Жексенбі, 21 Сәуір 2024
Билік 1124 21 пікір 7 Наурыз, 2024 сағат 15:40

Әлихан Бөкейханды лайықты деңгейде ұлықтайық!

Нағыз Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханды лайықты деңгейде ұлықтайық! Кеше Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын Азат Перуашев жариялады. 

Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О.Бектеновке!

Күні кеше ғана 5 наурызда баршамыз ХХ ғасырдың басындағы қазақтың Ұлт көсемі, «Алаш» Республикасының негізін қалаушысы және басшысы, Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігінің хабаршысы – Әлихан Бөкейханның туған күнін атап өттік.

Бұл күн ресми мереке болмаса да, мыңдаған ұлтжанды азаматтар, оның ішінде «Ақ жол» Демпартиясының мүшелері, бір-біріне осы датаға арналған құттықтаулар жіберіп жатты.

2016 жылы, Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы ЮНЕСКО Бас Ассамблеясының шешімі негізінде дүниежүзілік деңгейде атап өтілгені белгілі.

Сонда да, «ескі» Қазақстанның билігі, Әлихан Бөкейхан мен «Алаш» Республикасының атаулары мен істерін үнсіз қалдыруға тырысып, аталған мерейлі іс-шаралар лайықты түрде өткізілмеді.

Сонымен қатар, 2019 жылға дейін, «Ақ жол» фракциясының «Алаш» жөніндегі сауалдарымыз жарияланған сайын, бізді бұл тақырыпты көтермеуге көндіруге тырысты.

Тек, жаңа дәуірдің келуімен ғана, «Алаш» тақырыбы мен Алаш арыстарының ерлігі ресми деңгейде мойындалып, қолдауға ие болды.

Келе жатқан, 2026 жылы Алиханның 160 жылдығының қарсаңында, «Ақ жол» Демпартиясы Үкіметке осы жол бұл мерейлі датаның лайықты бағдарламасын даярлауды ұсынуда.

Біздің ойымызша, сол бағдарламада Республика Тәуелсіздігінің, заманауи қазақ мемлекеттілігінің, жер тұтастығының тарихи тамыры мен өзектілігін насихаттауымыз қажет.

Сонымен қатар, ХХ ғасырдың басында, Азаттық пен жер тұтастығы үшін күрескен Алаш Орда арыстарының тарихи орнын да көрсеткеніміз жөн.

Осыған қоса, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының ұсыныстарын да жіберудеміз.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

А.Перуашев,
Д.Еспаева,
Қ.Иса,
Е.Барлыбаев,
А.Садыков,
Е.Бейсенбаев.

Abai.kz

21 пікір