Сейсенбі, 21 Мамыр 2024
Қоғам 1675 33 пікір 13 Мамыр, 2024 сағат 13:32

Кеңес империясы туын жұлып алған Ерді соттамау керек, марапаттау керек!

Коллаж: Abai.kz

Алматыда 9 мамыр Жеңіс күні көшеде Кеңес империясы туларын көліктеріне тағып, заңсыз шерулетіп жүргендердің ессіз екпінін басқан еріміз Жанболат Шайзадаға ел жаппай алғыс айтып жатыр еді… Артынша оны әкімшілік сот бес тәулікке қамағаны жөніндегі хабар желіде желдей есіп кетті.

Мен кезінде мектепте мұғалім болғаныма, жоғары кластар түгілі, тіпті бастауыш класқа да жап-жақсы сабақ түсіндіргеніме сүйеніп, еліміздің құқық қорғау органдарына да, Алматы қаласы әкімдігіне де, тіпті шешім шығарып қойған сотқа да «екі жердегі екі - төрт болады» дегендей өте қарапайым тілде өз тұжырымымды түсіндіріп көрейін.

Әлемде кез келген Тәуелсіз елде бұрын отарлап алған елдің туы түгілі, кез келген символдық атрибуттарын бейнелеу, жариялау, жарнамалау, насихаттау заңсыздық болып табылады.

Қазақ Елінің де Тәуелсіз ел екенін, Азаттық алғанына 33 жыл толып жатқанын естеріңізге салуға тура келеді.

Тәуелсіздікті тура осы Алматыда 1991 жылы 16 желтоқсанда, қазір экс президенттің отбасы мүшелері өздерінің жекеменшік Қазақстан-Британ университетіне меншіктеп алып алған қасиетті орда -Жоғары Кеңес ғимаратында жариялаған. (Айтпақшы, біз парламентте бұл ғимаратты мемлекетке қайтару туралы депутаттық сауал жасағанбыз.)

Яғни, 9 мамыр күні Алматыда көшеде А.Н.Харжинкий дегеннің Қазақ Елін отарлаушы Кеңес империясының қызыл туларын көлігіне тағып, желбіретіп, шерулетіп алып жүруі - барып тұрған заңсыздық.

Яғни, А.Н. Харжинкий Заңды бұзды! Керісінше Жанболат Шайзада Заңсыздықты тоқтатты!

Демек, Харжинкий жауапқа тартылып, сотталуы керек, Жанболат Шайзада емес!

Сондықтан да, Жанболаттың қорғаушы адвокаты Жалғас Сапархан Жанболатты айыпты емес деп санайтындығын және Харжинкийге қарсы іс қозғату үшін арыз жазатындықтарын мәлімдеді.

Былтыр да, оның арғы жылы да, талай жылдан бері Алматыда және солтүстіктегі қалаларда 9 мамырда көшеде Кеңес империясының қызыл туын көліктеріне байлап алып жүргендердің видеосы тарап жүрді. Бірақ оларға құқық қорғаушылар құқ деген жоқ, ешқандай шара қолданған жоқ. Сондықтан биыл шыдамы таусылған Жанболат Шайзадалар өздері қайрат жасап, Кеңес империясының қызыл туын жұлып алып, заңсыздықты тоқтатты.

Иә, құқық қорғаушылардың 33 жылдан бері істемеген және істей алмай келе жатқан істерін атқарғаны үшін Жанболатты сол құқық қорғаушылардың өздері ұстап әкетіп, түрмеге жапқанша, керісінше Алғыс жариялап, марапаттаулары керек еді, Ішкі істер министрі Ержан Саденов мырза!?

Тағы да өте қарапайым мысал келтіре кетейін. Өртеніп жатқан үйден отқа оранғалы жатқан адамды құтқарып алған азаматқа Өрт сөндірушілер қызметі өздерінің ісін істегені үшін Алғыс айтып, марапаттап жатады емес пе?!

Жанболаттың Қызылтуды жұлып алған ісі де дәл солай, оттан адам құтқарғанмен бірдей!

Қызылжарда Қызыл империяның қызыл ұшқынын шығарған сепаратистер бас көтеріп, алды парламентте біздің араласуымызбен сотталып жатқанда,

Тәуелсіз Елдің кең көшесінде желбіреген Кеңес империясының Қызыл туы - қызыл от емес деп кім айтты сіздерге, полицей, әкім, сот мырзалар!?

Бұл барып тұрған заңсыз арандатушылық!

Көрші, туыс елдер Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан секілді тәуелсіз мемлекеттерде осылай Кеңес империясы туын көшеде алып жүрсе, не болатынын білесіздер ме?!

Сот қаулысын оқығанда көптеген сауатсыздықтарға куә боласыз. Бәрін айтпай-ақ, мысалы, «дөрекілік көрсетіп, былапыт сөздер айтып» деген сөйлемге ерекше екпін беріп, бір рет жазса, елді сендіре алмай қаламыз деп ойлаған болар, қатарынан бір жерде екі рет қайта-қайта жазғанда, «А.Н.Харжинкийдің көлігінен туларды жұлып алып» деген сөйлемде бүкіл даудың басты себебі сол «тулардың», Қай елдің туы, қандай түсті ту екенін әдейі жазбай, жасырып отыр ма, немесе солай жазуға тиіс екендігіне сауаты не жігері жетпей отыр ма? (Қате құрылған сөйлемнің құрылымын түзеп жіберген біз.)

Әрине, Жанболаттың Харжинкийдің «Сендерге жеңісті алып берген бізге рахмет айтуларың керек» деген мағынадағы қорлық сөзіне жауап ретінде боқтап жібергенін дұрыс дей алмаймыз. Бірақ, ел намысы сынға түсіп тұрғанда, ешкім Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің мыңға жуық бабын оқып алайын деп қарап тұрмайды ғой…

Дегенмен ұсақ бұзақылығы үшін әкімшілік сот, судья А.Б.Нұғманова 5 тәулікке қамамай-ақ, айыппұлмен шектелсе де жетер еді ғой… Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабында мұндай әрекетті ұсақ бұзақылыққа жатқызғанның өзінде «20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға» да болатыны тайға таңба басылғандай анық жазылған. Бірақ, міндетті түрде қамау керек деген кешегі Қызыл тулы Кеңес империясы кезінен бері келе жатқан қожайынға жағу түйсігі түрткілеп қоймағаны анық…

Бұл жерде заңнамамыздағы әлсіздіктер мен біздің «әлемдегі ең әділ, гуманды соттың» қызыл белсенділігі де күшті рөл атқарып тұрғаны анық…

Осы жерде Мәжіліс депутаты, белгілі заңгер, 2019 жылы Орал қаласында осындай арандатушылық іске куә болған Абзал Құспанның сөзіне қосыламын.

«Меніңше, қолданыстағы әкімшілік кодекске бөтен, басқа елдің мемлекеттік символикасын қоғамдық орындарда рұқсатсыз пайдаланғаны үшін бөлек жауапкершілік қарастыру керек. Сонда біз осындай провокациялық әрекеттердің алдын алған болар едік. Әйтпесе, СССР-дің туын желбіретіп жүргендердің әрекеті заңды, ал оған тосқауыл қоямыз деушілердің әрекеті заңсыз болуы әділеттілік қағидатына қайшы.

Сондықтан, ол тосқауылды жекелеген белсенді азаматтар емес, бірінші кезекте мемлекет өзі қойып, мемлекет қауіпсіздігін өзі қорғауы тиіс», - дейді әріптесім.

Қорыта айтқанда, кез келген Тәуелсіз Қазақ Елінің патриоты ел намысын қорғау үшін дәл Жанболат Шайзаданың көрсеткен қайратын істейтін еді деп ойлаймыз.

Заңсыздықты тоқтатқан Жанболат Шайзаданы қамауға тапсырма бергендер, қамағандар, айыптаушы болғандар, қарсы куә болғандар, соттағандар одан кешірім сұрайтын кез келеді әлі. Сондықтан Жанболат Шайзада шұғыл босатылуы тиіс!

Қазыбек Иса

Abai.kz

33 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2232
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2586
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2537
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1685