Абай танымның сенімге әсері туралы не дейді?
Рухани даму жолында таным сенімнің негізгі тірегі. Таным сенімге жеткізіп, оны өсіреді. Көптеген ғалымдар материалдық әлемді зерттеп тану арқылы, оның бір Жаратушысы барын түсініп, Құдайға деген сенімге жету арқылы имандылық қабылдаған. Және, керісінше, танымды Болмыстың тұтастығына емес, тек қана Оның бөліктеріне бағыттағанда имандылық әлсіреуі мүмкін.
Болмыстың тұтастығын ұмытқанда таным тек қана бөліктерге бағытталып, бір Тәңірге деген сенім әлсірейді. Тәңіршілдік осылай құлдырау жолына түсті. Имансыздық пайда болады. Яғни, пайдалану мақсатына байланысты таным Тәңірге деген сенімді күшейтеді, не болмаса әлсіретеді.
Иманды өсіретін негізгі әдістің бірі ғибадат. Абай иман мен ғибадаттың байланысын, ғибадатты дұрыс орындаудың маңызын отыз сегізінші сөзінде былай деп түсіндіреді:
Сіздің батиныңыз (ішкі болмыс) таза болмағы әуелі иман болып, бұл заһир (сыртқы) ғибадатыңыз иманды болған соң ғана, парыз болған, сіздің заһирыңыздағы ғибадат -- батиныңыздағы иманның көлеңкесі, һәм сол иманның нұрланып тұрмағына көрік үшін бұйырылған. Оның үшін ғұламалар иман екеу емес, біреу, бірақ ізгі тағатпенен нұрланады, тағат жоқ болса, күңгірттенеді, бәлки, сөну хаупі де бар деген. Егер надандар ол ғибадаттың ішкі сырын ескермей қылса, соны қылып жүріп, иманы сөнер деген.
Ғибадатты үлкен сеніммен жасау керек. Сол кезде ғана ол иманды нығайтады. Сонымен бірге, ғибадат сенім болғанда ғана жасалады. Сенім болмаса ғибадат жасалмайды, яғни ғибадат сенімге тәуелді, оның көлеңкесі. Ол иманды өсіру үшін жасалады. Егер надандар ғибадаттың ішкі сырын, яғни иманды өсіру үшін жасалатынын ескермей қылса, иманның сөну қаупі бар. Мұндай ғибадаттың пайдасынан зияны көп. Себебі, Аллаға деген ниетсіз жасалған ғибадаттың нәтижесі болмағандықтан, адам жалығып кетеді. Осылай иман әлсіреп, адам діни жолдан шығып кету қаупі пайда болады. Кейбір адамдардың намазды жақсы бастап, артынан суып, тіпті қойып кетулері осы себептен. Олар ынталы жүрек, шын көңілі болмағандықтан, Алланың шапағатын ала алмайды.
Рухани жолда таным діни қағидалар мен рәсімдер арқылы нығаяды. Діни рәсімдер -- өзін және Алланы тану үшін адамға берілген ғибадат түрлері. Діни қағидалар аясында жасалған әрбір рәсім, оның түрлері ой өрісті, ниетті Аллаға бағыттап, адамды белгілі бір тәртіп аясында ұстауға арналған. Олардың мәнін дұрыс түсініп, толық орындаған адам рухани жолда оңай жетістікке жетеді. Керісінше, ғибадаттың мәнін түсінбей, не болмаса оны ынтасыз орындағанда ол тек қана әдеттегі дене қимылына айналып, ритуалға айналып кетеді. Діни қағидаларды шын көңілмен қабылдап, рәсімдерді ынтамен орындаудың маңызын Абай «Ынталы жүрек, шын көңіл. Басқасы Хаққа жол емес» деп береді.
Иманды нығайту жолында ғибадат пен оны ынталы жүрек, шын көңілмен орындаудың маңызын Абай былай түсіндіреді:
Менің хаупім бар, олар хас (арнайы) осы ғибадат екен, Құданың бізге бұйырғаны, біз осыны қылсақ, мұсылмандық кәміл болады деп ойлайды. Ол ғибадат күзетшісі еді. Жә, күзетші күзеткен нәрсенің амандығын ойламай, бір ғана ояу тұрмағын қасд (міндет) қылса, ол не күзет? Күзеткен нәрсесі қайда кетеді? Мақсат күзетілген нәрсенің амандығы, тазалығы емес пе?
Ғибадат иманның күзетшісі ғана. Иманды ойламай жасалған ғибадат діни емес, дүниелік әрекет болып табылады. Сол сияқты, иман үшін жасалмаған таным әрекеті де дүниелік. Ондай таным қоршаған ортаға арналып, Аллаға деген сенімді әлсіретеді. Осылай тек қана дүние заңдылығына сеніп, оны Болмыстың Өзінен бөліп қарастыратын атеистер пайда болады. Атеизм дегеніміз -- Болмыстың рухани бөлігін қабылдамай, тек қана оның заттық бөлігін қабылау болып табылады. Тәңіршілдіктің бұл ең төменгі деңгейі.
Өзінің отыз сегізінші сөзінде Абай әрі қарай ғибадат түрлерін атап, олардың ішкі мәнін түсіндіретіні белгілі. Таным түрлері, оның ішінде ғибадат, сенімді бекіту үшін болғанда тәңіршілдік жетіліп, нығаяды, ал керісінше болғанда тәңіршілдік құлдырайды.
Күнделікті өмірде танымның негізгі құралы сыртқы сезім мүшелері мен ақыл-ес болып табылады. Сырттан алынған ақпарат ақылға салынып, ой арқылы қорытылып, адамның санасына тереңдеп бойлап, сенімге айналады. Сенім жан құмары арқылы иманға жалғасады. Қоршаған ортадан алынған ақпарат болмаса, ешқандай сенім де жоқ. Осылай туған сәтінен бастап адамның алғашқы танымы өмірге деген сенімді тудырып, өмір тіршілігі басталады. Өмірдің терең сырларын толығырақ білу үшін жетілу барысында танумен арнай шұғылдана бастаймыз. Ғылым дегеніміз өмір құбылыстарын арнайы зеттеп тануға бағытталған осы әрекет. Ғылым арқылы бұл фәни әлемнің шексіздігіне көзіміз жетіп, оның заңдылықтарын ашып, тіршілік үшін қолдана бастаймыз. Бүгінгі материалдық ғылым дегеніміз осы.
Материалдық әлем шексіз және өте күрделі. Мысалы, тәндегі әрбір клетканың құрылысы үлкен бір қаланың құрылысымен салыстыруға болатындай өте күрделі екенін ғылым дәлелдеді. Құмырысқаның, не болмаса бал арасының ұясындағы өмір сондай үйлесімді, және өте күрделі. Әрбір құмырысқаның өзінің белгілі бір орны және міндеті бар. Олар өздерінің міндетін мүлтіксіз орындап, бүкіл қоғамның бірлігін жақсы сақтайды. Осындай күрделі құбылыстар кездейсоқ, не болмаса өздерінен өздері пайда болуы мүмкін бе? Ендеше, оларды кім және қалай жаратты? Ол Жаратушы кім? Осындай күрделі құбылысты жаратқан, Шәкірім сөзімен айтқанда, «меңіреу күш» па? Әлде жоғары саналы Жаратушы ма? Мұндай сұрақтар ойлы адамды әлемнің бір Жаратушысы барына сендіріп, Оның кім екені жөнінде ойландырады. Ой өрісінің кеңею барысында бұл әлемді жаратқан бір Жаратушы барына сенім ұлғайып, Оны тану ынтасы пайда болады. Осылай тану жүрек көзін ашып, сенімді нығайтады.
Неге таным сенімді нығайтады? Себебі, таным білім береді, ал білім, Абай тұжырымы бойынша, жан қасиеті. Осылай жан өзінің білім қасиетіне ие болып, жүрек көзін ашады. Көзі ашылған жүрек сенімді нығайтып, толық иманға алып келеді.
Сонымен, таным сенімді нығайту үшін болу керек. Егер олай болмаса көңіл Болмыстың материалдық бөлігіне ауып кетеді. Материалдық әлемде тән құмары жан құмарын жеңіп, көңіл дүние қызығына беріліп, нәпсі жеңеді. Себебі, адам фәни әлемде өмір сүреді. Осылай иман әлсірейді. Адамның көңілі заттық әлемге ауысқандықтан, рухани тіректен айырылып, таным материалдық сипат алып, рухани көзден айырылып қалады. Адам өмірдің жылтырағына байланып, қуаныш пен қайғының арасына шырмалады. Имансыз адам осылай өмірін бейберекет өткізіп алады. Мұндай бейберекет өмірді Абай «Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен» өлеңінде былай деп суреттейді:
Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен
Менмен, кердең, қайғысыз ер көңілмен,
Жазғытұрым жасырып жердің бетін,
Жасыл шөппен, бой жеткен егінмен тең.
Сонан бері рахымсыз көп жыл өтті,
Орақ келер, орылар мезгіл жетті.
Жылы менен суықтың бәрін көріп,
Қайран көңіл қайыспай қайрат етті.
Ауыр ойды көтеріп ауырған жан,
Қайғы, қасірет жүзіңе белгі салған.
Дәні толық, басы үлкен егіндей-ақ,
Сенің де басың имек жерге таман.
Абай осылай фәни өмірдің заңдылығын суреттейді. Жан иесі бұл өмірге келгеннен кейін әуелі ешбір қайғысыз жастық шағын өткізіп, есейген соң артына ұрпақ қалдырады. Бірақ ауыр ойдың ықпалымен қайғы, қасірет жүзіңе белгі салып, кәрілік келеді. Ақыры өледі. Бірақ өмірдің жарқылымен алданып, өлмесін білгендей қылық қылып, пенде өлім туралы ойланбайды. Мұндай бейхабар өмірден аулақ болу үшін Абай былай деп ескертеді:
Өлейін деп өлмейді өлерлік жан,
Әсте өлмесін білгендей қылық қылған.
Ажал келіп бас салса, жанды ұрласа,
Өмір қайда, сен қайда, соны да ойлан.
Адамзат — бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ.
«Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ» деп бұл өмірдің өткінші, жалған екенін ескертіп, оған байланбауға шақырады. Себебі, «Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ», яғни өлімге дайындалу керек. Өлім Абайдың өзі көрсеткен Түп Иеге, яғни Тәңірге қайту жолындағы негізгі сынақ болып табылады.
Абайдың бұл ғибратты сөздерін түсінбеген, не болмаса тағылым алмаған жан көңілді рухани әлемге емес, фәни дүниеге аударып, материалдық әлемнің үш түрлі қасіретіне шырмалады. Ол қасіреттердің біріншісі: адамның өзінің қателігінен. Иманы әлсіреп, Болмыс бірлігінен ауытқығанда шексіз нәпсісі билеп, адам ақылын дұрыс қолдана алмай, көптеген қателіктер жіберіп, қиянат жасап, күнәлі істерге барады. Арты қасіретке айналады. Сонымен бірге, тәннің ауруы, кәрілікпен байланысқан қасіреттер тағы бар. Екіншісі: қоршаған жан иелерінен. Адамдардың арасындағы арақатынастың бұзылуы, не болмаса, табиғаттың басқа да жан иелері адамның тыныштығын бұзуы мүмкін. Үшіншісі: ауа райының құбылыстары мен табиғат апаттары. Қоршаған орта өзгеріп, табиғи апаттар жыл сайын ұлғайып барады. Бұған биылғы 2024 жылғы бүкіл елді қамтыған су тасқынының халыққа ауыр қасірет әкелгені жақсы мысал.
Өмірдегі көріністер жақсы, не болмаса жаман болуы оның қалай қабылдануына байланысты. Табиғатта жақсы, не болмаса жаман деген түсінік болмайды. Барлығы салыстырмалы нәрсе. Ақылымыз қабылдайтын құбылыстар қуаныш әкеліп, жақсы болып көрінсе, ал қабылданбайтындары реніш әкеліп, жаман болып көрінеді. Сондықтан, табиғаттың бұл екіұдайылық қасиетінен құтылу үшін, барлық құбылысты Болмыстың көрінісі ретінде бірдей қабылдап, оған байланбау керек. Қасірет байлану дәрежесіне қарай не ауыр, не жеңіл болады. Қасіреттен құтылу жолы: өмір көріністеріне байланбау. Бұл туралы Абай «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме, Қызық келсе қызықпа, оңғаққа ерме» дейді. Бұл деңгейге тән құмарымен күресу арқылы ғана жетуге болады. Мақсат -- тән құмарын жеңе білуде.
Сонымен, таным Болмысты толық қамтып, Оның бірлігіне бағытталса, онда ол иманды өсіріп, адамды өмірдің қасіретінен құтқарады. Ал егер таным Болмысты толық қамтымай, Оның материалдық бөлігіне бағытталса, онда ол адамды қоршаған ортаға байлап, өмірін қасіретке айналдырып жібереді. Тәңіршілдіктің құлдырап, діндердің пайда болу себебі де, осыдан болды. Уақыт ықпалымен адамдардың көңілі Болмыстың бірлігінен Оның материалдық бөлігіне ауысты. Бөліктерге табынып, Құдай деп қабылданды. Осылай көпқұдайшылдық пайда болып, біртұтас Болмыстың бірлігі бұзылды. Эгоның әсерімен бөліктердің арасында алауыздық туып, бүкіл адамзат қоғамы ұсақталып, бір мәмлеге келе алмайтын күрес майданына айналып кетті. Танымды иманды өсіру үшін емес, тән құмары үшін пайдаланудың нәтижесі осындай.
Досым Омаров,
абайтанушы, теолог
Abai.kz