Большевиктер партиясы заң алдында жауапқа тартылуы керек
Қазақстан Парламентінің назарына
А Ш Ы Қ Х А Т
Кеңестер Одағында тоталитарлық жүйенің зорлық-зомбылығы үстемдік еткен жылдары Қазақстанда орын алған жаппай қуғын-сүргін, ашаршылық тарихы соңғы 20 жыл бойы жан-жақты зерттеліп, жазылып келеді. Бүгінде миллиондаған халық қырылған ХХ ғасырдың 20-30- шы жылдарындағы алапат ашаршылықтың себеп-салдарлары жан-жақты зерттелді деуге болады. Республикалық және жергілікті ақпарат құралдарында осынау ұлттық апатты көзбен көріп бастан кешкен куәгерлердің мыңдаған естеліктері жарияланды. Республикалық және жергілікті мұрағаттардағы бұл трагедияға қатысты құжаттар көптеп жарияланды және жарияланып келеді. Қазақстанда орын алған 20-30- шы жылдардағы нәубет жөнінде үлкенді-кішілі ондаған ғылыми зерттеулер жазылып диссертациялар қорғалды. Ондаған деректі және көркем әдеби туындылар жарық көрді. Ашаршылық апаты бірсыпыра кинофильм, пьесалардың да тақырыбына арқау болды. Осының бәрі тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан қоғамының тарихи шындықты қалпына келтірудегі игі істері болды.
Қазақстан Парламентінің назарына
А Ш Ы Қ Х А Т
Кеңестер Одағында тоталитарлық жүйенің зорлық-зомбылығы үстемдік еткен жылдары Қазақстанда орын алған жаппай қуғын-сүргін, ашаршылық тарихы соңғы 20 жыл бойы жан-жақты зерттеліп, жазылып келеді. Бүгінде миллиондаған халық қырылған ХХ ғасырдың 20-30- шы жылдарындағы алапат ашаршылықтың себеп-салдарлары жан-жақты зерттелді деуге болады. Республикалық және жергілікті ақпарат құралдарында осынау ұлттық апатты көзбен көріп бастан кешкен куәгерлердің мыңдаған естеліктері жарияланды. Республикалық және жергілікті мұрағаттардағы бұл трагедияға қатысты құжаттар көптеп жарияланды және жарияланып келеді. Қазақстанда орын алған 20-30- шы жылдардағы нәубет жөнінде үлкенді-кішілі ондаған ғылыми зерттеулер жазылып диссертациялар қорғалды. Ондаған деректі және көркем әдеби туындылар жарық көрді. Ашаршылық апаты бірсыпыра кинофильм, пьесалардың да тақырыбына арқау болды. Осының бәрі тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан қоғамының тарихи шындықты қалпына келтірудегі игі істері болды.
Біз, бүгін, қырқүйектің 11 - де Қазақстан Жазушылар Одағында бас қосқан «Ашаршылыққа саяси баға беру» жөніндегі ғылыми -шығармашылық Конференцияға қатысушылар, Қазақстанды Ф. Голощекин басқарған жылдары орын алған, қазақ халқын қырғынға ұшыратқан алапат ашаршылыққа, оның себеп-салдарларына саяси баға беретін мезгіл жетті деп білеміз.
Осы кезге дейін мұрағаттардан табылып жарияланған тарихи құжаттардан, демографиялық зерттеулерден келіп шығатын қорытынды - Қазақстанда орын алған осынау жалпыұлттық апат Кеңестік кезеңде жазылып келгендей «сол жылғы егіннің шықпауы» немесе, «көшпелілердің социализмге дайын болмауы» сияқты сырғытпа сылтаулардан емес, Ф. Голощекин басқарған большевиктердің «тап шайқасы» деген ұрдажық идеологияны ұранға айналдырып шаруаларға жасаған қиянат-зорлығынан туындаған қасірет. Сөйтіп, бүкіл Кеңестік кеңістікте ауқатты шаруалар түгел «кулак» атанды, оларды тап ретінде жою Совет өкіметінің саясатына айналды. Бұл іс жүзінде халыққа қарсы жасалған қылмыс еді. Нәтижесінде, шаруа халық Украина, Повольжие, Қазақстанда қынадай қырылды. Большевиктер, ұлтына қарамай шаруалардың қорасындағы малын, қолындағы астығын тартып алды. 1916 жылы 6 миллионға жеткен қазақтың 1933 жылы 2 миллиондайы ғана қалды. 1918-22 жылдардағы ашаршылық 1 миллион 700 мыңдай, 1932-33 жылдардағы ашаршылық 2 миллион 300 мыңдай кісінің өмірін жалмады. Олар негізінен ауылдағы қазақ шаруалары еді. Орталықта - И. Сталин, Қазақстанда Ф. Голощекин басқарған большевиктер партиясы осылайша халыққа қарсы «қызыл террор» ұйымдастырды. Бұл партия отызыншы жылдардағы осы қылмысы үшін кештетіп болса да заң алдында жауапқа тартылуы тиіс. Билік басындағы Большевиктер (Коммунистік) партиясының бұл тарихи қылмысын біз халыққа қарсы жасалған мемлекеттік геноцид деп білеміз. Бұл сұрапыл қылмысқа осындай саяси баға берілген соң ашаршылық құрбандарына арнап Қазақстан Республикасының Парламенті мен Үкіметі мынадай мемлекеттік шараларды қолға алуы керек деп білеміз:
1. Жыл сайын аталып өтіліп жүрген «31 мамыр. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» өзінің бастапқы (90-шы жылдары) Қазақстан Парламентіне ұсынылған атауы, яғни, «31 мамыр. Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып қалпына келтірілсе;
2. Сол күні Еліміздің барлық мешіт-шіркеулерінде «ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарының аруағына арналып құран оқылып, еске алу шаралары өткізілетін болса;
3. Астана не Алматы қаласында ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын мемориал- кешен салынса. Бұл жерде асығыстыққа жол берілмей Еуропадағы холокост кешендерін салу тәжрибесі зерттеліп ескерілуі керек. Бұл кешендерді көріп шыққан жас ұрпақ Қазақстанның нәубетті тарихын көзбен көргендей мол патриоттық тәлім-тәрбие алатындай болуы керек. Бұл кешендер сондай-ақ шетелдік туристер үшін де Қазақстанның «ақтаңдақ» тарихынан мағлұмат алу үшін керек.
4. Барлық облыс орталықтарында «Ашаршылық және саяси қуғын сүргін құрбандарының рухына тағзым ететін орын, ескерткіш» бой көтерсе;
5. 1920-30 жылдарда Қазақстанда орын алған алапат ашаршылық мектептерде оқытылатын тарих оқулықтарына енгізіліп қазақ тарихындағы ең алапат ұлттық қасірет ретінде оқытылуы керек;
6. Тарихшылар, мұрағат қызметкерлері, жалпы ұлтын сүйген кез-келген азамат ашаршылық жөніндегі ауызша және жазбаша мәліметтерді жинауды, зерттеуді тоқтатпауы керек.
7. Жазушылар, мүсіншілер, киногерлер, сазгерлер және қылқалам шеберлері өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарында қазақ жерінде орын алған осынау ұлттық қасірет келбетін көркем бейнелеуге өз үлестерін қосуы керек. Осыған орай мәдени жобалардың байқауы жарияланып, оларға мемлекеттік гранттар бөлінуі керек.
8. Осы шаралардың бәрін үйлестіріп отыратын мемлекеттік комиссия жасақталуы қажет.
«АШЫҚ ХАТ» ел зиялыларының Қазақстан Жазушылар Одағында 2009 жылы қыркүйектің 11-де өткен бас қосуында (Конференцияда) бір ауыздан қабылданды.
«Ашық хатқа» қол қоюшылар:
Салық ЗИМАНОВ академик, Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ жазушы, Сапабек ӘСІП жазушы, Тұрсынбек КӘКІШЕВ ғылым докторы, Әкім ТАРАЗИ жазушы, Герольд БЕЛЬГЕР жазушы, Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ ақын, Асанәлі ӘШІМОВ халық әртісі, Марфуға АЙТХОЖИНА ақын, Сейіт ҚАСҚАБАСОВ академик, Ахметжан АШИРОВ жазушы, Марал ЫСҚАҚБАЙ жазушы, Әнес САРАЙ жазушы, Қойшығара САЛҒАРА тарихшы, Асылы ОСМАН қоғам қайраткері, Адольф АРЦИЩЕВСКИЙ жазушы, Александр ГАРКАВЕЦ тарихшы, Өтеген КҮМІСБАЕВ ғылым докторы, Кәдірбек СЕГІЗБАЙ жазушы, Мұхтар ШАХАНОВ ақын, Дулат ИСАБЕКОВ жазушы, Ақселеу СЕЙДІМБЕКОВ жазушы - ғалым, Мұрат ӘУЕЗОВ қоғам қайраткері, Қажығали МҰХАМЕДҚАЛИЕВ жазушы, Рафаэл НИЯЗБЕКОВ ақын, Нұрлан ОРАЗАЛИН ақын, Бақыт САРЫБАЛАҰЛЫ сыншы, Смағұл ЕЛУБАЙ жазушы, Валерий МИХАЙЛОВ жазушы, Талас ОМАРБЕКОВ тарихшы, Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ тарихшы, Латифолла ҚАПАШЕВ жазушы, Дүйсенбек НАҚЫПОВ жазушы, Жасарал ҚУАНЫШӘЛІ қоғам қайраткері, Хасен ҚОЖАХМЕТ қоғам қайраткері, Дәмір МАНАБАЙ кинорежиссер, Қуандық ТҮМЕНБАЙ жазушы, Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ ақын, Нүртілеу ИМАНҒАЛИ тележурналист, Нұрлан ӘМІРЕҚҰЛОВ философ, Хайролла ӘБЖАЛИЛОВ «Алаш» журналының бас редакторы, Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ «Жас алаш» газетінің бас редакторы, Дос КӨШІМ қоғам қайраткері, Бигелді ҒАБДУЛЛИН «Central Asia Monitor» газетінің бас редакторы, Қорғанбек АМАНЖОЛ ақын, Қансейт ӘБДЕЗҰЛЫ ғылым докторы, Аслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ жазушы, Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ «Қазақстан - Заман» газетінің бас редакторы, Бауыржан ЖАҚЫП ақын, Болат ШАРАХЫМБАЙ ақын, Марат МАТҚАН академик, Берік ӘБДІҒАЛИЕВ саясаттанушы, Айдос САРЫМ саясаттанушы, Қәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ ақын, және т.б.