Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 6300 11 пікір 10 Маусым, 2024 сағат 16:56

Қожанов – Қазақ жерін жинаушы...

Сұлтанбек Қожанов

Жақында Түркістан облысының Созақ ауданында Орта Азия мен Қазақстанға аса әйгілі тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері, Үлкен террор құрбаны  Сұлтанбек Қожановтың туғанына 130 жыл толу құрметіне «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияда жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев  «Қожанов – қазақ жерін жинаушы» деген тақырыпта бандама жасады.Төменде оқырман назарына баяндаманың толық мәтіні ұсынылып отыр.

Түркістан Республикасы басшыларының бірі Сұлтанбек Қожанов бұдан жүз жыл ілгеріде алға тартылған межелеудің астарын айқын түсініп, балама ұсыныс берген қайраткер еді.  Ол Орта Азия мен Қазақ республикаларын экономикалық тұрғыдан қауымдастыру және солардан Ортаазиялық Федерация құру арқылы КСРО құрылтайшылары қатарына кіру, сөйтіп халықтардың даму деңгейлерін теңестіргеннен кейін ғана жіктеу-межелеу мәселесіне кірісу, сондай-ақ Ташкент қаласын Қазақ Республикасының астанасы ету жолындағы күрестері нәтижесіз аяқталғаннан кейін, 1924 жылғы 15 қыркүйекте Түркреспубликаның таратылуын заңдастырған Советтердің соңғы сессиясында өлкедегі қазақ аумақтарының қазақ еліне қосылуынан Ұлттық Қазақ Республикасын рәсімдеу басталатынын мәлімдеді. Он шақты күннен кейін, Орынборда 1924 жылғы 26–28 қыркүйекте өткен РК(б)П Қазақ облыстық комитетінің екінші пленумында жасаған Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеу жөніндегі қосымша баяндамасында мұны таратып айтты.

Қожанов 1924 жылдың қазан айында, Бас хатшы И.В. Сталинге Орта Азиядағы ұлттық жіктеп-межелеу нәтижелері жайында жазған хатында ескі Қазақстан ахуалын былай: «Қалай есептесең де, Қазақияда сан жағынан еуропалық тұрғындар басым (54% орыстар, 46% қазақтар); ...Қазақиядағы РК(б)П ұйымдарының құрамында қазақтар 6% (568 адам). Оның үстіне қазкоммунистер ыдырап-бытырап жатыр, қазақ ұялары жоқтың қасы; ...Партия ұяларының қазақ бөліктері басшылық арасындағы өсек-аяң, сөз тасу және топшылдықтың таусылмас тасқыны салдарынан іріткіге ұшырап құлап барады; ...Кеңес аппараты басынан аяғына дейін феодалдық-патриархальдық ықпалға шырмалған...» – деп сипаттады. Қазақстандағы басқарушы элита сапасына осылайша сыни баға бере келе, межеленуден кейін сонда орын алуы ықтимал ахуалға: «Түркістанның екі қазақ облысын қосу, Қазақия басшы кадрларының белгі бере бастаған әрекеттеріне қарағанда, – Қазақияда жауапты қызметкерлер арасында орын алып отырған интригалар мен араздықтарды тереңдете түсу мақсатына пайдаланылатын болады», – деген сөздермен аландаушылық білдірді.

Содан кейін, ескі Қазреспубликаның ішкі саяси жағдайын сыншылдықпен талдай келе, Сұлтанбек Қожанов Иосиф Сталинге: «Дегенмен қазіргі сәт – Орталық Комитет тарапынан Қазақияның жағдайын жақсарта алуы ықтимал батыл шаралар қабылдаудың ең бір оңтайлы да қолайлы кезі», – деп хабарлады. Оның иланымынша, жер-суы біріккен қазақ бұқарасын өз жағдайын жақсарту үшін күресуге дайындау керек. Бұқара арасында партия ұялары мен еңбекшілер кеңесін рәсімдеудің көзін ашу қажет. Алайда, елеулі өзгерістер жасау – едәуір күш жұмылдыруды тілейді. Бірақ «Қазақиядағы іс ахуалы», Қожановтың ойынша, межеленген облыстарды қосып алар қарсаңдағы Қазақстанда «ондай бетбұрысты жүзеге асыруға қауқары бар қызметкерлер қатары жоқ» екенін көрсетіп отыр. Сол себепті «Қазақиядағы партия-кеңес кадрларының одан әрі іри түсуін тоқтату үшін, сөйтіп тоқыраған атмосфераны сауықтыру үшін, бірінші кезекте РК(б)П Орталық Комитетінің төте басшылығымен істейтін қатаң партиялық режим орнату керек» деген пікірін білдіре келе, республикада «қатаң партиялық режим орнату» үшін, Киробкомды (Қазобкомды) тарқатып, орнына бір жылға Орталық Комитеттің уақытша бюросын құру жөн деген ұсыныс айтты.

Одан әрі, Ташкент үшін күресінен ештеңе шықпағанына көндіккендіктен, Кирреспублика астанасын шұғыл Шымкент қаласына көшіру мәселесін көтерді. Қазақстанды Шығыс, Батыс, Оңтүстік әкімшілік-шаруашылық облыстарына бөліп басқаруды ұсынды. Мал бағу қожалықтарын ұйымдастырып, өнімдері мен шикізатын сату нарығын реттейтін кәсіби орталық құру керектігін тұжырымдады. Осындай шараларды тізбелей келе: Орталық Комитет «Қазақиядағы РК(б)П ұйымдарына, оған Түркістанның облыстарын қосуға байланысты, Қазақиядағы партия-кеңес құрылысы мәселелері туралы директивалық хат жолдасын...» – деп өтінді, оны өте маңызды қажеттілік ретінде атады. Қожановтың Бас хатшыға жолдаған осы хаты Орталық Комитет атынан жіберілсе деп сұраған сол директивалық нұсқау-хаттың үндеу түрінде дүниеге келуіне себеп болды. РК(б)П Орталық Комитеті 1924 жылғы қарашаның соңғы күндерінің бірінде Қожановты РК(б)П Қазақ обкомы басшыларының бірі етіп бекітісімен, 1924 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан партия ұйымына арнайы Үндеу-хат жолдады.

Үңдеу межелеу науқанынан кейін іргесі кеңейген республикада жүргізілетін саяси-ұйымдастырушылық жұмыста басшылыққа алатын, ішінде жағдайды сараптап-талдау да, атқарылуға тиіс нұсқау да жинақталған маңызды партиялық құжат болатын. Оны Қожановтың хатымен салыстырып оқығанда, Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, Средазбюро мүшесі Қожановтың «әлі де түркістандық шағында, 1924 жылдың қазан айында, Сталин жолдастың атына ұлттық межелеу нәтижелері жайында» жазған хатының мазмұны ОК үндеуінің тұлабойына тоқылып, директивалық құжатқа айналдырылғанына көз жетеді. (Бұл директивалық құжатты бір жылдан кейін Филипп Голощекин өзінің қасіретті «Кіші Қазан» теориясының базалық құжатына айналдырады).

Үндеуде РК(б)П Орталық Комитеті «Қазақ ұйымы Түркістанның қазақ территорияларын қосқанға шейін де – жұмысты қиындататын ерекше жағдайда» болғанын айтып, «социалистік құрылыс ісінде зор қиындық туғызатын, маңызды мәселелер түйінін шешуде партия ұйымдарынан айрықша икемділік пен күш-жігер талап ететін» жәйттер ретінде «территорияның кеңдігі, тұратын халықтың сиректігі, хабар-ошар алмасудың қолайлы құралдары жоқтығы, шаруа қожалықтарының артта қалғандығы мен өнеркәсіптің жоқтығы, т.с.с.» себептерді атады. Қазақ территориялары біртұтас республикаға біріктірілгеннен кейін «Кирреспубликаның экономикалық және мәдени деңгейін көтеру жөніндегі жұмысты бастау мүмкіндіктерінің артуымен қатар, ұйым алдында тұрған қиындықтар кемімек түгіл, көбейе түскендіктен», Орталық Комитет Қазақстан ұйымы үшін маңызы зор бірқатар мәселеге тоқталуды жөн көрді. Соларды бес тармаққа жүйелеп, нұсқаулар берді.

Бірінші кезекте «партия ұйымының толығымен біртұтастануына және бірлігіне қол жеткізу керек» деген талап қойды. «Қазақ қызметкерлері арасындағы алауыздықтар, сондай-ақ ұлт саясатында жекелеген еуропалық қызметкерлер тарапынан жол берілген бірен-саран ауытқушылықтар күллі партия ұйымында, алғашқы кезекте басшы партия органдарында кетіріліп, жойылуға тиіс» екені атап айтылды. Қазақ қызметкерлерінің өзара және еуропалық қызметкерлермен татулығына қол жеткізу жөн. «Топ құруға әрекеттенудің қандайы болмасын партия ұйымы тарапынан кесімді тойтарысқа ұшырауы тиіс». Хатта «жаңа қазақ ұйымы құрамының біраз бөлігі Түркістан облыстарының қосылуына орай енген қызметкерлер болатынын есепке алып, олардың бұрынғы құраммен тығыз дәнекерленіп-байланысуына» қол жеткізу керектігі ескертілді. Осы «активті барлық қазақ ұйымдарының жұмысына тарту керек, тәрбиедегі, жұмыс машығындағы бірер айырмашылықты кетіре отырып, оларға тиісті қамқорлық көрсету» жөн деді. Сонымен бірге партия мүшелері мен партияда жоқ қалың бұқара ортасында қазақ жер-суын «біріктірудің себебі мен мәнін түсіндіретін насихаттық науқан өткізу қажеттігі» айтылды.

Келесі тармақта партия құрамын қазақтар есебінен өсіру сөз болды. Одан кейінті тармақта: «Кирреспубликада Кеңестердің айрықша ауыр жағдайда тұрғандығын және ауылдарда Кеңестердің іс жүзінде жоқтығын ескере келе, Орталық Комитет ауылдар мен қыстақтарда Кеңестерді шынымен құру үшін барша шараны қолдану керек деп есептейді, – делінді. – Кеңестер жоқ болса – құру қажет, бар жерлерде – жұмыстарын жандандыру ләзім». (Осы «ауылдарда Кеңестердің іс жүзінде жоқтығын» айтқан тіркесті бір жылдан соң республиканы басқаруға келген Ф.И. Голощекин зобалаңды «жаңалығына» тамызық етеді. Партия директивасындағы бұл жолдарды кабинетінде «дамытып», «Қазан революциясы қазақ ауылына соқпай, жанынан өте шыққан» деген қорытындыға келеді. Сөйтіп, аз жылдан соң, «Мәскеу диктатурасының қызыл жандармы» (М. Шоқай) Қазақстанда жаңа революция өртін тұтатып, қасіретті «Кіші Октябрь» дауылын соқтырады...) Үндеуде «бізге тілектестікпен қарайтын қазақ интеллигенциясын кеңес құрылысына тартуға ерекше ықылас білдіру» талап етілді. Төртінші тармақ шаруашылық мәселелеріне арналды. Кооперация, жер саласындағы шаралар, әсіресе көшпенді қазақтардың отырықшылыққа келуіне байланысты, жерге орналастыру мәселелерін байыптап ойластырып жүргізу, сауда, дайындау жұмыстарына көңіл бөлу тәрізді таяу уақытта атқарылмақ маңызды шаруалар айтылды. Соңғы тармақта кедейлердің түркістандық «Қосшы», қазақстандық «Жарлы» атты ұйымдарын зерттеу, жәрдем көрсетіп, жұмыстарын шаруа ұйымдарымен байланыстыру мәселелеріне орай нұсқаулар тұжырымдалды.

Жүйелеп ортаға тасталған осы тапсырмалардың бәрін жүзеге асыру «күллі партия ұйымының толығымен біртұтастануы және белсенділігі жағдайында ғана мүмкін» болмағын тағы да айтып, Орталық Комитет оларды орындауға партияның Қазақ ұйымы «барлық партия мүшелерінің ...өз күш-жігері мен ынтасын және іс тәжірибесін жұмылдыратынына» сенім білдірді. (Қазақстан партия ұйымына 1924 жылғы 1 желтоқсанда жолданған осы хаттан бір жұмадай өткенде, 1924 жылғы 9 желтоқсанда, тура сол тәрізді мәтін енді партияның Қазақ облыстық комитеті атына жіберілді. «РК(б)П ОК Хабарларында» сол шақта жарияланған құжат «РК(б)П Орталық Комитетінің Киробкомға хаты» деген тақырыппен, бертінде әлденеше құжаттар жинағында басылды). Қазобкомда екінші хатшы болып іске кіріскен Сұлтанбек Қожанов өз бастамашылдығына берілген жауап іспетті партиялық нұсқау-хатты басшылыққа алып, оны орындау жолында кең көлемді жұмысты өрістетудің қайнаған ортасында болды. 1924 жылдың аяғына қарай губерниялардың бәрінде партиялық мәжілістер өткізілді. Оларда ауыл мен деревнядағы жұмыстың жай-күйі қаралды. Ал 1925 жылдың қаңтарында Орынборда партактивтің – болыстық парткомдардың, ауылдар мен деревнялардағы партия ұялары хатшыларының республикалық кеңесі шақырылды. РК(б)П ОК-нің аталмыш директивалары ауқымындағы талқылаулар Қазақстандағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілікті сөз еткен ұжымдардың баршасында, сондай-ақ, жер-суы мен халқы бір шаңырақ астына жиналған Үлкен Қазақстан Кеңестерінің тұңғыш съезін әзірлеу орайында көрініс тапты. Хат қозғаған негізгі тақырып – ұйым бірлігі, топшылдықпен күрес мәселесі де республика партия ұйымының назарында болды.

Ұлттық-мемлекеттік тұрғыда жіктеп-межелеу нәтижесінде отау тігіп шаңырақ көтерген республикалардың бәрі де, Қазақстан тәрізді, етек-жеңін жиып тірлік қылу шараларына кірісіп кеткен-ді. 1925 жылғы ақпанда Орта Азиядағы жаңа кеңестік мемлекеттік құрылымдар кеңестік-большевиктік тұзақ ішінде өз тағдырларын өздері айқындаудың түйінді шегіне жетіп, өз Кеңестерінің ұйыстыру съездерін өткізді. Қазақстанның саяси басшылығы да қорытынды серпілісін жасауға тиіс-тін. 1925 жылғы 18 қаңтарда РК(б)П Қазақ облыстық комитетінің бірінші хатшысы Виктор Нанейшвили, екінші хатшысы Сұлтанбек Қожанов, хатшысы Николай Ежов ағымдағы ахуалды хатшылық отырысында талқылады. Қожанов Орта Азияны ұлттық-территориялық межелерге жіктеу мәселесі жайын баян қылды. «РК(б)П Орталық Комитетінің Ортаазиялық бюросы Қазақия мүддесіне кереғар» етіп жүргізіп отырған жұмыстар, соның салдарынан республиканы аудандастыру, астана болатын қаланы анықтау, тт. шаралардың орындалуының созылып бара жатқанын айтты. «Средазбюро шешіміне қарсы наразылық білдіру, обкомның осы мәселе бойынша шешімін қуаттау және мұны шешу үшін Ұлттар кеңесінен беделді кеңестік комиссия тағайындалуын Орталық Комитеттен сұрау» жөнінде қаулы қабылдануына мұрындық болды. Сондай-ақ, мәселені РК(б)П Орталық Комитетіне жан-жақты түсіндіру қажеттігін мойындатып, сол үшін бюро мүшелерімен бірге Мәскеуге арнайы барды.

Қазақ жерін біріктіруді Қазобкомның 1924 жылғы екінші пленумы «екпінді міндет» деп айқындаған-тын. Республика орталығын белгілеу, республикада басына Орталық Комитет сайланатын Коммунистік партия құру, Ташкенттің ескі бөлігін өзбектерге, жаңа бөлігін қазақтарға беру мәселелерін тұжырымдаған-тын. Қазатком астана хақында – Ташкентті қазақтарға беру созылған жағдайда, орталықты тездетіп Шымкентке ауыстыру туралы балама нұсқа белгілеген. Астананы Шымкент қаласына көшіруге кірісу ісі Қазатком мен  Қазхалкомкеңеске тапсырылған еді. Алайда сол уақытқа дейін Қазақстан үкіметі Мәскеудің рұқсаты болмағандықтан, саусағын да қимылдатпады. Киробком пленумы мен КирЦИК сессиясының қарарлары орындалмады. Сондықтан енді сол шешімдерді де бетке ұстап, Қожанов Мәскеудегі билік басындағылармен байыпты келіссөз жүргізуді қалаған. Бірақ Мәскеудегі биліктің әр мәселеге өзіндік көзқарасы болды. Орталық Комитет 1925 жылғы 26 қаңтарда Қазақстанды аудандастыру жобасын қарап, оны жетілдіруді ВЦИК-тің Орталық әкімшілік комиссиясына тапсырды. Ал Республика астанасы – Қазан төңкерісі арайымен даму жолына түскен қазақ еңбекшілерінің ерік-жігерін білдіретін ҚазЦИК Сессиясы шешкен Шымкентке емес, Мәскеу ұйғарған Ақмешітке көшірілетін болды. Сталин 1925 жылғы 19 ақпанда Саяси Бюро қаулысына қол қойды. РК(б)П Қазақ облыстық ұйымына межелеу науқанының белсенді күрескері Қожанов пен оның үзеңгілестері сұраған Үлкен Қазақстандағы Орталық Комитет бөркін киетін республикалық компартия ұйымы мәртебесі берілмей, РК(б)П Қазақ өлкелік ұйымына айналдырылды.

Мәскеудің аталған шешіміне дейін, бертінгі советтік ғалымдар тұжырымдағандай, «ішкі жаулар» өрекпуін қоймай тұрған еді: «Жүзін жасырған буржуазиялық ұлтшылдар, «ортаазиялық федерация» құру жоспары іске аспай қалғаннан кейін, ҚазКСР-ін шұғыл одақтас республикаға айналдыруды көкезуленіп талап ете бастады, – деп жазды 1953 жылы қазақстандық беделді тарихшы Ақай Нүсіпбеков «Объединение казахских земель в Казахской Советской Социалистической Республике» деген еңбегінде. – Олар Қазақстанды РКФСР-ден бөліп алуға, орыс жұмысшы табының басшылығы мен көмегін әлсіретуге, Қазақстанның демократиялық социалистік өзгертілулерін тежеуге тырысты». Бірақ оларынан, әрине, түк шыққан жоқ. Қазақстан РКФСР құрамындағы автономия күйінде қалды. «Орыс жұмысшы табының Қазақстанға басшылығы мен көмегіне, оның қамқорлығымен Қазақстанды демократиялық социалистік өзгерулер жолына түсіруге» тежеу салынбады. (Нәтижесінде – бар болғаны бес-алты жылдан кейін, қасіретті Отыз екінші жылы, халық XX ғасырда үшінші мәрте алапат ашаршылыққа ұшырап, жарты санын жоғалтқан ұлттық апатқа ұрынды. Сол зобалаңның себеп-салдарын іздетпеу мақсаты да түрткілеген болар, қансыраған, едәуір бөлігі азып-тозып, әлемге шашырап кеткен, өз жерінде өзі азшылық боп қалған қазақтың мемлекеттігіне, ақыры, жасанды да болса, 1936 жылы одақтық мәртебе берілді). 1925 жылғы 9 ақпанда КирЦИК (Қазатком) астананы Орынбордан Ақмешітке көшіру жайында шешім шығарды. Тағы екі айдан кейін, Мұстафа Шоқай айтқандай, «Түркістанның ең қораш та жабырқау қалаларының бірі» болып табылатын осы Ақмешіттің «аса қораш бекеті» шат-шадыман халыққа толып, пойызбен келе жатқан «Қазақстанның талап-тілегі жұпыны үкіметін» қуанышпен қарсы алады. Өйткені, тоталитарлық идеология тарихшысы насихаттағандай: «ҚазАКСР-ді нығайту мен дамыту мүдделері Қазақстанды РКСФР-дің автономиялық республикасы етіп сақтауды талап ететін. Өз республикасының РКФСР құрамында... өркендеуіне қазақ еңбекшілері өте құштар болатын. Орыс жұмысшы табының басшылығы мен тікелей мемлекеттік жәрдемі – қазақ халқының экономикасы мен мәдениетін қуатты түрде көтеруге кепілдік береді».

Сонымен, Қазақстанның екі бөлігін біріктірудің негізгі ұйымдастырушылық-практикалық шаралары жүзеге асырылды. Кеңестік негіздегі Түркістан Республикасы жергілікті большевиктердің бастамашылдығымен шаңырақ көтерсе, Кеңестік Қазақ Республикасы Орталықтың тікелей ұйымдастыруымен, арнайы тағайындалған революциялық комитеттің жылдан астам жұмыс істеп, әзірлеуімен дүниеге келген-ді. Қазақ халқының қос автономияда жарылып тұруы оның саяси және экономикалық тұрғыда дамуын, мәдени өркендеуін кешеуілдеткен еді. Ұлттық мемлекеттігінің қалыптасуын тежеген. Өйткені Қазақ Республикасы іс жүзінде орыс пролетариаты ошағында ту тікті. Алғашында ол бұрынғы Дала өлкесіне қараған солтүстік аумақтағы облыстарды ғана біріктірді. Республика халқының көпшілігі орыс және басқа ұлт өкілдері еді. Қазақтар тұрғындардың жартысынан аз болды. Көшпенді өмір салтымен ауылдарда тұрды. Экстенсивті мал шаруашылығымен шұғылданды. Сауаты аз, саяси өмірге араласуы кемшін болды. Ал мемлекеттік аппараттардың барлығында өзге ұлт өкілдері істеді. Осы ахуалда ұлттық құрамы салыстырмалы түрде біртекті, экономикалық потенциалы мол оңтүстік аумақты Қазреспубликаға біріктірудің маңызы зор еді. Мұны Мәскеудің Орта Азияда республикаларды жаңадан жіктеп-межелеу науқанын жүргізуі мүмкін етті. Межелеудің ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыруға қолайлы дәрежеде өтуі үшін Қожанов бастаған қазақ қайраткерлері табанды күрес жүргізді. Алайда ол мәскеулік орталық пұрсат берген деңгейде ғана жасалды. Дегенмен, қазақ халқының ұлттық тұрғыда тұтастануға, жер-суының бірігуіне мүмкіндік алуы – үлкен тарихи оқиға еді. Енді соны нақты жүзеге асыру үшін, Қазақ үкіметі Түркістаннан бөлінген қазақ облыстарын басқаратын Революциялық комитет құрды. Қазақ облпарткомы құрамына оңтүстік коммунистерінен жаңа мүшелер қосты. ҚазОАК пен Халкомкеңес төралқаларына өкілдер енгізді. Сөйтіп, республикаға қосылған облыстарды ортаазиялық өзге ұлттық-мемлекеттік құрылымдардан қаржылық-экономикалық тұрғыда нақты межелеп, іргесі кеңейген ел тыныс-тіршілігінің бар саласын жаңа жағдайда басқара бастады.

РК(б)П Қазақ обкомының саяси басшылығымен тұңғыш рет барша қазақ халқы атынан өкілдік ететін Бесінші Кеңестер құрылтайына делегаттар сайлау науқаны ұйымдастырылды. Қожанов республиканың бас қаласы туралы мәселені орталық алдында табанды түрде көтеру арқылы оның тиісті рұқсатын алуға, одан астананы қазағы қалың жаңа өңірге ауыстыруға күш салды. Көшіруді жүзеге асырды. Орынборда 1925 жылғы 9–11 сәуірде РК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің үшінші пленумы болып өткен-ді. Пленумның стенографиялық есебіне қарағанда, күн тәртібіне «Кеңестер съезінің мәселелері» атты арнайы мәселе қойылыпты. Баяндаманы пленумның 1925 жылдың 10 сәуіріндегі мәжілісінде Өлкекомның екінші хатшысы С. Қожанов жасаған. Казкрайкомның бірінші хатшысы В. Нанейшвили өлкелік комитеттің ұйымдық баяндамасын аян еткен күннің ертеңіне. Баяндама ықыласпен тыңдалды. Пленумға Өлкелік комитеттің мүшелері, мүшелікке кандидаттар мен «көптеген белсенді партия, кеңес және кәсіпкерлік қызметкерлері» қатысып отырған-ды. «Қатысушылардың санымен де, талқыланған мәселелердің сипатымен де кез-келген облыстық партиялық конференцияларымызға теңгерілуіне болатын» осы «сәуір пленумы бұрынғы пленумдардан белсенділігі артығырақтығымен ерекшеленді». Онда «күн тәртібіндегі әр мәселе бойынша көптеген жолдастар сөйледі, әрі бұл жарыссөздердің іскерлік сипаты басым болды...» С. Қожанов әуелі Кеңестердің 5-ші Бүкілқазақ құрылтайының жұмысы мен оның фракциясын басқару үшін, Өлкелік Комитеттің Бюросы толық құрамымен Ақмешітке жүретінін хабарлады. Сосын осы шын мәніндегі тарихи құрылтайда талқыға қойылатын мәселелерді әзірлегенде өлкепарткомның нені назарда ұстағанын және съездің жұмысы барысында қандай көзқарасты қорғайтыны жайында тарата баяндады. «Біздің барлық мәселелер бойынша принципті позициямыз төрт сағат бойы Нанейшвили жолдастың баяндамасында жеткілікті қамтылды», – дей келіп, Кирреспублика деревнялары мен ауылдарын советтендіру, жалпы кеңес құрылысы мен жекелеген ведомстволардағы іс ахуалын, алда тұрған міндеттерді шолып, жерге орналастыру мәселесіне ерекше тоқталды.

Ол жер мәселесін «болашақта жоспарлы шаруашылық құрудың аса қажет алғышарты» деп бағалады. Алайда «бекімеген топыраққа бекем бірдеңе салу мүмкін болмайды, бұған күдік келтіре алмайсың, – деді ол, – ал Қазақияда жер қатынастары бекем емес». Жерге орналастыру жұмыстарының негізіне қандай принципті ережелер қабылданғаны жайында съезде ерекше мәселе қойылады. С. Қожанов пленумға қатысушыларға «Жерге орналастыру жөніндегі комиссия хаттамасын» көрсетті: «Мұны біз нақтыландыруға, біздің биік принциптеріміз жер органдарының қатардағы қызметкерлеріне түсінікті болатындай етіп деталіне шейін жетілдіруге тапсырма бердік». Құрылтайда жерге орналастыру жөнінде жасалатын арнайы баяндама осы принциптен туындайтын болады. «Ғажап, – деді ол, – өмірге келген осынша уақытынан бері Қазақияда шаруашылық тұрғыда өркендеуінің зерттеліп-жасалған перспективасы жоқ. Жылдан жылға, күннен күнге ешқандай да перспективалық жоспарсыз өмір сүріп келеді. Бар айтатындары – өткен жылы пәлен бас мал болды, енді оған жиырма шақты мың қосылды дегендер ғана. ...қайткенде жағымды әсер етудің амалы. Енді осындайдың жолын қию керек. Осы съезде біз бірер перспективалық жоспар конспектімен сөйлемекпіз. Сосын жер мәселесін практикалық міндет етіп қоямыз».Одан кейін ирригация мәселесіне тоқталды. «Қазақия үшін бұл мүлдем жаңа шаруа, – деді С. Қожанов. – Ал Түркістан үшін – әдеттегі үйреншікті мәселе. Қазақияда да, кейбір губерниядағы ашаршылықтан кейін, мысалы Семейде, халық өз бастамасымен, Наркомземнен «рұқсатсыз-ақ», арық қазуға көшіп жатыр. Тіпті Қарқаралы секілді дәнді дақыл жайын айтудың өзі қиын үйезде де солай етуде...». Аштықты болдырмаудың ел ішінде туған алдын алу шарасына қолдау көрсету жайын әңгімелей келе: «Шаруаларды өмірдің өзі суландыруға көшуге мәжбүр етуде, – деді ол. – Бізге осы мәселені реттеу керек, оған кіндік өкімет қатысып, басқаратын ету керек, түптің түбінде ирригация да Қазақ мемлекетіне қызмет көрсететін элемент болуы үшін сөйту жөн. Бұл мәселе бойынша біз ерекше жаңа принцип ұсынбаймыз, бірақ осы мәселедегі бастамашылық мемлекет қолында болуға тиіс деп санаймыз. Мемлекетте осыған көзделетін қаржының шектеулілігіне байланысты, халықтың өз бастамасын ынталандыру ләзім. Ал, әлгінде айтқанымдай, халықтың өзінде ондай бастама бар».

Қожанов түйіндеген жәйттер, өзге де баяндамалармен (Нанейшвилидің – ұйымдық жұмыстар, Ежовтың – ауыл мен деревнядағы жұмыстар жөніндегі баяндамаларымен) бірге қызу талқыға түсті. Пленумда қазақ халқының жерге орналасу мәселесіне назар аударылды. Орыс пен қазақ тұрғындары арасындағы жер қатынастарын реттеу мәселесі талқыланды. Әсіресе (патша үкіметі қазақ жерін мейлінше отарлап игеру мақсатында Жайық пен Ертіс аңғарларына әкелген переселендерге кесіп беріп кеткен Орал мен Семей губернияларындағы) он шақырымдық жолақта жүргізілмек нақты іс қаралды. Отырықшылыққа ауысқан да, отырықшы болуға енді бет алған да қазақтардың жер-су ахуалын қарастырды. Күн тәртібіндегі бұл мәселені мемлекет тарапынан ирригация жұмыстарына жәрдемдесу және ауылшаруашылық құралдарымен жабдықтау мәселелерін шеше отырып, жағдайластыру ақылдасылды. Мал бағу мен жер өңдеу кәсібін қазіргі қазақ жағдайында біріктіріп қарауға болмайтыны атап өтілді. Өйткені «ҚКСР-дің бүгінгі шаруашылық ахуалында: мал бағудың көшпенді түрі – егін егуге қолайсыз жалпақ сардаланы шаруашылық кәдесіне асырудың бірден-бір ықтимал тәсілі болып табылады». Сондықтан да бұл саладағы аса маңызды шара – мелиорация, жайылымдарды суландыру, жем-шөп әзірлеу, қой тұқымын асылдандырып, құрамының сапасын жақсарту үшін көшпенді халыққа кең көлемде несие беру ісін жолға қою болмақ. Сол себепті ауылшаруашылық несиелерін ауылға тікелей беру, ауыл шаруашылығындағы кооперацияны күшейту қажеттігін айтып, пленум тиісті шешім алды.

Отарлық езгіден еңсесі түскен «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болу» (С.Торайғыров) парызын революциялық өкімет мойнына алғанмен, атқарылған жұмыс мардымсыз-тын. Халықтың сауатын ашу жұмыстары өрістей алмай жатқан. С. Қожанов баяндамасында оқу-ағарту ісінің жай-күйіне тоқталды. Қазақстанда бұл мәселе жылдан жылға күн тәртібіне шығарылып отырғанмен, оны күні бүгінге шейін әлде-бір деңгейде қанағаттандырарлықтай етіп шешілді деп есептеуге болмайтынын ескертті. Жаңадан тағайындалған Ағарту халық комиссары «Садуақасов жолдас өз баяндамасында» тиісті мәлімет беретінін айтты.«Қазақстан Қазақстан-ау, – деді ол сосын ренішін жасыра алмай, – бірақ бірінші басқышты мектепте қазақтар тек 10% ғана. Бірінші басқышты мектеп – бұл сауат ашу мектебі. Ал екінші басқышта қазақтардың 1%-ға да жетпеуі ықтимал. Орта оқу орындары мен жоғары кәсіби техникалық мектептерде қазақтардан ешкім жоқ. Қазақстан кәсіби оқу орындарында – бар болғаны 1%. Жалпы, ағарту саласында іс өте нашар жүруде». Осылай дей келе, Қазөлкеком екінші хатшысы С. Қожанов: «...бізде Ұлттық Республика болса да, мектептеріміз қазақтарға қызмет көрсетпейді», – деп қорытады. Мұндай ахуалдың орын алуына ол Пленумға республиканың шартарабынан келіп қатысып отырған партия саясатын жүргізуші қызметкерлердің тікелей айыпты екенін мынандай сөздермен білдірді: «Сіздер интернационалистсіздер, сіздерге мектептерде кімнің оқытылып жатқаны маңызды емес. Сонда да, егер қазақтан оқу жайы қалай екенін сұрай қалсаңыз, ол партияның бұл тұрғыда өзін айналып-алдап кеткенін айтады ғой деп ойлаймын». Бұл – сол кез үшін батыл мәлімдеме болатын. Мектептердің қанат жаю ауқымы мен оқу сапасындағы жартымсыздықтарды айта келіп, оның себептерін, мемлекеттік биліктің ұйымдастырушы күш бола алмай отырғанын сынады. «Халық ағаруға, сауат ашуға құмар, бірақ... ұйымдастырушылық бастаудың жоқтығынан, бұл құмарлық – күйкі түрге енуде. ...Қазаққа бүгін еңбек мектебі болу маңызды емес, міндетті де емес, оған қазір тек сауат ашу қажет». Қазақ қауымының объективті мүқтаждығын өстіп мейлінше зәрулендіре, өткір түрде көрсете отырып, Қожанов оны өтеудегі мемлекеттік биліктің алар орнына ерекше мән берді. Қойған мәселесінің бәрін Наркомпрос айқындауға тиіс. Зерттеп, ұлттық ағарту мәселесін барша көлемімен көтеру – оның міндеті. Оқу ісін, әрине, «орыстар пайызын қысқарту бағытында емес, қазақтарды іс жүзінде жаппай ағарту бағытында» жолға қою керектігін, бұл жайлы тезистердің Кеңестер құрылтайында таратылып берілетінін айтты. Келтірілген үзіндіден байқалатындай, оқу-ағартуда ұлттық мүддеге басымырақ көңіл аударуды талап еткенімен, С. Қожанов оны орыстардың білім алу құқын шектеу арқылы емес, қазақтардың сауат ашуына бұқаралық сипат беретін шараларды жүзеге асыру жолымен жүзеге асыруды ұсынып отыр. Яғни, бұл жәйт те партия-кеңес тарихшыларының Қожановты «түзелуден кеткен әсіре ұлтшыл» ретінде санаға сіңіріп келген «шындығы» – бұрмалаушылық екенін дәлелдейді. Баяндамашы одан әрі: «Мемлекеттік билікті принципті түрде – халық жағдайын ішінен танитындай дәрежеге дейін төмен түсе алатын еткен жөн, – деп мәселе қойды, – ауылға тек бет бұрып қана қоймай, оған тақалу да қажет». Орынборда, бір қарағанға, әлдебір «халықшылдық коммунизм» көрініс беріп қалғандай болатынын сынады. «Осында әртүрлі пікірсайыстар өткізілуде, марксизмді оқу жүргізіледі, – деді ол, – ал ауылдағы қазақ ешқандай да Маркссіз-ақ өмір сүріп жатыр. Оған молда насихаты қызмет көрсетеді, ал басқа нендей жағдай бар – оны көруге біз әлі бос уақыт тапқан жоқпыз. Міне осыларды Сәдуақасов жолдас өз баяндамасында талдайтын болады». Ол баяндамасында бірнеше рет Смағұл Сәдуақасовқа сілтеме жасап, сенім білдіре сөйлейді. Соған қарағанда, Түркреспубликада бірнеше жыл Ағарту халкомы болғандықтан, өзі жақсы білетін саласы бойынша онымен көп пікірлескен секілді. Жалпы, содан бір ай ғана ілгеріде «Еңбекшіл Қазақстан» газетінің редакторлығына бекіген С. Сәдуақасовтың 1925 жылғы 10 ақпандағы обком бюросында Ағарту халық комиссары лауазымына тағайындалуы С. Қожановтың қолдауымен жүрген шаруа екені күмән туғызбайды. Ол ұлттық мемлекеттік үшін күрес жолындағы ойлы қайраткер, ұлт жанашыры екенін қызмет ісімен де, қаламымен де әбден танытып келе жатқан С. Сәдуақасовтың өзімен жақсы үзеңгілес боларына сенгендіктен солай етсе керек. Белгілі-бір мезгіл солай болған да. 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне Дінмұхамед Әділовтің берген жауабында: «Қазақ қызметкерлері ішінде Сәдуақасов пен Қожановты екі зор тұлға, екі кит деген пікір жүретін-ді», – деген жолдар бар. Олардың республикадағы ең қабырғалы тұлғалар ретінде негізгі мәселелерді бірлесіп шешіп отырғаны жайында әйгілі «Өмір мектебі» беттерінен: «Қазақстанды ендігі билеуші екі адам ғана: Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Сәдуақасов», – деп, С. Мұқанов та куәландырады.

Осы ретте, Қазақстанды шын мәнінде басқарушы санатында танылған қайраткердің Бесінші құрылтай мәселелері жөнінде ортаға салған басқа ойларына да тоқталған жөн. «Бөлшек сауданың 90%-ы жеке қолдарда, ал көтерме сауданың 60%-ы мемлекеттік органдарда екен. Егер көтерме сауданың 100%-ы мемлекетте болса да мен қуанбаған болар едім, – деді ол баяндамасында, – себебі қолындағы кәсіпорнының шығарған өнімдерін мемлекет өзінің қарамағындағыларына береді. Өстіп сатушыға айналу – қиын шаруа емес... Біздің «солақай» жолдастар «жекеменшік сауда жойылсын» деп бекерге айқайлайды, сауданың 90%-ы жекешелерде екенін көрмейді... Бізде бір таңғаларлық жәйт бар... тек ауыл шаруашылығымен шұғылданатын ел... тікелей тұтыну коммунасына ұмтылады. ...Алдағы құрылтайда ауылшаруашылық кооперациясын дамыту қатты көтерілуге тиіс... Біз сауда мен кооперацияны ауыл шаруашылығын дамытуға қызмет еткізбекпіз, сондай-ақ кеңес жұртшылығын шаруашылық негізде нығайту тұрғысынан солай етпекпіз». Съезде Қазақстанның қаржы-қаражат жағдайы қаралады, «Орталық Атқару Комитетінің соңғы сессиясының негізгі принциптерін танымал ету ретімен және оларды біздің қазақ шындығына қолданудың кейбір әрекеті орайында мәселе қоямыз... Жаңа ештеңе ұсынбаймыз, өйткені бұл мәселе мейлінше орталықтандырылған» деді ол. Сосын Қазақстандағы кеңес құрылысы жайындағы мәселе КЦИК пен СНК баяндамасында ашылатынын хабарлады. Онда «олар пәлен тиын алып, түген тиын жұмсадық деп есеп бермеуге тиіс, – деп ескертті баяндамашы, – олардың баяндамасының басты мән-мағынасы – кеңес құрылысын қалай басқару жайы болуға керек... Мұнда атқарылмаған істің көптігі Бюроға белгілі, істелмегені өз алдына, оны қалай жасауды да білмейміз, ол да Бюроға мәлім. ҚазақРеспубликасыныңбесінші-алтыншыжылында да осы мәселе ізденістер мен дискуссия сатысында тұр. Тіпті, кеңестену керек деген принципті көзқарасты есептемегенде, бекем бағыт та жоқ». Құрылтай фракциясында осыны кеңінен талқылау қажеттігіне назар аударды. «Сайлауға сақтаған күш-куатты» осы мәселеге шығындау жөн болмағын айтты. Ал сайлауды ұйымшылдықпен, бекер сөз таластыруға жол бермей, мейлінше қатаң тәсілмен жүргізу керек. «Өлкелік Комитет Бюросы құрылтай фракциясында сайлау мәселесіне байланысты қатаң пікір жүргізу қажет деп шешті... – әсіресе топтық «демократияларға» жол бермеу керек деп ұйғарылды...» Бюро топшылдықпен күресубағытын ұстанып отыр. «Алты жыл бойы жылма-жыл құрылып-ұйысып келе жатқан, пайдалы іске жоқ, өсекке оң иығын берушілер қабатының барлық қулық-сұмдығына, Қожановты, Меңдешевті, Нұрмақовты, Сейфуллинді, қысқасы, кімді қайда және қайтіп отырғызамыз деген арнайы астыртын әрекеттеріне балта шабылу керек, – деді ол. – Бұл туралы біз ұдайы айтып келеміз. Ал басқаның кемшілігін бетке ұстап, отаршылдар өздерінің отаршылдық пікірлері мен пиғылдарын өткізіп жүр». Осылай, алауыздықтың залалды салдарын да ашық еске салды.

Сосын ұлттық мемлекеттік үшін күрес мазмұнын: «Кирреспублика орталығын жаңа астанаға ауыстыру арқылы біз Ұлт Республикасы жолындағы күресімізді аяқтағанымызды атап өтеміз. Біз, баяғыда жарияланғанына қарамастан, ұдайы ұлттық республика үшін күресуге мәжбүр болдық. Ұлттық республика үшін күрестің соңы – оның біткені ғана емес, сонымен бірге – осы Республиканы жасау мақсатындағы жұмыстың басталғаны, – деп тұжырымдады да, алдағы міндетті белгіледі: – Республиканы жасау – сөз жоқ, «оның басына мені қой» дегенді емес, бұрыш-бұрышқа жүгіріп, «анаған дауыс бер, мынаған дауыс бер» деп сыбырласуға орын қалмайтындай, тиісті ахуал жасау керектігін, жанды кеңес жұртшылығын, партия жұртшылығын жасау қажеттігін білдіреді. Ұжымшылдықты жасауға тиіспіз, ал ол халықтың ұжымдық мүддесіне қызмет ету негізінде пайда болады». Қожанов Советтер съезінде орындалмақ нақты жоспарды да айтты: «Ақыры, осы бетбұрысты іспен атап өту орайында, бір қадам жасамақпыз. Бетбұрысымыздың құрбандығы ретінде, оған деген күллі құрметімізге қарамастан, біз Меңдешев жолдасты лауазымынан аламыз. Мұнымен оның абыройы еш төгілмейді. Біз төменнен бір қызметкерді көтермекпіз, ол жартылай жұмысшы және жартылай шаруа...» Барша істерде – ұзақ жылдарғы жігермен жасалғанды қаусатып алмау мақсатында, түзетулерге абайлап бару бағдары ұсталмақ. Бұл үшін «бұқараны ояту қажет... және оны кеңестендіру үшін – қандай да болмасын бір қоғамдық, жұртшылық ошағын жасау керек» деді. «Қатып қалған теңізде, қандай жүзгіш болса да, малти алмайды, сол секілді, коммунист те ескі, тоқыраған ахуалда – Қазақиядағы жұртшылыққа басшылық жасай алмайды. Миллиондаған бұқараны ояту қажет, ахуалды сергіту керек, бұқараға жан кіргізу ләзім, содан соң – сол бұқараны игеріп, билеу жөн». Осылай, саяси басшы ретіндегі бағдарламалық сөзімен, С. Қожанов Кеңес құрылысындағы өзгертулерде ұстаным болатын негізгі принциптерге Қазөлкеком пленумының назарын аударып, алынған бағытты коммунистердің толық қуаттайтынына сенім білдірді.

***

Екі аумақтың бірігуін, Үлкен Қазақстанның құрылуын паш еткен Ақмешіт құрылтайы жаңа болашаққа жол ашты. Қазақ Республикасына Орта Азиядан Сырдария және Жетісу облыстарының және бауырлас Қарақалпақ автономиялық облысының қосылуы оны, іс жүзінде қазақ жерін жинаушы болған ұлт қайраткері Сұлтанбек Қожанов мәлімдегендей, «Қазақ Ұлттық Республикасы» деп рәсімдеп, кеңес тұғырындағы ұлттық мемлекет ретінде жаңа сапалық деңгейге көтеру мүмкіндігін туғызды. Қазақ жері мен ел-жүртын бір шаңырақ астына жинаған 1925 жылғы тұңғыш құрылтайдың қарарлары елдің экономикасын, әлеуметтік және мәдени жағдайын көтеру, қазақ халқын өз атамекеніне шын мәнінде лайықты түрде орналастыру, тт. елдік мәселелерді ескерген-тін. Алайда Мәскеудегі орталық партия-кеңес билігі жалғыз-ақ шешімді мойындады, ол – құнын тарихи оқиға ретінде ешқашан жоймайтын, қабылдануы Қожанов есімімен байланысты маңызды қаулылар еді. Өлкекомның екінші хатшысы, съезд делегаты С. Қожановтың Бесінші құрылтайдағы тарихи ұсыныстары өмірге қалай келгенінен кеңестік құпия полиция жүргізген тергеу материалдары сыр шертеді: «Съезд аяқталуға тақалған, – деп көрсетті саяси тұтқын Дінше Әділов ОГПУ тергеушісіне 1928 жылғы желтоқсан айында берген көрсетуінде. – Үкіметтің Ақмешіт қаласына көшіп келуіне байланысты, оның атын өзгерту мәселесі көтерілді. Ат ойластыра бастадық. Қызылорда деген атауды әуелі Қожықов ойлап тапты... (Қоңырқожа Қожықов – Қоқанда шаңырақ көтерген Түркістан автономиясы қайраткерлерінің бірі, кеңес қызметкері, ағартушы, тарихшы-ғалым – Б.Қ.) ...қос есім, екі жақты да қанағаттандырады деді ол. «Қызыл»... большевиктерге ұнайды, ал «орда» – ұлттық атау. Осылай атағанда екі жақтан да талас тумауға керек. Бұндай дәйектемеге бәріміз келістік... Содан кейін Қожанов пен біз съезге кеттік. Қожанов президиумға шықты да, өзіне кезектен тыс сөз алып, ұсыныстар енгізді: бірінші ұсынысы – «Киргиз Республикасына» «Қазақ Республикасы» деп қайта ат қою, екіншісі – Ақмешіт қаласының атын Қызылордаға алмастыру. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады».

Бесінші съездің стенографиялық есебіне қарағанда, Сұлтанбек Қожанов ұсыныстарын шынында «сценарийден тысқары», бірақ орайын келтіре жария еткен. Құрылтай тиісті органдарды сайлау мәселесіне көшер алдында, төралқа ұсынысы бойынша, Қазақияның барлық еңбекшілеріне съездің үндеуін қабылдамақ болады. Төрағалық етуші үндеу мәтінін оқып шығады. Делегаттар оны қызу қол шапалақтап қуаттайды. Осы кезде Қожанов сөз алады да, былай дейді: «Бізде осы уақытқа дейін бір түсінбестік боп тұр. Киргиздар өздерін қазақпыз деп атайды. Мұны олар орыс казактарынан көшіріп алған жоқ, олар бағзы заманнан қазақ деп аталатын. Көшпенділердің алғашқы одағы қазақ делінетін, сондықтан орыс казактары осы атауды өздеріне бізден көшіріп алған деп ойлауға болады. Енді қазақ – қазақ деген сөздің орысшасы киргиз болар деп ойлайды. Декларацияда «Киргиз Республикасы» деп айтылған, ал Тоқжігітов жолдас оны оқығанында «Қазақ Республикасы» деп атады, яғни бұл – аударма. Бұның ескіліктің қалдығы екенін білетіндігімізден, мұны зерттеу керек. Бәлкім тәржімешілер, отаршыл күштерге жағынып, қазақтарды осылай атаған болар. (Зал күліп жібереді). Айтпақшы тағы – киргизды (яғни нағыз қырғызды) қара-киргиз (қара-қырғыз) деп те атайды. Бірақ бұл қара-киргиз емес, оларды орыстар солай атаған. Біз жәй ғана қазақтармыз, ал қырғыздарды қазақтардан ажырату үшін оларды қара-киргиз деп атаған. Енді, болашақта киргизді қазақ деп, ал республиканы Қазақтікі, яғни Қазақстан деп атауды заңдастыру керек. Мен осы атауды бекітіп, соншалықты әдемі емес таңбаны жуып тастауды ұсынамын. Кеңестердің Бесінші Бүкілкиргиз съезі «қазақ» атауын киргиз халқының аталымына және «Қазақстан» атауын Киргиз Республикасына беруді заңдастырсын».

Ұсыныс қол шапалақтаумен қарсы алынды. Қолшапалақ дуылы басылғанда, құрылтай төрағасы алдымен Қожанов сөйлердің алдында жария етілген құжат жобасын – Съездің үндеуін дауысқа қояды. Үндеу бірауыздан қабылданады. Сосын төраға: «Келесі ұсыныс: Киргиз Республикасына – Қазақ Социалистік Кеңестік Республикасы деп қайта ат қою», – дей бергенде, жұрт ду ете түсіп, қатты және ұзақ қол соғып жібереді. «Мен бұл қол шапалақтауды осы ұсыныстың бірауыздан қабылдануы ретінде ұғамын», – деді де, құрылтай төрағасы келесі мәселеге көшті. «Қазақ ССР-інің орталығын Ақмешіт қаласына көшіруге байланысты, кезінде республика ЦИК-і Ақмешіт қаласында Ленин жолдас атындағы халық үйін салу туралы шешім қабылдаған еді», – дей келіп, соған байланысты атқарылмақ жұмыстарды жария етті. Содан соң: «Осы үйдің құрылысына бір кірпіш қаламаған бір де бір еңбекші болмауға тиіс», – деді де, съездің төралқасы атынан тиісті ұсыныс білдірді. Артынша, тағы да С. Қожанов өзінің кезекті ұсынысын айту үшін сөз алды: «Ақмешіт қаласы патша үкіметі жаулап алғанға дейін Ақмешіт аталатын, – деп бастады ол жаңа ұсыныс білдірер сөзін. – Патша өкіметі кезінде граф Перовскийдің құрметіне Перовск боп өзгертілді. Революция оған қайтадан ескі атауын берді. Бұрын қалай аталса да, ол артта қалған қатардағы жұпыны қала болатын. Кеңестердің Бесінші съезін біз Қазақ Республикасы ғұмырындағы күрт бетбұрыс деп санаймыз. Бұл съезді біз бірінші Съезд деп атаймыз. Бұл съездің Қазақ Республикасының жаңа орталығы Ақмешітте өтуі де оның мәнін арттыра түседі. Сөйтіп жұпыны Ақмешіт қалашығы Қазақ Республикасының орталығына айналып отыр. Қаланың мән-мағынасы ауысуына байланысты, мен осы қаланың атын таза қазақы атауға өзгертсек деген ұсыныс енгіземін. Бұрын хандық құрылымдардың орталықтары болатын, мысалы – Ақ Орда дейтін, атақты хан өз орталығын Көк Орда деп атаған, ал біз өз орталығымызды Қызыл Орда деп атай аламыз. Мен орталығымыз Ақмешітті (Перовскіні) бұдан былай – Қызыл Орда деп атауды ұсынамын». Қол шапалақтаудан кейін «Қожанов жолдастың ұсынысы бірауыздан қабылданады».

Сонымен, барлық орысша қүжаттарда «Киргизия» дейтін елді «Қазақстан» деп атау, «киргизді» бұдан былай «қазақ» деумен алмастыру және осы тарихи аталымдардың өз иесіне қайтарылуын зандастыру – тұңғыш рет ресми түрде осы құрылтайда ұсынылып, бірауыздан қабылданды. Қазақ Елінің тұтастануын көрсеткен, мемлекетінің «ұлттық республика» ретінде рәсімделуін атап өткен Кеңестердің Бесінші съезі – Қазақ Республикасы ғұмырындағы «күрт бетбұрыс» санатында бағаланатыны және оның «бірінші Съезд» болып есептелетіні сол құрылтайдың өзінде ауызға алынды. 5-ші Кеңестер съезі барлық Қазақстан еңбекшілеріне Үндеуінде былай деп атап көрсетті: «Кеңестердің 5-ші Бүкілқазақ съезі – ҚАКСР еңбекшілері тарихына Қазақстан еңбекшілері тұратын облыстардың бәрін жинау кезеңін аяқтаған және ҚАКСР-дің ұлттық-мемлекеттік рәсімделуі қорытылған бірінші съезд ретінде енеді».

Алайда сонау әділ де дәл тарихи баға ізінше ұмыттырылды, бүгінгі әдебиет оған соншалықты зор мән бермейді. «Қазақ ССР тарихы», тәуелсіздік дәуіріндегі «Қазақстан тарихы» да 5-ші съездің халық атын түзеп, республика мен астана атауларын өзгерткенін, соған байланысты ВЦИК-тің съезд шешімін бекіткенін ғана хабарлайды. Ал бұл құрылтай – Сұлтанбек Қожанов бастаған Қазақстан саяси басшылығының ұлттық мемлекеттілік үшін күресінің жемісі, Ресей Компартиясының Орталық Комитеті мүмкіндік берген ауқымда әрекет етіп, шыға алған ең биік шыңының көрінісі болатын. Содан бастап саяси басшылықта ала-құлалық арта түседі. Ұлттық мемлекеттілік үшін күрес басты бағытынан адасып, жеткен шыңынан төмен сырғи бастайды. Сол күрестің қозғаушы күші болуға тиіс азаматтар РК(б)П-ның «большевиктік рухтағы» тәрбиесі салдарынан, ұлттық бағдарын жоғалтады. Таптық көзқарасты игерулерімен бірге, ұлттық мемлекеттік үшін күрес майданын тастайды. Большевизм тұрғысынан биіктеп, ұлт мүддесі тұрғысынан азғындайды. Оған республиканың іс жүзіндегі жеке-дара билеушісіне айналған Ф.И. Голощекин шешуші әсерін тигізеді. Қожанов бұдан ілгеріде, бір кезде түркістандық қызметкер ретінде сырттай бақылағанын енді Қазақстанның өз ішінен көзбе-көз көріп-біліп, Орталық Комитеттің 1924 жылғы 1 және 9 желтоқсандағы директивалық екі хатына орай ой қорытқан да, 1924 жылғы 29 желтоқсанда И.В. Сталинге хат жолдаған. Сол хаттың топшылдық, жікшілдік, ауытқушылықтар табиғатын түсінуде мәні зор: «Қазақтардың өз республикасында ұлттық азшылық дәрежесінде қалып отырған күлкілі жағдайын жою қажет, – деп батыл мәлімдеді ол Бас хатшыға. – Пролетар басшылығы қазпартинтеллигенттерді Орынбор секілді пролетарлық орталықта қамап отыру арқылы емес, жанды бұқаралық жұмыс жүргізу арқылы жасалуы керек». Қазақстанға қоныс аударушыларды көбейте берудің зиянды салдарын да, мәймөңкелемей, тіке айтты: «Халықтың құрамында орыс шаруасы санын арттыра бергеннен – пролетарлық басшылық ешбір жеңілдемейді, керісінше, дәстүрлі ұлтаралық дүрдараздық шиеленісе түседі де – пролетарлық басшылық жасауды қиындатады және пролетарлық басшылықтың ықпалы, еріксізден еріксіз, орыстың саны көптігімен жасап отырған ұлттық зорлығы ретінде бағаланады, одан қашып құтыла алмаймыз, сөйтіп ол пролетарлық басшылық жасауды қиындата береді». Осылай дей келе, бұл реттегі өз пікірін де айтты: «Пролетарлық басшылық – еліміздегі «оқшауланған» («лояльды») тоқырамадан емес, кеңейтілген, даму үстіндегі шаруашылық және қоғамдық өмірден көрініс табуға тиіс...» Нақты міндет те белгіледі: «Қазақ ұлттық республикасында компартия қазақтың ұлттық-бұқаралық ахуалын терең зерттеп, соған қатысы бар іс-әрекет жасауы керек. Бір қарағанға революцияшыл болып көрініп тұрса да, қазақ тілмәштарының қыңырлануына компартия жалтақтамауға тиіс. Бұл үшін – партия ішіндегі қазақы көңіл-күй «барометрі» іспетті қызмет атқармақ әлдеқандай бір жұртшылық ошағын жасап алу жөн. Және ол қажетсіз де зиянды ауытқушылықтарды қанағаттандыру үшін ғана емес, оларды жою үшін де қажет».

Бұлар теориялық қисыны бар бағдарламалық сөздер еді. Мұны істемей, Қожановтың ойлауына қарағанда – партиялық ұғымға қиғаш ерсіліктерден құтыла алмайсың: «Әйтпесе мына таңғаларлық жәйт жалғаса бермек – бүгінге дейін қазкоммунистер әлдеқашан о дүниеге аттанған «Алашорда» адресіне лағнет айтып, өлі қарсыласымен күресте ерліктің көзжұмбай ғаламаттарын көрсету арқылы мансапқа жетіп жүр. Ал, жеті жыл ішінде қазақтар не нәрсеге ие болды, «Алаш-Орда» орнына антикеңестік не келді, оны қалай бейнелеуге болар еді – мұны олардың ешқайсысы білмейді, білу қажет деп есептемейді де». Мұндай ахуалды дұрыстау үшін: «Тереңдеу керек, қазақ бұқарасына дендеп ену керек, шынайы реңкі бар партиялық қоғамдық пікір туғызу ләзім, қажет кезде тек «бастыққа» емес, бұқараға жүгінуді дәстүрге айналдырған жөн», – деді.

Қазақтардың 20-шы жылдардағы партиялық ортасына негізсіз егес, ұрыс-қағыс, саясатшылдану мен ұшы-қиырсыз дау-дамай, топ, ру мүддесін күйттеу жолында терісті жанталаса қостай кету әдеттері сіңіп кеткендігі – шын мәнінде орын алған дерт. Сондай келеңсіздіктермен қолынан келгенше күрескен, күресу барысында өзі де қателік жіберген, бірақ онысына әділ де сын көзбен қарай да алған С. Қожанов: «Қазқызметкерлерді қоршаған объективті ахуал оны типтік, жаны селт етуді білмейтін отар чиновнигі етіп сомдайды, – дейді аталған хатында, – ол өзін дүниенің кіндігіндей сезінеді, өз басын сыннан жоғары санайды, сөйтіп, ешкімнің өзіне «жұмыс істеуіне» кедергі келтірмеуі үшін – жоғары тұрған органдарға, тұлғаларға, яғни бастықтарға сөз тасиды, жағымпазданады, шағымданады». Және өз жақтастарымен астыртын топтасып жүріп, өзіне дұшпан санағанын қайткенде қызметтен тайдыруға тырысады. Коммунистік билетпен іс жүзінде, С. Қожанов әділ бедерлегендей, отар чиновнигі дәрежесінде қалған «қайраткерлерден» қоғам партия билігі тұсында ешқашан арылған емес. Мансапқа жеткен өресіз қызметкер сол ие болған лауазымына мастанып, өзін құдайдың құлағынан ұстағандай көреді: «Ал жеке басымен сәл төмен түсу, ұйымның төменгі буындарына, бұқараға жүгіну, өзінің «кінәратсыздығын» ыңғайына қарай, принципті шектеулер ауқымында, ішінара болса да, өмірмен өлшеп тексере салу – бұл оның шаруасы емес». Қазан төңкерісінен бері санаулы-ақ жыл өтсе де, 1919 жылдан өлкені басқару жөніндегі революциялық комитет, 1920 жылдан автономиялық үкімет жұмыс істеген, ал 1921 жылдан орталықтандырылған өз партия ұйымы қызметке кіріскен жерде кадрлар сапасына жоғары талап қоюға әбден болады. Алайда, Сұлтанбектің ойынша, «...қазақтар көбіне мансап жетегінде жүр, істі таптық жолға қою – қазақ партиялық бұқарасында әлі болған жоқ». Ал партия жұмысының қазақ арасында нағыз бұқаралық сипат ала алмауы, коммунист атын жамылған мансапқорлар мен саясатшылданған шолақ белсенділердің ел басқару тетіктеріне білімі мен білігі жеткілікті ескі интеллигенцияны жолатпай, кері тебуі – олардың империялық пиғылға қолшоқпар болып қала беруін мүмкін етті: «Осының бәрі баяғыда жерленген «Алашорданы» күніне үш қайтара жерлеп жататын, нақты жағдайға байланыссыз пайымдарын өз қалауларынша не олай, не бұлай бұрып ағыза беретін отар чиновниктерін, төменмен дәнекері жоқ төбедегіні, қызыл сөз революционерлерін қалыптастырып отыр», – деп түйді хат авторы.

С. Қожановтың Орталық Комитетке, И. Сталинге арнайы хат жолдап жасаған бұл мәлімдемелері сол кезгі қоғам өмірінен қорытылып алынған ащы шындық еді. 1925 жылғы Қазөлкекомның сәуір пленумында да ол өз білігінше осынау қазақы індет табиғатын талдап, оның ықтимал залалды салдарына болжам жасады: «Негізгі жамандық мынанда – бізде интеллигенцияның партияда жоқтарының қабыршағынан басқа, партияда бар интеллигенттердің қабыршағы бар. ...Интеллигенциядан шыққан коммунистер қоғамдық жұмыста монополистер болып алған. Солар құрайтын қабыршақ топ біздің бұқараға жетуімізге кедергі келтіруде деп Нанейшвили жолдас қанша айтса да, сол қабыршақсыз – бұқараға өте алмайсың және ештеңе істей де алмайсың. Міне осы қабат-қабыршақ тек өзіне қызмет көрсетумен шектелгенде – оның теріс жұмысы басталады. Партиялық интеллигенттік қабат-қабыршақ өзіне өзі қызмет ету тұғырына түскенде – бұл сол әйгілі топшылдық болады». Қожанов топшылдықтың кесірлі салдарлары жайындағы ойын сабақтай келе, топтанып айтысып жүрген қазақ қызметкерлерінің идеялық бірлік талабына жауап бере алмайтын кемшіліктерін жалаулатқан «отаршылдар өздерінің отаршылдық пікірлері мен науқандарын» қазақ елі аймағында емін-еркін жүргізіп жүргенін ашық та батыл мәлім етті. Жіктелуші топтардың алты жыл бойына жыл сайын құрылып келе жатқанына назар аударды: «Егер бұрын обком ылғи бір ғана активпен жұмыс істесе және қилы қулықты әдейі ойластырса – кімді қайда және қалай отырғызсақ дегенмен шұғылданса – енді бұған тыйым салыну керек».

Бұл мәселе ұйым тыныс-тіршілігі үшін маңызды болғандықтан, пленумда сөйлеушілердің ешқайсысының назарынан тыс қалмады. Олар мұны ішкіпартиялық жұмыс саласындағы өте елеулі бағыт ретінде талқылады. Ақыры пленум топ пен ауытқушылық жайында кеңейтілген қаулы алды. Бюроның «қазақ жолдастар арасындағы топ біткенді және жекелеген еуропалық жолдастар арасындағы келеңсіз ауытқушылықтарды болдырмауға және барын жоюға» бағытталған негізгі бағдарын мақұлдады. Осы бағытты бұдан әрі де табандылықпен жүргізе беруге, тоқтаусыз топ құрушылыққа қарсы қажет шараны колданудан іркілмеуге міндеттеді. Осылай, партияның директивалық хатында талап етілгендей, Өлкеком бюросы қазақ қызметкерлері арасындағы қилы топ, жік атаулыны кетіру, жою үшін күресе беретін болды. Топшылдықты ұйымның дертті құбылысы ретінде атай отырып, пленум принципті сипаттағы үлкен алауыздық-келіспеушіліктердің бұл топтарда жоқ екенін де атап өтті. Түрлі пікірге жекелеген баға берушілік бой көрсетеді, ол әдетте – әсіресе қазақ интеллигенциясын пайдалануға қатысты мәселелерде, соларға қатысты көзқарастарда аңғарылады. Бірақ олар топ құрып жіктенудің дәлелді себебі бола алмайды. «Қазақ партия ұйымы үшін бұл өзі – аса маңызды мәселе, – делінді пленум қорытындысында, – себебі мәдениеттен артта қалушылығымыздың қазіргі жағдайында интеллигенцияны пайдалану өте-мөте қажет. Бірақ оны пайдаланамыз деп, коммунистердің көбі солардың ықпалына түсіп қалып жүр, ал бізге оларды өз ықпалымызға көндіктіруіміз керек, партияда жоқ интеллигенцияны қайта тәрбиелеп алуымыз керек, – деп есептеді пленум. – Ұйымның партия талап еткендей нығаюы мен біртұтастануына қол жеткізу – түрлі топқа бөлінушіліктен құтылғанымызда, ұйым сыртынан жұмыс жүргізгенді қойғанымызда мүмкін болмақ. Дегенмен, жас ұйымымыздың сапасы жылдан жылға жақсарып, бұл дертті құбылыстар уақыт өткен сайын азайып келеді». Міне осындай ойлармен Қазақ өлкекомының 1925 жылғы сәуір пленумы топшылдыққа деген өз көзқарасын білдірген-ді. Қанша дегенмен, үлкен жиынның қарсаңында өткен партиялық талқылау оң нәтижесін көрсетті. Бесінші Кеңестер құрылтайы айтарлықтай ұйымшылдықпен өтті. (Әйткенмен, ұлттық күрес майданындағы үміт ақталмады. Ұзамай мансаптық тайталас туып, үдеді, әрі оның салдары, билікке Ф.И. Голощекин келгеннен кейін, айрықша ауыр болды). 1925 жылғы 21 мамырда РК(б)П Қазөлкекомының екінші хатшысы С. Қожанов Бюроға арнайы мәлімдеме жасады. Онда былай делінген: «Қазақстандағы РК(б)П Өлкелік комитетінің бюросына. Мен жоқ кезде, биылғы 19 мамырда Өлкеком Бюросының құрамы жөнінде қаулы шығарылыпты, сөйтіп, айта кетейік, Меңдешев жолдасты бюро құрамында қалдыру жайындағы көпшіліктің пікірі рәсімделген. Өлкеком іс-дағдысындағы осы уақытқа дейін негізгі сор болған кемшілік – Өлкеком мен РК(б)П Орталық Комитетінің принципті тапсырмаларын жүзеге асыруға міндетті Өлкеком Бюросының өзі осы уақытқа дейін алуан түрлі топтанушылықтардың әлдебір демократиялық тіркесімі болып келді, сөйтіп іс жүзінде Өлкекомның жұмысшы органы емес, топтар коалициясы тәрізді болды. Бүгінде біз Қазақстанның ішкі құрылысы бойында нақты қызу жұмыс белесіне ендік, сол себепті, бұрынғы спецификалық тоқырау ахуалында шыдамдылық көрсетуге мүмкін болған жәйттерге – енді төзуге болмайды. Бізді өз орталығымызды жасау ісі тосып тұр, нағыз іс жүзіндегі біртұтас қазақстандық Республика жасау ісі күтуде, осы республиканың ішкі қолайлылықтарын құру, Қазақстан халқының жаппай шаруа бұқарасына қызмет көрсету жағына бағытталған, кейінге қалдыруға болмайтын практикалық іс-шараларын жасап жүзеге асыру ісі тосуда. Қазіргі сәтте, осынау ерен міндеттер алдында, топтарға төзімділік көрсету, бірін бірі аңдумен шүғылдануға жол беру, бастық алдында көлбеңдеу, әлдебір топқа жауыққандар қолындағы істі қолдап тұралату – нағыз қылмыс болып табылған болар еді. Меңдешев жолдас бұқара көзінде ең алдымен кеңестік тұлға болатын, бес жыл қатарынан ЦИК төрағасы лауазымында істеді. Ол қызметінен қиналыссыз алынды, бұл жағдайға тіпті ешкім де таңырқаған жоқ. Шынтуайтқа келгенде, дұрысында, Өлкекомдағы топтық қиындықтарды кетіру мақсатымен, Меңдешев жолдасты Бюро мүшелігінен алып, оның орнына жаңа ҚОАК төрағасы (ПредКЦИК) Мыңбаев жолдасты енгізу керек еді. Бюрода, кем дегенде, ең бітіспес топтың бірі азайған болар еді, сөйтіп, таусылмас төбелестер мен бір-бірімізге әдейілеп ор қазулар орнына, практикалық жүмыс жүргізу мүмкіндігі артар еді. Меңдешев жолдас топтық ойлардан біржолата бас тартып отыр деген жолдастардың сендірулерін мен үстіртін ойлаушылық деп санаймын, және ең жақсы кепілдеме – сөз емес, осы ықтималдықтарды жою болып табылады деп есептеймін. Қазіргі таңда бұрынғы жағдайды сол қалпында қалдыруды мен болған ахуалдың сақталуын қалау және оны түзетуді қаламау деп бағалаймын. Мен мынандай мәселені жүзеге асырудың уақыты туды деп есептеймін: еуропалық жолдастар тым болмаса кейбір тәуекелге барып та болса, қазақ қызметкерлерінің кейбір бөлігіне сенім артуға, сөйтіп сонымен бірге кезек күттірмес шаруаларды жүргізуге тиіс, жеке топтардың жағынып қалуға тырысатын бәсекесін ұдайы жалғастыра бермей, принциптік басшылық жасау жолымен емес, олардың алауыздықтарын пайдалану арқылы шешуші рөл ойнауын доғару керек. Осы бағыттағы практикалық қадам ретінде, мен былай етуді мақсатқа сәйкес деп білемін: 1) Өлкеком Бюросы мүшелерінің санын 9-ға дейін, бәлкім ...дейін жеткізу... 2) Меңдешев жолдастың орнына Мыңбаев жолдасты, ал Күлетов жолдастың орнына Жандосов жолдасты енгізу, 3) басқа республикалардың ұлттық Орталық Комитеттерінің үлгісімен, 2 хатшы ұстау: бір еуропалық, және бір қазақ секретарь болсын. С. Қожанов. 21 май 1925 ж.»

Әділ де принципті саяси қайраткер көзқарасына тұнған бұл мәлімдемемен адал қызметкерлердің ашық келіспеуі мүмкін емес. Ал астыртын егесушіліктің бола беруі ықтимал, әрі ол шынымен де Қазөлкеком бюросының мүшелері арасында орын да алды. Оған сол тұста бірінші хатшының орталыққа қызметке шақырылып жатқаны бір жағынан, екінші жағынан С. Қожановтың Қазөлкекомда екі ғана хатшы ұстау туралы ұсынысынан астар іздеушілік те жатуы ықтимал. Қалай болғанда да, «түзелмейтін ұлтшылға» қарсы күресті Бесінші Кеңестер қүрылтайынан кейін іле-шала, Халкомкеңестің бұрынғы төрағасы Сәкен Сейфуллин де қозғап жіберген-ді. Ол, Сәбит Мұқанов «Өмір мектебінде» әңгімелегендей, Мәскеуге, партияның Орталық Комитетіне, өзінің «қазақ ұлтшылдарымен күресі туралы» ұзақ хатын жөнелтті. «Сонда, ұлтшылдардың өзге әрекеттерімен қатар... алашорда туының Қазақстан бесінші совет съезінің залына ілінуі туралы... жазылған: – Залдағы қызыл тулардың арасына, Досмұхамметов басқарған алаш үкіметінің құран сөздерімен әшекейленген жасыл туы жайыла ілініпті... Съезден кейін... Оқу Комиссариатында қызмет атқарып жүрген қарт учитель: «Түптегенде, бізше (яғни – алашордаша) болып шықты. Съезд біздің алашордалық жасыл туымыздың саясында ашылды» деді». Бесінші құрылтайдың – тұтас Қазақстанның жер-жердегі Кеңестерінен келген өкілдердің жаңа астанада бас қосып өткізген алғашқы съезінің партия-кеңес тарихнамасында өз дәрежесінде еленбеуінің бір сыры, бәлкім, осында шығар. «Ол ту... соңғы кезге дейін алашордашылардың ықпалында болып келген «қожановшылдық пен сәдуақасовшылдықтың» қолымен ілінген, – деп еске алады съезге республикалық партия газетінің тілшісі ретінде қатысқан С. Мұқанов арада қырық жылдай уақыт өткенде. – ...«Қожанов пен Сәдуақасовтың блогы» аталған топ алғашқы адымынан-ақ «оңға» тартты да, біраздан кейін тіпті ашық кетіп, «байдың балалары», «алашордашылар» дейтіндерді кеңселерге, оқу орындарына толтыра бастады». Өкінішке қарай, мұнда – Қожановтың Сталинге хатында «отар чиновниктерінің өлі дүшпанмен айқасып батыр көрінушілігі» жайында келтірген пікіріне жарқын дәлел боларлық сипат басым. Ал «блок» – мүлдем жаңсақ, таза Голощекин ығында кетушіліктен туған анықтама. Оған партия құжаттары, басқа да жанама деректер куә. С. Сәдуақасов – еліміздің біртуар азаматы, Голощекиннің «ауылда Кіші Октябрь» жасау жайындағы «революциялық» идеясына қарсы шыққан, әрдайым ел-жұрттың тұтастығы мен ұлттық-мемлекеттік мұраттар жолында күресуші қайраткер болатын. Бірақ оның тарапынан С. Қожановтың қызметіне көңілі толмаушылық 1925 жылдың жазына қарай арта түсті. Оған сол тұста Қазөлкекомның бірінші хатшысы В.И. Нанейшвилидің Мәскеуге шақырып алынғаны, сөйтіп Қазақстанның партия ұйымын іс жүзінде өлкекомның екінші хатшысы Қожанов басқарып отырғаны серпін берген тәрізді. Ал осы екі қабырғалы қайраткер арасындағы келіспеушіліктің түп-төркінінде жәй ғана мансапқорлық тайталас жатқан еді. Жас, өзіне өзі сенімді қайраткер С. Сәдуақасов С. Қожановтың саяси көзқарасын да, тәжірибесін де, өзінен ересектігін де мойындағысы келмеді. Оны сынауының өзіне мансаптық баспалдақ бола қоймайтынын, ең мықты деген жергілікті екі коммунистің айтыс-тартысы – басқа басшының орталықтан жіберілуіне апарып соғарын, ал оның қазақ үшін қайғылы салдары ұшан-теңіз боларын ойламады.

1927 жылғы 10 тамызда Қазөлкеком мен Сталинге жазған хатында Қожанов: «1925 жылы Сәдуақасов жолдас менің ең ымыраға келмейтін қарсыласым болды, – деп еске алды. – Ол жалғыз өзі ғана менің өлкекомның екінші хатшысы лауазымынан шақырып алынуымды ашық та табанды түрде талап етті...» Оның себебін С. Қожанов «...жеке бастың түсініспеушілігіне емес, саяси көзқарастың қайшылығына» байланысты деп түсіндірді...1925 жылғы шілде айының 22-ші жұлдызында РК(б)П Қазақ өлкелік комитеті бюросы мен өлкелік бақылау комиссиясы төралқасының «Смағұл Сәдуақасов жолдастың мәлімдемесі мен соған орай өлкеком секретариаты 26 маусымда қабылдаған шешімге байланысты Сырдария партия ұйымын тексеріп-зерттеу қорытындыларын» қараған бірлескен мәжілісі болды. Қазатком төрағасы Ж. Мыңбаев Бақылау комиссиясының өкілі Озолға, баяндамасын тыңдағаннан кейін: «Садуақасов жолдастың қылығына қалай қарайсыз? Оның істегені – дәлелсіз мәлімдемесімен күллі ұйымды дүрліктіргені – дұрыс па екен?» – деп төте сауал қойды. «Жоқ, – деп жауап берді тексерумен шұғылданған бақылау комиссиясының қызметкері Озол, – дұрыс емес, Сәдуақасов жолдастың айыптауларында бір де бір нақты дәйек жоқ, олары түкке де негізделмеген. Менің ойымша, Сәдуақасов жолдас өзінің жария еткен материалдарын бір ғана мақсатпен – Қожанов жолдастың Сырдария губерниясындағы рөлі мен ықпалын азайтып көрсету және мардымсыз деу үшін жинаған болу керек. Алайда Қожанов жолдастың губернияда ықпалды екендігі даусыз, оның беделін Сәдуақасов жолдастың арыз-шағымымен жоққа шығару мүмкін емес, өйткені Қожанов жолдастың Сырдария губерниясындағы орыны да, әсері де өте зор». Ал Озолды (жоғары лауазымға ұсынылған Мыңбаевтың үстінен іс қозғағаны үшін) қызметінде қаскүнемдік сипат бар қызметкерге балап, Қожанов Қазөлкеком бюросының 11 сәуірдегі жабық мәжілісінде қатты сынаған еді. Демек, Озолдың соған қарамастан Қожановты қорғауына қарағанда, тексеріс объективті жүргізілген. Талқылау кезінде Сырдария губкомының төрағасы Каучуковский ұзақ сөз сөйледі. «Сәдуақасов жолдастың губкомдағы оппозиционерлермен ғана пікірлесіп, менімен бұл жайында ештеңе сөйлеспеуі осынша дабыраламаға әкеліп отыр, – деді ол сөзінің түйінінде. – Сәдуақасов жолдас дұрыс істеген жоқ деп ойлаймын. Бақылау комиссиясы мен Крайком бюросынан өтінем, Смағұл Сәдуақасовтың іс-әрекетіне саралап баға берілетін болсын». Талқылауды қорытындылай келе, бюро: «Садуақасов жолдас өлкелік комитет секретариатында хабарлаған жәйт – Сырдария партия ұйымындағы ахуалды бағалауы – шындыққа жауап бермейді деп саналсын, оның айтқандары жалған хабар-ошарға, өсекке негізделген барынша теріс ақпараттың салдары болып табылды», – деген сөздермен қорытылған қаулы қабылдады.

Ақыры, 1925 жылғы тамыздың соңында, Орталық Комитеттен шифротелеграмма келеді. 30 тамыздағы Бюро мәжілісіңде Қазөлкекомның екінші хатшысы С. Қожанов осы құжат жайында баяндайды. Мәскеу құпия жеделхатында Қазөлкекомға жауапты хатшы болып Голощекин баратынын, хатшылық құрылымының өзгертілетінін хабарлаған екен. Бюро былай деп қаулы алады: «РК(б)П Орталық Комитеті Қазақстанда жұмыс істеу үшін іссапарға жіберіп отырған Голощекин жолдас Қазөлкеком Хатшысы болып тағайындалсын, осы шешім туралы РК(б)П ОК құлағдар етілсін». РК(б)П-ның кадр саясатындағы зобалаңы зор нәубәт болған шешім, қазақ қайраткерлеріне алауыздықтары үшін төбелеріне төнген зауал сынды күрт бетбұрыс республика саяси басшылығы тарапынан осылай қабыл алынды. Содан соң Қожанов Бюроға арнайы мәлімдеме жасайды: «Өлкелік комитетке жаңа басшы бекітілгендіктен, әрі қазіргі құрылымның сақталмайтынын Орталық Комитет шифротелеграммасында анық хабарлағандықтан, іскерлік пайым тұрғысынан, маған бұдан былай атқаратын нақты міндет жүктеуді сұраймын». Ол серіктерінен өзін «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы қызметінде пайдалануды өтінеді. Бұған бюро мүшесі, Ағарту халкомы және «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы Сәдуақасов үзілді-кесілді қарсы шығады: «Қожанов жолдастың жұмысы туралы мәселе оған қызмет беру секілді тар ұғымда қаралмауға тиіс, мәселені өлкекомға үш хатшы қажеттігі тұрғысынан талқылау керек. Осыған байланысты редакторлық жайы тіпті көтерілмесін. Мәселені өлкеком мүшелерінің көпшілігі жиналғанға дейін қарамай тұра тұру жөн». Бюро мүшелерінің пікірі екі жарылады. Оны Н. Ежов қостайды, ал Ж. Мыңбаев оған қарсы шығады. Дауысқа салғанда Н. Ежов, С. Сәдуақасов, О. Жандосов мәселені кейінге қалдыруды, ал А. Оразбаева, С. Қожанов, Ж. Мыңбаевтар «Қожанов жолдасты «Еңбекші қазақ» газетінің редакторлығына тағайындау туралы» шешім жобасын бекітуді қолдап дауыс береді. Үш те үш. Мәселе шешілмейді. Садуақасов талқылауды жабық мәжілісте жалғастыру жөнінде ұсыныс қояды. Қабылданады. Жабық Бюро отырысы мынандай қаулы алады: «Казөлкеком хатшысы Қожанов жолдасты практикалык жұмыста пайдалану туралы. а) Өлкелік комитет пен өткендегі партконференцияның қазақ қызметкерлері арасындағы топтық күрес және топтар арасында принципті алауыздық жоқтығы туралы алынған бұрынғы шешімдерінің принципті тұғырынан айнымай, Өлкеком Бюросы былай санайды: Сәдуақасов жолдастың газет редакторы жөніндегі мәселені принципті келіспеушілік аумағына тасымалдауы дұрыс емес деп есептелсін, өйткені Хатшы жағдайы – газетке саяси басшылық жасауға хұқ береді. б) Мәселені одан әрі талқылау Голощекин жолдас келгенге дейін қалдырыла тұрсын, сондай-ақ Қожанов жолдастың жұмысын нақтылау да кейінге қалдырылсын. в) Сөйлеген жолдастардың бәріне өз пікірлерін Өлкеком Бюросына жазбаша тапсыру ұсынылсын. (Сәдуақасов жолдас өз пікірінде қалды және бұл мәселені РК(б)П Орталық Комитетіне жеткізу хұқын өз құзырында қалдырды). Басқа Бюро мүшелері а), б), в) тармақтарын бір ауыздан қабылдады. Төрағалық етуші – Өлкеком жауапты хатшысы Қожанов. Бюро хатшысы Агутин».

С. Сәдуақасовтың пікірін өзгертпей, «мәселені РК(б)П Орталық Комитетіне жеткізу хұқын өз құзырында қалдыруын» мәлімдеуі мен Ф. Голощекиннің И. Сталинге жазған хатында айтатын: «нақты топ серкесінің мәселені Орталық Комитетке барып шешетін бұрынғы тәсілі» туралы емеурін арасында тікелей байланыс болғандығы күмәнсіз, яғни С. Сәдуақасов Мәскеуге барған сапарларында С. Қожановтың саяси бет-бейнесін теріс жағынан суреттеумен, қайраткерлік еңсесін тұқыртумен шүғылданды деп шамалауға негіз бар. Оның Сталинге 1924 жылдың күзінде Қожановтың үстінен шағымданып жазған, Мәскеу архивінен соңғы жылдары табылған хаты да осы ойға жетелейді. Демек, республика партия ұйымын басқаруға Голощекиннің келуін, қаласын-қаламасын, ішкі алауыздығымен мүмкін етті деген ұйғарым жасауға болады.«Қожанов Крайкомның екінші хатшысы боп тұрғанда Сәдуақасов Крайкомның Бюро мүшесі және сонымен бір мезгілде Ағарту жөніндегі халық комиссары еді, – деді 1925–1926 жылдары Ұлт театрының алғашқы директоры болған Д. Әділов 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне, сол шақтағы барша жұрт мойындаған бір шындық жайында сыр шертіп. – Қазақ қызметкерлері ішінде Сәдуақасов пен Қожановты екі зор тұлға, екі кит деген пікір жүретін-ді, ал мен екеуімен де жақсы таныс едім....Есімде, бірде маған Қожанов Сәдуақасовпен сөйлесіп, ойын білуді тапсырды, – деп сабақтайды сөзін Д. Әділов. – Қызметтен соң мен Сәдуақасовпен Энгельс көшесіндегі «Арарат» ресторанына кірдім. Жеке бөлме алып отырдық. Мен оның Қожановқа қандай айып тағатынын, көзқарастарында қандай айырмашылық, келіспеушілік бар екенін сұрастыруға кірістім. Садуақасов маған бәрін егжей-тегжейіне шейін әңгімелеп берді». Осынау екі ірі қайраткер жайындағы өзінің жеке пікірін Әділов: «Менің ойымша, олардың арасында принципті кереғарлық жоқ болатын, – деген сөздермен білдірді. – Бірақ солардың қай-қайсысы да дербес көсем болып, соңдарынан бұқараны ілестіріп әкеткісі келетін. Меніңше, бұл тұрғыда екеуінің өзара күресі – таза мансапқорлық тайталас еді». Ресторандағы сол сырласуда досы С. Сәдуақасовтан естігендерін, үш жыл өте, Д. Әділов құпия орган тергеушісі алдында былай еске алған: «Ол наразы күңкілге басты – Қожанов Орынборға қызметке келген кезінде онымен санаспай қояды. Крайкомда оны құлатып тастайды. Соның салдарынан ол Жетісуға іссапарға жіберіледі. Осы іссапарды ол өзін қорлағандық деп есептейді екен. Жетісуға жүрер алдында ол Қожановқа кіріп, әлдебір тапсырма берер-бермесін сұрапты. Қожанов оған Алматыға ат басын тіреген бетте экскурсия жасап, қаланың айналасындағы көрікті жерлермен танысып шығуға кеңес береді. Сәдуақасов оның мұнысын да – өзін мазақтап-кемсіту деп ұқты, бірақ ештеңе деп жауап қатпай жүріп кетеді. Қайтып оралғанында оған кіріп, оның өзіне берген кеңесін кәдеге асырғанын, Алматының маңын аралап танысып шыққанын айтыпты. Сосын Сәдуақасов мыналарды да әңгімеледі: Ақмешітке Қызылорда деп қайта ат бергенде – Қожанов ешқайсысымен де ақылдаспай, өз бетінше съезде бірден көтеріп, өткізіп-қабылдатып жіберген. Оны бұл сонысы үшін де кінәлады». Қазақстанның үкілі үміттері іспетті, алайда жұлдыздары жараспай қалған қос көрнекті қайраткердің «араларында, – Әділов әрәдік қайталап айтқандай, – соншалықты омырайып-бадырайып тұрған келіспеушілік жоқ-тын». Оңаша дастархан басында сұхбаттасқанында көзі анық жетті – Смағұлдың Сұлтанбекке ерегісу себебіне келтірген «дәйектерін жәй әншейін балалық егесу дерсің...» Екеуіне де дос-жаран болған Дінмұхамед Әділұлы өкінішін сездірмей, бейтараптау сарынмен, тергеушіге: «Ұлтшылдар олардың келісімге келіп, Қазақстанды бірлесіп басқаруларын қалап еді, – дейді. – Тілектері орындалмады, Қожанов мұндағы қызметінен орталыққа шақыртып алынды. Қожановты Қазақстаннан шақырып әкету ісіне Сәдуақасов зор үлес қосты десетін жұрт».

1925 жылғы 19 қазанда Ф. Голощекин Бюроға өзінің Мәскеуге барып қайтқан іссапарының нәтижесін хабарлап, Орталық Комитеттің Ұйымдастыру бюросы қабылдаған мынандай қаулыны оқыды: «Қазақстан Өлкекомының құрылымы мен құрамы өзгертілсін, Қазөлкеком секретариаты құрамына Өлкекомның Жауапты хатшысы Голощекин жолдас және оның екі орынбасары Ежов жолдас пен Жандосов жолдас енгізіліп құрылсын. Қожанов жолдас Өлкеком Хатшысы міндетінен босатылсын да, РК(б)П Орталық Комитетінің қарамағына жіберілсін». Сонымен, С. Қожанов Мәскеуге, Орталық Комитетке қызметке шақырылды. Осыған орай ол өзіне бюро мінездеме берсе деген өтініш айтты. Бұған бюро мүшесі С. Сәдуақасов «орталық мінездеме сұрамайды» деген желеумен қарсылық білдірді. Дегенмен, С. Қожановтың өз жұмысына әріптестерінің тиісті бағасын беруін табанды түрде өтінуіне байланысты, 1925 жылғы 21 қазанда: «Бюроның келесі отырысына мінездемені әзірлеу секретариатқа тапсырылсын», – деген қаулы қабылданды. С. Қожановтың Орынбордан бері бірге қызметтес болып келе жатқан әріптесі, болашақтағы (Үлкен террор жылдарындағы) С. Қожановтың және мыңдаған өзге де жазықсыз жандардың жендеті, жаңа құрылым бойынша – РК(б)П Қазөлкеком жауапты хатшысының орынбасары Н. Ежов 1925 жылғы 25 қазандағы Бюро мәжілісінің қарауына қысқаша ғана мінездеме мәтінінің жобасын ұсынды да, Қазөлкеком Бюросы оны бекітті. Онда былай делінген: «Қожанов жолдастың жұмысының бағасы. Қожанов жолдас Орта Азия мен Қазақстандағы ұлт өкілдерінің ішінен шыққан ірі қызметкерлердің бірі болып табылады. Барлық уақытта жауапты партия-кеңес лауазымдарында істеді және соңғы уақытта РК(б)П Өлкекомының Хатшысы болды. Зор саяси дүниетанымды қызметкер. Парторгандар шешімдерін жүзеге асыруда жігерлі және табанды».

Қазақ Республикасында он-ақ ай белсенді қызмет атқара алған Сұлтанбек Қожанов Қазөлкекомның Бюросына соңғы мәрте сол мінездемесі бекітілген 1925 жылғы 25 қазанда қатысты. Ол күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір білдіріп, өз сөзінде: «Топтар негізінен мансаптық сипатта құрылады, – деп атап көрсетті, – топтарда мансапқорлық элементтер молырақ, ал саяси және рулық элементтер, былай айтқанда, мансап мүддесіне қызмет жасарлық рөл ғана ойнайды». Қалай десек те, мансап құлқынына ұлт мүддесін қиып жіберу, Қожанов көктемгі (1925 жылғы 9–11 сәуірдегі) пленумда атап көрсеткендей, қазақы індеттен арыла алмаған қазақ қайраткерлерінің «кемшілігін бетке ұстап, отаршылдардың отаршылдық ойлары мен науқандарын жүргізулеріне» кең жол ашты. Қазақстандағы болашақ іс-әрекеттеріне ең басты кедергі болуы ықтимал «жікшіл» Сұлтанбек Қожановты Мәскеуге аттандырды да, Мәскеу эмиссары Филипп Голощекин оның есімін «қожановшылдық» деген жаманатты айдармен «топшылдық» символы іспеттендірді, өзінің «қазақ жерін жинаумен» шұғылданғанын жария етті. Сөйтіп қазақ коммунистерін өзара қырқыстыруға, өзімен тайталасуға қауқары барларын қызметтен қууға, қалғандарының сана-сезімдерін орталық ойына сәйкес біркелкілендіріп («нивелировка жасап») қырнауға барын салып, қазақ халқын Отыз екінші жылғы жасанды апатқа жетелей берді...

Дереккөздер: Казакстанская организация ВКП(б) в решениях ее конференций и пленумов с приложением важнейших общепартийных документов о Казакстане. 1920–1925 г.г. Выпуск 1. – Алма-Ата–Москва, 1931; Пятый Всеказакский (Всекиргизский) Съезд Советов. (15–19 апреля 1925 г.). Стенографический отчет. – Кзыл-Орда (Ак-Мечеть), 1925; ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Мұрағаты. – № 78754-іс. 1-т.; Стенографический отчет пленума Краевого комитета РКП(б). 9.IV-25 г.–11. IV -25 г. // ҚР Президентінің мұрағаты. – 141-қ.; Очерки истории Коммунистической партии Казахстана. – А-А.,1963; Вопросы истории Компартии Казахстана. Выпуск шестой. – А-А., 1969.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5233