Жексенбі, 24 Қараша 2024
Абай мұрасы 1070 2 пікір 20 Мамыр, 2024 сағат 09:59

Абай ілімдегі ғибадат түрлері

Коллаж: Abai.kz

Ғибадат дегеніміз түрлі әрекет көріністері. Ғибадат адамның санасына байланысты тәнмен, оймен және жанмен жасалады. Бұлар ғибадат жасаудың түрлі әдістері.

Тәнмен жасалатын ғибадат.

Рухани жолға түскен сәтте адамның санасы жоғары емес, түрлі әрекеттермен қалыптасқан тек қана беткі төменгі деңгейде. Әрекеттің өзі Алланың бір көрінісі. Оны жан құмары үшін жасағанда, адам Болмыстың рухани деңгейіне көтеріліп, ал тән құмары үшін жасағанда материалдық  деңгейге түседі.

Әлемдегі барлық жан иелері әрекет арқылы бір-бірімен, қоршаған ортамен байланысып, болмыс заңдылықтарын танып, өздерінің орнын біледі. Осылай олар Болмыстың матриалдық бөлігін таниды.

Рухани даму үшін әрекеттің түрлерін, олардың адамға тигізетін әсерін жақсы білу керек. Себебі, қандай әрекет болса да адамды фәни әлемге байлап, пайдалы, не болмаса, зиянды әсерін береді. Рухани жолдағы әрекеттің түрлері мен олардың әсерін «Единая основа мировых религий» деген еңбегімізде кеңінен берілген. Бұл жерде мәселенің тиянағы үшін қысқаша тоқталайық. Әрекеттің төрт түрі бар.

Біріншісі, адамның дамуына зиянды әрекеттер. Зиянды әрекеттердің нәтижесі қиянат болып, күнә тудырып, адамның өзіне де, оны қоршаған ортаға да қайғы-қасірет әкеліп, қоғам өмірінің үйлесімділігін бұзатыны белгілі. Олар адамды фәни әлемге темір шынжырмен байлағандай, жан еркінен толық айырады. Мұндай адамдар өздерінің құлқын қамынан шыға алмай, нәпсінің құлдары болып жүргендер. Ғибадаттың өзін олар көрнеу көз үшін ғана, имансыз жасайды. Мақсаттары – байлық пен мансап шеңберінен шыға алмайтын құндылықтарды Алладан өздеріне талап ету. Тіпті, мешіттегі молдалардың арасында да осындай адамдар болуы мүмкін. Оларды Абай «мұнафик» (сырты мұсылман, іші кәпір) екенін көрсетіп, «жарым адам», «жарым мұсылман», «жарым молда» деп атайтыны белгілі.

Екіншісі, адамның дамуына пайдалы әрекеттер. Пайдалы әрекеттер адамдарға тұрмыс жағдайларын жақсартып, ой өрісін кеңітуге мүмкіндік береді. Қоғамға пайдалы істер байлық, мансап, дәреже-құрмет әкеледі. Бірақ, бұлар да адамды фәни әлемнің ықпалынан босатып, Болмыстың рухани бөлігін тануға мүмкіндік бермейді. Керісінше, адамның менмендігін көтеріп, өзінің арманы орындалмағанда қайғыға батып, дүние тіршілігіне байлана береді. Абайдың өзі де өмірдің осындай деңгейінен өткен. Мұндай жағдайды Абайдың «Моласындай бақсының, Жалғыз қалдым тап шыным», «Мен ішпеген у бар ма?» деп жаны қиналған шағында жазған көптеген шығармарынан жақсы көруге болады. Ол жүрек көзі ашылып, өмірдің кемшіліктерін көргенде, енді оны түзетуге ұмтылады. Бірақ, шамасы жетпей, психологиялық тығырыққа тіреледі. Мысалы, Абай «Менсінбеуші ем наданды» өлеңінде өзінің әрекетінің бос әурешілік болғанын түсінеді. Әуелде «Түзетпек едім заманды, Өзімді тым-ақ зор тұтып» деген үлкен сеніммен бастаған әрекеті сәтсіз аяқталды. Ақыры «Мұндай елден бойың тарт, Мен қажыдым, сен қажы!» деген қорытындыға келеді.

Не себептен осындай ұлы адамның арманы орындалмады? Себебі, ол адамдарды Болмыстың рухани бөлігінен айырып, түзетпек болды. Материалдық өмірдің Алла берген өз заңдылықтары бар. Ол заңдылықтарды ешкім бұза алмайды, Абайдың өзі жазғандай «Ауруды жаратқан Құдай, ауыртқан Құдай емес». Құдай әлемді және оның заңдылықтарын жасады, бірақ Өзі араласпайды.  Бұл ақиқатты білмей, қоғам өмірін өзгертуге ұмтылған адам осылай сәтсіздікке ұшырап, фәни әлемнің құрсауынан шыға алмай қалады. Жеңіліс табады. Пайдалы істің нәтижесі, әрине, зиянды істердің нәтижесінен жоғары тұр. Бірақ, бұл да фәни әлемге байлайтын ноқта. Алтын ноқта. Ноқта темір болсын, не болмаса алтын болсын, екеуі де фәни әлемге байлап, ерікті шектейтін ноқта. Екеуінің айырмашылығы шамалы. Мақсат -- ол ноқтадан босанып, фәни әлемнен құтылу. Абай өзі бұл жағдайды жақсы түсініп, іздену барысында хакім деңгейіне көтерілді.

Үшіншісі, нәтижесіне байланбай жасалатын әрекеттер. Адам өмірдегі борышын өзінің міндеті ретінде орындағанда, ол әрекеттің нәтижесіне  байланбайды. Ол «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан» деп Абай көрсеткендей өмірдегі орнын тауып, қоғамдағы борышын адал орындайды. Мұндай әрекеттің нәтижесін тағдырдың өзі алып, адам фәни әлемге байланбай, еркіндік алады. Адам отбасы, қоғам, ұлт, дін, тіпті, бүкіл адамзат алдында борышты. Борышын адал орындаған адам екі дүниеде де Болмыспен үйлесімді өмір сүруге мүмкіндік алады.

Төртіншісі, әрекетті Алланың разылығы үшін жасау, яғни, рухани әрекет. Адам осылай өзінің ең үлкен борышын, Алланың алдындағы борыш орындауға кіріседі. Нәтижесін Алла қабылдап, әрекет рухтанып, жан енді фәни әлемге емес, Алланың Өзіне байланады. Барлық әрекетті Алланың разылығы үшін жасағанда Алланың шапағатымен адам толық еркіндік алады. Осылай, Абайдың өзі айтқан «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деңгейге көтеріліп, Түп Иеге қайтуға мүмкіндік алып, өмірдің негізгі мақсатына жетеді.

Адам көңілі рухани болмысқа ауғанда өмірі толық өзгереді. Оның әрекетінің сыртқы көрінісінде ешқандай өзгеріс болмауы мүмкін, бірақ, көңілі рухтанып, ішкі дүниесі толық өзгереді. Бұл көрініс тек қана намаз кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де байқаалады. Мұндай адамға қоршаған ортаның әсері болмайды, сондықтан, ол үнемі рухани деңгейде. Мұндай әрекет сезімді тазартып, денені рухтандырады. Ең бастысы, фәни әлемге байланбайды. Хакім деңгейінде фәни әлемге байланыс әлсіреп, әулие деңгейіне жеткенде мүлде жоғалады. Осылай жан толық еркіндікке жетіп, оған енді фәни әлем ноқтасы әсер ете алмайды.

Оймен жасалатын ғибадат.

Құдайға құлшылықты оймен де жасау керек. Ол үшін ақыл қолданылады. Ақыл жанның құлшылық жасайтын құралының бірі. Бірақ, таза оймен құлшылық жасау үшін үлкен ақыл керек. Бұл жолмен логикасы жетілген адамдар жүреді. Сол себептен, бүгінгі тәңіршілдердің көпшілігі интеллектуалды адамдар. Олар болмыс құбылыстары туралы кітаптарды зерттеп, табиғат көріністерінен Болмыстың құпияларын түсініп, барлық жаратылыстың шыққан көзіне жетулері мүмкін.

Білім арқылы Болмыстың Жаратушы Қуатын сезініп, Алланың Нұрына жетуге болады. Абай жанның негізгі қасиеттерінің бірі білім, сондықтан, білім алу жан құмары екенін жазады. Болмыстың құпиялары туралы ойлауды исламда фикр, қазақша пікір деп аталады. Пікірлеу арқылы білім алынады.

Болмыс тән, ой және жанның қозғалысы арқылы көрінеді. Қозғалыссыз өмір жоқ. Әрбір қозғалыс білім береді. Осылай өмір үшін, және өмір барысында білім алынады. Өмір үшін білім керек. Білімсіз өмір жоқ, себебі, надандықтан өмір жойылып кетеді. Білімді өмір ләззат береді, ал ләззат өмірге құштарлықты тудырады. Құштарлықсыз ешқандай қозғалыс болмайды, яғни, өмір де жоқ деген сөз. Осылай өмір, білім және ләззат біртұтас, әрі бірімен бірі байланысты екенін көреміз. Олардың бір болмаса басқалары да жоқ, сондықтан, толық бірлігі Абсолют көрінісі болып табылады. Осы қасиеттердің себебінен әркім ұзақ өмір сүргісі келеді, білімге ұмтылады, және өмірден ләззат алғысы келеді. Бұлардың үйлесімділігі адамға бақыт әкеледі. Ал бұл үйлесімділік толығымен тек қана рухани жолда рухани қуатпен байланысқанда ғана болады.

Жанмен жасалатын  ғибадат.

Жанмен жасалатын ғибадат – ғибадаттың ең жоғарғы сатысы. Бұл сатыға ынталы жүрек, шын көңілдің ең жоғарғы деңгейін керек қылатын ихсан арқылы жетуге болады. Тіпті, күнделікті оқылатын намаздың нәтижесі де ғибадаттың осындай тазалығына байланысты.

Ислам дініндегі ихсан ұғымы Алланың көрмесең де, көріп тұрғандай ғибадат жасауды білдіреді. Рухани жетілудің ең жоғарғы сатысына көтерілуге арналған сопылық жолда ғибадаттың мұндай деңгейі Алланың есімдері мен сипаттарын көз алдыңда үздіксіз елестетіп, оларды барлық ынта-жігермен ой жүйесіне терең сіңіру арқылы орындалады. Сопылық жолда жанмен ғибадаттың негізгі әдісі зікір. Зікір дегеніміз Алланыың қасиетті есімдерін үздіксіз қайталау. Қасиетті құранда Алланың есімдерін қайталаудың маңызы туралы көп жерде бар. Алла шексіз Абсолют болғандықтан, Оның қасиетті есімдері мен Оның Өзінің арасында айырмашылық жоқ. Сондықтан, зікір жасаған адам Алланың шапағат Нұрына бөленіп, өзінің жан дүниесі мен заттық болмысын толық тазартады.

Шыбын жан тазару барысында дүниенің барлық байланысынан арылып, фәни әлем ықпалынан толық босанғанда ол Ғазиз Жанмен тікелей байланысуға мүмкіндік алады. Алланың Нұры мен жанның рухы бірімен бірі байланысып, Ғазиз Жан мен шыбын жанның арасында рухани қатынас орнайды. Олар бірін бірі қанағаттандырып, шексіз рухани ләззатқа ие болады. Сопылық жолда жүрген «толық адамдыр» бұл сәтті «мас болу» деп атайды. Осылай олар рухани ләззаттан мас болып, бұл әлемнің ықпалынан толық шығып, рухани әлемге өтеді. Рухани жолдың щыңы дегеніміз осы деңгей. Бұл шыңда діни жолдардың барлығы бір нүктеге түйісіп, араларындағы түрлі айырмашылықтар жойылып, жандар Алланың Шапағат Нұрына бөленеді. Әрбір жан армандаған рухани ғашығына қолы жетіп, рухани ләззаттың құшағына кіреді. Әулие деңгейіндегі Шәкәрім атамыз бұл рухани деңгейді былай деп суреттейді: «Менің Жарым қыз емес, Хақиқаттың шын нұры. Оны сезер сіз емес, Көзге таса бұл сыры».

Ғибадаттың қандай түрі болса да, ойды рухани болмысқа, яғни, Аллаға бағыттап, қоршаған ортаның ықпалынан шығуға арналуы керек. Осылай, көңіл, ой түгелдей ғибадаттың мағынасына, маңызына шоғырланады. Сол кезде ой өрісі өмірдің басқа түріне алаңдамай, бір бағытқа шоғырланады. Көңіл ойдың көмегімен көріністің ішкі сырына бағытталады. Көңіл қайда болса, жанның рухы да сонда.

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3264
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5596