Министрдің бұйрығы неге орындалмайды?
Барлық жерде соңғы қоңырау соғылып, оқу жылы аяқталып жатыр. Осыған орай, белгілі журналист-жазушы Қайым-Мұнар Табеев «Министрдің бұйрығы неге орындалмайды?» деп, қоғамға сауал тастады.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев сәуір айында мектеп бітіруші түлектердің қауіпсіздігін және емтихандарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету мақсатында ақша жинауға, салтанатты іс-шаралар мен банкеттер ұйымдастыруға және қымбат автомобильдермен қыдырыстауға тыйым салынатаны туралы ескерткені естеріңізде болар.
«Оқу жылын аяқтауды сапалы ұйымдастыру және қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша өңірлік білім басқармаларының басшыларына дербес жауапкершілік жүктеймін», - деп нығарлап қойды министр. Жөн-ақ. Алайда, бас педагогтың бұл бұйрығын өңірлердегі білім басқармаларының басшылары, мектеп директорлары жүре тыңдайтын секілді. Неге? Себебін айтайық», - дейді Қайым-Мұнар Табеев.
Көптен күткен соңғы қоңырау соғыла салысымен, тағы бір қызу науқан басталып кетті. Ол – мектеп бітірушілердің «қоштасу кешіне» дайындық. Біздің ойымызша, оқушы жастар алдағы аса жауапты мемлекеттік емтихандар мен ҰБТ-ға алаңсыз дайындалуы керек еді. Бірақ, олай болмай тұр. Қызық аңсаған ата-аналар да, желіккен ұл-қыздар да емтиханға дайындықты жинап қойып, той қамымен қапылып жатыр.
Армандары – арқыраған лимузинмен қыдырып, жарқыраған қымбат мейрамханаларда таң атқанша думандату. Қазірдің өзінде қымбат көйлек тіктіріп, фотосуретке түсу, видео жасау, мұғалімдерге гүл мен қымбат сыйлық сатып алу үшін жанталас, жарысқа түсу қызу жүріп жатыр.
Биыл мектепті 186 000 түлек бітіреді екен. Соның ішінде Алматы қаласында 16 мыңға жуық жасөспірім бар.
Басқа жерде қайдам, Алматы қаласында «Қазақтың тойы бітпесін!» деген ұран мектеп бітірушілер арасында өршіп тұр. 20 кісілік бір лимузиннің бір сағаты 30 мың теңгеден басталатыны, элиталы мейрамханалардағы бір орынның бағасы 50 мың теңге екендігі оларға бөгет емес. Бір оқушыға жұмсалған шығынның орта есебі 300 мың теңгеге жетіп жығылады. Байлардың ерке тотайлары жұмсаған қаражат одан да асып түседі. Оның үстіне, естелік сыйлыққа алтын сақинаны менсінбей, бриллиант сұрап отырған класс жетекшілер де бар дегенді естіп қалып жүрміз. Баламызға кесірі тиіп кетпесін деп қауіптенген ата-аналар оны ашып айтуға жасқанады.
Әрине, өмірде бір-ақ рет болатын мектеппен қоштасу сәтін есте қаларлықтай қызықты өткізуге қарсы емеспіз. Бірақ, соншалықты даңғазалыққа ұрынуға бола ма? Жағдайы жақсы ауқатты отбасылар үшін бұл айтып отырғандарымыз проблема емес шығар. Дей тұра, қарызданып-қауғаланып «Елден қалмасын, достары табаламасын!» деп, балаларының дегеніне амалсыз көнуге мәжүбір болып отырғандар аз емес.
Мысалы, қаладағы үлкен мектеп-гимназияның төрт оқушысы ата-анасы ақша таба алмағандықтан, той дастарханына қатыса алмайтынын білеміз. Ал, олардың ертең іштей қорланып, бірдеңеге ұшырамасына кім кепіл? Мектеп түлектерінің үлкен өмірге қанат қағар сәтіндегі тағдырына аяусыз сына қағуымыз орынды ма?
Мені қатты ойлантатыны, осы ысырапшылдыққа, даңғазалыққа жол бермеу туралы министрдің тапсырмасы жергілікті білім саласының өкілдеріне неге өтпей отыр? Маңғыстауда cоңғы қоңырауда болған мектеп бітірушілердің сойқан төбелесі нені білдіреді?
«Біз аттестат бергеннен кейін мектеп бітірушілер мен ата-аналардың іс-әрекетіне жауап бермейміз» дейді жауапты шенділер. Мектеп басшыларының да айтары осы.
Білімуізше, жергілікті жердегі білім саласының басшылары тікелей әкімге ғана бағынады. Олардың министрдің тапсырмасын жүре тыңдауының салқыны осында жатқан болу керек.
Ал, сонда министр не үшін, кім үшін бұйрық шығарды?
Abai.kz