Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 25653 0 пікір 9 Қазан, 2013 сағат 08:33

Абайдың күйлері қалай жиналды?

Оның ән-күй туралы айтқан өлең шумақтары қалың жұртшылыққа нақыл сөз үлгісінде тарап кеткен. Ән мен күйдің адамның ішкі жан дүниесіне, сана-сезіміне әсері, олардың терең мәні жөнінде Абай жырларында жиі кездеседі. Осы ретте Абайдың әндерін білмейтін қазақ жоқ дейсің, ал күйлеріне келетін болсақ, домбырашылардың да есіне түспей қиналып қалатын кездері болады. 

Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, оларды жетікізушілері мен жазып алып қалғандардың көзі қалмады, екіншіден, оларды насихаттаушылар жоқтың қасы, үшіншіден, зерттеушілердің назарынан тыс қалған. 

Осы ретте Абайдың әндерінің зерттелуіне тоқталып өтсек, ұлы ақынның ән мұрасы кеңес кезеңінде жинала басталды. Бұған негіз салған ХХ ғасырдың басында А.Бимбоэс пен А.В.Затаевич болды. Кейін бұл істі қолға алып, жалғастырған А.Жұбанов, Л.Хамиди, Б.Ерзакович, Е.Брусиловский және т.б. Бүгінде жинақталған Абай әндерінің музыкатану саласында тарихи-теориялық, музыкалық-эстетикалық аспектілері тұрғысынан игерілгені аңғарылады. Олардың арасында қазақ музыка зерттеушілерінің арнайы жазылған еңбектері де бар. Атап айтатын болсақ, академик А.Жұбановтың, аға буын музыкатанушылар Г.Шомбалова, Б.Ғизатов, Ғ.Бисенова, М.Ахметова, Б.Ерзакович, В.Дернованың және т.б. зерттемелері бүгінгі күнге дейін үлкен сұраныспен оқылады. 

Ал, Абай күйлерінің жағдайы мүлдем баcқаша. Қазіргі ұрпаққа Абайдың санаулы ғана күйі жетіп отыр. Оның «Торыжорға» және «Май түні» атты күйлерін 1984 жылы теледидардан Ғайса Сармурзин орындаған. Бұл хабарды ұйымдастырып және оларды алғаш рет нотаға түсірген күйші, зерттеуші Уәли Бекенов болды. Оның алдында 1977 жылы экспедициялық іссапармен Шығыс Қазақстанға барған ғалым Қайролла Жүзбасов Қатонқарағайда тұратын Хамза Демшіновтен «Абай желдірмесін» жазып алған екен. Ал, Абайдың соңғы табылған күйі «Майда қоңыр». Бұл туынды шұбартаулық домбырашы Жүнісбай Стамбаев деген ақсақалдың орындауында Құрманғазы атындағы консерваторияның фольклорлық зертханасында сақталған. Абайдың «Майда қоңыр» күйін тауып, қайта жаңғыртып, насихаттап жүрген дарынды күйші Мұрат Әбуғазының еңбегі орасан десек артық айтқан болмаспыз, оның орындауында Абай күйлері «Қазақтың 1000 күйі» топтамасына еніп, насихаттауға мүмкіндік алып отыр. Бұл күйлердің ішінде «Торыжорға» туралы кезінде жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында суреттеген болатын. Осы ретте бірнеше сұрақ туындайды. Неге алғашқы жүргізілген іссапарда Абай күйлері кездеспеген, немесе қалайша Абай күйлері ХХ ғасырдың соңғы ширегінде ғана табыла бастады және неге санаулы ғана күйлері жетті? Мұндай сұрақтар табылған төрт күйдің өзіне күмәнданып қарауға итермелейді. Уақыт өткен сайын, «шынында да осы күйлерді Абай шығарды ма?» деген пікірлер де естіліп қалады. Сосын, Б.Г.Ерзаковичтің «Айттым сәлем, Қаламқас» атты жинағының кіріспесінде: «Күй саздары, біздіңше, Абай әндерінің стиліне жақын. Алайда, Абайдың халық арасына тараған басқа да күйлерін жинастырып, олардың музыкалық табиғатын ән әуендерімен салыстырғаннан кейін ғана бұл күйлердің Абайдікі екендігі жөнінде нақтылы қорытынды жасауға болар», – деп жазған пікірлері Абайдың төрт күйінің музыкалық ерекшелігін саралауға түрткі болды. Күйлерді талдау барысы Абай әндерінің нышандарын айқындады. Мұндағы музыкалық әдіс-тәсілдерді қолдан жасап, жасанды үйлестірудің өзі оңайға түспейтін сияқты. Яғни бір сөзбен айтқанда, күйлердің негізі шынайы болмысы бір адамның қолтаңбасын айшықтайтынын дәлелдеді. Оның үстіне Абай қазақтың дәстүрлі өнерін бойына жастайынан сіңіріп өскендіктен күйдің музыкалық заңдылықтарын да меңгергені байқалады. Туындылардан жеке қолтаңбалық ерекшеліктерімен қатар, Арқа мен Шығыс Қазақстан күйшілік дәстүрінің құрылымдық, мазмұндық және көркемдік болмысы белгіленеді. 

Ойымызды дәлелдеу үшін Абайдың «Май түні» күйіне тоқталып көрейік. Жоғарыда айтып өткендей, күйді Ғайса Сармурзин орындаған. Ол күйді 1923 жылы Ақылбайдың баласы Исрайылдан үйренген. Кезінде Исрайыл Абайдың өзінен қолма-қол алып қалған екен. Исрайылдың айтуынша, Абай бұл күйді жайлаудағы түнгі сауық-сайранда отырып шығарған.

«Май түнінің» музыкалық сипаттамасына келетін болсақ, табиғат сұлулығын бейнелеп, терең сезіммен орындалады. Күйдегі табиғи минор мен гармониялық минордың астасып келуі Абай әндеріне тән ерекшелік. Атап айтатын болсақ, «Есіңде бар ма, жас күнің», «Татьяна сөзінің» 4-нұсқасында және т.б. әндерінде мұндай ерекшеліктер байқалады. Күй әуенінің даму желісі де оның әндерімен сабақтастықты аңғартады. Мәселен, күйдің кіріспе бөлімінде асықпай, біртіндеп дамитын әуеннің кенеттен жоғары қарай секірме жасауы, Абайдың «Бойы бұлғаң» әнінде кездесетін тәсіл іспеттес. Ал күйдегі тізбектеліп, сатылай өрбитін иірімдер оның «Көзімнің қарасы», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қарашада өмір тұр» әндерімен ұштасады. 

Абай әндерінің болмысын зерделей келе Ахмет Жұбанов: «Өзінің табиғаты, рухы жағынан Абай әндері ұлттық сипатта, қазақ халық музыкасының дәстүрінде шығарылған. Орыс әндерінің және демократиялық, тұрмыстық романстарының кейбір белгілері мен элементтерін қолдану арқылы Абай қазақтың музыкалық «сөздігін» кеңейтіп, байытты», – деген екен. Бұл ретте күйдің шарықтау шегі бөлімінде орыс халқының интонациялық элементтері ұшырасатыны аңғарылды. Мұнда кездесетін пунктир (нүктелі) ырғағы ағартушының «Татьянаның Онегинге жазған хаты», «Онегиннің Татьянаға жауабы», «Татьяна сөзі» әндерінің ырғағында көрініс тапқан. Осы жердегі қысқа қайырылатын мотив оның төрт буынды «Сен мені не етесің» (екінші жолындағы Ме-ні тас-тап//Ө-нер бас-тап), «Бойы бұлғаң» (Бо-йы бұл-ғаң//Сө-зі жыл-маң) әндерінде кездесетін буындық құрылымға жанасады. Шығарма жазғы жайлаудағы түнгі көріністі, сауық-сайранды елестету арқылы ой тербейді.

Қорыта айтқанда, қазақтың ұлы тұлғаларының шығарма­шылы­ғында дәстүрлі музыка жанрларының бір-бірімен байланыста дамығанын байқатады. Дегенмен халықтың санасында шығармашылық мұраның жетекші бағыты басым болып келеді. Мәселен, қоғам ең алдымен Махамбетті өршіл де отты жыр-толғаулардың авторы ретінде қабылдаса, Жамбылды, Кененді, тіпті Әсетті алғанда әуезді әндердің авторы ретінде ғана таниды. Ал шындыққа келетін болсақ, олардың басқа музыкалық жанрларға қосқан үлесінің маңызы кем емес. Бұл да, өкінішке қарай көпшіліктің ғана емес, сірә зерттеушілердің де назарынан тыс қалып келеді. Осыған сәйкес Махамбет күйлерін, Әсет айтыстарын немесе Жамбылдың, Кененнің күйлерін біреу білсе, біреу білмейді. Сол секілді Абай әндерін айтпайтын қазақ жоқ десек, ал күйлерін көпшілік түгіл мамандар да ескермейтін, елемейтін кездері бар дейміз. Сөзімізді түйіндей келгенде, Абай күйлерін орындаушылық, оқытушылық және зерттеушілік бағыттарда қолға алудың кезі жетті. 

Айнұр Қазтуғанова,

М.О. Әуезов атындағы 

Әдебиет және өнер институтының 

аға ғылыми қызметкері

"Түркістан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1962