Теңіз жолы жоқ елдер басқосуы

Әлемде теңізге шыға алмайтын елдер көп. Су жолы тиімді. Тауар тасуға, логистикаға жақсы. Бірақ география кей елдерге ондай мүмкіндікті бермеді. Бізде сол теңізге шығар жолы жоқ елдің біріміз. Әлемде мұхитқа тікелей шығар жолы жоқ 41 ел бар деп оқыған едім. Түрікменстанда сол теңізге шығатын жолы жоқ елдер бас қосып, экономикалық даму мәселесін талқылады.
Ол жиынға Қазақстан атынан президент бастаған делегация қатысты. Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ-ның үшінші конференциясы бұл.
Президентті Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алды. Ал келесі жұмыс күні Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бейресми кездесуінен басталған екен.
Негізгі конференция түсте өтті. Бұл жиында біраз мәселе талқы болды. Қазақстан сияқты жер аумағы үлкен, алайда теңізге тікелей шығуға мүмкіндігі жоқ мемлекет үшін мұндай конференциялар маңызды. Онда түрлі экономикалық, логистикалық мәселелер талқыланады.
Президент өз сөзінде теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған алғашқы жиын Қазақстанда өткенін атап өтті. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке осындай жиынға қолдау жасағаны үшін алғыс айтты.
Бұл жиынға қатысып жатқан мемлекеттердің саны 32-ні құрайды. Ол елдерде әлемнің жарты миллиардтан астам халқы мекендейді. Теңізге тікелей шыға алмауы себебінен логистикалық тұрғыдан біраз қиындық көріп жатқан елдер ғой. Бізде де бар ол мәселе. Мысалы біз Каспийге барамыз, кейін Әзербайжан аумағы арқылы Грузияға өтеміз, сосын Грузия порттары арқылы Қара теңізге шығамыз деген сияқты. Біраз машахаты бар мәселе ғой негізі. Су жолына тауарды жеткізу үшін әр елмен жеке келісім жасайсың. Бұл да үлкен мәселе.
Президент жиында осы мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, аймақтағы шектеулі байланыс үлкен кедергі келтіріп отыр. Транзит пен сауда шығынын туғызады. Геосаяси ахуалға да алаңдауға тура келеді. Мысалы Грузияда жағдай құбылып кетсе, басқа жолды іздеу керек. Кавказда тыныштық болмаса, Транскаспий бағыты бойынша біраз логистика тоқтап қалады. Ол экономикамызға соққы болады.
Сауда-саттық мәселенің бір жағы ғой. Климаттың құбылуы тағы бір мәселе. Жаһандық жылыну болып жатыр. Мұздықтар еріп, өзендер тартыла бастады. Шөлейт аймақтар тіпті құрғай түсті. Бұл азық-түлік, ауыл шаруашылығына үлкен кедергісін жасайды.
Бұл да жиында айтылды. Президент климаттың өзгеруі сәтінде әріптестікті күшейту қажеттілігін айтты. Келер жылы бізде Өңірлік экологиялық саммит өтеді. Сол жиынға өзге елдерді қатысуға шақырды. Ол жиында климаттың өзгеруіне байланысты біраз өңірлік келісім жасалуы мүмкін. Мысалы өзендерді пайдалануға қатысты.
Асхат Қасенғали
Abai.kz