Уәлихан ДҮМШЕБАЕВ: Колумбияның кедейлеріне дейін кішіпейіл...
Қайбір жылы министр Түймебаев «техникалық ғылым мен технология саласында 22 мың маман жетіспейді» деп салған еді. Ал бүгінгі кейіпкеріміз, Уәлихан мырза АҚШ мүддесі үшін ит арқасы қиырдағы Колумбия топырағын басып жүр. Мұнай саласының маманы. Әйтеуір, басқа-басқа емес, қазақ баласының шетел асып, «бізден асық» ағайындарды баулып жүргенін медет тұтасың. Мақтан етесің. Ол келген жоқ, біз барған жоқпыз, алыс-жақынның айырма шегін жойған жаһантормен байланыстық. Колумбия - бізге таңсық ел. Сондықтан, әңгіме де осы жайында болды.
- Оңтүстік Америкаға қалай тап болдыңыз? Алтайда туған адай баласын Колумбияға қандай жел айдап апарды?
- Қазақстанда бірнеше жыл бойы америкалық Core Laboratories компаниясына жұмыс жасадым. Бұл компания кернді, пласт сұйықтықтарын зерттеуге мамандандырылған. Мен болсам, мұнайдың қасиеттерін, дәлірек айтқанда, қысымы, көлемі, температурасын зерттейтін бөлімде болдым. Жасаған зерттеулерімізден алынған нәтижелерді инженерлер мұнай-кен орындарын игеру барысында кеңінен қолданады. Ал Колумбияға... карьерамда осы компанияның біздегі бөлімшесінен оңтүстікамерикалық бөлімшесіне ауысқанда тап болдым.
Қайбір жылы министр Түймебаев «техникалық ғылым мен технология саласында 22 мың маман жетіспейді» деп салған еді. Ал бүгінгі кейіпкеріміз, Уәлихан мырза АҚШ мүддесі үшін ит арқасы қиырдағы Колумбия топырағын басып жүр. Мұнай саласының маманы. Әйтеуір, басқа-басқа емес, қазақ баласының шетел асып, «бізден асық» ағайындарды баулып жүргенін медет тұтасың. Мақтан етесің. Ол келген жоқ, біз барған жоқпыз, алыс-жақынның айырма шегін жойған жаһантормен байланыстық. Колумбия - бізге таңсық ел. Сондықтан, әңгіме де осы жайында болды.
- Оңтүстік Америкаға қалай тап болдыңыз? Алтайда туған адай баласын Колумбияға қандай жел айдап апарды?
- Қазақстанда бірнеше жыл бойы америкалық Core Laboratories компаниясына жұмыс жасадым. Бұл компания кернді, пласт сұйықтықтарын зерттеуге мамандандырылған. Мен болсам, мұнайдың қасиеттерін, дәлірек айтқанда, қысымы, көлемі, температурасын зерттейтін бөлімде болдым. Жасаған зерттеулерімізден алынған нәтижелерді инженерлер мұнай-кен орындарын игеру барысында кеңінен қолданады. Ал Колумбияға... карьерамда осы компанияның біздегі бөлімшесінен оңтүстікамерикалық бөлімшесіне ауысқанда тап болдым.
- Біз үшін Колумбия - анаша, азаматтық соғыстар және жіберген гол үшін футболшыларын оққа байлайтын қалалар. Мұның бәрі көрген кинолардан, оқыған кітаптардан алынған әсерлер негізінде қалыптасты. Жоғарыда тізген жайттардың бәрі жалған миф пе, әлде шынайы өмір көріністері ме?
- Әрине, айтқанынның бәрі ойдан шығарылған жоқ, алайда бұл жергілікті өмірдің бір бөлшегі ғана. Анаша мәселесі көбіне-көп есірткі тасымалынан туындайды, онымен бірге кіндігі байланған криминальды белсенділік - адам өлтіру, жемқорлық, жезөкшелік деген кеселдерді қоса өрбітеді. Дегенмен, анаша мәселесі мұнда АҚШ-тағы немесе Еуропадағыдай соншалық үлкен мәселе айналмаған.
Азаматтық соғыстар дегенде, жергілікті партизандардың қаймана халықты қорқытып-үркітіп, жарылыстар ұйымдастырғаны болмаса. Жақында шалғайдағы бір провинцияда электр стансасын жарып, 12 үндісті бауыздап кетті. Оның ішінде бала-шағасы, қатын-қалашы да бар. Мұндай жайт - Колумбияда соншалық қорқыныш тудырмайды, бәрінің еті үйреніп кеткен.
Айтпақшы, осы партизандарға қарсы үкімет әскерлері «тазарту операцияларын» дүркін-дүркін жүргізіп тұрады. Алайда, мұның бәрі бізге «соғыс» деген сөзбен елестейтін қорқыныштан мүлдем алыс. Футболшыларды өлтіру «дәстүрге» айналған, бұл ойыңызбен келісемін. Колумбиялықтар футбол десе, ішер асын жерге қояды. Содан да, жергілікті футбол матчтарының соңында жиі төбелес шығады.
- «Вокруг света» журналында жарияланған мақалада бір колумбиялықтың «біз үшін бастысы - дін, изумруд және кофе» дегені бар еді. Сіз осы елде тұрып жатқан азамат ретінде аталған түсініктердің мағынасын аша аласыз ба?
- Дін мемлекеттен бөлектігіне қарамастан, ел өмірінде үлкен маңызға ие. Колумбиялықтар да бізге қарағанда әлдеқайда діншіл, жексенбі сайын қала саябақтарында айшығын асынып, шоқынып отырған адамдарды көруге болады. Ал шіркеулер әр қадам сайын кездеседі, әрі ығы-жығы адамнан бір босамайды.
Изумруд пен кофе - Колумбияның сыртқы шығаратын басты қазынасы. Асыл тастарды Бойяка провинциясында жекелеген кәсіпкерлер өндіреді. Өз күшімен өндірісін жолға қойған жалғыз-жарым адамдар да бар. Мемлекеттің ісі осы процесті үстінен бақылау ғана, онда да аукциондар өткізіп, салық жинап дегендей. Әйтеуір, колумбиялықтар изумрудты өз елдерінің басты нышандарының біріне балайды. Ал кофе... осы сусынды қатты құрметтейтініне қарап, «бұл болмаса, Колумбия болар ма еді» деген ойға қаласың. Шайды ешбір дәмханадан таба алмайсыз, дүкендерде кішкене пакеттерге салынған «Липтонның» сатылатындығына да шүкір. Колумбияға алғаш келгенде кәдімгі шәйнекті табанымызды тоздырып жүріп, зорға тапқанымыз бар. Ал дүкендерде - толған үлкенді-кішілі кофеқайнатқыштар.
- Колумбияда Сізді қалай қарсы алды? Грингомен (американдықтарды олар осылай атайды) шатастырмай ма? Қазақстан, қазақ дегенге қалай қарайды екен?
- Тропиктің ыстық ауасындай халқы да өте мейірімді, кеңпейіл. Бізді құшақ жайып қарсы алды. Үнемі «барлығы дұрыс па, сіздерге еш нәрсе керек емес пе?» деп, алдымызда құрақ ұшады. Ал грингомен еш шатастырмайды, қайта азиат екенімізді танып, «қытайсың ба, кәріссің бе?» деп сұрақ жаудырады. «Жоқ, қазақпын, Қазақстаннанмын» десең, бастарын шайқайды. Білмейді. Содан Ресей мен Қытайдың ортасында осындай мемлекет бар, тегіміз түріктен, дініміз - Ислам деп түсіндіруге тура келеді.
Кейде өздеріне теліп, испанша білмейміз десек, немесе қазіргідей, сәл акцентпен сөйлесек, аң-таң қалады. Айта кетерлігі, колумбиялықтардың 70-80 пайызы - метистер, яғни ақнәсілділер мен үндістердің ұрпағы. Бұл жағынан менің қараторы әйелімді өздерімен көп шатастырады.
- Колумбия десе, әлемдегі ең ескі террорлық ұйымдардың беделдісі - FARC еске түседі. Қорқыныш пен фобия жайлаған ортада жұмыс істеуге қорықпайсыз ба?
- Барлығы да бұл ұйым жайлы естіген-білген, бірақ бұдан өзге «парамилитарес» немесе қорғану күштері бар екендігінен бейхабар. О басында бұл күштер партизандарға тойтарыс беру үшін жасақталып, негізгі бөлігін ультраоңшыл католиктер құраған-ды. Оңшылдардың да, солшылдардың да жауынгер саны, күштік әлеуеті бір деңгейде, әрі өздерін қамсыздандыру үшін екі жақ та есірткі сатуды кәсіп қылған. Ендеше, үкімет еш жаққа болыспайды, қайсысымен болсын қиян-кесі ұрысқа барады.
Ел астанасы - Боготада тыныштық, террор сызы сезілмейді. Тек әр бұрышта тұратын полицейлер мен шамасы келсе, әр үй жалдайтын жеке күзет қана қауіп барлығын қаперге салады. Кейде олар қалаға кіріп кетеді, тіпті бейнедүкен немесе жанар-жағар май стансасын жарып кетеді. Осы үшін сарыуайымға салынып жүрген тұрғындарды тағы көрмедім. Боготалықтар еш қорқынышсыз өмір сүреді, көңіл көтереді, жұмыс істейді. Алматыдағы өмірден айырмасы жоқ. Бұл жерде басқа да мегаполистердегі секілді көше бұзақылығының мәселесі өткір. Қанша дегенмен, 8 млн адам тұратын қаланың тәртібін түзеу қиын емес пе?
- Батыс, шығыс заңнамаларымен салыстырғанда Сізге оғаш көрінген ережелер болды ма?
- Шетел азаматының куәлігін аларда 10 саусағыңыздың, тіпті алақаныңыздың таңбасын алатынына таңырқадым. Банкте есепшот ашқанда немесе ұялы байланыс компаниясына нөмір рәсімдеу кезінде сұқ саусағыңыздың таңбасын алады. Ал мотоциклистері мемлекеттік нөмірі бар сарғылт түстегі жилет киеді. Бұнсыз болмайды.
- Колумбияда біздің елге ғана тән (қазақтың аты шыққан қонақжайлылығы) өзгешеліктер бар ма, жалпы бізді колумбиялықтармен салыстыруға болады ма?
- Олар да біздің қазекем сияқты кешіккенді жақсы көреді. 15 минут кешіккенді кешіккен құрлы санамайды, енді бір сағат кешіксең, сәл ренжуі мүмкін. Колумбиялықтардың өте кеңпейіл, ізетті болатындығын айттым, күзетшілері, сатушылары үнемі жымиып тұрады. Клиент тарту үшін өтірік көлгірсімейді, шын көңілден шығады. Басында бұған қатты таң қалып жүрдік, кейіннен жалыға бастадық. Бұл біздің болар-болмасты ойлап, қабағымыз салыңқы жүретін әдеттерімізге қайшы. Көршілерін қатты сыйлайды, бірақ солай екен деп салып ұрып, үйіне бара салуға болмайды. Тек шақыртумен келеді. Колумбиялық «О, сен менің қонағым болуың тиіс» деп айтуы мүмкін, бірақ нақты қашан, қай уақытта екенін айтпаса, жай көршілік мезіреттің түрі деп санау керек.
Адам бар жерде бір ғой, бірақ мәдени айырмашылықтар көзге ұрады. Айталық, мұнда әрбір үйде ит ұстайды, кейде адамнан ит көп сияқты көрінеді. Мысалы, бұл Исламнан келген біздің дәстүрге - үйде ит ұстамауға қайшы. Әйелі де, еркегі де сөйлескенді, біздіңше өсек айтқанды жандары сүйеді. Кейде олардың ауыздары тек ұйықтағанда ғана демалатындай әсер қалдырады. Айналасындағыларды тарс ұмытып, әңгіме айтуға берілетіндігі соншама, қашан «Кешіріңіз, өтіп кетейін» демейінше, назар салмайды. Жалпы, колумбиялықтар басқадай оңтүстікамерикалықтардан біршама өзгешеленеді. Бізде олардың бәрі кавказдықтар секілді, өте қызуқанды, екі иығын жұлып жердей жұлқынып тұрады деген стереотип қалыптасқан. Колумбиялықтар - өте салмақты, өте сыпайы. Қайыршыларының өзі кеңпейіл, сыпайылықпен қайыр сұрайды: Por favor, senor, яғни «қайырым өтінемін, мырзам».
Ал елдік инфрақұрылым тұрғысынан ұнағаны - автожолдар жүйесі. Жай жолдардан бөлек, велосипедтерге, автобустарға бөлек жолдар қарастырылған. Бір-біріне бөгет болмайды. Боготада жеңіл көліктер мен мотоциклдерге шектеу қойылған. Жеңіл көліктер нөміріндегі соңғы сандар бойынша белгілі бір күндері ғана жолға шығады. Бұл шараның неге бағытталғаны белгілі болар.
- Елдегі саяси оқиғаларға құлағыңызды түріп отыратын шығарсыз?
- Әрине. Жергілікті жұрт саяси жаңалықтарды қызу талқылайды. Қазіргі мәселе - елдегі жеті әскери базаны америкалықтарға беру-бермеу. Мәселенің өзектілігі соншалық, бұған Оңтүстік Америка мемлекеттері басшыларының жиыны бағышталмақ. Ал былайғы халық америкалықтарды иттің етінен ары жек көреді. «Гринго» десең, кез-келгені сол қолының бас бармағымен тамақтарын ориды, «көрсем, өлтіремін» дегеннің ымы. Президент Альваро Урибе билікке келісімен, жемқорлықты жүгендеуде біраз жетістікке жетті. Бірақ, сол күйі толық жеңіске жеткен жоқ. Мұндағы жағдай тура біздікіне ұқсас: халық пара беруге, оны алуға әбден үйреніп алған.
- Бізде - Абай, оларда - Габриель Гарсиа Маркес. Колумбиялықтар өз алыптарын қалай құрметтейді? Бізге қарағанда ұлтшыл ма?
- Олар әдебиеттен гөрі музыкаға құмартады. Оның өзінде ұлттық немесе оңтүстікамерикалық сазды тыңдайды. Бізге қарағанда ұлтшыл деп айта алмас едім. Осы уақытқа дейін жергілікті тұрғындардан ондай ұрандар ести қойған жоқпын. Жастары, студенттері үкіметке қарсы ұрандар көтеріп, көшеге жиі шығады. Әйтсе де, бұл нәсілшілдікке немесе скинхедтік көтеріліске ұласпайды. Әлемде исламофобия өрістеп келе жатса, бұл жерде оның иісі де шықпайды. Мұсылмандар ары кетсе, 10 мың болар, оның өзінде көбісі Кариб теңізінің жағалауына орныққан. Керісінше, көрші Венесуэлада Исламның әсері күштірек сезіледі. Онда Вайую (Wayuu) аталатын үндістер тайпасы түгелімен мұсылманшылыққа өтіп кетті. Өкініштісі - шииттерге...
Сұхбаттасқан, Өркен КЕНЖЕБЕКОВ.
«ТӨРДІҢ» ҚОНАҒЫ ТУРАЛЫ:
Уәлихан Айдарханұлы Дүмшебаев 1971 жылы 24 маусымда, Шығыс Қазақстан облысы, Асубұлақ ауылында туған. Мектеп бітірісімен, тау-кен байыту комбинатына жұмысқа кіреді. 1999 жылы Ақтау қаласына ауысып, Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің «мұнай кен орындарын барлау» факультетіне түседі. Қазір Колумбияда тұрады, америкалық Core Laboratories компаниясының оңтүстікамерикалық бөлімшесінде қызмет етеді. Үйленген, 3 жасар қызы бар.
«Дала мен қала» газеті, 15.09.2009