Жексенбі, 24 Қараша 2024
Айқай 2446 43 пікір 19 Ақпан, 2024 сағат 15:32

Ресей оппозициясының соңғы үміті үзілді

Сурет: pravda.com

Өткен аптаның сенбі, жексенбі күндері Ресейдің 37 қаласында ресейлік оппозиция жетекшісі, соңғы кезде полярлық шеңберден тыс, қыс қырауында қараңғылыққа бөленген қиыр солтүстіктегі 20-жылдан жоғары жазаға кесілген аса ауыр қылмыскерлер отыратын, «Полярлық қасқырлар» деген қаһарлы атқа ие ЯНАО (Ямал‑Ненец Автономиялық Округы) колониясына жеткізілген Алексей Навальныйдың 16‑ақпан күні, тапа‑тал түсте белгісіз жағдайда қайтыс болуына байланысты  толқулар өтті. Келесі күндері «Навальныйды еске алу» ұранымен «жалпыхалықтық саяси репрессия құрбандары ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою» шаралары кезінде 400-ден аса адам ұсталып, жазаға тартылуда.  

Навальныйдың өлімі туралы хабарды 16‑ақпанда «Полярлық қасқырлар» колониясы басшылығы таратты. Ол кезде президент Путин Челябинск қаласында, танк шығаратын завод жұмысшыларымен кездесу өткізіп жатыр еді. Сондықтан, журналистер алғашқы сұрақты оның баспасөз хатшысы Дмитирий Песковқа қойды. Ол «Навальныйдың өлімі туралы президент хабарланды. Ол оның себептерін әлі білмейді» деп, құрғақ жауап қатты. Бірақ камераға артқы сценада  жайбарақат, көңілді әңгіме айтып отырған президент бейнесі түсіп қалыпты. Сондықтан, шет елдегі ресейлік оппозиция «Кремль Навальныйдың өлімін қатардағы оқиғаның бірі ғана деп қабылдады» деп, бұл көріністі айыптай бастады.

Ресейлік оппозиция серкесі Алексей Навальный кім еді?

Алексей Анатолийұлы Навальный 1976 жылы Москва облысы, Одинцово ауданы, Бутынь елді мекенінде әскери отбасыда өмірге келген. Бала кезінен отбасымен бірге әртүрлі әскери гарнизондарда тұрған. 1997 жылы Москвада бұрынғы Патрис Ломумба атындағы Халықтар Достығы университетін бітіріп, «заңгер» мамандығы бойынша диплом алады. 2001жылы жұмыс істей жүріп, РФ Үкіметі жанындағы Финанс Академиясын бітіріп, «экономист» мамандығын алады.

Ол саяси оппозицияға 2000-жылы Ресейдің демократиялық «Яблоко» партиясына енуден бастайды. 2002-жылы осы партияның Москва аймағы кеңесі мүшесі, одан әрі осы партияның Думаға сайлау комиссиясы жетекшісі сайланады. 2005 жылы осы партия атынан Москва қалалық Думасына кандидат болып тіркеледі. Алайда, 2007-жылы партия төрағасы Г.Явлинскийді сынға алғаны үшін партия қатарынан шығарылады.

А.Навальнийдің одан кейінгі оппозициялық қызметі орыс ұлтшылдығымен тығыз байланыста өтеді. Ол 2007 жылы «Народ» ұлттық‑демокртиялық партиясының құрылтайшысы, С.Гуляев және З.Прилепинмен бірге тең төраға болды. Сол кездері А.Навальный көптеген орыс ұлтшылдарымен қоян‑қолтық араласты. Олар: тиым салынған ұлттық‑болщевиктер партиясы өкілі Андрей Дмитриев, «Лимонка» бас редакторы Алексей Волынин, ұлтшылдар П.Святенков, И.Романьков, Е.Павленко болатын.

Навальный сол кезде өзіне «ұлтшыл» деген баға беріп, өзін «ұлтшыл‑демократпын» деп жариялайды. Сөйтіп «ұлтшылдар маршына» тұрақты қатысады. Себебі, 2008 жылдары ол «Орыс халқының 60%-астамы ұлтшылдар, бірақ олар саяси біріге алмай жатыр, олар келесі сайлауларда жеңіске жетеді» деген пікірде болды. Алайда, Ресей ОМОНы оларға қатысты қатаң тәсілдер қолдана бастады. «Русский марш» саяси фактор ретінде ықпалын азайтты. Мүмкін содан болар, Навальный 2013 жылы «Русский маршқа» қатысудан бас тартады...

Бірақ, онда өткізген көп жылдар бекер өтпеген сыңайлы. Өйткені, Ресейдің саяси ойын‑өрнегі де осы бағытқа өзгере бастап, ол «Орыс әлемі» деген жаңа атпен және ресми түрде жалғасын тапты. Сөйтіп, осы саясатқа сүйене отырып, Ресей 2016 жылы Украинаның халықаралық мойындалған бөлігі ‑ Қырым түбегін аннекциялағанда, Навальный журналистердің ол туралы сұрағына "Бір пирогты екі рет жемейді. Қырымда қайтадан референдуум өткізу керек» деп жауап қайтарып, өзі де  Ресейдің империялық саясатына астыртын қолдау білдіретінін байқатты. Сондықтан Навальныйдың беделі КСРО құрамындағы бұрынғы республикаларда төменді деуге болады.

Бірақ, Навальныйдың соншалықты ұлтшыл деуге болмайды дейді кейбір оппозиция өкілдері. Мәселен, белгілі орыс оппозиционері, социолог И.Яковенко өзінің ютуб каналында «Навальный да барлық саясаткерлер сияқты бұқара халықты соңынан ерту мақсатын қойды. Әуелі ол ұлтшылдық сипатта болды. Бірақ, кейін оның көзқарасы мемлекеттік бағытқа ауыса бастады. Ол, сөйтіп, Ресей билігіндегі коррупцияны сынға алды. Ал, соңғы уақыттарды оның мемлекеттікке қатысты көзқарастары өзгере бастады. Ол бірнеше рет Ресей‑Украина соғысына қарсы  «Украинаның 1991 жылғы шегарасын қалпына келтіріп, соғысты тоқтату керек» деген мәлімдемелер жасады. Сондықтан, оның күрескерлік қызметін әділ бағалау үшін, оның ұстанымына эволюциялық тұрғыда қарау керек» деп мәлімдеді. Сірә, мұндағы Яковенконың айтпағы «Навальный империялық мақсатты емес, ең алдымен,  Ресей мемлекеттілігін күшейтуді,  Ресейде демократиялық мемлекет құруды көздеген саясаткер» деген ой болса керек.

Иә, бір жағынан бұл шындыққа жақын. Себебі, А.Навальныйдың соңғы жылдары Ресей билігіндегі коррупцияны әшекерелеуі де осының айғағы десек болады. Ал, өзі түрмеге түскеннен кейінгі жасаған мәлімдемелерінің барлығы дерлік «Ресейді демократиялық мемлекетке айналдыру» тақырыбын көтергенін көпшілік жақсы біледі деп ойлаймыз.

Навальныйды Ұлттық геройға айналдыру не үшін қажет еді?

Навальный 2013 жылы «Мен болашақта Ресей президенті боламн» деп ашық мәлімдеді. Бұл, әрине, сол кездері орын алған «Медведев‑Путин» тандеміне қарсы жасалған батыл қадам болатын. Міне, сол кезден бастап оның «саяси статусы» өзгереді. Енді ол «билікті сынаушы оппоненттен» «билікке таласушы оппонентке» айналады. Халық та оның бойынан «Мемлекет басқарушы тұлғаға сай қасиеттер» іздей бастайды. Навальный өзінің бар әрекетімен, өзімен осы талап үрдісінен шығып, өзінің ерекше саяси образын жасай алды. Бұл, шынында да, өте тәжірибелі әрі білгір саясаткердің, сонымен қатар өз ісіне мығым, сенімді әрі батыл қайраткердің қолынан ғана келетін әрекет еді. Сондықтан, Ресейде А.Навальныйды қолдаушылар саны күрт көбейді ‑ ол өзінің бір ғана ұранмен қалалардың алаңдарына мыңдаған адамдарды митингілерге жинай алатын тұлғаға, астарлы түрде айтсақ, «Ұлттық геройға», немесе, «Аңыз адамға» айнала бастады. Оны Ресейдің әр қалалардағы оппозиция өкілдері өзіне шақыра бастады... Мысалы, 2017 жылы Ресейдегі президенттік сайлау алдында, ол Ресейдің 27 қаласында болып, онда ірі митингілер өткізді. Бұл билікті қатты қорқытты. Сөйтіп, сол жылдың 27 желтоқсаннда Ресей ОСК‑і оны президенттік сайлауға қатысу эстафетасынан шығарып тастады. Навальный сайлау штабының «сотқа жүгіну» әрекеттері еш нәтиже берген жоқ.

Ресей Навальныйдың халықаралық беделін қалай көтерді?  

Навальный одан әрі де өз күресін жалғастыра берді. Бұл «Навальныйдың көзін жою» операциясына алып келді. Оны бәріміз бүге‑шігесіне дейін жақсы білеміз – қайталап жатпаймыз. Бірақ, Навальныйды 2020 жылы 20 тамызда «новичок» деп аталатын умен улау – оның беделін, тіптен, халықаралық деңгейге көтерді десе болады. Оны Германияға апарып, «Шарит» госпиталінде емдеп, аман алып қалады. Оған бірқатар батыс елдері «саяси қуғын көруші» статусын беріп, шет елде қалуына мүмкіндік жасайтыны туралы ұсыныстарын да білдіреді. Бірақ, Навальный 2021жылдың 17‑қаңтарына Мәскеуге қайтып оралады. Ол келе сала аэропорттан тұтқындалады. «Сотты бола тұрып, сот аймағын тастап кетті» деген баппен, оның үш жарым жылдық шартты жазасын түрмемен алмастырады. Сөйтіп, А.Навальныйдың қайсар‑күрескерлік жолының соңғы фазасы басталды: 2021 жылдың мамыр айында құқыққорғаушы Amnesty International ұйымы Навальныйға «ар‑ождан тұтқыны» (узник совести) статусын береді. Европа парламенті 2021жылдың қазан айында оған Евроодақтың  басты сыйлығы «академик Сахаров атындағы сыйлықты» береді. Ал,  2022 жылы оны Нобель силығы номинациясына ұсынады (тірі болғанда оның Нобель силығын алуы әбден мүмкін еді деп ойлаймын).

Иә, кеше ғана Ресейде оппозиция өзінің көшбасшысынан айырылды. Навальный есімі – Ресей демократиялық қозғалысының соңғы үміті еді - сол үзілді... Ол өмірден өтті... Алайда, оның өлімі адасып жүрген көп адамның көзін ашып жатыр...  Жалпы, "көзсіздік пен соқыр кеуде" барлық тиранияға тән қасиет пе деп ойлаймын. Тарих ‑ әлемдегі ең қатерлі апат «тирандардың жанының шығуы және олар құрған керегенің қирауы» екенін үнемі дәлелдеп келді... Әлі де дәлелдей беретін түрі бар!..

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

43 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5608