Отырықшылық қазақ болмысын қалай өзгертті?
Ежелгі қазақ болмысының бүгінгі күндері танымастай болып өзеруінің негізгі себептерінің бірі көшпелі өмірден отырықшылыққа өту болды. Екі өмірдің айырмашылығы өте үлкен. Көшпелі өмір болмыс бірлігін жақсы сезінетін табиғи болса, ал отырықшы өмір табиғаттан бөлініп, қоршаған ортаны өзгертіп, бағындыруға ұмтылатын жасанды өмір. Осылай, көшпелі адам өмірді жүрегімен қабылдаса, ал отырықшы адам басымен, яғни миымен қабылдайды. Болмыстың өзі жасаған табиғи өмірде үйлесімділік болса, ал жасанды өмірде ол үйлесімділік бұзылады. Сол себептен отырықшылыққа өткеннен кейін бұрынғы қазақ болмысы көп өзгеріске түсті.
Жалпы адамзатты алатын болсақ, қоршаған ортаның отырықшы өмірде адамға ықпалы әлсірегендіктен, олар енді ауарайы мен табиғатқа бейімделу емес, керісінше, олардан қорғануға, не болмаса өздеріне бейімдеуге ұмтылды. Осылай Болмыс бірлігінен бөлектеніп, өздеріне жасанды өмір құрастыра бастады. Аққан сулар тоғандалып, ГЭС салынып, жер суландырылды. Жер қойнауындағы байлықтарды игеру мақсатымен мұнай, көмір алынып, жағылды. Жер астындағы сутегі бетке шығып, қоршаған ортаны, атмосфераны өзгертіп жіберді. Ағаштар кесіліп, ормандар жойылды. Олардың орнына шөлдер пайда болды. Осылай қоршаған орта өзгеріске түсті. Табиғат өзгерісі ой өріске, мінез-құлыққа әсер етіп, адам толық өзгерді. Адам енді табиғат күштеріне емес, өзіне сенетін болды. Оның өмір сүру жағдайы толығымен өзінің еңбегіне байланысты болғандықтан, ол өзіне ғана сеніп, еңбек ету арқылы өмірін жақсартуға ұмтылды. Енді оның көңілі жаратушы Тәңірден, қоршаған табиғаттан, болмыс бірлігінен, өзінің қарабас қамына ауысып, ой өрісі тарылды. Әркім өзінің бас пайдасын ойлады. Бұл өмір мақсатын өзгертті. Ортақ бірліктен айырылған жаңа мақсат адамның ой жүйесін, бүкіл болмысын толық өзгертіп жіберді.
Қазақ өмірі де осылай Болмыстың табиғи қалпынан жасанды өмірге ауысты. Көшпенді өмір қазақтың салт-дәстүрін қалыптастырып, сонымен бірге, оны қатаң сақталуға мәжбүрлеп отырса, ал отырықшы жасанды өмірде бұл жағдай толық өзгерді.
Біз отырықшылыққа өте қысқа мерзімде (мөлшермен 1920-1930 жж. арасында) өтіп, бүгінгі күнге дейін өмір сүріп келеміз. Яғни, отырықшылыққа 100 жылдай ғана болды. Халық бұрынғы үйреншікті тіршілігінен айырылып, өзіне мүлде жат ортаға осындай қысқа мерзімде түскендіктен, оның болмысы мүлде өзгерді деуге болмайды. Халқымыз әлі де көптеген ұлттық дәстүрлерін сақтап қалды. Дегенмен, өзгерістер де аз емес. Кейбір дәсүрлер ұмытылды, ал бірсыпыралары өздерінің алғашқы мәнінен айрылып, басқа мағына ала бастады. Олар өздерінің алғашқы құндылығынан айырылып, басқа бейне алғандықтан, бүгінгі күндері олар қоғамға пайдасы емес, керісінше, кері әсерін беріп отыр.
Енді бұрынғы қалыптасқан салт-дәстүр өмірге бөгет бола бастады. Сондықтан, олар бүгінгі күндері ұмытылды, не болмаса, оларды нәпсі ықпалына пайдаланып жүр. Бүгінгі күндердегі тойдың көбейіп, қонақжайлық даңғойлыққа, жөнсіз ысырапшылыққа ұласып жатқаны осының жақсы көріністері. Үйге келген қонақты күтуге арналған қонақжайлық қосымша қаражат керек қылып, немесе уақыт алып, күнделікті жұмысты дұрыс атқаруға бөгет болады. Осылай, бұрынғы қазақтың есігі кімге болса да ашық болса, енді туыстардың өздері бірінің үйіне бірі еркін бара алмайтын болды. Отбасындағы өзара силастық менмендіктің әсерімен алауыздыққа ауысты. Отбасында әйел мен еркектің орны ауысты. Енді әйел билейтін болды. Бұл өгіз бен арбаның орнын ауыстырумен бірдей. Нәтижесінде отбасының бүлінуі бойынша еліміз екінші орынға шығыпты. Ғасырлар қойнауынан келе жатқан үндестікті бұзып, өмір үйлесімділігін бұзудың бұл бір көрінісі.
Мысал ретінде, салт-дәстүрдің кейбір өзгерістеріне тоқталайық. Бұрынғы заманда келген қонақты «Ақ құйып шығару» дәстүрімен қымыз, шұбат ішкізіп шығарып салса, бүгінгі күндері ол «Келер аяқ, кетер аяқ» деп арақ беретін болды. Жас келіндер күйеуінің туыстарына ат қойып, үлкендерді сыйлап, кішілерді еркелетіп отырса, қазір бұлардың барлығы ұмытылып, тіпті ерсі көрінеді. «Байғазы беру», «базарлық әкелу», «көрімдік беру» тәрізді ғұрыптар өзін сыйлатуға мәжбүрлеуге, немесе той кезінде «бет ашар» көбінесе елден ақша жинауға, бәсекелеске айналып кетеді.
Тізе берсе, өмірде мұндай келеңсіз көріністердің көп екені белгілі. Себебі, салт-дәстүр, бұрынғы қалыптасқан көркем мінез-құлық Болмыстың бірлігі үшін емес, енді нәпсіні қанағаттандыруға бағытталды. Осылай өмірдің түпкі мақсаты өзгерді. Көшпелі өмірде қалыптасып, елдің рухани болмысын қалыптастырып, табиғатпен бірлігін қорғап отырған қазақтың бұрынғы салт-дәстүр, мінез-құлқы жаңа өмірде оның құлдырау себебіне айналды.
Бұрынғы қалыптасқан көркем әдет-ғұрпымыз енді бізге мүлде кері әсерін тигізіп отыр. Көшпелі дәуірде қазақ салты болмыс өмірінен туып, онымен үйлесімді болу мақсатында қалыптасса, ал бүгінгі өмірде ол мақсат түбірімен өзгеріп, адамның нәпсісін қанағаттандыруға бейімделеді. Осылай ойын-сауық, той-домалақ көбейді. Ендігі мақсат адамдарды біріктіретін қоғам бірлігі емес, елден қалмай, бәсекелесіп өзін көрсету болып қалды. Нәтижесінде халық өзінің алғашқы жақсы қасиеттерінен айрылып, болбырап, күш-жігерінен айырылып, қоғам әлсіреді. Мұндай мысалдарды тізе берсек, баршылық. Әрине, мұндай құбылыс әр заманда, әр елде өз ерекшеліктерімен бола береді. Біздің ел де солардың қатарында. Себеп біреу, ол – халықтың мінез-құлқы өзгеріп, әлсіреуі.
Қазақ болмысы қалай өзгерді, енді осы мәселенің төңірегіне келейік.
Бұрынғы қазақ болмысын үш ереже үйлестіріп отырған. Олар: «Обал болады», «Жаман болады» және «Ұят болады». Бұлар қазақ болмысының үш тірегі еді. «Обал болады» өсімдіктерді, жан-жануарды қорғап, қоршаған ортаның әрбір мүшесіне қиянат жасамай, болмыс бірлігімен үйлесімді болуға үйреткен. «Жаман болады» адамның ой өрісін бағыттап, жаман істерге барғызбай, олардан аулақ етіп, Болмыс алдында күнәлі болмауға үйретіп отырған. «Ұят болады» қоғамның үйлесімділігін қорғап, адамның жан дүниесін тазалықта ұстап отырған. Халқымыздың қанына сіңген бұл үш тіректен қазір айрылып қалдық. Әсіресе, ұят мәселесі үлкен өзгеріске түсті. «Ұят болады» дегенді бүгін ел мүлде басқаша қабылдайды.
Бүгінгі қазақ той болсын, қатым беру болсын, тіпті, мардымсыз басқа да көптеген жиындарға қарызданып, бар қаржысын салып, жегенің алдыңда, жемегенің артыңда қылуға тырысады. Басқалардан кем болмау керек. Ұят болады. Ал кредит алып, оны үйленген жастардың мойнына салып, артынан олардың айырылып жатуы ұят емес. Міне, жаман мен жақсыны айырмай, надандыққа ұмтылу дегеніміз осы. Бұл құбылыстың өршігені соншалықты, мұндай ысырапқа жеке адамдар ғана емес, аса маңызы жоқ түрлі жиындарды ұйымдастыру мемлекет көлемінде де кеңінен өріс алып отыр. Имандылықтың негізгі тірегі болып табылатын ұят сезімі бүгінгі күндері рухани деңгейден осылай тән деңгейіне түсіп, адам жақсы мен жаманды айыра алмайтын жағдайға түсті. Себебі, адамның мақсаты болмыс үйлесімділігі емес, тән құмарынан шыққан бас пайдасы мен құлқын қамы болып кетті.
Адам қоршаған ортаның ықпалынан шығып, көңілін енді өзінің құлқын қамына аудара бастағанда ол табиғаттың үйлесімділігін бұзып, өзін одан бөлектеп, тек қана тіршілік қамына кіріседі. Ол енді бүкіл болмыстан бөлектеніп, қоршаған ортаға кінәрәт жасай бастайды. Болмыс бірлігіне қарсы бұл әрекет Тәңір алдында адам баласын күнәға батырады. Күнә жүректі былғап, Тәңірмен байланыс әлсірейді. Жоғары Жаратушымен байланыс үзілгенде ұят та жоғалады. Адамдардың ниеті бүлініп, моральдық-этикалық ахуал төмендеп, демократиялық принциптер құлдырайды. Жас бала кезіндегі таза жүрегі өсе келе нәпсімен былғанып, адамның иманы әлсірейді. Осылай, адамның құлдыру жолын көреміз. Көңіл жан құмарынан тән құмарына ауады, сөйтіп жексұрын ойлар пайда болады. Ондай ойлар қиянат әрекет тудырып, қиянат күнәға батырып, жүректі былғайды. Былғанған жүрек жаман ойға түсіріп, процесс қайтадан басталады. Иман толық жойылады. Адам осылай нәпсінің құлына айналып кетеді. Абайдың «Бірақ, жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен» дегеніндей, кезінде адам өзінің әрекетіне жауапкершілікті де ұмытып, тіпті күнәлі істен қорықпайтын да болды. Себебі, ол алдағы өмірдегі тозақтан қорықпайтын имансыз. Имансыздық – қоғамның құлдырауының негізгі себебі болып табылады.
Әрине, бүгінгі күндері қоғамда тәртіп сақтауға арналған заңдар бар. Бірақ, бұл заңдардың нәтижесі шамалы. Мысалы, кейбір үкімет басындағы шенеуніктер түрмеде отырған адамдардың көптігін мақтаныш көреді. Олардың ойынша – неғұрлым көп адам түрмеде отырса, солғұрлым қоғамның бақылау жүйесі жақсы жұмыс істейді екен. Бірақ одан жемқорлық азаятын емес. Мәселе күнәлі адамды жазалауда емес, демократияны нығайту арқылы оған күнәлі істер жасауға мүмкіндік бермеуде емес пе?! Бұл рухани жетілу арқылы ар-ұятты оятып, адамгершіліктің ішкі тірегін нығайту арқылы ғана мүмкін болмақ.
Қазақ осылай танымастай болып өзгерді. Бұрынғы қазақ жоқ. Ұлттық болмыс өзгеріске түсті. Оның себебі, отырықшы өмір салты Абай көрсеткен жан құмарын тән құмарына жеңдіріп жіберді. Халықтың рухани құлдырауының бір себебі осы болса керек. Енді отырықшы өмір салтына сай өзгере білу керек.
Досым Омаров,
абайтанушы, теолог
Abai.kz