Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 1380 3 пікір 14 Маусым, 2024 сағат 19:52

Ауыл ахуалы қайтсек оңалмақ?!

Сурет: eldala.kz

«Ауыл шаруашылығына ерекше
назар аударуымыз қажет».
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақ елі ұланғайыр Даланың ежелгі егесі. Демек, елдің өрлеп жетілуі, даму деңгейі ауыл ахуалына тәуелді. Соныменен өлшеніп, анықталып келді де. Бүгінгі таңда ауылдың жағдайы  оңалды деуге ертерек, оның назар аударуды қажетсініп отырғаны айдан анық. Көктемгі тасқын су еліміздің көптеген аумағына қиыншылықтар әкелді. Табиғат Ананың бұл сынағынан қажетті сабақ алынса, су қоры – ауыл саласын оңалтудың басты бағыты екені еленіп-ескерілсе кәне.

Осы заманда кең байтақ жайылымдар қазақ һәм моңғол даласында ғана қалыпты. Өзге елдерде жоқтың қасы. Ата дәстүріміз – малды жайылымда жаю бізге де қиындау. Өйткені, су қоры мәселесі әлі күнге шешілген жоқ.

Неге? Әлемдік климат жылына түсті. Мұхит деңгейінің көтерілуі мен құрлықтағы мыңдаған теңіз, көлдердің тартылуына сол климаттың жылынуы себепкер. Мысалға өзіміздің Абай облысында Шыңғыстау өңірінен ағатын жеті кіші өзеннің бәрі дерлік тартылып қалды. Су тапшылығының үлкен себебі – шаруашылық субъектілерінің суды тиімсіз пайдалануы. Арал теңізінің тартылуы осының бір айқын мысалы. Бастауын Тянь-Шань мұздығынан алатын қарт Ертіс өзенінің деңгейі төмендеп, екі жағалауындағы алқаптар құрғап барады.

Негізі, су ресурстарын үнемдеу әрі тиімді пайдалану әлемдік проблема. Жер үсті сулары 50 пайызға азайған. Сарапшылар 2030 жылға қарай әлемдік су қорында тапшылық 40 пайызға жетуі мүмкін дейді. Ал тоғыз миллиард халықты асырау үшін ауыл шаруашылығы өндірісін 60 пайызға және су қорын 15 пайызға ұлғайту қажет болмақ. Техникалық су қорының жайы осындай. Таза ауыз судың тапшылығы да үлкен экологиялық апатқа жатады. Жер бетінің 70 пайызы сумен жабылған болса да, тұщы су оның небары 4 пайызын ғана құрайтыны белгілі.

2023 жыл, 1 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Еліміздегі су қорын пайдалану және қорғау, сумен қамтамасыз ету, оны үнемдеу осы министрліктің құзіреті енді.

Біздің Абай облысы шөлейт аймаққа жатады, қысы да ұзақ. Төрт түлік малды қыстан аман-есен алып шығу үшін шөп-жемнің жеткілікті қоры болуы шарт. Кешегі кеңестік кезеңде комбикорм делінетін жемнің молдығынан мал басы қыстан тарықпай-ақ шығатын. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары жем түгілі шөптің өзіне зар болып қалды. Бағасы аспандап тұр, жылдан жылға қымбаттай түсуде. Оны шешудің амалы қайсы?

Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, оның амалы – суармалы технология екеніне көз жеткіземіз. Айталық, Голландия, Германия сияқты Еуропа елдерінде жем-шөп мәселесі түбегейлі шешілген. Олар малдарын люцерн, клевер, эспарцет, қала берді, житняк сияқты екпе шөптермен асырап келеді. Ең қызығы, екпе шөп бар болғаны 5-10 гектарға ғана егіледі, бірақ өнімі аста-төк. Қалайша? Тыңайтқыш салу, уақытында суғару сияқты агротехникалық амалдар құтқарады. Әсіресе, Израиль мемлекетінің тәжірибесі керемет. Шөл далада отырып, жеміс-жидек пен көкөніс экспорттап табысқа кенеліп отыр. Оның бірден-бір себебі, суды үнемдеп, тамшылатып суару технологиясын мықтап игерген.

Сонымен, отандық ауылшаруашылығы тауарын өсіруге керегі – су, су және су! Онсыз мәселені түбегейлі шешу мүмкін емес.  Су тапшылығымен күрес –  ғылыми зерттеу орталығынан басталса игі. Сонда ғана еліміздің су саласы жағдайын анықтап, тиімді іс-шаралар қабылдауға мүмкіндік тумақ.

Ел экономикасының салалары арасында, әсіресе, ауыл шаруашылығы су ресурстарына тәуелді. Ол әлемдік су ресурстарының 70 пайызын тұтынады екен. Бірақ бұл салада су ысырабының деңгейі өте жоғары дейді мамандар. Судың да сұрауы бар дегенге су ресурстарының маманы Сәмет Ықыласұлы  былай деп айтады: «Суармалы жерлердегі егіс алқабына егілетін дақылдар құрамын қайта қарау. Күріш, мақта секілді суды көп талап ететін дақылдар егілетін алқапты мейлінше азайту. Шаруа қожалықтарына суды лимитпен бөлуді қатаң тәртіпке көшіру. Израиль қолданатын тамшылап суғару тәсілін кең көлемде енгізу. Суармалы жерлерге инвентаризация жүргізу, ондағы гидротехникалық нысандарды күрделі жөндеуден өткізу. ...Тараз қаласындағы Гидромелиоративтік-құрылыс институтын қалпына келтіру».

«Суармалы технология» дегеннен шығады, өткен ғасырдың 80-ші жылдары іске қосылып, шығынды ақтаған Бесқарағай ауданы, Әміре Қашаубаев совхозының, Жаңасемей ауданы, Достық совхозының, Үржар мен Мақаншы аудандарының суармалы алқаптары, сол сияқты Шар су қоймасы қандай еді? Міне, жем-шөп даярлау жолы осы, сонда мал өнімі төңірегінде сан алуан агрофирмалар өз-өзінен пайда болар еді-ау. Қазір технология тіпті қарыштап кетті, көктемде су қорын жинап, табиғатқа тәуелді болмаудың жолдары тарам-тарам.

Жоғарыда аталған Су ресурстары министрлігінің көптеген жобаларды қолға алып жатқаны қуантады. Таяуда министр Нұржан Нұржігітов Абай облысында жаңадан бес су қоймасын салуды жоспарлап отырмыз деп мәлімдеді. Атап айтқанда, Үржар ауданында Келдімұрат және Көктерек өзендерінде, Көкпекті ауданында Кіші Бөкен өзенінде, Ақсуат ауданында Қарғыба және Базар өзендерінде жаңа су қоймалары бой көтермекші. Дұрыс-ақ.

Бірақ бұлардың қай-қайсы да ірі су қоймалары. Сонымен қатар, «Шағын су қоймалары» деген Абай облысы деңгейінде бастама көтерілсе, шағын тоғандар салынса керемет болар еді. Биылғы су тасқыны зардабы есімізде, қаншама елді мекендерді су шайып, қаншама жолдар бүлінді десеңізші. Егерде әр ауыл маңында су жиналатын қарапайым тоғандар болса, мұндай апаттың алдын алу мүмкіндігі молаяры сөзсіз.

Менің туған ауылым Бөденелі Ертіс жиегінде орналасқан. Ауылдың екі жағын да табиғи канал – арна орап жатыр. Көктемде сол арналарға су толады да, бірер аптада Ертіске қайта ағып кетеді. Егерде арнаның екі басына бетон су тірегіш құйылса, болды, бітті, жергілікті тұрғындар жаз бойы суға қарық болар еді. Айталық, картоп, көкөніс салу, құс өсіру, балық өсіру дегендей түрлі тірліктер жанданбағы сөзсіз. Міне, осындай табиғи арналар қай  ауылда жоқ дейсіз. Солардан тоған жасау керек-ақ. Бірақ оны жасауға аудан, облыс деңгейінен көмек ауадай керек. Сол үшін «Шағын қойма» немесе «Шағын тоған» деген арнайы қор ашылса, жоғарыда айтылғандай, облыстық бастама көтерілсе деген ұсынысты жеткізгім келеді.

Айта өтері, бұрынғы қазақтар мүлдем егін салмаған деген жаңсақ түсінік бар. Сенсеңіз, шөлейт дала тұрғындары егінге жарамды жерлерді жақсы білген, үлкенді-кішілі өзендер бойына тоған тұрғызып, суармалы алқаптар жасаудың шебері болған.

Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған өнер емес,
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған, –

деп Абай айтқандай, егін салу өнерінің қыры-сырын жете меңгерген адамдар баршылық болған. Тоғанда көктемде жиналған суды нақтылы уақытында екі я үш рет жіберіп, егістікті қандырып алу – жауын жаусын, мейлі, жаумасын бітік егіннің кепілі. Құр сөз болмасын, айта кетейін, Шұбартау ауданының тұрғындары ежелден осы тәсіл арқылы арпа, бидай жинап отырған. Су ысырабы болмаған. Егін салудың далалық тәсілін осы ауданның тұрғыны бір қария (есім-сойын ұмыттым) тәптіштеп жазып қалдырыпты. Сол естелік кітапты оқып, ойпырмай деп, қатты таң қалғаным бар. Далалық керемет технологияны қазіргі таңда неге қолданбасқа? Сөйтіп, тоған тәсілімен атам қазақ ежелден өзендер алқабын жайқалтып, бітік егін орып отырған көрінеді. Демек, өзен бойындағы жем-шөптік дақылдар егуге қолайлы алқаптарда арнайы шаруа қожалықтарын құрудың ерте-кеші жоқ.

Су – тіршіліктің көзі. Ғалымдар су дефициті деп көптен дабыл қағуда.  Тұщы судың үлкен көзі – жер асты ағындары. Білетіндерден Семейдің қарағайлы орманы астында теңіздей мол су бар дегенді үнемі естіп келеміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес» дейді. Олай болса, министрліктер тарапынан артезиан суы жатпай-тұрмай іздестірілсе, Семейдегі геологиялық барлау колледжі су қорын іздейтін мамандарды даярлауды қолға алса құба-құп.

Ауыл ахуалын қайтсек оңалтамыз деген сөзімізге қайта оралайық.

Таяуда Сенаттағы парламенттік тыңдауға келген жауапты маман  шөп өндіру 6,1 пайызға азайды дей келе, былай деп мәлімдеді: «Атап айтсам, өсімдік шаруашылығы әртараптандыруды қажет етеді. Онда қолданыста артта қалған агротехникалар басым, ауыспалы егіс қағидалары дұрыс сақталмайды, топырақ құнарлығы төмендеуде. ...Мал шаруашылығының осал тұсы – жем-шөп базасының әлсіздігінде.  Елімізде мал азығы зоотехникалық нормадан 2 есе аз өндіріледі. Жайылымдардың 20-дан 60 пайызға дейінгі бөлігі тозған, ал жайылымдық алқаптардың 42 пайызы суландырудың жоқтығынан пайдаланылмауда».

Ахуал әзірге осындай. Оны оңалту қамында Үкімет тарапынан талай жобалар қабылданып, орасан қаржы да құйылды.  Бірақ нәтижелер шамалы. Кезінде ауыл шаруашылығы маманы болғандықтан бірер ой-пікірімді ортаға сала кетейін. Ауылды көтеруге ғалымдар, фермерлер, кәсіпкер, іскерлердің қалың топтары біріге отырып, макроэкономикалық бағдарлама жасауы керек. Ауыл инфрақұрылымын соның аясында дамыту керектігі сөзсіз.  Ұлан-ғайыр жайылымдар еңбекші халыққа қайтарылып, субсидия, кредиттер әділетті және өндіріске нүктелі түрде құйылуы керек. Бұдан бөлек, еңбек адамының, әсіресе, малшы адамдардың мәртебесін көтеру маңызды. Агроөндірісті заманға сай дамытуды шешу –  маман кадрлар (агроном, мал дәрігері, инженер, гидротехник және т.б.) ісі. Бұл ретте Семей қаласында ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орнын ашудың уақыты жетті. Осы айтылған ұсыныстар Американы ашу емес, бар болғаны – әлемдік тәжірибе. Еуропада ауыл мен қала қалай теңескенін көріп отырмыз.   Оның үстіне, ауылды көтеру тек экономика бола алмайды, қазақ халқы үшін бұл рухани-идеологиялық мәселе екенін қадап айтайық.

Әлемдік тәжірибе дегеннен шығады, агробизнес пен агроиндустрия туын желбіреткен елдер баршылық. Бұл екеуіне өзге өндіріс салаларын  бейімделіп, ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын жүздеген зауыттар ашқан Австралия, Канада, Голландия, Израиль, Моңғолия, Өзбекстан сияқты мемлекеттер кімнен кем. Кіндігі ауылға байланған елде жұмыссыздықты ауыздықтау қиынға соқпай отыр. Ең тәуірі, азық-түлікке тәуелділік, қаржы дағдарысы да жоқтың қасы.  Түрлі тауарлар мен жоғары технологиялар өз-өзінен ағылмақ. Азық-түлік тапшылығына ұрынған алыс-жақын елдер өздері ұсынбағанда қайтеді.  Сөйтіп, Абай атамыздың:

Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде! –

деген өсиетінің өзектілігі кеміген жоқ, қайта арта түсуде.

Қорыта айтқанда, ауыл-аймақтарда қордаланған проблемаларды шешуге белсене кірісетін кез келді деген ойдамын. Қазақ даласы экологиялық таза азық-түлік көмбесі болып келді, солай бола да бермекші.  «Ауыл – ел бесігі» деген әншейін айтыла салған жасанды сөз емес. Ауыл-аймақ гүлденсе, еліміздің де гүлденері  сөзсіз.

Асан Омаров,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364