Оспан РАҚЫМБЕК. Тәжиннен тажал жасау кімге тиімді?
«Назарбаевтың жүрісі», «Назарбаевтың тапқырлығы», «Назарбаевтың рокировкасы»... Осы тақілеттес сөздерді билік эшалонында кезекті ауыс-түйіс болған сайын естіп жатасыз. Мемлекет басшысының логикасын тап басу жолында бәйге ұйымдастырылғандай-ақ, күрделі терминдер қолданып жаппай түсіндіру жұмысына кірісіп кетеді біздің білгіштер. Кеше ғана Сүлейменовтің орнына Тәжин, Тәжиннің орнына Саудабаев келген кезде де дәл осылай болды.
«Назарбаевтың жүрісі», «Назарбаевтың тапқырлығы», «Назарбаевтың рокировкасы»... Осы тақілеттес сөздерді билік эшалонында кезекті ауыс-түйіс болған сайын естіп жатасыз. Мемлекет басшысының логикасын тап басу жолында бәйге ұйымдастырылғандай-ақ, күрделі терминдер қолданып жаппай түсіндіру жұмысына кірісіп кетеді біздің білгіштер. Кеше ғана Сүлейменовтің орнына Тәжин, Тәжиннің орнына Саудабаев келген кезде де дәл осылай болды.
Қайырбек Шошанұлы жас шамасы келіп қалған адам, бәлкім шаршаңқыраған болар, Саудабаев қашанда әміршіге сүйкімді жан, министрлікке сұранған шығар... Мұндай қарапайым, пендешілік қисындар түгелдей ысырылып тасталды да, бұл жолғы тағайындаулардың «тәтті-дәмдісі» түгелдей Тәжин мырзаға арналды. Марат Мұхамбетқазыұлының «ауыр салмақты ойыншы» екені, «сұр кардинал» екені, «модератор» екені «түгелдей дәлелденді». Назарбаев шешімі осы Тәжиннің асқан кемеңгер ақылын пайдалану тұрғысына ғана негізделгеніне, неге екені, бәрі бірдей сенімді. Президент таңның атысы, күннің батысы білгір сарбазын қайда салсам деп сары уайым жеп жүргендей көсіледі. Біреулер: «ЕҚЫҰ алдында уәдені Тәжин берген болатын, ертең соны еуропалықтар сұраған кезде ұялып қалатын болғандықтан, оның орнына не айт десең соны арланбай айта беретін Саудабаев қойылды» деген қисын келтірді.
Қашаннан бері біздің билік бет моншағы үзіліп, қыздай сызылып қалған еді? Адамның моральдық тұлғасын ойлап, абыройын қорғау қасиеті біздің билеушіге қашан жұғыпты? Айт дегенді айтпай, Тәжиннің демарш жасаған кезі болып па еді? Мұндай сауалдар ескерусіз қалған.
Жалпы сарапшылардың бағыты - Марат Тәжин туралы стеоротиптің төңірегінен көп аспайды. Оның Қауіпсіздік Кеңесіне хатшы болуы ішкі саясатты, ішкі элитаны реттеу жолындағы қадам деген пікірлер жиі естіледі. Нені реттеу керек, қалай реттемек, күш алып алған саяси‑қаржылық топтар оған ерік бере ме, президент оған, яғни, реттеуге мүдделі ме екен өзі? Бұл - белгісіз.
Оппозиция да оған көп шүйлікпейді. Кешегі 2001 жылғы саяси дағдарыста ҚДТ-ға тілекші болды деген дақпырты бар. «Ал ол тілекшілігі нақты қандай қадамынан көрінді?» деген сауал тағы да шетте қала береді. Алтынбек Сәрсенбайұлы өлтірілгенде қорықпай көңіл айтқаны есте. Мыңдаған адаммен бірге, Иманғали Тасмағамбетовпен бірге... Біздің елдің балаңдығы да осында - саясаткер тұлғасын талқыға салғанда оның ұстанымы мен нақты әркекетін емес, жеке қылықтарын өзіміз ойлағандай етіп сипаттауға, қабылдауға бейімбіз.
Мәселен, Тәжин тұлғасын ұлтшылдардың ұнататыны - оның әкесі қазақ тіліне жанашыр болған екен. Қайраткер болған деседі. Бірақ, ол Марат мырза емес, Мұхамбетқазы мырза ғой. Түйенің өзі - түйе, құмалағы қашан түйе болып еді? Марат Тәжиннің ұлттық құндылыққа жанашыр болған кезі есте жоқ. Тіпті, өз ана тілінде ойын жеткізе алмайтын бейбақ. Әкесінің ұлы болса, әкесі сыйлаған, әкесі қорғаған құндылықтарға неге өз басы ұмтылмайды?
Назарбаев режимінде билік деген дүние тылсым бір сипатқа ие болып бара жатыр. Кез келген аса лауазымды орынтақ еңбекпен, кәсіби білікпен жететін биік емес, билеушінің қалауымен болатын сыйқырға айналды. Ондай орын адамды өзгертіп, отырған жанды баршаның көз алдында пұтқа айналдыра бастайтындай. Жай жұрт түгілі, сарапшы-шолушылардың өзі сол сакральды қасиетке елтіп кететіні бар. Назарбаев, Әбіқаев, Қалмырзаев, Құлыбаев, , Тасмағамбетов, Тәжин... Енді тағы кімі бар екен?..
ТАБЫСЫ ӨСКЕН ЕЛ ТОЙЫНСА КЕРЕК ЕДІ...
Соңғы бірер аптада ел президенті халық алдына екі рет шықты. Конституция күніне арналған әскери шерудің ашылуында һәм парламенттік сессия үшінші отырысын бастаған кезде сөйледі. Екі ретінде де әдеттегідей, биліктің әкелік қамқорлығы мен соның арқасында елдің қалай қарыштап дамып бара жатқаны сөз болды.
Мемлекет басшысының аузынан: «Соңғы 14 жылда елдің экономикалық қуаты 8 есеге, ал тұрғындардың табысы 17 есеге артты» деген сөздер шықты. Неге он төрт жыл бұрынғы, яғни, елдің ең қиналған 1994-1995 жылдардағы кезімен салыстырғаны түсініксіз болып қалды. Ол кезде долларға шаққандағы орташа зейнетақы деңгейі - 25-29 доллар болатын, ендеше мұны есептеуге, еселеп өскенін көрсетуге ыңғайлы теңеу ғана демеске лаж жоқ. Қызыл сөз үшін. Ал кейінгі Парламент сессиясының ашылуындағы сөзінде: «зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің 3 есеге, стипендиялардың 6 есеге өскенін» тілге тиек етті. Осы жерде заңды сұрақ туындайды: егер, елдің экономикалық қуаты 8 есе өскен болса, неге зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер 3 есеге ғана өскен?
Дағдарыс атты аждаһа әлемнің есігінен сығалағалы бері түрлі көңіл-күйлерге куә болып жүрміз. «Елу елдің бірі болу мүддеміз, Елі сүйген елбасымен біргеміз» деп тақпақтатып жүрген тау жыққан екпініміз саябыр тартты. «Бәсекеге қабілеттілік» деген сөздерден гөрі, «дауылда жығылмай әупірімдеп тұрып қалу, оған мемлекет тарапынан көмек керек» деген ыңғайдағы сұрамсақ сөздер көп естіле бастады. Дағдарысқа қарсы күреске деп бөлінген 19 миллиард доллардың 80 пайызы банктер мен алпауыт құрылыс компанияларының аранында жұтылып кетіпті. Олардың қарапайым жұртты осыған дейін жалмап, тұралатқаны аз екен. Астананың сырнайлатып-кернейлеткен пирамидалары мен «ханшатырлары» да «арық атқа қамшы ауырдың» күйін жасауда...
Қиналған жұртты серпілту үшін істелетін шаралар да өз-өзін ақтаудан қалды. Әскери шеру - жап-жақсы бастама еді, оның өзін шіңкілдек министрдің қабылдап алуы намысқа тиіп, рухты жасытты. Ең болмаса әскерге басшыны таңдағанда команда бере алатындай, даусы зорынан таңдамағаны-ай дестік. Ал «Нұр отан» көтерген - шенеуніктердің өз табысын жариялауы жөніндегі бастама жалғасын таппауы - Назарбаевтың қатыспауынан екенін бәрі біледі. Кәлетаев пен Қожамжаров табысын жария етті екен деп әбіқаевтар мен мусиндер қосыла кетеді дегенді кім айтты. Ал, егер, Нұрекең өзі бас болып кәрістің мыс активтеріне ортағы жоғын дәлелдесе, мәсімовтер мен шөкеевтер түгелдей тек айлыққа күн көріп отырғанын елге көрсетіп, бір қызарақтап қалар еді...
Қысқасы, дағдарысекең билік тізгінін ұстаушыларға қатты сын болып тұр. Мемлекеттің дамуын дәлелдеп, табысы өскенін жариялап жарапазандап отыру керек, екінші жағынан сол жаттанды сөздерге сендіріп, қарынның шұрылын естіртпес үшін түрлі даңғаза дәлелдерге жүгінбесе тағы болмайды. Ал дәлел, мысал атаулы азайып барады. Қашанғы қырғыз көршімен салыстыра берерсің? Азуын айға білеп Қытай, құлашын жазып Ресей келе жатыр...
«Қазақстан» апталығы. 09.10. 2009 жыл