Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 10213 0 пікір 22 Қараша, 2013 сағат 04:56

Табылды ДОСЫМОВ. «Атыраудың алабының бәрі есте...»

Бар болғаны 45 жыл өмір сүріп, «оянбай қалған» бард-ақынның өлең-жырлары оқырманының әрқайсысының жүрегін әлі де жылытып жүр. Ақынын сағынған жұрты Атырау мен Алматы арасындағы шаһарларда түрлі шаралар ұйымдастырып, еске алумен келеді. Табылдының жылы болар уақытта «Із тастап аққан бір жұлдыз...» атты кітабының да жарық көргенінен оқырманы хабардар. Газетімізден орын берген бұл өлеңдерді сол кітаптан іріктеп алдық...

ТАБЫЛДЫҢ ӘНІ

Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,

«Қозым-ау», – деші күлімдеп Баяндай маған.

Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме,

Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам.

Оянбай қалам, бұл шындық, ұрыспа қарғам,

Шөлмек-тірліктің белгілі құлай сынары...

Гитарамды алып елеусіз бұрышта қалған,

Бауырыңа басып, егіліп жылайсың әлі.

Жүректе – ызғар, баста – мұң, көңілде – қырау,

Оңай ма, жаным, жаныңды қайғы ауыртқасын.

Жүретін кезім бола ма өмірде мынау,

Шараптан емес, шаттықтан айналып басым.

Жанардан ұштың, бақытым, базарым едің,

Ақ арман неге қол бұлғап шақырмайды алдан?

Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме,

Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам.

Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,

«Қозым-ау!», – деші күлімдеп Баяндай маған.

Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме.

Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам.

САРАЙШЫҚ

Көңілім ауып осынау ғаріп қалаға,


Бар болғаны 45 жыл өмір сүріп, «оянбай қалған» бард-ақынның өлең-жырлары оқырманының әрқайсысының жүрегін әлі де жылытып жүр. Ақынын сағынған жұрты Атырау мен Алматы арасындағы шаһарларда түрлі шаралар ұйымдастырып, еске алумен келеді. Табылдының жылы болар уақытта «Із тастап аққан бір жұлдыз...» атты кітабының да жарық көргенінен оқырманы хабардар. Газетімізден орын берген бұл өлеңдерді сол кітаптан іріктеп алдық...

ТАБЫЛДЫҢ ӘНІ

Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,

«Қозым-ау», – деші күлімдеп Баяндай маған.

Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме,

Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам.

Оянбай қалам, бұл шындық, ұрыспа қарғам,

Шөлмек-тірліктің белгілі құлай сынары...

Гитарамды алып елеусіз бұрышта қалған,

Бауырыңа басып, егіліп жылайсың әлі.

Жүректе – ызғар, баста – мұң, көңілде – қырау,

Оңай ма, жаным, жаныңды қайғы ауыртқасын.

Жүретін кезім бола ма өмірде мынау,

Шараптан емес, шаттықтан айналып басым.

Жанардан ұштың, бақытым, базарым едің,

Ақ арман неге қол бұлғап шақырмайды алдан?

Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме,

Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам.

Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,

«Қозым-ау!», – деші күлімдеп Баяндай маған.

Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме.

Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам.

САРАЙШЫҚ

Көңілім ауып осынау ғаріп қалаға,

Түбінде жатқан түмендей тас тұмандардың.

Сарайшық барсам, сартап мұң сарып санама,

Бабалар қолын созады астынан жардың.

Бабалар қолын созады жардың астынан,

Жайратқан неткен, япыр-ай, қара күш едік.

Ызыңдап жеткен алыстан қаңғыбас бір ән,

Шер болып менің кеудемде алады шөгіп.

Шер болып менің кеудемде шөгіп алады,

Қаңғыбас бір ән қайырылып, қиырға кеткен.

Кеңірдегімде олардың қолы қалады,

Зәзузаттарынан зарығып мейір дәметкен.

Мейір дәметкен зарығып зәузаттарынан,

Тексіз ұрпақтан болғасын бабалар ада.

Шығандап кетіп, оқимын аулақта Құран,

Бетімді беріп бейкүнә мола – қалаға.

Сарайшық барсам, зұлымдар қиратқан алып,

Сүйектер қалған көмусіз қатарға беттей.

Тұншығып жатам түсімде зиратта қалып,

Сол құрбандардан арылып, шаһарға жетпей...

ЖҰМЕКЕШТЕНУ ТЕОРИЯСЫ

Түске дейін – қызыл көйлек, түстен кейін – көк көйлек,

Ойламаңыз ол кездері Жұмекештер көп қой деп.

Заман да сол құбылмалы: кеше қызыл, бүгін көк,

Көз алдымда лапылдайды қызыл-жасыл шоқтай боп.

Сол Жұмекеш апам еді, адай еді «айыбы»,

Тербелді оның көңілінде – Жайығында қайығы...

Маңғыстаулық Ақбөбектің жан досы еді сол апам,

Ғашық болған Ақбөбекке Қорабайдың Қайыбы.

Әнге сыймас Ару-Бөбек Иран асып кетті, өлді,

Ең алғашқы кәмпескеде адай қысым көп көрді.

Ал Жұмекеш Нұрмағамбет деген байдың қызы еді ол,

Бай тұқымы біздің жаққа «аткәшәунік» боп келді.

Лак жағылған туфлидің қос тағасы сыртылдап,

Хиуада соқтыратын ай сырғасы жарқылдап.

Индербордың көшесінде апам келе жататын,

Ақ шарықты төбесінде, әдіптелген алтындап.

Сөйлеп кетсе табатұғын қара сөздің жүйесін,

Паңдық біткен бай қызына амалсыз бас иесің.

Шал үстінен шалға тиіп алпыс тоғыз жасында,

Сағиденге әкелді екен қанша байдың түйесін.

Мәтөк кемпір келе жатыр деп күлер-ау кіл жаман,

Қарға бойлы қазақпыз ғой ыржалаң да ыржалаң.

Жылдар өлді, ғасыр келді, бірақ та сол баяғы,

Жұмекештің көйлегіндей құбылады бұл заман.

СЕН КІМ ЕДІҢ?

..Мен тастап кеткен қыз сыртыңнан,

Отырам кешірім сұрап мен...

Марат Отарәлиев.

Ол ақынды көрге бір-ақ тепкенбіз,

Ол ақынсыз өтіп жатыр көктем, күз...

Келді менің енді өзіңді бір көргім,

Сен кім едің, Марат тастап кеткен қыз?!

Сені іздеп пәк көңілім шынайы,

Сен кім едің, қыз біткеннің Құдайы?!

Қай қиырдан табыласыз енді сіз,

Белгісіз,

Бір ағайдың жұбайы.

Таныр болсам сен кім едің демес ем,

Ақынға жар бола алмадың неге сен?

Талай жанды дүниеге әкеліп,

Абайжанды таба алмаған жеңешем...

ШЕКАРАДАҒЫ КҮЗ

Жапырақтар...

Желге ұшқан жапырақтар,

Сағынышты солдаттың хатын ап бар.

Мәрт табиғат білдіріп күз келгенін,

Жер бетіне жіберіп жатыр ақпар.

Жауады жапырақтар...

Жасыл бақты, жайқалған даладағы,

Сұрсыз әлем келеді тонағалы.

Күздің қоңыр белгісін шекарадан,

Өткізбеуге солдаттың жоқ амалы.

Толғатады дүние, толғатады,

Мұңға толы неліктен солдат әні?!

Табиғаттың киіп ап сұр шинелін,

Бір қоңыр күз келеді Жерге тағы...

***

Жалауы болған жанымның,

Сағындым, бәрін сағындым.

Самала жерге жон төсеп,

Жатыр ма екен Нарын құм.

Айта алмай тілім күрмеліп,

Көмейге жырлар жүр келіп.

Шіркін-ай, қайтсам арман не,

Жайықтың бойын бір көріп.

Жатырқап таудың бөктерін,

Жабыққан кезім көп менің.

Қойнында құздың жатып ап,

Аңсаймын қырдың көктемін.

Шалғайда болып несібем,

Шығандап кетсем несі мін?!

Бозбала дала іздейді,

Боздала деген бесігін.

***

Жаңбыр жауса,

Қататындай Алматы үн,

(Көкірегіне қалдырыпты мәңгі атын)

Мұңданады туған жерден кете алмай,

Тұлданады жетеріне жете алмай,

Шырмалады жер-шідерге сорлы ақын.

Алматысыз жетпейтіндей бірдеңе,

Қайғы-құмда қайырлауда жыр-кеме.

Тума бауыр тапса-дағы көңілін

Торығумен өткізуде өмірін

Туған ауыл дейтін «Ұлы» түрмеде...

Арман ойы болғанменен мәңгі ұлы,

Алматымен тоқайласпай тағдыры.

Кеселі көп, нөсері жоқ өлкеде

Сағыныштан жан-жүрегі өртене

Жанарының тыйылмайды жаңбыры...

АҒАҒА АЙТЫЛМАҒАН СЫР

Кешір, кешір,

Ағажан, кешір мені,

Еске түстің Күнімді өшіргелі.

Кешір, сенің алдыңда кінәлімін,

Басқалардан болсам да көш ілгері.

Махаббат-ай,

Жастық-ай алақашпа,

(адам деген байыптап қарамас па?!)

Ерегесіп бір ару сүймеді деп,

Ажалыңмен көрістің дар ағашта...

Өз-өзіңе қыз үшін кекті болып,

Дар алдында күйініп, кеттің өліп.

Бірақ...

Сені түсінген ол болды ма,

Тұрмыс құрды басқаны епті көріп.

Байлам жасап Мәжнүндер жайында оңай,

Ұқпадым ба мен сенің ойыңды ағай.

Ғашықтар бар, махаббат бар дегенді,

Жүрдім сол кез әйтеуір мойындамай...

Сырғып күндер көп өтті, сырғып апта,

Түсерімді ойламай бір күн отқа.

Серуендедім бір қызбен қол ұстасып,

Сендер жүрген бір кезгі түнгі бақта.

Жүрген кезде жаңа бір жолға асығып,

Орта жолда сүріндік,

«Арба сынып».

Сонда ғана түсіндім, аға, сені,

Қалғым келді менің де дарға асылып...

БАБЫР САЗЫ

(Үш буынды топтама)

ХV-ХVІ ғасырларда өткен өзбек халқының шайыры, Шығыс сөз зергерлерінің бірі БАБЫР ЗАХИРИДИННІҢ туған еліне деген сағынышты сезімдері.

1. ГӘЗЕЛ

Күміс күнге кеудесін ашып күлген,

Кең арналы өзенге ғашықпын мен.

Ақ сағымға оранған айдаланың,

Айдарынан келеді аймалағым.

Боз далада бұйыққан бұйрат құмдар,

Биік арман жаныма сыйлаттыңдар.

Өзің барда өркенді ел – көк терегім,

Мен ешкімге келмейді өкпелегім.

Қараша үйге кетсем бір амандасып,

Бір сұлуы бар еді маған ғашық...

2. ҚЫТЬӘ

Сарғайса көңіл зарығып,

Сағыныш отын баса алмай.

Бұлқынып ақын жүрегі,

Атойлап таулар асаудай.

Шалқыса көңіл қамығып,

Қапыда мұңға батармын.

Шерімді менің бөлісіп,

Дір етер ішегі дутардың.

Қалқыса көңіл шаттанып,

Оянар шабыт бойдағы.

Сарығып туған сары өлең –

Сағынышымның айғағы...

3. ФАРД

Сарғаяды, бәрі де көнереді,

Көнермейді ақынның тек өлеңі...

ШАЙЫРДЫҢ ШАБЫТСЫЗ ШАҒЫ

Тағы да қаламыма сайтан сарын,

Бір өлең жаза алмадым сойқан салып.

Жеріген төсегінен жезөкшедей,

Келмеді бүгін тағы сайқал шабыт.

Бір өлең жаза алмадым бүгін емге,

Түгі жоқ бедеу түннен түңілем бе?!

Кез болып қалам ба деп шабыт сені.

Іздедім бөтелкенің түбінен де.

Шалдығып, шарап ішіп басы ауырған,

Шайырды емдер болсаң, бүгін емде?..

Шабытсыз болып қалып қуыс кеуде,

Сені іздеп барға барып у ішкенде.

Мен талай сен келер деп алаңдадым,

Бокалдар сыңғыр қағып түйіскенде,

Түйісіп, бір-бірімен сүйіскенде.

Ақын ем өлеңге артқан базынасын,

Маңдайға қашан енді жазыласың.

Миымнан мың сан ойлар ұшып кетті,

Өзіңді күте-күте қажығасын.

Ей, шабыт, шының ба бұл, ойының ба?

Өзенге жоқ-ау сенің тойымың да...

Тағы да сойқан салып, сайқал шабыт,

Жатырсың қай ақынның қойынында?!

МОЙЫНДАТУ

Қара түнге қайрадым намысымды:

Маңайлаттым мұң ішіп алысымды.

Шыр еттім де, шектеулі сапар шеккем,

Орда жетпей қамшының сабы сынды.

Қол бұлғарда қайғымменен реңдес Күн,

Жұлдыздарды доғалған түгендестім.

Падишасын жоқтады патша көңіл,

Тәңір жаққа тепсінді күрең бестім.

Жігер отын жандырдым шапшаң барып,

Бұрын тоқтата алмап ем тоқсан налып.

Күреңімді қамшысыз көкке өрлеттім,

Көсіп-көсіп аттым да... шақшамды алып.

Көкке қарай кер мінез байқатқасын,

Енді кімін жіберіп айтақтасын.

Көптен бері көрінбей кеткен Құдай,

Көк жүзінде тұр екен шайқап басын...

БИІКТІК

«Тау баласы тауға қарап өседі...»

Т.Молдағалиев.

Ұнатады шыңға көңіл шырқауды,

Таулары жоқ төбемізден бұлт ауды.

Толағай боп туылмадым, әттең-ай,

Атырауға әкетер ме ем бір тауды...

Шыңды армандап төбесі көк сүзгілер,

Экраннан Эверестке үздігер.

Обаны – адыр, адырларды төбе деп,

Төбелерді тау деседі біздің ел.

Тартыспай-ақ Ғамзатовтай көкеммен,

Тау ұлы емес, қыр ұлы боп өтем мен.

Осы қырда төбешіктей Аналар,

Дүниеге таудай Ұлдар әкелген.

Ерліктері айналмайтын елеске,

Атыраудың алабының бәрі есте.

Ереуіл атқа ерін салған егесте,

Махамбеттің өзі бір тау емес пе?!

Жанарында жасын ойнап керемет,

Жауған оққа қарсы шапқан, себелеп.

Санаң болса қалай ғана айтарсың,

Нысанбаев тау емес ед, төбе деп.

Тау ұлдары тауда нағыз сырбаздай,

Жүздерінде шабыт оты жүр маздай.

Біздің қырда қыдырса егер бір жаздай,

Талай ақын кетер ме екен жыр жазбай...

Алты Алаштың алыптары берсе дем,

Таусыз ғұмыр кешеріме мен сенем.

Биіктікті, айналайын, туған ел,

Қыранының қанатымен өлшеген.

Бір құдірет тұла бойда тасқанда,

Құлаш ұрмай тауға, шыңға, асқарға,

Қыр баласы тауға қарап өспейді,

Қыр баласы қол созады аспанға...

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340