Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 6287 0 пікір 24 Желтоқсан, 2013 сағат 10:04

Қоғамның қозғаушы күші

Мемлекетіміз ғылым саласына, сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы магистра­тура мен PhD докторантурадағы жас ізденушілерге,«Болашақ» бағдарламасының аясында білімін шыңдап жатқан мамандарға шетелдік тәжірибе алмасу мақсатымен көп мүмкіндіктер жасап отыр. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында шоғырланған бір топ жас ғылыми қызметкер әртүрлі жобалар мен бағдарламалар аясында шет мемлекеттерде тәжірибе алмасып, көріп, көңілге түйген ойларын ортаға салды.

Мемлекетіміз ғылым саласына, сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы магистра­тура мен PhD докторантурадағы жас ізденушілерге,«Болашақ» бағдарламасының аясында білімін шыңдап жатқан мамандарға шетелдік тәжірибе алмасу мақсатымен көп мүмкіндіктер жасап отыр. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында шоғырланған бір топ жас ғылыми қызметкер әртүрлі жобалар мен бағдарламалар аясында шет мемлекеттерде тәжірибе алмасып, көріп, көңілге түйген ойларын ортаға салды.

Жанат САЛТАҚОВА,
«Қолжазба» бөлімінің  ғылыми қызметкері:

«Ежелгі дәуір әдебиеті» бөлімінің меңгерушісі С.Қосан және қолжазба бөлімнің ғылыми қызметкері Н.Мурсалимовамен бірлесіп, бір ай көлемінде Санкт-Петербург қаласында іссапарда болып қайттық. Ресей Ғылым Академиясында болып, «Пушкин үйі» аталып кеткен орыс әдебиеті институтының қолжазба бөлімінде дәрістер тыңдап, қолжазбаларды қалай ұстап, қалай пайдалану керек, қолжазбаны өткізіп алғаннан оқырманның қолына барған жолға дейін барлығын үйрендік. Барлық мұражайларды араладық. Тура «Ақ түн» уақытына түскен екенбіз. Қаланың әдемілігі одан сайын арта түсті. Шығыс қолжазбалары институтында, Санкт-Петербург университетінің сирек қолжазбалар бөлімінде, Ресейдің Ұлттық кітапханасында жұмыс істедік. Ресейліктер қолжазбаны өте жоғары бағалайды. Қай ғалымды алсаң да «Қай халықтікі болса да, қолжазба Ресейдың қазынасы» дейді. Олармен салыстырғанда Қазақстандағы қолжазбаға деген құрмет жоқ десек те болады. Арнайы дәрістеріміздің бірін пушкинтанушы А.Дубровский жүргізді. Ең қызығы, Пушкиннің бір қолжазбасын да қолыңа ұстатпайды. Егер өз көзіңмен көргің келсе, жаныңда қарап тұрады. Англиядан 8 томға жинақтап, 13 жұмыс дәптерінің фото көшірмесін жасатқан екен. Көбісі солармен жұмыс істейді. Біз Абайды олай құрметтей алмаймыз. Орыс халқының  Пушкинді құрметтейтіні сонша, жер шарындағы Пушкиннің барлық қолжазбасын сатып алуға тырысады. Ал егер сатып алуға бермесе, жыл сайын қандай жағдайда сақталып отырғанын барып, тексеріп отырады. Алдыңғы жылдары Парижден Пушкиннің өз қолымен жазған 13 хатын 1 миллион долларға және 1-бет қолжазбасын 3 жүз мың еуроға сатып алыпты. Әр қолжазбаның арнайы бағалаушы қойған бағасы бар. Сондықтан, біз көп қолжазбаларды қаржыға байланысты ала алмадық. «Атамекен» атты қазақ қауымдастығының өкілдерімен кездестік. Мәскеуге қарағанда бұл қалада орыс халқы ақсүйектіктерін сақтап қалған. Кітапханада жастар толып отырады. Метрода, автобустарда кітап, газет-журнал оқып отырған адамдарды көресің.
Оларда да ғылымда жас­тар өте аз. Санкт-Петербург туристік қала болғандықтан, туризм саласында жастар өте көп. Бұрынғы кеңестік жүйемен жұмыс істеуде. Бірақ та жаңа жүйеге көшуге талпыныстары бар. Оған, әрине, көнекөз ғалымдар қарсылық танытады екен.

Нұрбол ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
«Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет  және көркем публицис­тика» бөлімінің кіші ғылыми қызметкері:

– Польшадағы 36 миллион халықтың 98 пайызы поляктар болғандықтан, таза ұлттық мемлекет болып саналады. Кредиттік жүйеге негізделген оқу жүйесінің кереметтігін сол жақта көрдік. Біздікілер ол жүйенің атын ғана алыпты да, затын қалдырып кетіпті. Польшаның Познань қаласында орналасқан Адам Мицкевич атындағы университетте тағылым­дамадан өттік. Барлық сабағымыз қызықты әрі көңілді болды. Түрік тіліне қосымша қазақ тілін де оқытады екен. Өзіңмен қазақша пікір алмасып тұрған шетелдіктерді көргенде, кәдімгідей марқайып қалады екенсің. Бірақ поляк жас­тары біздің ара-тұра орыс сөздерін қосып сөйлейтінімізге реніштерін білдірді. Дәріс жүргізген Хенрих Янковский Қазақ елін бір кісідей-ақ біледі екен. «Генрих ағай» – деп, өз сұрағымды қоя бергенде, уәжін айтып: «Сендер әлемге орыстың көзімен қарап үйренгенсіңдер. Менің атым қазақ тілінде «Хенрих» деп емес, «Кеңірік» деп айтылуы керек», –  деп ұялтқаны бар. Сөйтсек, Ілияс Жансүгіров еуропалық есімдерді аударғанда, Хансты – Қаныш, Хенрихті – Кеңірік деп атаған екен.
Соңғы сабақ қызу пікірталаспен өтті. Өйткені, ол жақтың ғалымдары сақтарды иран тектес тайпа деп есептейді. Біз «Алтын адамымызбен» мақтанып жүрміз. Демек, оны да мойындамайды деген сөз емес пе?! Әйтеуір, қазақ тарихының тереңдегенін мақұлдамайтындай. Азиялықтарға үстем пиғылмен қарағысы келетін сияқты. Мұны бір деңіз, екінші, Алтай өңірі туралы пікіріне келіспедік. Біздің қаншама сөз зергерлер­іміз осы тақырыпты қаламына азық етті. Алтайды өркениеттің ұясы деп жүрсек, бәтшағарларыңыз оны жоққа шығарғысы келеді. Демалыс күндерін пайдаланып, Берлин мен Париж қалаларын қыдырып қайттық. Қысқасы, көп көзқарасым өзгерді. Бұрын өзім қарсы болған үш тұғырлы тіл саясатына құрметпен қарай бастадым. Өйткені, біз әлемдік кеңістікке ағылшын тілі арқылы ғана шыға аламыз. Өз елімізде батырмыз ғой, алайда соны біліп жатқан шетелдіктер шамалы. Ой – жүйрік. Санада сан түрлі сұрақ туындады. Мысалы, тарихта ағылшындар мен француздар бірін-бірі ешқашан мойындамаған. Аты шулы «100 жылдық соғыс» та солардың арысында болды ғой. Сондай-ақ  поляктар мен немістер де өзара қырғиқабақ болған. Бір қызығы, кезінде бірін-бірі атарға оғы болмаған елдердің шекараларында темір түгіл жіп те жоқ. Ал діні, ділі мен тілі тұтас, базары мен мазары аралас жатқан туысқан түркі елдерінің шекараларында итжығыс, ит азап! Неге?! Үлкен қалаларын айтпағанда, қалашықтарының өзінде Азияны, түркілерді зерттейтін орталықтары бар. Бірақ  бізде «Батыс­тану» институттары мүлдем жоқ. Неге?! Мені осы сұрақ алаңдатады.

Ермек ХАНКЕЙ,
«Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет және көркем публицис­тика» бөлімінің аға ғылыми қызметкері:

М.Әуезов 1921-23 жылдары «Шығыс филология­сы» факультетінде оқыған Санкт-Петербург қаласында болдық. Жазушының сол жылдары жазған дипломдық, курстық жұмыстарын іздедік. Іздеу барысында бірнеше мұражай, мұрағаттарды араладық. Қазақпыз ғой, намыс жібермейді көп жерде... Әйтсе де, Ресей жеріндегі тарихи орындарды аралау арқылы түйгенім, біз көп тарихымызды жоғалтып, оған жеткілікті мөлшерде көңіл бөле алмай жүр екенбіз. Тіпті орыстарда патшаларының үйде киетін аяқкиіміне дейін сақтаулы тұр. Қай ғұлама, қай үйде қанша күн тұрды, мына үйдің бұрышы немістерің оғы тигені үшін сынған деген сияқты жазуларға дейін тәптіштеліп жазылып тұр. Санкт-Петербург қаласының өзі тұнып тұрған музей қала екен. Себебі айнала қалған жеріңнің барлығы тарихи орын. Қаласы біздікіндей жарқырап алыстап көз тартып тұрған жоқ, барлығы тарихи, мәдениетті, қарапайым. Бір таңқалғаным, халқының жасы да, кәрісі де көшеде де, метрода да кітап оқып жүреді. 1700 жылдан бастап салынған жер бетіндегі антропологиялық мұражайларды араладық. Жекелеген бөлмелерде әр ұлтқа қатысты мәліметтер жазылып, суреттері қойылған. Алайда қазақтарды таппадым.Бізге ұқсас деген халықтардың ішінен тек қана моңғолдарды ғана кездестіруге болады. «Қазақтар» деген бір ғана сурет кездестірдім. Ең соңғы түйген ойым, кемінде 1-2 жыл барып тұрып келсе болады екен. Өз еліміздің игілігі үшін мұрасын жинақтап қайту, жалпы, ел, жер көріп, қазақ жастарының салыстырмалы түрде ой түюі жолында шетелге  экспедиция жасап тұрудың маңызының артық екенін айтқым келеді.

Жылбек КЕРІМБЕК,
 «Ежелгі дәуір және орта ғасыр әдебиеті» бөлімінің ғылыми қызметкері:

Польша­ның Ольш­ты­н қала­сына барудағы мақсатымыз –  институт директор­ының тапсырмасы бойынша қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қатысты мәліметтер жинау болатын. Қазақ әдебиетіне қатысты келер болсам, бізге Польшаның электронды кітапханасына кіруге арнайы рұқсат берілді. Қазаққа қатысты тек өзіміз бұрыннан білетін Адольф Янушкевичтің «Қазақ даласына саяхат» деген еңбегін ғана кездестірдім. Польшаның солтүстігіне жақын орналасқан Ольштындағы Вармия-Мазур университетінің гуманитарлық ғылымдар бөлімінде тағылымдамадан өттік. Ольштын – Польшадағы ең студенті көп қала саналады екен. Қаланың 200 мың халқы болса, соның 40 мыңы студенттер. Университет қалашығында оқу үшін барлық жағдай жасалған, тіпті мал дәрігерлерін дайындайтын бөлімінде біздегі сияқты тек теория жүзінде емес, тәжірибе жүзінде де көретін университет жанында арнайы фермалар құрылған. Қала әкімшілігі университет қалашығындағы көлшікте аққу, қазы, үйрегі, жалпы жабайы табиғаттың барлық түрін сақтауға тырысқан.
Ал ғылым жағына келер болсам, ол жерде бастауышты бір мектепте, орта сыныпты басқа мектепте бөліп оқытады екен. Бізге дәріс оқыған ұстаздардың сөзіне қарасақ, бұл оқу жүйесіне өздері де разы емес. Барлығын бір мектепте оқытып өзгертсек деген жоспарлары да жоқ емес. Себебі тиімсіз екеніне әбден көзі жетіпті.
Ольштындағы Вармия-Мазур университетінің профессоры Киклевичтен импакт-фактор басылымдарға қатысты сұраған едік. Ол кісі біздің білім министрлігіне таңданысын жеткізді. Айтуынша, біздің еліміздің Білім министрлігі импакт-фактор журналдарға жауап беретін арнайы бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрып қояды.  Сол серіктестік арқылы пайда көргісі келеді. Оған ғалымдар қаншама ақша төлеп мақаласын тас­тап кетеді, ал ол күндердің-күнінде мақалаң шықты деген анықтама бере салады. Ал шын мәнінде, мақаласы қайда, қалай жарияланып жатқанынан ғалымдар­дың өзі хабарсыз. Осы сөздерден кейін көңіліміз су сепкендей басылды.  Польшаның өзінде импакт-факторы бар журнал жоқ екен.
Польшада Кеңес кезінен қалған мұғалімдер орыс тілін білгенімен, кейінгі жастар ағылшын тілінде сөйлейді. Бұл мемлекетте де ағылшын тілін үйренудің қажеттілігі қатты байқалады. Әлеуметтік желілерде ағылшын тілін 1-сыныптан бастап үйрету керек дегенге қарсы адамның бірі болып жүруші едік, ол ойымыздан айнығандай болдық. Қазақ тілімен қатар, ағылшын тілін де үйрену керек екен дегенге көзіміз жетті. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтындағы «Әлем әдебиеті» бөлімі аясында Қазақ әдебиетінің тарихын кезең-кезеңге бөліп, ағылшын тілін аударатын жоба ұйымдастырса деген ұсыныс-пікірім бар. Өйткені бұл Еуропа жоғары оқу орындарында сұранысқа ие болады. 

Гүлзат КӨБЕК,
«Театр және кино» бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, кинотанушы, философия (PhD) докторы:

 Ғылым саласындағы жастар қазақ қоғамының болашақ элитасы. Жас­тар қашан да қоғамның қозғаушы күші болған. Ал ғылымы дұрыс жолға қойылған елдің келешегіне деген бағдары айқын. Жастарды шетелдерге әртүрлі ғылыми-зерттеу тәжірибелеріне жіберу өте орынды саясат. Тілді меңгеру әлемдік кеңістікке шығудың бірден-бір тиімді мүмкіндігі. Мемлекетіміз жастарға осындай мүмкіндіктерді қолданудың барлық жолдарын ашып қойған. Алайда шет мемлекетке шығатын жастар бір нәрсені ескеруі керек, бұл «ұлттық иммунитеті» күшті, кез келген сыртқы ықпалға түспеу және өз еліміз үшін тиімсіз үрдістерді ішке енгізе бермеу. Сондай-ақ жастарымыз арнайы бағдарламалармен мемлекеттің қаржысына шетелге шығып жатқаннан соң, ол жақтағы біз үшін ұтымды болып табылатын үлгілерді насихаттау мен жинаған тәжірибелері арқылы ойларын қоғаммен бөлісуге міндетті. Осы мақсатпен мен өзімнің Ыстамбұл университетінің жанындағы Евразия ғылыми-зерттеу институтында ғылыми жұмысымды жазу барысындағы өткен тәжірибемнен түйген ойларымды бөліскім келеді. Өзім 7 жыл ұстаздық қызметте жүргеннен соң мен үшін оқу процесіндегі ерекшеліктерді салыс­тырмалы түрде бақылау қызықты болды. Оқыту жүйесінде олардан үйренетін тұстарымыз бар. Сабақ кестесі бойынша студенттерге күніне 1-2 пән ғана қойылады. Бұл шәкірттің өзін-өзі шыңдауы мен ізденуіне, кітап оқуына уақыты жеткілікті деген сөз. Студенттер кешкілік жатаханада кітаптан бас алмайды. Ұстаздардың да ғылыми жұмыстарымен айналысуына, дәріске дайындалуына, әрбірден соң өз отбасылық жеке өміріне уақыты бар. Мемлекет дегеніміз –  отбасыдан басталады десек, әсіресе, қызмет басты әйелдер қауымы үшін балаларына бөлетін уақыты қалғаны бүгінгі таңда аса қажет. Яғни студенттердің өз бетімен шыңдалуына көбірек жүк артып, ұстаздардың да өз саласы бойынша маман ретінде қалыптасуына, ғылыми еңбектерін жазуына қолайлы уақыттары жеткілікті. Бізде, мен өзім ұстаздық қызметте болған Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында студенттердің сабақ кестесі таңертеңнен кешке дейін қойылған. Өнер адамдары үшін тәжірибелік дәрістер маңызды болып табылғанымен, шаршаған шәкірттің оқытқан дәрістерді қабылдауға да қабілеті төмендейді. Оның үстіне кешеуілдетіп сабақтан босаған соң жатақханаға әзер жеткен студент кітап оқып, тапсырманы орындамақ түгілі, тамағын әзер жасап ішуге үлгіреді. Ал қоғамдық іс-шараларға белсенділік танытуға да жеткілікті уақыт болуы керек. Осындай ұсақ-түйектің өзін ескермей жатамыз. Ал біздегі ұстаздар ғылыми еңбектер жазу былай тұрсын, бүгінде тиімсіз үрдіске айналып кеткен қағазбастылықтан дәрістеріне жақсы дайындықпен баруға да уақыттары жетпей жатады. Оның үстіне өнертану саласы бойынша біз студент шағымызда дәріс алған Ә.Тарази, Ә.Сығай, Б.Нөгербек сияқты тұлға ретінде қалыптасқан, шебер ұстаздардың қатары азайып барады. Ұстаздар ұсақталып кетті. Маман ретінде қалыптаспаған, өз шеберлігін шыңдамаған оқытушы қалай шебер маман даярламақ?! Ғылыми еңбек емес, өзі бір мақала жазбайтын ұстаздар шәкірттерді қалай жазудың шеберлігіне үйретеді? Маман ретінде мойындалмаған ұстазды қандай шәкірт мойындайды? Ал Ыстамбұлда ұстаздардың көпшілігінен байқағаным, шәкірттермен өздерін тең ұстай жүріп, жеке тұлғалы көшбасшылық қасиеттерінің жоғары екендігін дәлелдеу басымырақ. Студенттер де ұстаздарының алдында өздерін еркін ұстайды. Мен ұстаздық қызметтемін, мені «сыйлай гөр» деген бізде арагідік кездесіп тұратын жайттарды байқамадым. Мүмкін ол жақта да осындай жайттар кездесіп тұруы ықтимал. Ұстаздың жеке адами қасиеттері жоғары, ұсақ-түйек пендешілікке бой алдырмауы маңызды. Ұстаздың ұстанымы бір ғана шәкіртке емес, тұтас қоғамға ықпал жасауға қауқарлы. Қандай заманның ықпалына түссе де, ұстаз білім саласының көшбасшысы, қоғамның айнасы екенін ұмытпауы керек. Ізденіс пен шәкіртті шыңдау оның басты мақсаты. Меніңше, сөз бен істің үйлесімін «үлгіге», білім мен ақылдың кемелдігін «даналыққа» негіздей алған ұстаздар қатары көбейгенде ғана өнер өз тұғырында, шәкірттер лайықты деңгейінде болады деп ой түйдім.      

Айдана Аламан          

"Жас қазақ" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5290