтың біреуімін,
Бір үйдің шаңарақты тіреуімін.
Қайырымды ел, қайыр қылып ғарыбына,
Береді біреуі жүз, біреуі мың.
Басымда үй, бауырымда қазаным бар,
Көрмеген жарық сәуле азабым бар.
Талқаным таусылғанша тарықпаспын,
Пейілі кең, дала дарқан қазағым бар.
Туған ел ортаңда өстім қаздай қалқып,
Жүрсемде қайғы шердің күйін тартып.
Ырыздығымды Тәңір елден шашқан екен,
Отырмын елмен бірге алқып-шалқып.
Жігіттер айда аспанда, күнде аспанда,
Қарайды жан-жағына ер сасқанда.
Кетеді барлық дүние ұмыт болып,
Халқыммен күнде осылай бас қосқанда», – деп өлең айтып, оған жалғастыра термелей жөнеледі екен.
«Базарым бар Қарқара,
Даңқы кеткен халықара.
Мал әкелген базарға,
Бұқара, Тәшкент, Арқада.
Алыста болса келіпті,
Дәм-тұзы жердің тарта ма?
Саудагер көпес байлардың,
Көздері түскен марқаға.
Арзандатып алсақ деп,
Сыбырлайды қалқада.
Шаруалар малын сатады,
Шай мен жібек-матаға.
Бай елімнің ортасы,
Тарқама базар, тарқама!
***
Адам ата, Хау ана көп адамды таратты,
Туылған соң пендені өлмек үшін жаратты.
Бар пендені тағдырға көнбек үшін жаратты,
Екі көзі асылғып көрмек үшін жаратты.
Екі қолды епті қып еңбек үшін жаратты.
Алтын менен күмісті зергер үшін жаратты.
Бұғы менен маралды мерген үшін жаратты.
Мен секілді соқырды сендер үшін жаратты.
Ырыздығың елден болсын деп ел қолына қаратты.
Көрмеген соң бәріңді, күндіз-түн маған абақты».
***
Қазақтан солдатқа бала алу бұйрығы келіп, ел қайтерін білмей екіленіп тұрғанда, заманға баққан ақын да өлеңіне жаңа мазмұн қосып елдің мұңін жырласа, тағы бір тұрғыдан елді оятарлықтай өлең айтатын болды:
«Патшадан бұйрық келді бала бер деп,
Жарамды ат-оныңды ала кел деп.
Ел болып қарсыласты бұл бұйрыққа,
Бала емес, малдан салық алабер деп.
Мал жанымнан садақы деген ел ғой,
Тұрған жоқ, ешкім бала алабер деп.
Күніміз не болады бала кетсе,
Іні қалып алдыңғы аға кетсе?
Үркіннен үрейі үшып, тыншыған ел,
Деуші еді енді тыныш заман өтсе.
Егілтті еңіретіп көзден жасты,
Халықты қайта бүгін қайғы басты.
Алдымен жерді алған ақ патша,
Адамға енді бүгін аузын ашты.
Жастардың бәрін қоймай кетсе алып,
Алған жар, жас бала мен кәрі қалып,
Көрінеу тұрған ажал қояды ма,
Онан да жоғалса екен жанын алып.
Мергендер мылтық атса құс атады,
Қорғасын тиген жерін ұсатады.
Жігіттер жер қарада қамданыңдар,
Умаңды қар жауған соң ұсатады.
Мергендер мылтық атса құс атады,
Мылтық деген адам мен құс апаты.
Көрмесем де күн артын бұлт торлап,
Жақындап кележатыр қыс апаты.
Атандым соқыр ақын Ырыскелді,
Көңіліме айтайын деп бір іс келді.
Өкініп бармағыңды тістегенде,
Дерсіңдер айтқан сөзі дұрыс келді...», – деп күннен күнге елге елеулі ишарат беріп отырған.
Бірде ақынның отты өлеңі, салпаң құлақтардың сандалымен Қарқара оязы Ақжелкенің құлағына шалынып, екі милицияны жіберіп кеңсеге шақырады. Табанда ақынды таба қойған екі милиция: «Бізбен бірге жүресің!» – деген де, Ырыскелдінің бар айтқаны: «Домбырамды ала кетейін», – деп, орнынан тұрады. Қасында жылап отырған он жасар баласын итеріп жіберген милиция оны жетелей жөнелгенде:
«Соқырдың күні де бір, түні де бір,
Соқырды екі солдат жетектеп жүр.
Ордаға өзі бастап апармаса,
Қаңғырып қайда қаңғып кетед деп жүр.
Қаз ұшты орынынан қаңқылдаған,
Келмесем риза болғын халқым маған.
Көргендерің үйіме сәлем айтқын,
Жоқ еді, артымда інім, алдымда ағам.
Болайын ел жұртымның садағасы,
Болса екен артым да аман, алдым да аман!» – деп елге қош айтқан ақын, Ақжелкенің кеңсесіне келеді. Әлгі екуі арқылы орындыққа отырғызылғанда, домбырасының құлағын бұрап, орағытқан ойын оймақтай түйіп, төренің сұрағалы тұрғаны осы шығар дегендей ағытыла өлеңге басады.
«Тақсыр-ау, милицияңыз жүр деген соң,
Қуандым кеңсеңізге кір деген соң.
Аузымнан ағат кеткен сөз бар шығар,
Патшаның заң-мизамын білмеген соң.
Көрмеген күннің нұрын соқыр едім,
Базарда қайыр тілеп отыр едім.
Қателігім бар шығар кешір ет,
Еліме алтын тұғұр көпір едім.
Басына бәйтеректің салған ұя,
Пушкиндей ақын туған ұлы Росся.
Бас кессе де тіл кеспек жоқ деген соң,
Көрмеген айтар сөзден тілін тия.
Атанып тентек ақын тектесе де,
Мерт болған бір қыз үшін жанын қия», – дегенде: «Бұл соқыр тегі не айтып кетті. Ұлы Пушкинді қалай аузына алып қалды?!», – деп отырған Ақжелке: «Тоқтат сөзді», – деп, сөзін аударшы дегендей тілмашіне ишарат етті. Ойға жүйрік, тілге шешен тілмаш, өлеңнің негізгі түйіндерін жаттық тілмен тәптіштеп тұрып түсіндірді.
Іші сәл жібіп қалған Ақжелке тіл қатып:
– Сен шынымен көрмейсің бе? – деді.
– Еш нәрсені көрмеймін тақсыр, – деді ақын.
– Неге соқыр болдың?
– Он үш жасымда шешек шығып өлмей қалдым. Содан бастап көзім осылай болды, – дейді ақын.
– Қалай жан бағасың?
– Елім жәрдем етеді.
– Қатын, балаң бар ма?
– Иә, бір қатын, үш балам бар.
– Неше жасқа келдің?
– 38 жасқа келдім.
Тықылдаған тілмашта әр сөзді бір-бірлеп аударып тұрды. Ақынды қорқыту үшін бе, әлде сынау үшін бе, тапаншасының (наган) оғын алып, тілмаш арқылы ақынның қолына ұстатты. Ақын қос алақаны мен біраз уақыт сипап көріп:
«Мылтықтың ұзыны емес қысқасы ма,
Грузиннің мұны соққан ұстсы ма?
Тырс етіп тесігінен бір оқ шықса,
Кім кепіл соқыр бастың ұшпасына?! – дегенде:
– Тоқтат, – деді, Ақжелке.
Мағанасын тілмаш арқылы түсінген Ақжелке, сұратпай жауап берді және ұлы Пушкинді аузына алды, Батыр серке, ақын ерке деген бар, көзі болмаса да көңілі сергек, көкірегі ояу, сұңғыла адам екен деп түсінді білем: «Енді орныңа бар. Тыныш отырасың. Жаман сөз айтпайсың, білдің бе?» – деді. Айтары ақтарылып болмаған ақын, жанының тірі қаларына көзі жеткен соң:
«Тақсыр-ау, расында тірі қайтам ба,
Солдат пен ертіп келген бір қайтам ба?
Төре деп қайырымды естуші едім,
Келген соң кеңсеңізден құры қайтам ба?» – депті.
Өлеңнің мазмұнын түсінген Ақжелке, «Қадалған жерінен қан алатын, мынау бір пәле болды ғой» деп іштей ойлап, мырс етіп күліп жіберді де, жарайсың дегендей басбармағын көрсетіп, суырмасынан 15 сом алып қолына беріп, милиция арқылы қайтадан өз орнына апарып қойыпты.
Алдыңғы айтқандарым аздық етсе, естіген ел есін жияр деген оймен ақын сол күннен бастап ойын өрістете бұрынғы тақырыбына жан жақтылы жан бітіріп, өршелене өлеңін айтып отыра береді. Сол жылғы елдің үркінінде Қытайға ауып келген екен. Кейін «байтал тұрмақ бас қайғы болды» дегендей, заржақ ақынның қайда кеткенін біле алмадым деп, қария сөзін бітіретін.
Құдайберген Сәйдуақасұлы Бақы би тегі.
Бұл мақаланы автордың «Мен таныған шындық» атты кітабынан дайындаған Әлімжан Әшімұлы
Abai.kz