Саят Қамшыгер. Ішім —алаң...
Бақыт
Бақытты шақ-балалық кезім екен,
Өмір деген-мұңдарға төзу екен.
Жүрегіңе иманды ұялатып,
Бақыт деген бір Хақты сезу екен.
Алланы сүй, саған сый қайтарады,
Сонда ғана көңілің жай табады.
Көркем мінез танытсаң-бақыттысың,
Өмірің де гүл болып жайқалады.
Иманыңмен түсірсең санаға шам,
Байқалады нығметтер арада сан.
Адамзатты сүйе біл жүрегіңмен,
Бақытыңды егер шын бағаласаң.
Тұнық сақта жүректің бұлағын сен,
Басқа тебу бақытты-күнә білсең.
Жаратқанның нәсібі бұйырады,
Желкеніңді Аллаға бұра білсең.
Адамзатқа ойланар уақыт бүгін,
Екі дүние бақытын татыпты кім?
«Тәубе» деген адамдар шын бақытты,
Мұсылманның әр күні бақытты күн!
***
Туған елім
Анық басып жүрсем де жұрт алдында,
Намысыңды туған ел,
жырта алдым ба?
Аманаты халқымның-бабаларым,
Бар сенім мен үмітім-ұрпағымда !
Туған елім,
Көрсеттің құрметіңді,
Өтей алар ма екенмін міндетімді?
Көңілімде көк байрақ желбіреуде,
Қыран болып сүйсем бе күн бетіңді?!
Жаппар ием!
Ризамын,
бас ұрылды,
Алшысынан түсірдің асығымды.
Туған елім,анамдай аялаймын,
Бақыт
Бақытты шақ-балалық кезім екен,
Өмір деген-мұңдарға төзу екен.
Жүрегіңе иманды ұялатып,
Бақыт деген бір Хақты сезу екен.
Алланы сүй, саған сый қайтарады,
Сонда ғана көңілің жай табады.
Көркем мінез танытсаң-бақыттысың,
Өмірің де гүл болып жайқалады.
Иманыңмен түсірсең санаға шам,
Байқалады нығметтер арада сан.
Адамзатты сүйе біл жүрегіңмен,
Бақытыңды егер шын бағаласаң.
Тұнық сақта жүректің бұлағын сен,
Басқа тебу бақытты-күнә білсең.
Жаратқанның нәсібі бұйырады,
Желкеніңді Аллаға бұра білсең.
Адамзатқа ойланар уақыт бүгін,
Екі дүние бақытын татыпты кім?
«Тәубе» деген адамдар шын бақытты,
Мұсылманның әр күні бақытты күн!
***
Туған елім
Анық басып жүрсем де жұрт алдында,
Намысыңды туған ел,
жырта алдым ба?
Аманаты халқымның-бабаларым,
Бар сенім мен үмітім-ұрпағымда !
Туған елім,
Көрсеттің құрметіңді,
Өтей алар ма екенмін міндетімді?
Көңілімде көк байрақ желбіреуде,
Қыран болып сүйсем бе күн бетіңді?!
Жаппар ием!
Ризамын,
бас ұрылды,
Алшысынан түсірдің асығымды.
Туған елім,анамдай аялаймын,
Мен сүйемін тәуелсіз ғасырымды!
Иә,сүйем,
сүйемін,
тағы сүйем,
Жүрмін әзір өмірдің ағысымен.
Қызғалдақтай құлпырар қыздарым бар,
Ұлым ертең сүйінер «барысымен».
Туған елім,
мәңгілік берік шынар,
Туған халқым өзіңе серік,сыңар.
Топырағың болсам ел,арманым жоқ,
Өзегінен тіршілік өніп шығар...
***
Хат
Сен жанымда болмасаң да,
біргеміз,
Бір жүргенде ажырамас іргеміз.
Саған алғаш сөз айтқандай толқимын,
хат арқылы сөйлескенде күнде біз.
Өшкенімді жандырғандай хаттарың,
Әр сөзіңді көңілімде жаттадым.
Жылағаннан артық екен күлгенім,
жоғалтқаннан көп болыпты тапқаным.
Сезімім бар тамшы болып таматын,
Сені күтіп таусылғандай тағатым.
Саған ұшып жетсем бе екен құс болып,
бірақ, әттең...
жоқ қой менің қанатым.
Бұл әлемге сенсіз қалай сиям мен,
Тіршілікте бақыттымын ұяммен.
Дәл жаныңда болмасам да тап қазір,
біз біргеміз көңіл құсы— қиялмен.
Хаттарыммен сағынышым жарысқан,
Ішім —алаң...
сыртым дүрдей арыстан.
Сүйген жүрек соғады екен сағаттай,
жан-жарыңды іздегенде алыстан!
***
Аналар
Домалақ пен Ұлпандардай баяғы,
Аналар ғой тіршіліктің баяны.
Алыстасақ армандардай аңсатқан,
Аналардың алақаны-ай аялы!
Сақтайды оны әрбір перзент,ер есте,
Біз оларсыз шыға алмаймыз белеске.
Әр жүректе гүл алқабын өсірген,
Аналардың мейірімі емес пе?
Олар барда қайғы баспас еңсені,
Әр ұл мен қыз—аналардың бөлшегі.
Аналар ғой сұлулықтың нақ өзі,
Ана емес пе шыдам, төзім өлшемі?
Жүректерде көктем орнап,жайласын,
Көңілдерге құстар қонып,сайрасын.
Апалардың әжім түспей бетіне,
Аналардың жанарлары жайнасын!
Қаһарлы қыс көңілдерді мұңайтты,
Көктем келіп құлағыма сыр айтты.
Толқып тұрмын анам қайтып келгендей,
Ал, көктемді ана емес деп кім айтты?
***
Майталман
Оралхан Бөкейге
Сенің сөзің көркем сурет,жарасым,
Қатарыңнан оқтай озық,дарасың.
Асыл сөзің аралап жүр Қыдыр боп,
Алтай менен Атыраудың арасын.
Сен тілімнің ең бір биік шыңысың,
Ал мұраң ше?
— Баға жетпес ырысым.
Өлмегенсің,рухыңменен тірісің,
Көркем сөздің сәулесісің,
нұрысың.
Қыран болып қалықтайсың көгімнен,
Жанарыңнан тазалығың көрінген.
Қаламыңнан жұпар иіс аңқыған,
Ал жүзіңнен иман нұры төгілген.
Сен,Ор-аға!
Қазағымның сертісің,
Сөз—әлемнің шахарысың,кентісің.
Сені оқысам көңіліме көктем кеп,
Бұқтырмамен толыққандай Ертісім.
Сені оқысам «Мұзтаудағы» Ақтаның,
Жеңер,бәлкім Алтай жақтың ақпанын.
«Қар қызы» мен «Мынау аппақ дүние»,
«Құм мінезі» мамығындай мақтаның.
Ор-ағамыз!
Сені өлді деп айта алман,
Мұраң гүлдей жадыраған,жайқалған.
Жаның көктем,
көңілің жаз,
тұлғаң тау,
Сөзің жібек,
Ел үшін сен майталман!
***
Шығысым
Көңілімде бір мұңым бар шөкімдей,
Бала кезді кім еске алмас өкінбей?
Семей жақтан басталатын арманым
Қос жағаны жалғап тұрған көпірдей.
Шығыс жаққа сезім — өзен жиі ақты,
Шар суынан құйдым бойға ұятты.
Бірде жылдам,бірде баяу бұл өмір
Ертіс болып ағып жатқан сияқты.
Шығысым бар Алтай таудың кеніндей,
Әр ағашым бір сыпайы келіндей.
Жаным терең ,тұнық Зайсан көліндей,
Мінезім бар Қалбатаудың желіндей.
Шәкәрім мен Мұхтардайын талай дүр,
Шығыс жақтан тарап еді арай,нұр.
Жүрегімнің ортасында Өскемен,
Өскеменнің дәл төрінде Абай тұр.
Шығысымнан бұлақ болып басталғам,
Қуаныштан тамшыдай пәк жас тамған.
Күншығыстан атқан таңмен таласып,
Періштелер түсіп жатыр аспаннан.
Шығыс жақтан арайла таң, күн сөнбе,
Туған жерде бақытты өмір сүрсем бе?
Шығыс жақтың ауа-райын аңдаймын,
Арман қала — Алматыда жүрсем де!
***
Шығыстағы ырысым
Саған деген көңілім алабы кең далаңдай,
Туған жерге сағыныш сезіміне балаң бай.
Менің барлық тамырым саған келіп жалғанған,
Өскемен мен Семейім — әкем менен анамдай.
Жүрегім бар елім деп бір Аллаға сыйынар,
Ертіс, сені ойласам,
көңілге гүл жиылар.
Сенен кеткем тамшы боп,
бұл балаң да бір салаң,
Менің барлық сезімім саған келіп құйылар.
Ертіс,сенен тамшы боп аттанғанда арман ем,
Ақ батаңды беріп сен, тілектес боп қалған ең.
Алматыны бетке алып ұл-қыздарың — тамшылар,
Шығыс пенен Жетісу жерін солай жалғап ең.
Сағынғанда саған кеп,
табам дерттің дауасын,
Құпияңды, сырыңды ішке тартып ағасың.
Жеткізетін қоректі сен бір күре тамырсың,
Жалғап жатқан тірі ағза — ел мен елдің арасын.
Кіндік қаным тамған ед Шар өзені — салаңда,
Ақын болып кетіп ем қой баққанда далаңда.
Менің жазған жырларым шағаладай еркелеп,
Балалығым асыр сап ойнап жүр ғой жағаңда.
Өткізсем де уақытты сал-серілік, күй, әнмен,
Ертіс, айтшы,
Қалайша тас қалаға сиям мен?
Ағысынан өмірдің қажығанда бұл балаң,
Өзің жаққа ұшады көңіл құсы — қиялмен.
Ағып жатқан Ертісім,
Шығыстағы ырысым,
Өсер сенің жағаңда ұлттарым мен ұлысым.
Еліміздің ақ таңы Шығыс жақтан атады,
Қос өкпең боп қос қала,
тарылмасын тынысың!
***
Сен кеткелі
Сен кеткелі құлазуда көңілім,
Жүрегіңмен тоқтағандай өмірім.
Қайғы-мұңға жан дүнием жаншылды,
Ал, сырт көзге күдірейген бөрімін.
Сен кеткелі көтермедім басымды,
Енді менің кім сүртеді жасымды?
Бұл дүниеде қайдан сені табамын,
«Құлыным» деп кім сипайды шашымды?!
Сен кеткелі кеудем толды өксікке,
Теңіздерім айналғандай көлшікке.
Асыл анам кірмейінше жұмаққа,
Алла, менің көңілімді көншітпе!
Сен кеткелі өкпем қысып, тарылды,
Ажал менің әкетіпті «барымды».
Опыр-топыр, бір жеміс те қалдырмай,
Біреулер кеп тонағандай бағымды.
Сен кеткелі ой сан саққа бөлінді,
Ұлың да енді көп ойлайды өлімді.
Тағдыр мені бір бұрышқа тастады,
Сығып-сығып шығарғандай сөлімді.
Сен кеткелі жүрем босқа сабылып,
Әкем кетіп, өзің боп ең бар үміт.
Енді мені шығарып сап көзімен,
Келерімді кім күтеді сарылып?
Сен кеткелі есеңгіреп аспаным,
Теректер де көтермей тұр бастарын.
Бар кезіңде қадырыңды білдік пе,
Өмір деген осылайша,
қас-қағым...
***
Байынқол
Байынқол, саған келдім түу алыстан,
Жерденмін шөбі шүйгін, ұлар ұшқан.
Лайласа бәз біреулер тұнығыңды,
Жүректе айбат шегер бір арыстан.
Байынқол, сені ойласам өртенемін,
Салаңа сағынып кеп еркеледім.
Батыр боп буырқанып, тас аударған,
Өзіңдей бала кезде тентек едім.
Құстарың қай кезде де салсын әнін,
Өмірдің сындарына сан шыдадың.
Алланы зікір етіп жүргендей-ақ,
Секірген тастан-тасқа тамшыларың.
Байынқол, бұл балаңды таныдың ба,
Намысын ұлдарыңның жаныдың ба?
Кеудемде тұр бір маңғаз Хан Тәңірі,
Ағып жүр бір Байынқол тамырымда.
Жылжытар Алла талай күн, аптаны,
Балаңа тілектес бол жырақтағы.
Өзенді көрдім таза бұл фәниде,
Кәусарды көрсем , шіркін, жұмақтағы!
Саят Қамшыгер
1978 жылы 1 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Кезеңсу ауылында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы факультетін 1999 жылы үздік аяқтаған. Әр жылдарда Алматы қаласындағы М.Базарбаев атындағы №138 гимназияда мұғалім, Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын республикалық мектеп-интернатта оқытушы, «Қайнар» университетінде аға оқытушы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер , Қазақстан Жазушылар одағы басқармасында әдеби кеңесші болып еңбек еткен. Қазір республикалық «Мөлдір бұлақ» журналында Бас редактордың орынбасары.
1996 жылғы “Поэзия көктемі” жыр мүшәйрасының жеңімпазы, 1998 жылы “Жұлдыз” журналы ұйымдастырған Артығали Ыбыраев атындағы жас ақындар мүшәйрасының, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің, Ауған соғысы ардагерлеріне арналған мүшәйраның, Астананың 10 жылдығына арналған республикалық мүшәйраның, «Алаш және рух» сияқты жыр мүшәйраларының жүлдегері.
1999 жылы “Білім” баспасынан шыққан “Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы” атты студент ақындардың жыр жинағына, 2006 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Жас толқын» ұжымдық жинағына, 2013 жылы Мәскеуден жарық көрген «Қазақ поэзиясы» антологиясына өлеңдері енген. 2001 жылы “Отырар кітапханасы” сериясымен “Сары гүл” атты тұңғыш кітабы “Жазушы” баспасынан жарық көрген. 2008 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Жүректегі ағыстар» атты жыр жинағының авторы. «Сәуір құрылтайы. 2002 жыл» (2007), «Алматының жүрегіндей Алмалы» (2006) кітаптарының құрастырушысы.
«Серпер» жастар сыйлығының лауреаты.
Саят Қамшыгердің поэзиясы жайлы пікірлер
«Саяттың жырларында тазалық, мөлдірлік тұнып тұр. Ақындық қуаты, шұрайлы тілі, шеберлігі оқыған жанды тамсантады. Ол- поэзияға келіп қосылған тың екпін, жаңа күш...»
Марфуға Айтхожина,
ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты
«Саят Қамшыгердің «Жүректегі ағыстарын» жайбарақат оқымай, өз жанымыздың оқырмандық ой үндестігімен оқыдық. Және жастардың да жан-дүние толқыныстарына тәуба ете оқыдық. Біздің кейінгі толқыннан да күтеріміз осы емес пе еді? Ырзамыз. Қанатың қатая берсін,балам!»
Сейфолла Оспан,
ақын, сыншы, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты
«Саяттың қай-қайсы өлеңі де өзі қатарлас ақындардың ешқайсысынан кем емес. Ол осы кітабы арқылы өсу үстінде екендігін көрсете алған...»
Жанат Ахмади,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты
«22 жасында жас ақын-жазушылардың форумына қатысып, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне өткен, 23 жасында тұңғыш кітабы жарық көрген ақын әдеби ортаға, жыр сүйер қауымға, оқырмандарға ерте таныла бастады...»
Исраил Сапарбай,
ақын, Тәуелсіз Платиналы «Тарлан»
сыйлығының иегері
«Ақырын жүріп, анық басатын» Саяттың өлеңдері нәрлі, көркем. Бұл өлеңдер жастарға тән жаңалықтарға толы. «Жүректегі ағыстар» жыр жинағында қазіргі поэзияға үлес қосар көркемдік ізденістер бар.»
Маралтай Ыбыраев,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының
лауреаты
Abai.kz