Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Саяси портрет 23924 16 пікір 27 Наурыз, 2024 сағат 09:45

АЛАСАТ СОҢЫ – САБАҒАТ

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Бірінші бөлім: Қайсар рухты ғазиз жан

Екінші бөлім: Алтын баладан – алып эпопеяға

Меркіден кейін Алматы Мұрат үшін дәл бір ертегінің шәріндей болды. Екі-үш жасынан бері келіп-кетіп жүргенде «шіркін, осындай ғажайып қалада тұрсам» деген тілегі орындалып, қазіргі Желтоқсан, ол кездегі Ыстықкөл көшесінің бас жағындағы бір қабатты үйде оның арман болған астанадағы тірлігі басталды.

Үлкен қалаға көшу, ондағы зәулім ғимараттар мен құжынаған халық, көшедегі жүйткіген көліктер, ең бастысы – еркін кіріп-шығатын жаңа баспана алты жасар Мұраттың жадында жатталып қалыпты. Ол: «Ілиястың әлі ақталмаған кезі. Шешемізге Алматыда тұруға рұқсат жоқ еді, оның қалай шешілгенін білмеймін, соған қарамастан, бізді Меркіден көшіріп әкеліп, қаладан кішкентай үй сатып алып берді. Үй бір қабатты болатын. Астынан подвал жасап, екі қабатты сияқтандырып алдық. Өзіміз, бала-шаға жабылып жүріп салдық. Ол кездері мен тіпті кішкентаймын, сонда да балшық илеп, кірпіш тасып көмектесетінмін», – деп еске алады алғашқы жылы бастан кешкендерін.

Мұрат Әуезов өзінің мектеп табалдырығын аттаған балғын шағы туралы: «50-60 жылдары Алматыда он-ақ пайыз қазақ тұрушы еді. Алматы қаласы бойынша қазақ тілінде екі ғана мектеп болатын. Бірі – қыздарға, екіншісі ұлдарға арналған. Зиялы қауым мен басшылардың ешқайсысы балаларын қазақ мектебіне бермейтін. Соған қарамастан, әкем мені қолымнан жетектеп, №18 қазақ мектебіне алып барған. Үш жыл сол мектепте оқыдым», – деп жазады.

Шынын айтқанда, бұл кезде атағы жер жарған жазушының өзінде  жайлы баспана болған жоқ. Қазақтың кең даласы мен көшпелі өмірдің жыршысы атанған суреткер тіршілігі қайнап тұрған қаланың қақ ортасында, дәлірек айтсақ, Калинин көшесіндегі 63-үйдің 29-пәтерінде тұрды. Үш қабатты тұрғынжайдың ең үстіңгісінде орналасқан пәтер жаздың аптабында ысып, қыстың қақаған суығында салқын тартып, Алматының төпелеп жауатын жаңбырынан кейін төбесінен су тамшылап, жазушыны әбден ығыр қылғанға ұқсайды.

Әуезов басынан бұлт сейіліп, «Абайдың» қос томы Алматы мен Мәскеу баспаларынан мол тиражбен басылып, қолға жеткілікті қаражат түскенде сол кездегі белгілі сәулетші, Опера және балет театры, Бас почта, Қазақ ауыл шаруашылық институты ғимараттарын жобалауға қатысқан Г.Г.Герасимовке Бас арықтың бойынан (қазіргі Абай даңғылы) екі қабатты үйдің жобасын жасауды тапсырады. Екі жыл қатарынан жүргізілген құрылысты өзі ұдайы қадағалап отырған. Мұхаң інісіндей болып кеткен Ысқақ Дүйсенбаевқа 1950 жылдың 3 қазанында Кисловодскіден жазған хатында: «Ең бір қатты тапсыратыным – бұл Валентина Ивановнаға да, Герасимовке де қатты айтылсын (сен айт) – үйдің төбесі қалың жабылсын – жаз ыстық (шатырдан), қыс суық, жауын өтетін болса, ол үй емес – сор. Бұрын төбесін қалың жаптым дей беретін Герасимов, сонысын әлі қалыңдатсын», – деп салынып жатқан үйдің төбесі қалың болуын айрықша тапсырады. Хаттан бұған дейінгі жайсыз қонысынан тартқан азабы аз болмағаны көрініп-ақ тұр.

Сәтімен салынған үйі Әуезов үшін жайлы, берекелі шаңырақ болып, өмірінің кейінгі 10 жылын әр қазақтың көзіне ерекше ыстық көрінетін осы құтханасында өткізіп, өзінің достарын, шетелдік қонақтарын осында қабылдайды. Фотосуреттер мен кинохроникаларда бейнеленген бұл ғимаратта қазір жазушының мұражайы орналасқан.

Алматы 1926 жылы астаналық мәртебеге ие болып, ондағы қазақ ұлтының үлес салмағы біртіндеп артып келе жатқанда әуелі  ашаршылық, одан кейінгі репрессия, соғыс жылдары ер-азаматтардың майданда шейіт болуынан жергілікті халықтың саны елуінші жылдары күрт кеміп кетті. Сондықтан туғанынан ақ жұмыртқа, сары уыздай әлпештеген әкенің айрықша қамқорлығымен тілі таза қазақша шығып, балғын күнінен қазақ ертегілері, батырлар жырымен ауызданған Мұраттың орысқолды қалаға көндігіп кетуі оңай болған жоқ.

Қазақ өмірінің энциклопедиясын жазған қаламгер ұлының таза ұлттық тәлім-тәрбие алуына анасы Фатима үлкен еңбек сіңірді. Ол қазақ әдеби тілін жетік біліп қана қоймай, қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихынан, ол заманда кәсіби әдебиеттанушылардың бәрі бірдей біле бермейтін ескілікті ақын-жыраулардың еңбектерінен де өте жақсы хабардар еді.

Фатима анамыздың «Собрать и обработать старое литературное наследие» деген орыс тілінде жазылған мақаласында Досқожа, Асан қайғы, Ақан сері, Албан Асан, Бұқар жырау, Сүйінбай, Мұхамеджан Сералин, Нұржан, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Мәди, Алтыбай, Мәшһүр Жүсіп, Нармамбет, Жамбыл, Әубәкір молда, Батыргерей, Базар жырау, Ыбырай Алтынсарин, Молда Мұса, Майлықожа, Нұрәлі, Шәңгерей Бөкеев, Көкбай, Әріп, Бұдабайлардың есімдерін атап (өзі жазған ретпен берілді), олардың ел аузындағы шығармаларын зерттеуді кешіктірмей қолға алуды ұсынады. Ары қарай аталған ақын-жыраулардың шығармаларын жинастыруды Сәкен, Бейімбет, Мұхтар т.б. жазушыларға олардың зерттеу еңбектерінің тақырыптарына қарай бөліп беру керектігі жөнінде нақты ұсыныстар енгізеді.

Қазақ әдебиетінің келелі мәселелеріне қатысты осыншама жұмыстың нобайын белгілеп: «Этого слишком мало. Сбор старой литературы надо вести широкомасштабно, с большими средствами, мобилизовав силы всей общественности», – деген қорытындыға келеді. Отызыншы жылдардың өзінде жазылған мұндай сан-салалы ұсынысты тек қазақ әдебиетін емес, оның проблемалы мәселелерін де өте жақсы меңгерген кәсіби әдебиеттанушы ғалым ғана айта алса керек.

Бес жасында қаріп танып, алты жасында мектеп есігін ашып, жеті жасында судыратып кітап оқитын деңгейге жеткен кішкентай Мұратты Фатима әкесінің шығармашылығына салған. Мұрат аға бұл туралы: «Шешем шұлық тоқып отырып, қолыма «Абай жолын» ұстатып, «дауыстап оқы» деп оқытқызып қоятын. Жеті жастағы мен «Абай жолын» тереңнен түсінбесем де оқитынмын. «Абай жолын» оқып жүргенімді естігенде әкемнің балаша қуанғанын көрсеңіз», – деп жазады.

Мұрат анасы Фатимамен

Мұраттың бірінші сыныпты ойдағыдай тәмамдағанын әкесі азаматтықтың басы деп қабылдаған. Оның Фатимаға 1950 жылдың 19 мамырындағы хатында: «Жақсы күн құтты болсын. Мұратай оқуды азамат боп бітіргеніне қуанамын. Қайырлы болсын», – деп жазады.

Бір қалада тұрып, жиі жүздесуге мүмкіндік туған соң әке мен баланың арасында хат-хабар алысу осымен 1954 жылға дейін саябыр табады. Мұның  екінші себебі: бұл аралықта Мұхаңның басына екі мәрте бұлт үйріліп, тағы да абақтыға жабылу, айдауға кетудің төбесі көріне бастайды.

«Абайдың» алғашқы кітабы соғыс жағдайында жарық көріп, бірден халық ықыласына бөленген соң арызқойлар бұл кітапқа көп соқтыға қоймаған. Шабуыл екінші кітаптан соң белең алды. Сталинге жазылған хаттан кейін олардың пәпігі басылып, пәлеқорлар енді қазақ эпосы, ауыз әдебиеті, Абайдың ақындық мектебіне, Әуезовтің ғылыми-педагогикалық еңбектеріне жармасып, олардан сол баяғы буржуазиялық-ұлтшылдық көріністерін іздеп, сойқанды сала бастайды.

ҚАЙРАН, «АҚЫН АҒА»

М.Әуезов «Абай жолы» эпопеясының «Ақындар ағасы» деген алтын асықтай құйылып түскен бес тараудан тұратын, көлемі 14 баспа табақтық үшінші кітабын Мұрат мектепке баратын 1949 жылы аяқтап, «Әдебиет және искусство» журналының алты нөмірінде (4-9) жариялайды. «Ақындар ағасы» қос кітаптан тұратын «Абай» романының алып эпопеяға қарай бет алғанын көрсетіп, жас Абай, ақын Абайдың ендігі жерде тұтас мектеп қалыптастырып, Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Кәкітай, Тұрағұл сияқты талантты ақындардың ағасына, кемеңгер тұлғаға айналғанын көрсететін кесек туынды болып шықты. Өкінішке қарай, бұл роман да «Қилы заман» сияқты күшігінде таланып, жөргегінде тұншықтырылды. Алақұйын жел тұрып, аласат заман басталды.

Алғашқы екі кітап Сталин атындағы сыйлыққа ие болғаннан кейін арызқойлар оған анда-санда бір килігіп өткені болмаса, бұрынғыдай бітеу сойып, тірідей іреуге батылы бармай, нысанаға үшінші кітапты алады.

Эпопеяның аяқталмай қалуынан қатты сескенген Әуезов дереу журналдық нұсқаға «романда тап күресі жоқ» дегендерге тойтарыс беру үшін «Қарашығынды» қосып, бұрынғы екі тараудың атын да, мазмұнын да жаңартады. Толып жатқан толықтырулар енгізу арқылы роман атын журналдағы «Ақындар ағасынан» «Ақын ағаға» ауыстырып, 1950 жылы Қазақстанда жеке кітап етіп бастырды. Бұл нұсқа да саясат сақшылары мен социалистік реализм әдебиетінің қырағы қорғаушыларының көңілінен шыға қоймады.

1950 жылы басылған «Ақын аға» романы

Бір қарағанда роман атауында көп өзгеріс жоқ сияқты. Егер мағынасына тереңдей бойласаң, үшінші кітаптағы Абай ақын ғана емес, соңынан ерген кейінгі толқын ақындардың ұстазы, ақылман ағасы. Журнал оқырман қолына тиісімен арызқойлар олардың бәрін «ұлтшыл», «байшыл», «буржуазияшыл» деп жаппай айыптауға көшті. Осы кезде Әуезов кітап атын «Ақындар ағасынан» Абайдың жеке өзін сипаттайтын «Ақын ағаға» өзгертуге мәжбүр болады, бірақ сөз мәнісін білген адамға автордың түпкі ойы жаңа атаудан да жарқырап көрініп тұрды.

Әуелгі шабуылды «советтік сөздің сардары» Сәбит Мұқанов бастап, Абайдың ақын шәкірттері Шәкәрім, Көкбай, Ақылбай, Мағауиялардың түгін қалдырмай сынап: «Ақын аға» атты романда бұл шәкірттер тағы да мақталып, романның өзекті уақиғаларының бірін өрбітіп отырушылар болды», – деп ары қарай олардың реакциялық бағытта шығармалар жазғанын, ал Әуезов Абайдың беделін пайдаланып, соларды «майлап» өткізіп отырғанын шайырмалап, бақасуды бастап кетеді.

Сәбең талай мәрте атысып, шабысып, бұрқ-сарқ қайнап жүрген ежелгі қарсылас еді. Оның қаржасуларына еті үйренген Әуезов бақай қулықпен жазылған мақалаға мән бере қоймаған сияқты. Осы кезде саясат сахнасына Қазақстанның бірінші басшысы Ж.Шаяхметовтің өзі шығып, күтпеген жерден зілдей ауыр соққы жасайды.

Ол 1951 жылдың қазанында өткен республика партия ұйымының сегізінші пленумында «Республика партия ұйымдарында идеологиялық жұмыстың жайы және оны жақсартудың шаралары туралы» арнайы баяндама жасап, онда: «М.Әуезов отызыншы жылдардың өзінде «Хан Кене» деген ұлтшылдық пьесасында Кенесары Қасымовты және оның қозғалысын жақтады. М.Әуезовтің 1949 жылы «Әдебиет және искусство» журналында басылған «Ақындар ағасы» деген жаңа романында да Кенесары Қасымовтың өз басын біраз дәріптегендік болды», – деп жаңа романды шенейді («Әдебиет және искусство», 1951 жыл, №10). Сөз арасындағы ишараны оқи білген адамға Шаяхметов баяндамасында М.Әуезовке бір емес, екі бірдей айып тағады. Біріншіден, Әуезов хан Кенені дәріптеуді бүгін емес, жиырма жылдай уақыт бұрын, яғни 30-жылдарда бастаған. Екіншіден, жаңа романында автор баяғы қателігін қайталап, Кенесарыны тағы да көтермелеп отыр.

Ж.Шаяхметов бұған дейін бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлық алған қос томдық «Абай» романынан оның заңды жалғасы саналатын «Ақындар ағасын» бөліп алады. Өйткені «Абайды» сыйлыққа өзі басқарған республикалық партия ұйымы ұсынған. Сондықтан үшінші кітапқа «жаңа роман» деп айдар тағып отыр.

Шаяхметовтің шайтан өрмегі бұл кезде «Ақын аға» деген атпен әбден толықтырылып, «ұлтшылдықтан», «реакциялық кертартпалықтан» арылған кітап нұсқасына емес, журналда басылған «Ақындар ағасына» құрылды.

Шындықты айтар болсақ, Ұлы Отан соғысы жылдарында Кенесарыны мадақтауды ол кезде Орталық Комитеттің қатардағы хатшысы қызметін атқарған Жұмабай Шаяхметовтің өзі бастап берген болатын. Ол 1944 жылдың 18 маусымында «Социалистік Қазақстан» газетінде «Қазақ халқының жауынгерлік дәстүрі» деген насихаттық мақала жариялайды.

Ж.Шаяхметов қазақ халқының ескі замандардан басталған ерлік дәстүрлері мен қаһармандығы туралы таратып айта келіп: «Ел басына ауыр күн туғанда қазақ батырлары әрқашан да қол бастап майданға шықты. Солардың ішінде Абылай, Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесары, Наурызбай сияқты сан батырлардың ерлік қимылдары, қолбасылық шеберліктері ел аузында ертегіге айналды. Олардың өз халқын жанындай сүюшілігі, жауға рақымсыздығы, елінің тәуелсіздігі жолында қасықтай қанын, шыбындай жанын аямай, дұшпанға қарсы жүргізген күресі бүгінгі ұрпақ үшін тамаша үлгі», – деп жазды («Социалистік Қазақстан», 1944 жыл, 19 маусым).

Бұдан артық қандай мадақ болуы мүмкін. Хатшы Шаяхметовтің атап көрсетуінде Кенесары мен Наурызбай ғана емес, оның хан атасы Абылай «өз халқын жанындай сүйген», «елінің тәуелсіздігі жолында күрескен» қолбасшы әрі батыр болып шыққан.

Қазақ ел басына күн туғанда бабалар рухына сыйынып, аруақ шақырған. Екінші жаһандық соғыс басталғанда хан Кененің ертегіге бергісіз қаһармандық жорықтарына бір ғасырға жетер-жетпес қана уақыт өткен. Күні кеше қанды репрессия құрбаны болған ұлы шайыр Мағжан Жұмабаев: «Хан Абылай немересі Кене хан, Аспанға өрлеп заулап жанған өрт екен», – деп зор шабытпен жырға қосқан Кенесары мен түн-түнектен төнген ата жауға қып-қызыл өрттей тиген есіл ер – баһадүр бабалардың даңқы әр қазақтың санасында жаңғырып тұрған.

Шаяхметов мақаласында қол бастаған қазақ батырларының ерліктері «ел аузында ертегіге айналды» дегенді жазғанда бар қазақтың жүрегіне жол тапқан Мағжанның «Ертек, ертек, ертек, ертек – ерте екен, Хан заманы, ер заманы ерте екен» деген ғажайып жыр жолдарының жетегінде кеткенін өзі де байқамай қалған.

Хатшының өзі «бүгінгі ұрпаққа тамаша үлгі» деп тұрған соң Бекмаханов Кенесары қозғалысы туралы келісті монография, ал Әуезов классикалық пьеса жазды. Академик А.Панкратова бастаған ғалымдар Кенесарыға «Қазақ ССР тарихының» бірінші басылымында ұлт тарихы төрінен орын береді.

Кенесары Қасымов

Мақала соңында Ж.Шаяхметов қан майданда шайқасып жүрген қазақстандық жауынгерлердің жауға қарсы қаһармандықпен соғысып жатқанына екпін түсіре келіп: «Бұл күресте оларды бұрынғы өткен ата-бабаларының аруағы жебеп, бойларына қуат береді, күреске құлшындырады. Кенесары, Наурызбай, Исатай, Махамбет, Амангелді сияқты аталары елін қалай сүйсе, халқы үшін қалай қызмет етсе, жауымен қалай күрессе, бүгін отан соғысы майдандарындағы батырлар да елін солай сүйеді, жауымен солай күреседі», – деп Кенесарының есімін бір мақалада қатарынан екі рет атап, елін сүйген, халқына қызмет еткен, жауымен күрескен батыр екендігін, оның аруағы жауынгерлердің бойына қуат беріп, күреске құлшындыратынын тайға таңба басқандай, соқырға таяқ ұстатқандай етіп жазады.

Егер Шаяхметовтің сыны – әділ сын, ал оның өзі принципшіл коммунист болса, жазаны өзі бастап тартуы керек еді. Ал ол сын садағын Әуезовке кезеп, нысанаға Абай мен Кенесарыны қоса алады.

Отызыншы жылдары Солтүстік Қазақстан, Алматы облыстық НКВД органдарында басшылық қызмет істеген, тумысынан аса сақ Ж.Шаяхметов Абылай мен Кенесарының есімін аруақ шақыру үшін айтқан жоқ, өз көсемі – генералиссимус Сталинге еліктегендіктен жасады.

Соғыстың алғашқы айларында айбынды Қызыл армия тас-талқан болып жеңіліп, миллиондаған әскер майдан даласында опат болды. Техникаға негізделген жаңа заман әскери өнерінің теориясы мен стратегиясын жақсы білетін М.Тухачевский бастаған талантты қолбасшылар Сталиннің қанды қасабына түсіп, атылып кеткеннен кейін олардың орнын басқан А.Власов сияқты жарамсақ генералдар жау жағына шығып, сатқындық жасады. Кеңес ақын-жазушылары жабыла мақтаған маршал Буденныйдың шошақ бөрікті конармиясы 1941 жылдың жазына дейін-ақ шілдің қиындай шашылып қалды. Мұздай қаруланып, өңмендей, өршелене алға жылжыған дұшпан Мәскеудің іргесіне тақайды. Мұндайда қолдан жасалған «Клим батыр», «Буденный батырлар» ендігі жерде жауынгерлердің рухын көтеруге жарамайтынын сезген Сталин 1941 жылы 7 қарашада Қызыл алаңда өткен әскери шеруде орыс халқының өткендегі ерлік дәстүрі мен атақты қолбасшыларының даңқына жүгініп: «Пусть вдохновляет вас в этой войне мужественный образ наших великих предков – Александра Невского, Дмитрия Донского, Кузьмы Минина, Дмитрия Пожарского, Александра Суворова, Михаила Кутузова!» – деп ұран тастайды. Осы тізімдегі Невский, Донской, Пожарский орыстың ұлы князьдары тұқымынан, ал Минин өте ауқатты әулеттен шыққан адам болатын. Суворов пен Кутузов та нағыз ақсүйектер тұқымынан еді.

Егер Сталин үстем там өкілдерінен шыққан ұлы князьдар мен өткен заман қолбасшыларының есімін ұранға шақырса, бізге неге Абылай хан мен оның ұлт азаттығы туын көтерген немерелері – Кенесары мен Наурызбайды үлгі етпеске деген оймен Ж.Шаяхметов те аруақты ерлерді қазақ жауынгерлеріне өнеге етіп ұсынады.

Қазақстандық бас коммунисті кейін «дөң айналмай ант атты».

Ж.Шаяхметовтің баяндамасында «Хан Кенемен» қатар Е.Ысмайыловтың «Кенесары Қасымовтың қазақ халқын азат ету жолындағы күресі туралы» монографиясын сын тезіне алып: «Кенесарыны қазақ еңбекшілерінің орыс патша өкіметіне қарсы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі деп дәлелдеуге тырысып, Кенесарының қырғыз халқына жасаған шабуылын ақтағысы келді», – деп дікілдейді. «Батыр Науан» поэмасының авторы Қ.Бекхожинге қарата: «Кенесарының інісі Наурызбайды халық батыры деп көрсетті. Ұлы Отан соғысы жылдарында жазған өлеңдерінде ол қазақ жауынгеріне Кенесарыны еске түсіруді, қазақ халқын қан қақсатқан қанішер жендеттей болуды тапсырды», – деп өзі «халқын жанындай сүйген» деген Кенесарыға «қанішер-жендеттің» қамытын кигізеді.

Шаяхметов Қажым Жұмалиевтің «Батыр Мәлік» деген мақаласына дейін кіжініп: «Х.Жұмалиев Мәлік Ғабдуллиннің батырлығын халықтарды тұншықтырушы Едігенің, реакцияшыл Кенесары ханның және басқаларының қарақшылық зорлықтарынан туғызады», – деп күні кеше ғана өзі «қаһарман» деген хан Кенені қарақшы деңгейіне апарып тастайды. Егер хатшының өзі 1944 жылғы мақаласында олардың ерлігі «бүгінгі ұрпаққа тамаша үлгі» деп хан Кенені көкке көтеріп тұрса, олар неге басқаша жазуы керек? Бұл сұраққа, әрине, жауап жоқ.

Мұндай саяси салмағы зіл батпандай сынның дүмпуі бұдан да зор болатынын жақсы білетін М.Әуезов Шаяхметов сойқанынан ізін суытпай әуелі Г.М.Маленков пен М.А.Сусловқа, ал 1951 жылдың 1 желтоқсанында КСРО Жазушылар одағының төрағасы А.Фадеевке хат жазады. Ол республика партия ұйымының басшысы Ж.Шаяхметов пікірінің орынсыз екендігін, ол романның кемшіліктерінен арылып басылған кітаби нұсқасына емес, қасақана журналдық жарияланымына сілтеме жасап, жазушының сыннан уақытында тиісті қорытынды шығарып үлгергенін көрсе де, көрмегенсіп отырғанына баса назар аударады.

М.Әуезов Одақ жазушыларының басшысына: «Было бы законно сказать о романе так, если он остался в том же варианте 1949 года. Но почему же не упоминается в докладе вариант последний и окончательный, тем более исправленный почти на 40% и изобличающий национализм? Почему не учитывается тот факт, что это последний вариант романа пока что является единственным деловым творческим ответом на критику национализма в Казахстане», – деп ашына жазады.

«Ақындар ағасы» 1949 жылы «Әдебиет және искусство» журналында жарық көргенде Шаяхметовтің Кенесары мен Наурызбайдың қаһармандық дәстүріне сыйынған мақаласының «Социалистік Қазақстанда» жарияланғанына әлі бес жыл да өте қоймаған. Бірақ роман шыға салысымен тағы сол бәз-баяғы «ұлтшылдық» туралы кірапат науқан басталып, кесапат пікір  өріс алғанда жазушы оны орыс тіліне бірден толықтырылған нұсқадан аударуға кіріседі. Нәтижесінде журналдық вариант кітап болып шыққанша баспадағы романға жеті баспа табақтай өзгеріс енгізіп үлгереді, бірақ бұл кезде Әуезовке қарсы бағытталған сынның тегершігі шыр айнала бастаған еді. Қозғалысқа республиканың бірінші басшысы өзі келтірген бұл күмірем кезең тура екі жылға созылып, оның соңы жазушының бас сауғалап Қазақстаннан кетуімен аяқталды.

Тергеусіз, сотсыз «үштіктің» әмірімен кез келген адамды «халық жауы» деп айыптап, ату жазасына кесетін отыз жетінің зұлматы келмеске кетсе де, елуінші жылдары сталиндік репрессияның екінші толқыны басталып кетті. Әуезовті қаралау науқанында қарсы жаққа да жауаптасу мүмкіндігі беріліп, өз білімі мен ұстанымына нық сенген әрі шегінерге жері қалмаған академик-жазушы шабуылға шығады.

Республика басшысы қарғыс таңбасын басып қойған романға Қазақстанда жақтас адам табудан күдер үзген М.Әуезов ендігі күшті романның орысша аудармасына салып, оны тезірек одақтық деңгейдегі беделді журналдардың біріне шығаруға білек сыбана кіріседі. М. Әуезов «Абайдың» үшінші кітабын орысшаға аударудың жай-күйі туралы өзінің ежеттес іні-досы Ысқақ Дүйсенбаевқа 1950 жылдың 3 қазанында жазған хатында: «Мен Москвада ойлағанымнан 20 күндей артық бөгелдім. «Знамя» романымды, жарымын подстрочник күйінде оқыса да, қабылдап алып отыр екен. Қазақша шыққан кітаптағы қалпынан бір бетін артық демей, түгел алыпты, соның үстіне екі-үш жерге азын-аулақ қосымша сұрап еді. Мен өзім қосқан соң жарытып қосайын деп 3/2 етіп жаңа сценалар қосып бердім. Соның қазақшасын да жазып, подстрочнигін де өзім аударып бердім. Қысқасы, 18 күн ішінде орысша, қазақшасы аралас 7 баспа табақ жазып өткердім. Өнімді, шапшаң еңбек болды. Бір топ сыншы мен жазушылар өте ырза болып алды», – деп толық мағлұмат береді.

Хаттан байқалғандай, Әуезов бұл жолы шайқалып, найқалып жүретін Л.Соболевтің жайбасарлығына сенбей, кітаптың подстрочнигін өзі қарап шығып, бірден «Знамяға» өткізеді. «Жарытып қосылған» жеті баспа табақ қосымшаларды да орыс тіліне тездетіп өзі аударып шыққан.  Қазақстанда «Абай жолының» үшінші кітабы сыналып жатқанда оны орыс тілінде Мәскеуден шығаруды тездету үшін Мұхтар амалдың жоқтығынан Леонид Соболевтің көмегіне жүгінуге мәжбүр болады.

«Знамя» журналы басшылығының өтініштері, сын-ескертпелері негізінде Мұхаң Абай көзқарасына орыс достарының тигізген «игі әсері», Ресейде оқыған Әбіштің «прогресшіл» көзқарасының қалыптасуы, Абайдың өз төңірегіндегі Көкбай бастаған «ескішіл топқа» қарсылығы, Базаралы, Дәркембай бастаған кедейлердің тап күресіне араласуы сияқты тақырыптарға жеті баспа табақтай толықтырулар жасайды. Мұхаң «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абайдан – материалист, «Мұқым қазақ баласы, Тегіс ақыл сұраған» Құнанбайдан – капиталист, «Мен білемін, қайтейін, Мұндай асыл тумайды» дейтін Әбіштен – революционер, ойдан шығарылған Дәркембайдың өзінен  пролетариат жасауға ұмтылған аудармашы және журнал редакторының келеңсіз «ұсыныстарын» орындаудан бас тартып, Абай мен Құнанбайдың арасындағы қарым-қатынастың бояуын қалыңдата түсуге мәжбүр болады.

«Знамя» журналының бас редакторы В.Кожевников 1950 жылдың наурыз айында «Абай жолының» үшінші кітабын редакциялау, өндіріске жіберу мәселесіне арналған арнайы кеңес өткізеді. Ресейлік белгілі жазушы Вячеслав Огрызко «Литературная Россия» газетінің 2018 жылдың №27, 28, 29 нөмірлерінде жарияланған «Развенчивая мифы вокруг великой эпопеи Мухтара Ауэзова» атты әдеби-зерттеу еңбегінде осы кеңестің Ресей мемлекеттік әдебиет пен өнер мұрағатында сақталған стенограммасына нақты сілтеме жасай отырып,  әлі күнге дейін «Мұхтар Әуезовтің үлкен досы» деп бағаланып жүрген Л.Соболевтің: «Я встал перед тем, что романа нет и надо писать его заново. Но роман ведь написан, его можно либо зачеркивать и писать новый, либо в рамках существующего романа что-то усовершенствовать. Третьего выхода не может быть», – деп зіркілдеп, жазушының ұзақ жылғы шығармашылық еңбегінің тас-талқанын шығарғанын ашына жазады. Соболев бұдан әрі ар-ұят атаулыны жиып қойып: «Ауэзов чрезвычайно туп на подсказки и принятие подсказок», – деп академик-жазушының ар-намысына тиетін былғаныш сөздерді айтуға дейін барады. Сол заманда ғылым докторы, профессор, академик сияқты абыройлы атақтарға ие болып, «Абайдың» алғашқы екі томы әлем тілдеріне аударылып, дүние жүзін шарлап кеткен Мұхтар Омарханұлына «чрезвычайно туп» дегенді айтқан Соболевтің өзі қып-қызыл ақымақ еді.

Егер Әуезов аудармашының «подсказкаларын» түгел қабылдаған жағдайда қалың оқырман «Абай жолында» ұлт ұстазы, халық кемеңгері деңгейіне көтерілген данышпан Абайдың орнына орыс достары ықпалымен маркстік-лениндік идеяларымен қаруланып, қазақ даласынан коммунизм елесін іздеп жүрген қияли Абайды ғана көрер еді. Журнал алқасында болған талқылауда айтылған Соболевтің жұлмыт сөздерінің шет-жағасын естіген соң Әуезов онымен арасын бірден ажыратып, хат-хабар алысуды мүлде доғарады.

Әдеби ортада қалыптасқан этика бойынша аудармашы авторға ақыл айтпауы керек. Ол автордың ойын дәлме-дәл жеткізу үшін өзі түсінбеген сөздердің төңірегінде кеңес сұрауы мүмкін, бірақ оған «ананы жаз, мынаны ескер» деп ақылдымсуға еш хақысы жоқ. Ұсыныс-пікірді баспа мен журнал басшылығы, редактор мен рецензенттің айтуына болады. Соболев мұндай әдеби, адами этикетті белден басып, ожарлықтан – өктемдікке, баса-көктеуден басынуға дейін барған. Ленинград университетін бітірген Мұхаң орыс тілін Соболевтен кем білмеген, сол себепті көп жағдайда аудармашыға қатысты жұмыстың көпшілігін амалсыздан өзі атқарған.

Әуезов қосымшаларын алған Соболев 1950 жылдың 6 тамызында Мұхаңа хат жазады. Мұны екеуінің арасындағы соңғы хаттардың бірі деп санаймыз. Әуезовтің 50 томдығында олардың бұдан кейінгі хаттары тіркелмеген. Аптығы басылып, беті қайтып, сабасына түскен Соболев бұл жолғы хатын «Дорогой Мухтар!» деп бастап, ұсыныстарын бұрынғыдай өктемдікпен емес, «прошу тебя», «прошу прислать» деген биязы тіркестермен жеткізуге тырысады.

Әуезовтей ақыл-ой алыбын басынуға дейін барған Соболевтің қазақ мәдениеті жөніндегі таным-түсінігі өте тұрпайы деңгейде болған. Соңғы хатта ол Қоңыр әулие маңындағы балбалтастарға қатысты: «Не очень понятно – изваяние ли это или игра природы? Разве казахи высекали из камня фигуры», – деп білімсіз бейшараның сұрағын қояды.

Оның ойынша көк түрік заманындағы бабалары тастан қашалған ғажайып өнер туындылары – балбалтастар жасап, сына жазуын ойлап тауып, соңына тасқа бәдізделген мыңдаған ескерткіш қалдырған қазақтар орысқа бодандыққа дейін мәдениеттен мүлде мақұрым, тіпті алғашқы қауымдық құрылыс адамдары меңгерген тас қашаудың өзін білмейтін жабайы адамдар болған сияқты.

Әуезовтің соңғы хаттағы Соболев ұсыныстарын қаншалықты қабылдағанынан біз хабардар емеспіз, бірақ үшінші томнан кейін онымен шығармашылық байланысты күрт үзіп, ат құйрығын біржолата кескен.

Қайта-қайта туындай берген дау-дамайға байланысты 1950 жылдың аяғы – 1951 жылдың ортасына дейін романға үздік-создық редакторлық түзетулер енгізіліп, оның бірінші бөлігін жариялау 1951 жылдың тамызына белгіленеді. Осы кезде бәрін сырттай бақылап отырған Сәбит Мұқановтың ескі жыны қозып, дауға араласады. Вячеслав Огрызконың жоғарыда аталған еңбегінде Сәбең 1951 жылдың 8 маусымында «Знамя» журналының бас редакторы В.Кожевниковқа хат жазып: «В моем докладе будет подвергнут резкой критике и роман Ауэзова «Ага акынов», перевод которого, насколько мне известно, должен печататься в одном из ближайших номеров редактируемого Вами журнала. Мне известно, что т. Ауэзов внес ряд поправок в перевод, но я беспокоюсь о том, что мог ли он предвидеть те ошибки в его романе, которые я буду разбирать в моем докладе? В скобках замечу, что они вопиющие», – деп романның «Знамяда» басылуына бөгеуіл жасауға тырысады («Литературная Россия», 2018 жыл, №28).

Сол заманда жеке-дара қазақ әдебиетінің төрінде отырған адамның әр қазақтың жүрегіне тым ыстық көрінетін «Ақын ағаны» дәл осылай аяқтан шалуы ұят-ақ болды. Қайтеміз, мұндай да жағдай болған.

Эпопеяның үшінші кітабының алғашқы тараулары «Знамя» журналының 1951 жылғы 8-нөмірінде басылып шығады. Журнал бас редакторының орынбасары В.Катинов 1951 жылдың 13 тамызында Мұхаңа хат жолдап: «По восьмому номеру получаем уже первые читательские отзывы. Все в большом удовольствии», – деген қуанышты хабарды жеткізеді. Хат соңында автор мен аудармашының арасындағы қарым-қатынастың суып кеткендігіне алаңдаушылық білдіріп: «Третьего дня по душам беседовал с Соболевым. Вы переросли его и ушли далеко вперед, но переводчик-стилист, чувствующий душу Вашего творчества, он отличный. От души советую Вам беречь это творческое наследие», – деген кеңес береді. Соболевтің дәлдүріштігінен әбден көңілі қалған Әуезов бұл кезде эпопеяның соңғы томын аяқтап, оған жаңа аудармашылар іздей бастаған. Эпопеяның қорытындылаушы төртінші томы Соболевтің араласуынсыз шықты.

Осы тұста жаңа буын әдебиеттанушылары мен әуезовтанушыларының назарын мынаған аударғым келеді. Әуезов шырғалаң заманда саясат үшін, айтыс-тартыстарда Сталиннің еркесі, «ұлы орыс халқының» өкілі ретінде қорған, қалқан болсын деп Соболевтің есімін «Абай» трагедиясы мен қазақ эпосы жайлы классикалық монографиясына амалсыздан қосақтаған. Ендеше алдағы уақыттарда Әуезовтің келесі көптомдығын дайындау барысында кемеңгердің ұзақ жылдарғы ізденіске толы шығармашылығынан туындаған іргелі ғылыми еңбегі мен «Абай» трагедиясын жазушының жеке-дара авторлығына көшірген жөн.

Бұл – Әуезов алдындағы біздің ұрпақтың парызы.

Ұлы эпопея жазылуының шынайы тарихы мен оның поэтикалық күш-қуатын ашу және жазушының түпкі мақсатын тану үшін Ресей мұрағаттарындағы құжаттарды, оның ішінде эпопеяның 4 кітабын аудару барысында жазушының Сталинге, Маленковқа, Сусловқа жазған арыз-тілектерін, одақтық үлкен журналдар мен баспа басшыларына, редакторларына жазған хаттарын, шығарманы талқылауға арналған стенограммаларды, Сталиндік, Лениндік сыйлық жөніндегі комиссия мен комитеттегі пікірталастарды түгелдей саралап, ғылыми, әдеби сүзгіден өткізу керек. Сонда ғана біз ұзақ жылдар бойы кеңестік саясат жасаған жалған стереотиптерден арыламыз.

Жаңа шығарма аяғын тәй-тәй басқан жас бала сияқты, жан-жағынан демеу күтеді. Оның қадамын ашып, аяғын нық басып кетуі үшін жылы лебізбен демеп, жақсы лепеспен жігерлендіру керек.

Үшінші кітаптың лайықты бағасын беруге Әуезовтің ұзақ жылдардан бергі шығармашылық және отбасылық сыйлас досы, қазақ әдебиетінің ғана емес, өзбек, азербайжан, қырғыз, татар, қарақалпақ әдебиеттерінің де үлкен жанашыры, 1931 жылдан бастап Алматыда тұрған, кейін Мәскеуге оралып докторлық диссертациясын қорғап, профессор атанған, хаттарында «Зоенька милая!» деп үнемі еркелете атайтын Зоя Кедрина араласып, «Известия» сияқты одақтық деңгейдегі беделді басылымда «Путь Абая» атты тереңнен толғаған көлемді мақала жариялап, академик Қ.Сәтбаев айтқан пікірмен ұштасатын: «Роман М.Ауэзова смело можно назвать своего рода энциклопедией дореволюционной жизни казахского народа», – деген биік баға береді («Известия», 1951 жыл, 14 қазан).

З.Кедрина, Е.Лизунова және Мұхтар Әуезов

З.Кедрина мақаласының соңында күрделі психологияға құрылған диалогтар арқылы адам жан дүниесінің қатпарларын ашатын Әуезов сияқты суреткердің шеберлігін аудармашы өз деңгейінде көрсете алмаған деп Л.Соболевтің атына әбден орынды сын-ескертпелер де айтады. Профессор З.Кедрина сол 1951 жылы Әуезов туралы ұзақ жылғы зерттеулерінің нәтижесінде «Советский писатель» баспасынан жазушының өмірі мен шығармашылығын кеңінен қамтитын «Мұхтар Әуезов» атты еңбегін басып шығарады.

Эпопеяның үшінші кітабындағы жазушы табысына «Литературная газета» да жедел үн қосып, онда сол замандағы Ресейдің аса көрнекті әдебиет сыншысы Юрий Либединскийдің «Путь великого просветителя» деген көлемді мақаласы жарияланды. Оның авторы жазушы үш кітап бойына қазақтың ұлы ақыны мен ағартушы образын өмірдің қилы кезеңдері мен сан алуан оқиғаларынан өткізе келе үлкен шеберлікпен сомдағанын талдай келіп: «В целом же следует отметить важный почин, сделанный казахской советской литературой, которая дала монументальный образ великого просветителя своего народа», – деген қорытынды жасайды («Литературная газета», 1951 жыл, 13 желтоқсан).

Әлі орыс тілінде жеке кітап болып басыла қоймаған романға одақтық деңгейдегі үлкен басылымдарда мұндай жоғары баға берілуін Қазақстан басшылығы қолдаудың орнына сол баяғы қаралау, күстаналау бағытындағы қиянатшы әрекеттерін одан әрі жалғастыра түсті.

Мәскеулік авторлар романның жетістіктеріне негізделген көтеріңкі бағаға толы мақалаларын бірінен соң бірі жариялағанда қазақстандық арызқойлар тағы да қарға-құзғындай шулай бастайды. Бұл жолы ұлы жазушыны тұқырту кезегі оның шәкірті, осы кезде академик Әуезовтің жетекшілігімен докторлық диссертациясын дайындап жүрген филология ғылымының кандидаты Митрофан Семенович Сильченкоға бұйырды. Оның еңбегіне Мұхаң қитұрқы мақала жариялануынан небәрі жарты жыл бұрын –1951 жылдың 29 қаңтарында кең көлемде рецензия жазып, диссертанттың жетістіктерімен бірге кемшіліктерін де көрсетіп, ұстаздық көңіл-бейілмен ақыл-кеңестер берген.

Шынын айтқанда, М.Сильченко қазақ әдебиеттану, абайтану ғылымында күні бүгінге дейін асыра мақталып келе жатқандардың бірі. Ол Абайды аударуға да әрекет жасаған. Мұның қалай шыққаны жайлы білгісі келетіндерге Г.Бельгердің «Как академик Митрофан Сильченко переводил Абая» деген мақаласынан оқуға кеңес береміз.

М.Сильченконың «Новый роман об Абае» атты мақаласы «Казахстанская правда» газетінде жарияланды. Обалы нешік, мақаланың бас жағында романның жетістіктері жөнінде мәскеулік авторлардың пікірін қайталай келіп, орта тұсына келгенде нілдей бұзылып: «При достаточно глубоком показе Абая – общественного деятеля – в романе не раскрыт в полной мере облик поэта-новатора. Этот облик рассеян в подробностях и частностях, с трудом воссоздается целостное представление о нем», – деп бұған дейінгі мақтауының бәрін жоққа шығарады.

Ары қарай солақай сынды үдете түсіп: «Роман «Акын ага» фактически построен на буржуазно-объективистской концепции так называемой «литературной школы Абая». Широкие перспективы и связи поэтической деятельности Абая в ней ограничены узким кругом поэтов, общавшихся с ним в быту. Причем в этом кругу и реакционные и прогрессивные поэты действуют, в разной мере, как ученики Абая», – деп шатпақтап, Абайдың ақындық мектебін тас-талқан етеді.

Әрине, Сильченко Қазақстанда басылған «Ақын аға» мен оның «Знамя» журналындағы автордың көптеген өзгерістерімен жарияланған нұсқаның арасында аса үлкен айырма, үштен екіге жуық көлемдегі толықтыру бар екендігінен жақсы хабардар. Өзі қазақша білмейтін автор романды негізінен дәл осы журналдан оқыса да, қателіктерді  қасақана қазақша нұсқадан іздейді.

Мақаланың соңында академик Әуезовтің шәкірті М.Сильченко қарғыс таңбасы сияқты байлам жасап: «Акын ага» не имеет права на распространение, он вводит читателей в заблуждение, извращает действительность», – деген сұмдық қорытындыға келеді («Казахстанская правда», 1952 жыл, 2 ақпан).

Сильченконың аузынан шыққан іріген сөздің «өміршеңдігі» сондай кезінде 1949 жылы «Әдебиет және искусство» журналында жарияланған, «айналасы теп-тегіс жұмыр келіп», Әуезовтей ер данасы «қиыннан қиыстырған» роман бұдан соң Әуезовтің көзі тірі кезінде де, тіпті ол дүние салғаннан кейін де сол таза, асыл күйінде мүлде басылмады.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жарық көрген жазушының 50 томдығында эпопеяның көп өзгеріске түсіп, амалсыз толықтырулар енгізілген үшінші кітабы 24-томға, ал оның 1950 жылы Қазақстанда «Ақын аға» деген атпен жарық көрген бастапқы нұсқасы 26-томға топтастырылды. Осы томға түсініктеме жазған әуезовтанушы Т.Әкім роман жарияланған «Әдебиет және искусство» журналының алты нөмірінің тек біреуі (№7) ғана сақталып қалғанын, «өзге сандары жоқ» екендігін көрсетеді. Бұл «Ақындар ағасы» сияқты «зиянды кітап» жариялаған журнал нөмірлері Қазақстан кітапханаларынан түгелдей жинап алынып, пышаққа түскенін айғақтайды.

Әуезовке қарсы бағытталған қаралау науқанын республика партия ұйымының жүйелі түрде ұйымдастырғаны 1953 жылдың 30 қаңтарында Кеңес Одағының бас газеті – «Правдада» жарияланған Павел Кузнецовтың «Величание вместо критики» деген мақаласынан айқын аңғарылды. Мақала авторы Павел Кузнецов – қазақ әдебиеті тарихында Жамбылды орысша сөйлеткен талантты аудармашы ретінде көп насихатталған адам. Шығыс Қазақстанға жер ауып келген кержақтардың арасынан шыққан бұл қатардағы журналист баспасөзде сатылап өсе жүріп, 1943 жылы «Правда» газетінің әскери тілшісі деңгейіне көтеріледі. Кеңес коммунистерінің бас газетінде партия тапсырмасын тап-тұйнақтай орындап, табан аудармастан жиырма жылдай қызмет істепті.

Ол отызыншы жылдардан бастап Жамбылды орысша аудара бастаған, бірақ Жамбылды жыр алыбы еткен Кузнецов та, оның әдеби хатшылары да емес, қазақ поэзиясының Сыпыра жыраудан Сүйінбайға дейін үзілмей жеткен ғажайып дәстүрі еді. Ақиқатын айтар болсақ, П. Кузнецовтың аудармашылығы «Правданың» насихаттық мақаласының деңгейінде ғана еді. Жәкеңнің «Ленинградтық өренім, Мақтанышым сен едің» деген батырлар жырындай төгіліп тұрған өлеңін Кузнецов газет мақаласының тақырыбындай: «Ленинградцы, дети мои, Ленинградцы, гордость моя», – деп сірестіріп аударғанын тәржіме өнерінің шыңы деуге бола қоймас.

Жыр алыбының көлеңкесіндегі Кузнецов

Ең өкініштісі, П. Кузнецов Мұхаңның шығармашылығын ғана емес, өзін де жақсы білетін. Олар осы мақала шыққанға дейін ұдайы хат-хабар алысып тұрған.

Әуезов көптомдығында жазушының Кузнецовқа жазған бірқатар хаттары жарияланған. Мұхаңның 1943  жылдың 15 қазанында жазған хаты «Милый Павел Николаевич!» деп басталып, ары қарай өзінің «Абайдың» екінші кітабына материал жинауға қалай кірісіп жатқандығын зор қуанышпен жеткізеді. Кузнецовтың Әуезовке жазған хаттарының сақталғанынан хабарым жоқ, бірақ Әуезов жазбаларының сыңайына қарағанда, Кузнецов та әйгілі жазушыға өз жайынан хабар беріп отырған.

Қазақстан Компартиясының әдеби киллерлікке погон таққан, кобура асынған Павел Кузнецов сияқты әскери журналисті таңдауының өзінде көп жорамал бар еді. Әуезов жалғыз болмауы үшін Кузнецов сын садағына жас зерттеуші Темірғали Нұртазиннің «Сәбит Мұқановтың творчествосы» деген кітабын қоса іліп, оның атына да бірсыпыра сын-ескертпелер айтады. Бұдан кейін түгелдей Әуезов шығармашылығына ауысып, «Түнгі сарынды» біраз жұлмалаған соң  «Абайды» әбжыландай арбауға көшеді. Сталиндік сыйлыққа ие болған алғашқы екі кітапты жайына қалдырып, профессор Кедрина мақтаған үшінші кітапқа шабаланады.

Кедрина осал ғалымдардың қатарынан емес еді. Ол осындай керауыздардың болатынын алдын ала біліп, өз монографиясында Әуезовтің өткенде жіберген қателіктеріне де тоқталған, бірақ бұл Кузнецовқа тек сипай қамшылау сияқты көрінеді. Ол: «З.Кедрина не раз говорит об идейных ошибках в творчестве М.Ауэзова, но в столь противоречивых, взаимоисключающих формулировках, что это может вызвать путаницу», – деп шәлдіріктейді.

Автор «жаптым жала, жақтым күйе» деген принциппен Әуезовтің жазбаған нәрсесінің өзін оған айып ретінде тағады. Ол: «Известно, например, что такой трагический период истории Казахстана, как десятилетний кровавый разгул заклятого врага казахского и русского народа Кенесары-хана, не нашел отражения в романе М.Ауэзова», – деп автордың «Кенесары тақырыбы» сияқты қақпанға түспегеніне өкініш білдіріп, орағыта соғады. Әрине, Әуезов Кенесары тақырыбын қалай жазса, кінәрат іздеушілер одан міндетті түрде мін табар еді. «Хан Кенеден» аузы күйген автор құрулы қақпанға арандап қалмау үшін шетін тақырыпты шет жағалап қана өткен.

Автор қазақ халқының ақылман ұстазы, кемеңгер перзенті ретінде танылып үлгерген Абайға сес көрсете алмаса да, оның ақын ұлы Мағауия мен талантты шәкірті Көкбайға қарай күпсінеді.  Кузнецов: «Критик ни словом не упоминает о грубейших ошибках в этих статьях, где в частности, популяризуются махрово-националистические поэмы Магавьи и Кокпая о душителях народа – Шамиле и Кенесары», – деп сорлы Көкбайдың сақалына жармасады.

Мақаланың соңында Әуезов шығармашылығы түгелдей ескіні көксеу сарынында деген қорытындыға келіп: «Кедрина затушевывает такой недостаток в творчестве М.Ауэзова, как идеализация феодально-родовой старины и сглаживание классовых противоречий в дореволюционном казахском ауле», – деген көкайыл қорытындыға келеді («Правда», 1953 жыл, 30 қаңтар).

«Правдада» жарияланған мақала Қазақстанда кеңінен талқыланып, «Казахстанская правда» газетінде, «Әдебиет және искусство» журналында қайыра басылып, Әуезов төңірегіндегі дауды өршіте түсті.

Апырай дейсің осындайда, кезінде Мұхаңның «Милый Павел Николаевич!» деген ықыласына ие болып, бұған дейін жарияланған мақалаларында жазушыға талай мадақ арнаған «Сүйікті Павел Николаевич» Әуезовтің даңқы жер-дүниені шарлап кеткенде оның бет-жүзіне қалай қарады екен?..

СӘБИТТІҢ СҰМДЫҚТАРЫ

Қазақстандағы Әуезовті қаралау науқаны 1953 жылы ерекше қарқын алып, оған тың күштер қосылды. Солардың бірі филология ғылымының кандидаты Сәбит Нұрышев деген «қу тілмен қулық сауған» нағыз жырындының өзі болды. Ол мұның алдында 1951 жылы 14 қаңтарда «Лениншіл жас» газетінде «Абай ақындығының алғашқы кезеңі туралы» мақала жариялап, онда Әуезовтің есімін атамаса да, абайтануда жіберілген «қателіктеріне» соқтығып өткен. Араға екі жыл салып, Әуезовке деген шабуыл үдей түскенде Ғылым академиясы хабаршысының 1953 жылғы 4-нөмірінде орыс тілінде «До конца искоренить буржуазно-националистические извращения в изучении творчества Абая» деген атының өзі аттандап тұрған көлемді мақаласын жариялайды.

Қазақ әдебиеті тарихына  Әуезовпен жағаласқаны үшін «кіші Сәбит» лақабымен кірген С.Нұрышев мақаласын СОКП ХІХ съезінің шешімдерінен бастап, данышпан еңбектер («гениальные труды») жазған Сталин пікірлерімен мұздай қаруланып алған соң: «В первые годы советской власти буржуазные националисты, пантюркисты, панисламисты, маскируясь и прикрываясь именем Абая, протаскивали свои враждебные, антисоветские взгляды в казахское литературоведение», – деп еліре бастап, ары қарай ұлтшылдар, пантүркистер мен панисламистерге зәр-заһарын төгіп, уын шашады.

Ол әңгімені әріден – 1917 жылы Мұхтар Әуезовтің Жүсіпбек Аймауытовпен бірге «Абай» журналын шығаруынан тартады. Нұрышев: «Бурная деятельность М.Ауэзова в этом журнале связала его судьбу с судьбой контрреволюционной партии «Алаш»: на страницах упомянутого журнала М.Ауэзов официально обратился к казахской молодежи с призывом объединиться в рядах алаш-ордынской молодежной организации», – деп айыптауын оның 19 жасар кезінде әдебиеттегі алғашқы қадамынан бастап, Әуезовтің бұдан кейінгі бүкіл шығармашылығына ескішіл, байшыл, ұлтшыл, буржуазияшыл, пантүркист, панисламшыл деген өзі білетін қарғыс таңбаларының бәрін басып шығады.

Аш бақадай күмпілдеген Нұрышев: «без глубокой принципиальной критики взглядов М.Ауэзова, от которого исходит начало многих извращений творчества Абая, невозможно освободить абаеведение от буржуазного национализма», – деп абайтану ғылымын қалыптастырған Әуезовті Абай шығармаларын азғындатушы ретінде көрсетуге тырысады. Абай шығармашылығының қайнар бұлағы, Гетенің өзін таң-тамаша қалдырған, шығыс ақындары туралы Әуезов тұжырымдарының өңін айналдырып: «М.Ауэзов утверждал, что идейно-творческое направление Абая – это панисламизм», – деп академик-жазушының ешқашан айтпаған сөздерін айттыға салып, көпе-көрінеу арандатуға барады. Ол қызды-қыздымен қазақ поэзиясындағы махаббат лирикасының шедеврі саналатын «Көзімнің қарасына» жармасып, одан сопылық поэзия арқылы келген панисламизм көріністерін іздеп әлекке түседі.

Нұрышев: «с целью пропаганды вражды к русскому народу и ненависти всему новому, революционному в жизни советского Казахстана, встал на путь пропаганды творчества некоторых реакционных акынов», – деп баспалай келіп: «остался не осужденным националистический роман М.Ауэзова «Акын ага», – деген сөздермен ала жыландай алқымға оралады. Орыс тіліндегі мақала, ең алдымен, орыс тілді аудиторияға арналғандықтан Нұрышев мәскеулік орыс ғалымдары мен жазушылары жабыла мақтап жатқан Әуезовті орыс тілі, әдебиеті мен мәдениетінің қас жауы етіп көрсетуге тырысады. Ол Әуезов шығармалары: «клеветали на советскую действительность, проповедывали ненависть к великому русскому народу», – деп сұржыландай ысылдайды.

Абайдың «Евгений Онегинді» еркін аударуы туралы Әуезов пікірін: «Вольность переводов из «Евгения Онегина» он квалифицировал как непризнание Пушкина, как соперничество с ним. Он прямо писал, что «Абай к Пушкину относится не как ниже его стоящей, а как равный», – деп айналдыра соғады. Таланты артып тұрса Абай неге Пушкиннен төмен тұруға тиіс. Шығыс поэзиясында  бір тақырыпқа бес ақынның жарыса қалам тартып, бірінен-бірі асып түсуге ұмтылуы ежелден бар дәстүр екендігін Нұрышев біледі. Біле тұра жылпос қу жылымқұрттай жылмаң қағады.

Нұрышев: «Для пропаганды и протаскивания своих взглядов в литературоведение Ауэзов старается использовать научные кадры», – деп кемеңгермен ниеттес ғалым, ақын-жазушылардың бәрін бір шыбықпен айдап шығады. Кім жоқ дейсің олардың ішінде: ежелгі дос Б.Кенжебаев, ақын Ә.Тәжібаев, ғылым докторы З.Кедрина, ғылым кандидаты М.Сильченко, кандидаттық диссертациясы әлі бекіп үлгермеген Қ.Мұхамедханов – бәрі-бәрі Нұрышевтің қара тізімінің қақ ортасында жүр.

Мақаланың соңында автор ашықтан-ашық Әуезовті жазалау керектігіне ерекше екпін түсіріп: «Все эти ошибки как со стороны М.Ауэзова, так и его доброжелателей, проявляющиеся в разных формах и вариантах, едины в сущности и представляет сочетание открытой и замаскированной форм буржуазного национализма. Ни для кого не секрет, что в эти годы Ауэзов был врагом советской власти, что он признает сам. Ауэзов, который долгое время всякими способами пытался пропагандировать идеи врагов народа, популяризовать их самих и не понес за это ответственности», – деп байбалам салып, Әуезовті жауапқа тартуға шақырады.

Нұрышевтің арсыз мақаласын оқығанда данышпан Абайдың: «Күшік асырап, ит еттім, ол балтырымды қанаттысы» еске түседі.

Ұлттық Ғылым академиясының мұрағатында 1949 жылдың 24 сәуірінде өткен Тіл мен әдебиет институты ғылыми кеңесінің хаттамасы сақталыпты (80-қор, 46-іс, 1-тізім, 11-бет). Онда С.Нұрышевтің «И.А. Крылов шығармашылығының XIX ғасырдағы қазақ әдебиетіне тигізген әсері» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясын қорғауға ұсыну мәселесі қаралған. Ғылыми кеңес төрағасы М.Ғабдуллин академик Мұхтар Әуезовтің Нұрышев диссертациясына берген жағымды пікірі негізінде кіші Сәбитті қорғауға жіберіпті...

Бұған дейін үш рет: 1932 жылы, 1937 жылы, 1947 жылдары тағдыры қыл үстінде тұрған сәттерден білім-білігінің арқасында аман шыққан Әуезовтің басына тағы да бұлт үйіріліп, абақтыға жабылу қаупі төнеді. Бұған заң тілімен айтқанда «прецедент» бар еді. Нұрышев мақаласынан төрт-ақ ай бұрын – 1952 жылдың 4 желтоқсанында талантты тарихшы Ермахан Бекмаханов «буржуазияшыл ұлтшылдығы» үшін 25 жылға сотталған болатын.

1953 жылдың сәуір айының 12-15 күндері Үкімет үйінің үлкен залында республика Ғылым академиясы мен Жазушылар одағының қазақ эпосының мәселелеріне арналған алқалы жиыны өтеді. Онда «Қазақтың батырлық жырын зерттеудің проблемалары туралы» тұп-тура төрт жарым сағатқа созылған ұзақ баяндаманы Мұхаңның шәкірті, сол кезде Қазақ педагогикалық институтының ректоры, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин, ал «Тұрмыс-салт жырлары» жайлы қосымша баяндаманы тарих ғылымының кандидаты Мұсатай Ақынжанов жасайды.

Бұл жиын – қазақ әдебиеттану ғылымында көп жазылып, көп талқыланған тақырып. Оның үстіне айтыс-тартысқа толы талқылаудың стенограммасы академик Сейіт Қасқабасовтың «Это не должно повториться» деген алғы сөзімен 2006 жылы «Керуен» журналының бірнеше нөмірінде  басылды. Талқылаудың жай-жапсары мен қалтарысты тұстары жайлы Мәлік ағамыз кейін «Кірбіңі кеткен көңілден» атты ақиқат шындыққа негізделген естелігін жариялады.

Оқиғаның ұзын-ырғасы былай болған екен. Орталық Комитет әуелі қос баяндамашы ретінде сөз сөйлеуді М.Әуезов пен С.Мұқановтан сұрап, екеуін де көндіріпті. Қарт көкжалдар республика басшыларының екеуінің қолымен от көсеуді көздеген арандатушылық пиғылын байқап, бастапқы райларынан бас тартыпты. Орталық Комитет бас баяндамашы ретінде кезінде «Қобыланды батыр» жырынан Әуезов жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғаған фольклорист ғалым әрі әдеби қауым ішіндегі кеудесінде «Алтын жұлдызы» жарқыраған жалғыз Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинді көндіріпті.

Мәлік ұстазы Мұхаңмен ақылдасады. Академик Әуезов шәкіртіне алдымен баспа бетін көрген қазақ эпосымен түгел танысып, одан кейін Ғылым академиясының қолжазба қорындағы әлі жарияланбаған жырларды қарап шығуды ұсынады. Олардың түрлі варианттарын саралау және түркі халықтарына ортақ жырларды өзге халықтардағы зерттеулермен салыстыру арқылы салмақты баяндама жасау керектігі жөнінде кеңесін береді. Мәлік өз естелігінде сынның бір ұшы ұстазына тиетінін ескеріп: «Баяндамада Сізді де сынамақпын, оған ренжімессіз?» – деп сұрақ қояды. Мұхаң өзіне тән кеңпейілдікпен: «Пәлі, осы да сөз болып па? Әділ сын болса, оған ешкім ренжімесе керек. Егер дұрыс сынасаң, ренжімеймін, құп аламын. Ал қара дүрсінмен кетсең, оныңа дау айтамын», – деген екен.

Мәлік 120 беттік (өз дерегі бойынша) баяндама жобасын Орталық Комитетке ұсынғанда ондағылар Әуезовке қатысты сын-пікірлерді одан да күшейте, қатайта түсуді тапсырып, нәтижесінде сын өте қатаң, көп жағдайда әділетсіз болып шықты.

Орыс тілінде жасалған М.Ғабдуллин баяндамасындағы: «В своих трудах М.Ауэзов открыто пропагандировал антирусские реакционно-пантюркистские и буржуазно-националистические взгляды на казахский эпос, идеализировал патриархально прошлое казахского народа», – деген сөздер қиянат қана емес, кейін өзі мойындағандай нағыз асыра сілтеу еді. Талай айтыс-тартысқа түскен полемист Мұхаң осы жиын үстінде трибунаға шығып, бір сағаттан астам сөз сөйлеп, баяндамашының солақай сынына табан астында тойтарыс береді.

Үш күнге созылған жиынның соңы дау-дамайға айналып, қырыққа жуық адам пікірталасқа түсіпті. Бұдан кейін Мұхаң мен Мәліктің арасы суып кетеді. Кемеңгердің өкпелейтін де жөні бар-ақ еді.

Ұстаз бен шәкірт отызыншы жылдардың басында, Мәлік ҚазПИ-дің студенті болып жүрген кезде танысыпты. Кейін Ғабдуллин 1939 жылы аспирантураға түскенде Мұхаң оның ғылыми жетекшісі болып, «Қобыланды батыр» жырын диссертация тақырыбы ретінде ұсынады. Ғылыми жұмысына кіріскен кезде соғыс басталып, Мәлік майданға аттанса да, ұстазымен хат-хабарды үзбеген.

Соғыс өрті шарпып тұрған 1943 жылдың 9 мамырында Мұхаңның Мәлікке жазған хаты «Асыл інім Мәлік!» деген сөздерден басталып, «Қалтқысыз жүректен ағалық сәлем жолдап жазған Мұхтар» деп аяқталады. Бұл хатты бір-бірін жанына жақын тұтқан ағалы-інілі адамдар арасында болатын үндесу деуге әбден болады. Сол жылдың 11 желтоқсанындағы хат: «Асыл інім! Хатыңды көптен тосып ем», – деп басталып, «Сағынышпен күтем, ағаң Мұхтар», – деген інісін сағынған ағаның ақ тілеулі сөздерімен көмкеріледі. Майданнан оралған Мәлік ұстазымен қуана қауышып, 1947 жылы Мұхаңның ақыл-кеңес, ұсынысының негізінде баяғы «Қобыланды батыр» жыры бойынша диссертациясын ойдағыдай қорғап шығады.

Екеуі ұстаз бен шәкірт, аға мен інідей сыйласып жүрген кезде араға мынандай ыңғайсыз жағдай килігеді. Шынын айтқанда, майданда жаудан беті қайтпаған Батыр Мәліктен партиялық тәртіпке қатаң бағынатын қатардағы коммунист Ғабдуллин басым түскен.

Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин

Батырдың аты батыр емес пе. Арадағы қолайсыз жағдайдан шығу үшін М.Ғабдуллин Мұхаңа «Қазақ әдебиеті» газетінің 1955 жылдың 28 қазанында жарияланған ашық хат жазып, онда қазақ поэзиясының қазіргі жай-күйін талқылай келіп, соңында: «Бір кезде сын деп, сынау деп сыңаржақ кеткен, асыра сілтеген жеріміз болды. Ондайымыз үшін кешірім етуіңізді сұраймын», – деп інілік ізетпен ағасының алдында басын иеді. Мұхаң асыл інісінің азаматтығына бек риза болып, дәл осы газеттің бетінде «Мәлік Ғабдуллинге жауап хат» атты дариядай тасып, көлдей шалқып, теңіздей толқыған жауабын жариялайды. Академик жазушы қазақ поэзиясының қазіргі жай-күйіне тоқтала келіп, осы күнге дейін әр тіркесі афоризмдей қолданылатын: «Бұнда қырғи тілді Асқардан, сыршыл үнді Әбділдадан, майда қоңыр Ғалидан, басым сөзді Тайырдан, күйлі-мұңды Қасымнан, ізденгіш те тапқыш Хамиттен, өзіне бөлек сырлы сазды Сырбайдан, салқын ойлы Саиннан, тағы талай үлкенді-кішілі ақындарымыздан көңіл медеу етерлік көп шығармалар атай аламыз», – деген ой-пікірін ағып-тегіл ақтарыла толғайды.

Бұдан кейін ұстаз бен шәкірт арасы жарасып сала берген. Екеуі қайта табысып, ұдайы хат-хабар алысып тұрған. Мұхаң 1958 жылдың 10 сәуірінде Мәлікке жолдаған хатында: «Анау бір антұрған жылда, айда мен сені жоғалтқаным бар жарадан бетер батқан болатын. Ол сырттағы да, іштегі де екі бірдей жара есепті болып еді. Сен алдыңғы жылы «Қазақ әдебиетінде» жазған ашық хатыңмен баяғы орның, азаматтық ер қасиетіңді тауып едің», – деп кірбіңі кетіп, әбден тазарған көңілден ағынан жарылады.

Жаңылмайтын жақ жоқ. Қателікті мойындау да – ерлік. Ағадан кешірім сұрау арқылы Мәлік кішірейген жоқ, керісінше Мұхаң айтқандай «азаматтық ер қасиетін тапты».

Біздің білуімізше, М.Әуезовке соншама ғайбат сөздер айтқан С.Нұрышев 1975 жылға дейін «ит қорлық немене екен сүйткен күні» деп Абай айтатын күй кешкенге ұқсайды. Әуезовтің атағы жер жарып, Лениндік сыйлыққа ие болғанын өз көзімен көріп, оның шығармалары дүние жүзінің 100-ден астам тіліне аударылғанына куә болса да, кешірімнің өзін қойып, оның мезіретін де жасамай қанын ішіне тартып өткен екен өмірден...

Нұрышевтардың дәурені жүре бастағанда Сталин өліп, елуінші жылдардың басында белең алған репрессия бәсеңдей түседі. Кеңес Одағының басшылығына келген Маленков, Хрущев, Берия триумвираты саяси қуғын-сүргінді одан әрі жалғастырудың соңы әбден титықтаған қоғамның үлкен наразылығына әкеліп соғатынын аңдай білді.

Сталин қазасынан бір ай өткенде Одақтық деңгейде жүргізіле бастаған «дәрігерлер ісі» тоқталып, 1951-52 жылдары қамауға алынғандар түрмеден босатыла бастады. Әйгілі ғалым, профессорлар бұрынғы қызметіне, ғылыми жұмыстарына қайтып оралды.

Мәскеуде басталған мұндай оң өзгерістерді жалғастырып әкетуге «Сталиннің қыраны» Ж.Шаяхметов бастаған Қазақстан басшылығы әлі дайын емес еді. Соның бір дәлелі ретінде 1953 жылдың 21 маусымы күні республика коммунистерінің бас газеті «Казахстанская правдада» авторы көрсетілмеген «По поводу романа М.Ауэзова «Абай» деген жазушыны біржолата тұқыртуға арналған зымиян мақала басылуын атауға болады.

Аноним автор Әуезовке сол баяғы «ұлтшыл, буржуазияшыл, ескілікті көксейді» деген әбден таптаурын болған айыптаулар тақты. Мақалада: «Учителем и вдохновителем Абая выводится реакционный поэт Булат, которого как известно, осуждал сам Абай», – деп Абайдың ұстазы Дулатты шаншып өтеді. Мақала авторы қазақ болса, ақынның аты «Булат» емес, «Дулат» екендігін білуге тиіс еді. Автор не кітапты оқымаған, оқыса да қазақ әдебиетінің тарихынан хабары шамалы болған.

Алпауыз автор бұдан ары Абайдың Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұлға ауыз салады. Тұрағұл – кезінде әкесі сияқты Күшік Тобықты елінде болыс болған, Ә.Бөкейханов, Ж.Аймауытов сияқты арыстармен бірге Семейдегі Алаш жұмысына белсене қатысқан, Әуезовпен бірге «Абай» журналын шығарысқан, Кәкітаймен бірге 1909 жылы Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын бастырған, жиырмасыншы жылдардан бастап екі рет абақтыға жабылып, мал-мүлкі түгел тәркіленіп, Шымкент жаққа жер аударылған, ақыр соңында сол жақта 1934 жылы қайтыс болған Абайдың аяулы перзенттерінің бірі. Мен оның кенже қызы Мәкен апай Мұхамеджановамен жүздесіп, талай сұхбат құрдым. Абайдың өлеңдерін түгелдей жатқа айтатын. Әкесінің бүкіл шығармаларын ыждағатпен жинастырып, абайтанушыларға табыс етіп кеткен асыл адам еді.

Мақалада Тұрағұл туралы: «В замаскированной форме автор пытается изобразить в качестве положительных героев якобы оказавших влияние на Абая, презренных предателей казахского народа, впоследствии ставших матерыми буржуазными националистами. В частности идеализируется враг народа Тураш, который являясь крупным феодалом, упорно боролся против советской власти», – делінген («Казахстанская правда», 1953 жыл, 21 маусым).

Әкесінен аумай туған, бар ғұмырын Абай мұрасын түгендеумен өткізген, данышпанның адами бейнесі жайлы Әуезов тапсырмасымен «Әкем Абай туралы» дейтін ең толымды естелік жазып, жазушыға мол мағлұматтар беріп, ашаршылық құрбаны болған аяулы жан туралы айтылған ғайбат кез келген адамның жағасын ұстатады. Мақала Әуезовтің басына бар пәлені үйіп-төгіп келе: «М.Ауэзову предстоит преодолеть серьезные извращения, содержащиеся в романе», – деген былғаныш сөздерімен қорытындыланған.

М.Әуезовті «халық жауы» жасауға тырысқан осы мақаланың жарияланғанына тура екі күн өткенде нағыз жау Мәскеуден, Кремльден шығып, 1953 жылдың 23 маусымында ұзақ жылдар Сталиннің қолшоқпары ретінде қанқұйлы саясат жүргізген Л.Берия ұсталып, оның жауыздықтарын кеңес баспасөзі мен әлемдік ақпарат құралдары жабыла жазып жатты. П.Кузнецовтың «Правдадағы» айыптауы, М.Сильченконың «Казахстанская правдадағы» мақаласы, М. Ғабдулиннің баяндамасы, Нұрышевтің сұмдықтары – бәрі-бәрі республика партия ұйымының өзіне қарсы ұйымдастырылған тұрақты, жүйелі саяси науқанның тізбегі екендігін аңдаған Әуезов ендігі жерде Қазақстанда қалудың өте қауіпті екендігін сезіп, үш күндік талқы аяқталысымен-ақ достарының көмегімен Мәскеуге кетіп, бас сауғалауға мәжбүр болған.

Егер ол уақытында кетіп үлгермегенде Кенесары қозғалысы туралы Одақ ғалымдары мойындаған таңдаулы монография жазған талантты тарихшы Ермахан Бекмахановты 25 жылға соттаған кеңестік репрессиялық жүйе жасырынған «халық жауы» М.Әуезовті де қамауға алуға тас-түйін дайын отыр  еді.

САБАҒАТ КЕЗЕҢ

Сталин өліп, Берия атылып, 1954 жылы оның соңына шырақ алып түскен Шаяхметов қызметінен кеткен соң Мұхаңның басындағы алақұйындай ұйтқып соққан аласат заман артта қалып, кеңпейіл жандар кеңес құрған сабағат кезең орнықты. Шытырмандар мен шырғалаңдар еңсеріліп, ұлы жазушының өмір жолы еңістен биікке қарай бет алды.

М.Әуезов ұзақ жылдар бойы жазушылықпен қатар Ғылым академиясының академигі ретінде ғылыми жұмыс пен Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры есебінде ұстаздықты да қоса алып жүрген. Академиктік атағын партиялық жолмен алып тастауға биліктің шамасы келмегендіктен Қазақ мемлекеттік университеті ректоры міндетін атқарушы доцент Сайкиев «за систематическое допущение в своей научно-педагогической деятельности ошибок националистического характера» деген тұжырыммен 1953 жылғы 12 наурыздағы №187 бұйрығымен М.Әуезовті университет профессорлығынан босатады. Әрине, қатардағы доцент атақ-абыройы зор академикті өз бетінше қызметінен ала алмайтыны белгілі. Бұл да жоғары биліктің айтағымен жасалған әрекет еді.

Айтыс-тартыс пен күрес атаулыда әбден шыңдалған Мұхаң бұл бұйрықтың мүлде негізсіздігін дәлелдеп, 1953 жылдың 21 сәуірінде сол кездегі КСРО Мәдениет министрі П.К.Пономаренко мен оның орынбасары С.Кафтановқа шағым түсіреді.

Аянбасқа бекінген Әуезов 1953 жылы сәуірдің ортасында Кеңес Жазушылар одағының төрағасы А.Фадеев, ақын, екі мәрте Сталиндік сыйлықтың иегері А.Сурков пен сол кезде алты мәрте Сталиндік сыйлықтың лауреаты болып үлгерген К.Симоновтарға «Ашық хат» жазады. Дәл осы үшеуі сол кездегі Кеңес Одағы әдеби қауымының төрінде отырған тұлғалар еді.

Мұхаңның хаты: «Как человек к человеку, как писатель к писателю, однажды в жизни, я обращаюсь к вам троим, в очень трудный момент моей жизни в состоянии большой моральной подавленности», – деп басталып, ары қарай өзіне деген сансыз көп әділетсіздіктен әбден жабыққан жазушы: «прошу вашего вмешательства и справедливого заступничества», – деп іштегі жалынды сыртқа шығарып, әділдікке араша түсуді сұрайды.

Әуезовтің хаты Алексей Сурковтың төрағалығымен 1953 жылы 18 мамырда өткен Жазушылар одағының секретариатында қаралып, онда Мәскеуде жүрген Мұхтар Әуезов ағыл-тегіл баяндама жасайды. Нәтижесінде Әуезов ұстанымы қолдау тауып, оның ашық хатын «Литературная газетада» жариялау ұсынылады. Бірақ белгісіз себептермен бұл ұсыныс жүзеге аспай қалды.

Бірқатар зерттеушілер Әуезовтің 1953 жылғы қудалаудан аман шығуын мәскеулік достарының көмегімен мүмкін болғандығын айрықша бағалайды. Сөз-көмек пен пікір-қолдау  болғанын ешкім жоққа шығармаса керек. Бірақ біз негізгі себеп Сталин өлімінен кейін орын алған саяси ахуал деп білеміз.

Саяси реабилитацияны тезірек жүргізуге Кеңес Одағының басшылығы да өте мүдделі еді. Бұл кезде олардың  ет жақын туған-туыстары түрмеде, лагерьде отырды. Әуелі 1953 жылдың мамыр айында В.Молотовтың Қазақстанда айдауда жүрген әйелі П.Жемчужина мен Л. Кагановичтің туған бауыры М.Каганович абақтыдан босатылды.

КСРО бас прокуроры, Әділет министрі, Ішкі істер министрі және Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің 1954 жылы 19 мамырдағы бірлескен бұйрығымен арнайы комиссия құрылып, олар жазықсыз құрбан болғандардың ісін қарауға кіріседі. Оның нәтижелері Н.Хрущевтің 1956 жылғы СОКП-нің әйгілі ХХ съезінде жасаған баяндамасында жарияға жетіп, 1957 жылы Сәкен, Ілияс, Бейімбет бастаған репрессия құрбандары түгелдей ақталып, халқымен қайта табысты.

Бұл кезде Мұхтар Әуезов алып эпопеяның соңғы кітабын аяқтап, оны орыс тілінде бастырудың қамында жүрді. Төртінші томды белгілі аудармашы Вера Смирнова аударуға алғанда оның ұлы мезгілсіз қайтыс болып, жұмысты жалғастыра алмайды. Кейін бұл іске Мұхаңның қалауымен белгілі қазақстандық орыс жазушысы Николай Анов пен Зоя Кедрина тартылып, оларға Ы.Дүйсенбаев пен З.Шашкин көмек береді.

Қазақтың ұлы жазушысының 60 жылдық торқалы тойы 1957 жылы Одақ көлемінде кеңінен атап өтіліп, төрт томнан тұратын алып эпопея 1959 жылы Лениндік сыйлыққа ие болады.

Басынан небір қилы оқиғалар өткен жылдарда да Мұхаң сүйікті Фатимасы мен алтын бала Мұратайын ұмытпады. Олар 1949 жылы Алматыға біржолата көшіп келген соң хат жазысу саябырсыса да, тоқтамаған. Фатима да Мұхаңның әр табысына сырттай қуанып, оның атына сыңаржақ сын, кереғар пікір айтылғанда өз ойларын қағазға түсіріп отырыпты.

«Қазахстанская правда» газетінің 1953 жылы 21 маусымдағы «По поводу романа М.Ауэзова «Абай» деген жалған айыпқа толы атышулы мақала жарияланғанда Фатима да «Абай туралы» деген өлең жазып, онда: «Жиырма үш ел тілінде «Абай» берік, Орнатылған мұнара – нақыш-көрік. Жазғаны Никитиннің құлата алмас, Болымсыз, құр дәлелсіз сөзді теріп», – деп Мұхаңды, онымен қоса «Абайды» қорғауға шығады.

Осы бір ғана шумақтың өзінде Фатиманың көп оқығаны, сол замандағы әдеби үдерістен хабары молдығы айқын көрінеді. Ол «Абайдың» қанша тілге аударылғанын қадағалап, авторы көрсетілмеген мақаланың «Никитин» екендігін де бажайлап отыр.

Айтағы көп, айтары жоқ мақала жарық көргенде «Казахстанская правданы»  И.И.Никитин дейтін ортақол журналист басқарған. Газеттегі төрт жыл редакторлықтан кейін 50-жылдардың соңында Ресейге қоныс аударыпты.

Газетте басылған мақаланың негізін Орталық Комитеттегілер жасаған, ал Никитин газет стиліне бейімдеп, азды-көпті редакциялауы мүмкін. Бірақ Әуезовтің алдын көрген, шәкірт болған, тіпті оның жетекшілігімен диссертация қорғаған орыс, қазақтың үлкені мен кішісі ар-ұят, обал-сауапты жиып қойып, алыптың балағына жармасып, шаужайынан тартып жатқанда Никитиннің ақылы даулы мақалаға қол қоймауға жеткен екен. Бұған да шүкір дейміз.

Фатима «Абай» романына Жамбыл жырының үлгісімен ұзақтау өлең де арнаған. Ол: «Жамамай жалған дәл айтсам, Совет Союз көгінде, Жарқыраған жұлдызсың. Сусаған жан ішкенде, Сусынын әбден қандырар, Салқын саумал қымызсың. Өткендердің тұрмысын, Қылмыстының қылмысын, Жасырмай айтқан тарихсың», – деп соңғы екі жолда қазақ жерін отарлаушылардың қылмыстарын Әуезовтің қалай әшкерелегенін тұспалдайды.

Фатима өзінің басынан өткен барлық бақытсыздықтарына Кеңес Одағы кінәлі екендігін жақсы түсінген. Ол туралы жазу, айтуға тыйым салынған замандағы сырларын күнделік дәптеріне төккен.

Фатиманың жазбаларында 1951 жылдың наурызында: «Революцияның алғашқы күндерінде он бес жасар қыз едім. Сол он бес жасымнан бастап, осы күнге шейін (38 жыл) жаныма бір де тыныштық болмады... Іргеміз сөгілген соң, ерге де ерте шықтым (он алты жасымда). Ерім ақылды, батыл, өз халқын сүйетін, қазақ халқының белді, беделді ағартушысы еді. Ерімді ешбір жазықсыз, «ұлтшыл-ау» деген оймен Совет Одағы жоқ қылды. Екінші ерге шықтым. Аузым барып айтады – екінші ерім де ешбір жазықсыз еді. НКВД оны да жоқ қылды. Бұл ерім теңдесі жоқ асқан шебер ақын еді... Осындай халге түсуіме себепші болған Совет Одағына айқайлап өкпемді айтқым келеді. Бірақ, мүмкін емес еді, бір ауыз сөз айтсам, екі ерімнің ізімен мен де жоғалмақ едім. Мен Совет Одағына не істедім?» – деген жолдарды тебіренбей оқу мүмкін емес.

Сталин өліп, бүкіл Кеңес Одағы қара жамылып, жылап-сықтап жатқанда өзі үнемі бақылауда жүрген Фатима керемет қуанған. Бұл туралы Мұрат Әуезов өзінің «Анам – нағыз ұлы адам бола білген адам» деген сұхбатында: «Алматыдағы үйімізге КГБ-нің адамдары үнемі келіп, бақылап тұратын. Сталин өлген күні ол кісінің қуанғанын көрсеңіз. Мектепте төртінші сыныпта оқып жүргенмін, жұрт қара жамылып, жылап жатты. Мәселенің мәнін түсінбесем де, қаралы оқиға болғанын білдім. Ал, үйге келсем, қуаныш күлкісі, бостандық күлкісі анадайдан естілді. Сол күні біздің үйде той болды», – деп жазады.

Фатима барлық ұл-қыздарын ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажырата алатын, қара қылды қақ жарған әділ, елін сүйген отаншыл азаматтар етіп өсірді. Кейін Мұраттың Мәскеу төрінде, Кремльдің іргесінде жүріп патшалық езгінің коммунистік отарлауға ұласуына қарсы құрылған «Жас тұлпар» ұйымын дүбірлеткені де Фатимадай қайсар ананың тәрбиесінен деп білемін.

М.Әуезов Мәскеуде бас сауғалап жүрген кезі – 1954 жылдың 30 наурызында жолдаған хатында жасы 11-ге келіп, ержетіп қалған ұлына: «Мұратай, айналайын алтын балам! Денің сау, оқуды жақсы оқып жүрсің бе? Мектептегі әлеуметтік қызметің өрге баса ма? Мен Москвада тұрып жатырмын. Июнь айына дейін осында боламын. Содан соң Алматыға барғанда жазғы планды ақылдасып шешеміз. Сен жақсы оқып, сау, сұлу, мықты болып өсе бер. Көп сүйдім. Ағаң», – деп жазады.

Кемеңгер әр жылдары өзін қисапсыз көп арыз-құрыз, нақақ айып, жалған жалалардан арашалап алу үшін жоғары лауазымды тұлғалар, Жазушылар одағының басшылары, ғылыми мекемелердің жетекшілеріне көптеген өтініш-тілектер жолдаған. Жарытып жазуға уақыты болмағанда Фатима мен Мұратайға ашықхаттар (открытка) жіберген. Мұны Фатимаға арналған хаттарының бірінде: «кейде ашықхат жазам, оның себебі ашықхат бүгінгі поштада жылдамырақ жүреді», – деген жолдардан аңғаруға болады.

Мұхтар Әуезов 1953 жылы Мәскеуге келген соң шығармашылық жұмыспен қатар Мәскеу мемлекеттік университетіне профессор қызметіне қабылданып, Кеңес Одағындағы ең іргелі оқу орнының тарихында тұңғыш рет 1953 жылдың тамыз айында «КСРО халықтарының әдебиеті» кафедрасын ашып, оның ғылыми-методикалық бағдарламасын негіздейді.

Ол КСРО Мәдениет министрінің атына 1954 жылы арнайы хат жолдап, онда Кеңес Одағының бірде-бір жоғары оқу орнында, Жазушылар одағында, одақтық маңызы бар үлкен баспалар мен журнал редакцияларында, тіпті Мәдениет министрлігінің өзінде елуден астам тілде басылымдар мен баспа өнімдерін шығаратын «КСРО халықтарының әдебиетіне» арналған не кафедра, не департамент, не басқарма, ең болмағанда бөлім деңгейіндегі арнайы құрылым жоқ екендігін үлкен кемшілік ретінде атап өтеді. Шындығында, «халықтар достығы» деген ұранды күн сайын алаулатып-жалаулатып барлық газет-журнал, теледидар мен радиода қақсап жатса да, нақты іске келгенде алып мемлекетті мекендейтін алуан тілде сөйлейтін халықтар руханиятының алтын қайнары – оның әдебиетін одақтық деңгейде оқыту мәселесімен Мұхтар Әуезовке дейін ешкім жүйелі түрде айналыспаған екен.

Бір қызығы, дәл сол заманда Кеңес Одағындағы барлық жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде антикалық дәуірден бастап, осы заманға дейінгі шетел әдебиеті кеңінен оқытылды. Ал өзімен бір мемлекетте өмір сүріп жатқан, заңдық құқы бірдей одақтас республикалар әдебиетінің табыстары мен жетістіктері басқаны былай қойғанда, Мәскеудегі мүйізі қарағайдай әдебиетші профессорлардың өзіне мәлімсіздеу еді. «Кеңес әдебиеті» деген пән көбінесе кеңес заманындағы орыс әдебиетін оқытумен, оның ішінде социалистік реализм тұрғысынан жазылған насихаттық әдебиетке басымдық берумен шектелді.

Мұхаң «КСРО халықтары әдебиеті» пәнін оқу бағдарламасына енгізу идеясына өз шығармаларын орыс тіліне аудару мен Мәскеуден шығару кезінде бастан өткізген машақаттары негізінде келді. Оның жиырмасыншы жылдары Ташкенттегі Орталық Азия университетінің оқытушылығынан басталған педагогтық тәжірибесі кейін Қазақ университетінің профессоры ретінде жалғасын тапты. Әдебиетті оқыту бағдарламасымен ежелден жақсы таныс Әуезов небәрі бір жылдың ішінде Мәскеу мемлекеттік университетіндегі жаңа кафедраның жұмысын жүйелі жолға қойды. Оны жазушының министрге жазған хатындағы: «За короткий срок нам удалось привлечь к работе кафедры все лучшие силы Москвы и республик страны. Мы создали программы, разработали детальный пятилетний  учебный план, приступили к написанию учебных пособий и исследований по литературе народов СССР», – деген жолдардан аңғаруға болады.

Профессор Әуезов бұл кафедра бойынша маманданатын студентке орыс тіліне қоса өзі тұратын республика халқының тілін және міндетті түрде бір шетел тілін білуді шарт етіп қояды. Сонда кафедраға қабылданған студент орыс әдебиеті, республика әдебиеті және өзі білетін тілдегі шетел әдебиеті бойынша әмбебап маман болып шығатын болған.

М.Әуезовтің аз ғана уақыт ішінде жолға қойған жаңа кафедрасының жұмысы жаппай орыстандыруды ғана мақсат еткен министрліктерге жақпаған сияқты. Олар МГУ-ге аталған кафедраға мамандар даярлауды міндетті негізде емес, студенттердің өз қалауы бойынша, оның өзінде 2, 3-курстан кейін ғана оқытуды тапсырған. Әуезов осыған қарсылық білдіріп, жыл сайын аталған кафедраға 15-20 студент қабылдап, маман даярлауды жоспарлы, жүйелі негізде жүргізуді ұсынады.

АСЫЛДЫҢ ТӘРБИЕСІ

М.Әуезов 1954 жылдың соңына дейін Мәскеуде болған. Оны жазушының 1954 жылдың 15 қарашасында жолдаған хатындағы: «Әзірге Алматыға да қайтпаймын, басқа жаққа да съезд өткенше бармаймын. Мен Алматыға тегі жаңа жылға қарсы қайтармын», – деген сөзінен байқаймыз.

Мұхаң осы хатында Фатимаға берген уәдесіне сай Біләлдің ұлы Азаттың МГУ-дегі оқуы, тәртібі, мінез-құлқы жайлы таратып жазады. «Университеттің кафедра бастықтары да Азат келмейді, қайда жүр мәлім емес дейді. Өзінің мәселесі университет тарапынан жақсы жайда. Бұдан ұсыныс жасап министерстводан рұқсат тосып отыр. Соңғы заңдар бойынша ВУЗ-ды бітірген соң, екі-үш жыл істеп келіп қана аспирантураға түсуге болады. Өзін маған прикрепить етпек», – деп ежелгі достың баласына қамқорлық жасауды ұмытпайды.

Шындығында, Азат профессор М.Әуезов жоғарыда атап өткен үш тіл (орыс тілі, ана тілі және түрік тілі) білетін КСРО әдебиеті бойынша маманданған әмбебап әдебиетші-түрколог ғалым болуға әбден дайын еді. Бір өкініштісі, Азат текті әкенің қанымен келген өз бойындағы мол талант пен МГУ-ден алған жүйелі білімді түгелдей түркология ғылымының пайдасына жарата алмады. Оған түріктанушылардың соңына «пантүркист» деп шам алып түскен сұм заман кінәлі еді.

Жазушы осы хатында кішкентай Мұратқа мектеп формасы, аяқ киімі, басына киетін қалпағына дейін әперу үшін баласының киім өлшемін жіберуді, оны алған соң Азат арқылы жіберетінін де жазады. Азат ағасының көптен хабарсыз кеткеніне қатты мазасызданған анасының шарасыз халін көрген бала Мұрат сол кезде: «Қайда Азат – қайда ақымақ! Бұл кімдерден ақыл алмақ? Ерте кетсе – кешке келмек, Сөздерінің бәрі тәлкек», – деген өлең жолдарын қағазға түсіріпті. Ұқыпты анасы оны да сақтап, кейінгі күндерге дейін жеткізген.

Өзі таусылмайтын қат-қабат жұмыстармен жүрсе де, Мұхаң қаршадай баласына берген уәдесін тап-тұйнақтай етіп орындаған. Бұл туралы ұлына 1954 жылдың 23 қарашасында жазған хатында: «Айналайын Мұратай! Азат жіберген посылканы енді алған боларсыңдар. Белдік жібермепті, ал Москва балалары сенікіндей түймелі китель кисе де белдік тақпайды. Күздігүні көшеде сондай жүргендерін көп көрдім», – деп жазады.

Бір қарағанда, бұл хатта жазылғандар тұрмыстағы ұсақ-түйек жағдаяттар сияқты көрінуі мүмкін, бірақ бұл – ұлы адамның қаламынан шыққан жолдар. Оның үстіне дәл осы болымсыздау жайлардан ұлы үшін жаны жапырақ болған мейірбан әкенің асыл бейнесін көреміз. Сондықтан ондағы айтылғандардың бәрі әрбір қазақтың жанын жадыратып, жүрегіне жылылық шуағын төгеді.

Әуезов қай хатында болсын, Мұратқа оқу-білім мәселесін пысықтап отырады. «Өзің жақсылап оқып, ақыл мен білімді көп жия бер. Мен сенің сондай алтын бала, асыл азамат болатыныңа сонша сенем де көп-көп қуаныш етем, жаным», – деп егіледі.

Мұхаң ұлын оқу-білімге ғана емес, табиғатқа жақын болуға да тәрбиелеген. Әуезов шығармаларындағы алуан бояумен түрленетін табиғат көріністері және жазушының оларды адамның жан-дүниесімен астастыра суреттеп, жұптастыра егіздейтін көркемдік тәсіліне әуезовтанушылардың талай буыны таң-тамаша қалумен келеді.

Мұхтар жас кезінде Шыңғыстаудың тауы мен тасында ағасы Қасымбекпен бірге ит жүгіртіп, құс салып, қансонарға шығып, салбурынға түсіп, талай мәрте саят құрған. Оның шығармаларындағы тамылжыған табиғат суреттерімен қатар аңшылық көріністері асқан дәлдікпен, саяткерлік өнер тұрғысынан бейнеленетіні осыдан.

Жазушы 1954 жылдың соңында, жаңа жыл қарсаңында Алматыға оралады. Сағынған отбасымен табысып, желкілдеп өсіп келе жатқан қос құлыны – Мұрат пен Ернарды елжірей бауырына басып,  әкелік мейірін төгеді. Жүрген, тұрған жерінің бәрі аңдуда, тыңдауда болған соң ежелгі достармен ашыла сырласу үшін жиі-жиі табиғат аясына шығады.

Мұрат Әуезов «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» дейтін сұхбатында: «Әкем Ернар екеуімізді ертіп алып, табиғатқа шығып тұрғанды ұнататын. Ондайда әкем жиналмалы кереуетін қасынан тастамайтын. Біздер кереуетінің тұсындағы көгалға көрпелерді төсеп, жата кететінбіз. Кең дала, тыныштық, жұлдызды аспан, жанға жайлы ғажап әңгімелер айтылушы еді», – деп әкесімен табиғат аясында болған сәттерін сағынышпен еске алады.

Мұраттың тағы бір сұхбатында әкесі оларды Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаевтармен бірге тау жаққа барып, кең отырып, келелі әңгіме айтып, оңаша сұхбат құрғандары туралы айтылады. Мұхаң ержетіңкіреп қалған екі ұлын табиғат аясына үлкендердің сөзін тыңдасын, тәлімін алсын, тәрбиесін көрсін деп алып шыққан.

Мұрат Әуезовтің келесі сұхбатында: «Әкемізбен аңға жиі барушы едік. Далада қонамыз. Сондай күндердің бірінде мен жөтеле бастаппын. Жөтелімді байқап қалып, «міндетті түрде тексерілуің керек» деп туберкулезімді дер кезінде емдетті. 1956 жылы қалада емделген соң, жазда шешем, Үміт, Ильфа төртеуімізді Бурабайға жіберді. Қымыз ішіп, таза ауада демалып, жазылып кеттім», – деп жазады.

Фатима балалары Үміт және Мұратпен Бурабайда

Мұраттың денсаулығына байланысты кейінгі сұхбатта айтылатын жағдай Мұхаңның да эпистолярлық мұрасынан көрініс тауыпты. Мұраттың жөтелінен қатты сескенген әке Абайдың Әбіш бастаған аяулы ұлдарының өкпе ауруынан «көп жасамай, көк орғанын» еске түсіріп, қатты алаңдаған. Жазушы ұлына 1955 жылдың 28 маусымында жазған хатында: «Мұратай! Тәтең жазған хаттан жәйіңді жақсы ұғындым, қуанамын. Мықты боп сауығып шығасың деп көп сенемін. «Бурабай» деген маған арнаған сый-сарқыт әкелсең, мен барынша шат болып қарсы алармын өзіңді. Ең алдымен саулық, саулық... Әсіресе ең көп күтетін, сене күтетін қуаныш сол болмақ. Қайық, балық, шомылу – бәрі де мені соншалық қызықтырады. Солайша уақытты көңілді, қызықты өткізіңдер. Әсіресе әуеде, әуеде көптен көп болыңдар. Сондайдан күнге күйіп, жел қағып қара шұнақ, қып-қызыл нарттай балғын бала боп келуіңді тілеймін», – деп жазады. Хаттың мазмұнына қарағанда Мұраттың да әкесіне сыйлық жасауға жарап қалғандығы көрініп тұр. Ақпейіл әке де баласының ынтасына шат-шадымандығын жеткізуді ұмытпайды.

Мұхтар Әуезов тағдырмен алыса, талайсыздармен күресе жүріп, ұрпағының тәрбиесін ешқашан назарынан шығармаған. Жазушылар одағы, Ғылым академиясы, университеттегі сол жылдарда өткен сансыз көп талқылар мен тартыстардан қолы сәл қалт еткенде екі балапанын алып, кейде Алатаудан асып қырғыз еліне, Ыстықкөл жаққа да ат басын бұрып отырған екен. Біле білген адамға бұл ес қатып қалған ұлдарына бір жағынан «ел көрсін, жер көрсін» деген үлгі болса, екінші жағынан – «туыс елдің ағасын көрсін, жырын тыңдасын, мұрасымен таныссын» деген өнеге.

Осындай сапар туралы Мұрат ағамыздың естелігінде: «Біздің қырғыз ағайындар сонау Қордайдан күтіп алды. Сол жолы біз Түгелбай Сыдықбеков, Әбдімомынов және атақты манасшы Саяқбай Қаралаевтың үйлерінде болдық. Мен «Манасты» ұйып тыңдап, әкемнің қасына келіп, құлағына сыбырлап: «мен ана кісінің айтқандарын түсінемін» дегендегі әкемнің балаша қуанған сәті көз алдымнан еш кеткен емес. Әкем қырғыз бауырларына мақтанып айтып, бір марқайып қалған еді», – деп жазылған.

Мұхтар Әуезов ұлдары Мұрат, Ернармен бірге қырғыз ағайындар ортасында

Әкелерінің табиғатқа жиі шығаруы мен қызыққа толы аңшылық саяттары ағайынды Мұрат пен Ернарға ерекше әсер еткені соншалық, екеуі де табиғатқа етене жақын болып өсті. Мұрат кейін Қазақстан мен Кеңес Одағының ғана емес, өзі барған үлкен-кіші мемлекеттерінің өзен-көлдеріне, тіпті Атлант, Тынық, Үнді мұхиттарының суларына да қармақ салған балықшы болса, Ернар құстар әлемін зерттеген орнитолог атанды.

Бұл туралы Мұрат өзінің 2004 жылғы сұхбатында: «Отец с раннего детства старался почаще вывозить нас с братишкой на природу. Он тоже узнал тайну «устояния» в этом мире. Вот и натаскивал нас, как щенков. Ернар стал охотником, а я получился рыбаком», – деп жазады.

Талай жылдар бойы араласа жүріп байқағаным: аңшылық, балықшылыққа келгенде Мұрат ағамыздың өңі бал-бұл жайнап, сүйсіне, майын тамыза әңгімелейді.

Мұрат ержетіп, 1959 жылдың 14 қаңтарында кәмелетке – 16 жасқа толады. Бұл – бүгінгілер «төлқұжат» деп жүрген, ол заманда «паспорт» деп аталатын (өз басым дүниенің төрт бұрышында дәл осылай айтылып-жазылатын ескі терминнің қала бергенін жөн көремін) құжат алатын кез. Оның үстіне паспорт сол жылы мектеп бітіретін Мұраттың жоғары оқу орнына түсуі үшін қажет.

Мұхтар Әуезов Валентина Николаевнамен ғана заңды некеде болды. Құжат аларда бюрократтар тарапынан азын-аулақ проблема туындаған тәрізді. Мұхаң мәселені ың-шыңсыз шешу үшін Мұраттың туған жері – Меркі аудандық атқару комитетінің төрағасына өзінің жазушы, академиктігіне қоса Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты екендігін көрсеткен хат жазып: «Настоящим своим обращением в Райсовет я прошу содействия Вашего на получение моим сыном Ауэзовым Муратом в ЗАГС-е г. Мерке метрического свидетельства (необходимо для его поступления в ВУЗ) – первичное метрическое свидетельство было утеряно», – деген депутаттық сауал тектес хат жолдайды. Оны Мұратқа орыс тілінде жазған запискасына қоса тіркеп, «если пригодится, используй и это», – деп ұлына да тапсырма береді.

Алты жасында мектеп табалдырығын аттаған Мұрат дәл осы 1969 жылдың жазында он алтыны толық толтырып, он жетіге аяқ басқанда орта мектепті ойдағыдай тәмамдайды. Мектеп бітірген арда ұлдың алдында Сұлтанмахмұт ақын айтқандай «толған мақсат, толған таңдау» тұрды.

Елуінші жылдардың екінші жартысында ғылым-білім мен технологияның алдыңғы шебіне химия ғылымы шығады. Химия мамандықтары баспасөз бен өзге ақпарат құралдарында «болашақтың кәсібі» ретінде кеңінен насихатталды. Осының әсері ме, әлде өзін қаншама қуғынға түсіріп, талай мәрте тағдырын қыл үстіне әкелген тым саясиланып кеткен қоғамдық ғылымдардан ұлын аулақтау ұстағысы келді ме, әйтеуір, әкелі-балалы Әуезовтер әуелі химия мамандығын таңдапты.

Бұл туралы Мұхаң 1959 жылы 16 шілдеде сол кездегі Білім министрі Әди Шәріповке жолдаған хатында: «Мұрат Әуезов дейтін менің балам жайындағы жаңалық. Басында мен осы МГУ-дың химия факультетіне береміз деп талап етіп едім ғой. Кейін химия жөнінде ешбір орын болмағандықтан, балам екеуіміз ақылдасып, оның болашақ мамандығын мүлде өзгерттік. МГУ-дің шығыс тілдер бөліміне бес орын келген екен. Соның қытай тілі бөліміне Мұрат түсетін болған. Барлық тиісті емтихандарын Мұрат ойдағыдай табыс ете алады», – деп жазады. Шынында да Мұрат әке сенімін толықтай ақтап барлық емтихандарын «беске» тапсырып, тек орыс тілінен ғана «төрт» алып, білім сынағынан сүрінбей өтеді.

Осы тұста мына бір мәселеге назар аудара кеткен жөн. Мұхаңның хатында айтылған «шығыс тілдер бөлімі» деп отырғаны – МГУ-дің шығыстану факультеті. Онда жалпы атауы «шығыстану» деп аталатын араб, парсы, түріктен бастап, қытай, жапон, корей, вьетнам тілдеріне дейін мамандар даярланды. Әкелі-балалы екеуі әуелі шығыстанудағы араб тілі мамандығын таңдапты.

Бұл туралы Мұрат Әуезов естелігінде: «Оның бастапқы мақсаты мені араб тіліне беру еді. Бірақ ол ойы орындалмады. Себептің басы мектепте менің неміс тілін оқығандығым. Ол жерге мектепте ағылшын тілін оқығандарды қабылдайды екен. Содан вьетнам тілі тобына қабылдамақ болғанда әкем қатты ашуланды. МГУ-дің ректорымен тікелей байланысып, күн сайын сөйлесіп отырды. Содан кейін корей тіліне ауыстырды. Қытай тіліне жақындатпайтын болған. Ректормен жазысқан телеграммаларын оқысаң, қызық, кәдімгідей екеуі үлкен сайысқа шыққандай. Осындай қиындықтардан соң, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Шығыс тілдері институтының қытай филологиясы бөліміне қабылдандым», – деп жазады.

Мұраттың араб бөліміне қабылданбауының астарында оның неміс тілін оқығандығы ғана себеп болмаған. Ол мектеп бітірген кезде әкесі 4-сыныптан бастап оқытқан репетитордың арқасында ағылшын тілін де орта мектеп бағдарламасы деңгейінде меңгеріп шыққан. Мұны Мұраттың сұхбатындағы: «Әкем «тіл – қару, оны білу керек» деп, 4-сыныпқа ауысар кезде бірі орыс тілінен, екіншісі ағылшын тілінен – екі мұғалім жалдап, арнайы дайындатты», – деген сөздер дәлелдей түседі.

Сталиндік заманның ызғары әлі қайтпай тұрған заманда Мәскеу, Ленинград сияқты ірі университеттердің араб бөліміне саяси сынақтан «сүрінбей» өткендер ғана қабылданатын. Бұл бөлімде тіл, әдебиет қана емес, болашақта техникалық, медициналық, экономикалық, саяси және барлау саласында қызмет істейтін әскери мамандар да даярланатын.

Елуінші жылдарда бұрын отарлық езгіде болған мемлекеттер бірінен соң бірі тәуелсіздікке қол жеткізді. Тәуелсіз араб елдерінің көбеюі Кеңес Одағының алдына әскери барлау мақсатындағы араб тілінің мамандарын көптеп және тездетіп даярлау міндетін қойды. 1954 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты құрамына қосылған Мәскеу шығыстану институтын Ресейдің Сыртқы барлау қызметі, Сыртқы істер министрі қызметін атқарып, кейін Премьер-министрлікке дейін көтерілген арабтанушы Е.М.Примаков бітірді.

Әкесі «халық жауы» ретінде түрмеде отырып, өмір бойы аңдуда болған Мұрат Әуезовтің араб бөліміне қабылданбауының негізгі сыры осындай болатын. Мұратты қытай бөліміне де жолатпай, вьетнам, корей тілдеріне қарай қақпақылдауларының астарында да осындай қитұрқылы құпия бар еді.

Сталин өлген соң Қытай төрағасы Мао мінез көрсетіп, өзінен жасы кіші, тәжірибесі аз Хрущевті менсінбей, Кеңес Одағына қырын қарай бастады. Сталиннің жеке басқа табынушылығымен қатар, оның миллиондаған адамдардың жазықсыз құрбандығына әкелген қанды репрессиясының жауыздықтарын әшкерелеген СОКП ХХ съезінен кейін екі мемлекет пен оның басшыларының арасына сызат түсіп, ол алпысыншы жылдардың ортасында қырғиқабақтық жағдайға дейін жетті. Әрине, Мао мұның бәрін алғашқы сапарында өзін Мәскеуде 2 ай бойы мазақ қылғандай жіпсіз байлаған Сталинге деген құрмет үшін жасаған жоқ, өз тағдырын, өз болашағын ойлағаннан, дәл осындай жағдайдың Қытай тарихында қайталанбауы үшін істеді.

Баласының қытай тілінен де шетқақпай болғанына қатты ренжіген Мұхаң оқу министрі Ә.Шәріпов пен МГУ-дің сол кездегі ректоры И.Г.Петровскийге ғана емес, Қазақстанның КСРО Үкіметіндегі тұрақты өкілі, 1960 жылдан Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметін атқарған Исағали Шәріповке де өтініш жасайды.

Оның 1959 жылдың 17 тамызында И.Шәріповке жолдаған хатында: «Дорогой Исеке! Я обращаюсь к Вам с великой просьбой помочь моему сыну Ауэзову Мурату с его оформлением в МГУ – Институт восточных языков при МГУ. Он сдал все экзамены на «отлично» и «хорошо» только по р. языку. Имеет направление СовМин. КазССР. Однако в этом направлении указан МГУ – не назван институт яз. восточных при МГУ. Я прошу Вас, чтобы в случае недоразумения Ваши товарищи уладили бы этот вопрос», – деп тұрақты өкілдікте осы мәселемен айналысып отырған Сүлейменов және Бәкіров деген қызметкерлерге сілтеме жасайды.

Әуезов мың қатпарлы тарихы бар Қытайдың болашағы зор екенін білді. Сондай заман туғанда қытай мұрағаттары мен руханият қоймаларындағы қолжазбалар мен көне кітаптардағы қазақтың арғы-бергі тарихына қатысты мол қазына халқымыздың жоғын табуына, мәдени мұрасын түгендеуге, шынайы тарихын жасауда көп септігін тигізетінін алдын ала болжады. Сол игілікті, ізгілікті мақсатқа азамат болған ұлы Мұратты жаратып, ұлтының ұлы мүдделерін жоқтаған ұзын жолға дайындай бастады.

Мұрат Әуезов жас тұлпарлар ортасында

Мұхтар Әуезовтей ер данасы Лениндік сыйлықты иеленіп, қызуы мол, қақтығысы көп өмірдің сан алуан сынынан сүрінбей өтіп, үздіксіз өрге ұмтылып, алып мемлекеттің құз-қиясын бағындырғанда, оның ұлы Мұрат Әуезов Мәскеу мемлекеттік университетіндегі ең талантты жастардың білім бәйгесіне жас тұлпарын қосты.

Мұхтар Құл-Мұхаммед,

Ұлттық Ғылым академиясының академигі

Ескерту: Мақалада пайдаланылған суреттер автордың жеке мұрағатынан алынды!

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1948