Орталық Азияның саяси картасы қалай пайда болды?
Ұлттық-мемлекеттік межелеудің жүзжылдығы: Орталық Азияның саяси картасы қалай пайда болды?
1924 жылғы 12 маусымда КСРО Коммунистік партиясының басшылығы Орталық Азияда ұлттық-мемлекеттік межелеуді жүргізу туралы шешім қабылдады. Республикалардың кейбір шекарасы кейінірек өзгергенімен, Орталық Азияның қазір біз көріп отырған саяси картасы дәл сол кезде, осыдан тура 100 жыл бұрын қалыптасқан болатын. Qalam Global жобасы межелеудің қалай жүргені және оның алдында не болғаны жайында толық айтып берді.
«Қазақтардың ҚАКСР-ге біріккеніне 100 жыл» атты мақалада межелеу нәтижесінде Қазақ Автономиялық Социалистік Кеңестік Республикасының (ҚАКСР) қазақтар мекендеген жерлердің көпшілігін, соның ішінде, Алматы мен Шымкентті біріктіргені, осылайша РКФСР құрамындағы ең ірі автономияға айналғаны туралы айтылады.
«1926 жылғы халық санағы ұлттық-мемлекеттік межелеуден кейін Қазақстан халқының саны 6 миллион 500 мың адамға дейін өскенін көрсетті. Оның ішінде, халықтың басым көпшілігін қазақтар құрап, 3 миллион 713 мың адамға жетті, бұл межелеуге дейінгіден бір жарым миллионға жуық артық», - дейді басылым.
1924 жылға дейін КАССР негізінен Орта және Кіші жүз қазақтары қоныстанған аумақтарға ие болған еді. 1924 жылы ел құрамына Ұлы жүз қазақтары тұратын аумақтар кірді. Ал астананы Орынбордан Қызылордаға көшіру және Түркістанның жекелеген облыстарының қосылуы Қазақ автономиясының шартты орталығын Ресеймен екі ортадағы аймақтардан оңтүстікке жылжытты, бұл автономияның Орталық Азияның қалған бөлігімен жақындасуына және, керісінше, Башқұртстанмен, Ресейдің Сібір және Орал облыстарымен байланысының әлсіреуіне алып келді.
«Ұлт қалыптастыру тұрғысынан алып қарағанда, империя кезінде Дала өлкесі мен Бөкей ордасына біріккен қазақ жерлері бәлендей қиындық тудырған жоқ. Бір тілде сөйлейтін біртұтас қазақ этносы далалық аймақтарды тіршілік етіп, негізінен, көшпелі өмір салтымен жүріп-тұрып жатқан болатын. Дәл осы себепті ҚАКСР 1920 жылы тамызда Орталық Азияның басқа республикаларына қарағанда ертерек құрылған еді», - деп жазады Qalam.global.
Бірақ көлемі аса үлкен Түркістанды межелеу мұндай оңай болған жоқ. Егер Беларусь және Украина республикаларының шекарасын картаға түсіру кезінде кеңес этнографтары тек лингвистикалық деректерге сүйенсе, Түркістанда тұрмыстық өмір, туыстық қатынастардың түрі мен құрылымы, зерттеулердің жеткіліксіздігі секілді басқа да көптеген факторды есепке алуға тура келді.
Түркістанды межелеу мәселесі ҚАКСР құрылған кезде-ақ талқылана басталған болатын. 1920 жылғы маусымда Ленин «Өзбекстан, Қырғызстан (Қазақстан) және Түркіменстанға бөлінетін Түркістанның картасын жасауды» талап етті. «Айтпақшы, Лениннің бұл бұйрығы коммунистер Орта Азия халықтарын «жасанды түрлі ойдан шығарған» деген кең тараған мифті жоққа шығарады», - дейді мақала.
Басылым кеңестік модернизация кезінде сан ғасырлық ғұрпы бар дәстүрлі қазақ қоғамы жойылғанына қарамастан, бұрынғы қоғам, жеке мемлекеттіліктің болғаны туралы жады ешқашан өлмегенін және мұның қазақтардың өзін-өзі тануы үшін бүгінгі күнге дейін маңызды болып келе жатқанын айтады.
Qalam.global Қазақстан Республикасы дүниежүзілік картада қалай болғанда да пайда болар еді дейді: «Бұл уақыт еншісіндегі мәселе болатын-ды. Ресей империясында басталған тарихи процестің қисыны осыған сайды. Оқиғалар эволюциялық жолмен дамыса, қазақ қоғамының модернизациясы, бәлкім, бірте-бірте жүзеге асып, мұнша қайғылы болмас еді. Бірақ большевиктер империяның сипатын түрлендіріп, өзгертіп, толықтырып, өмірін ұзарта алды. Алайда тарих ақыры бәрін өз орнына қойды».
Бұдан бөлек материалда Ресей империясындағы халықтардың жағдайы туралы айтылады, Қазан революциясы болмағанда тарих қалай өрбір еді деген мәселе талқыланады және ұлттық мемлекеттердің қалыптасу процесі сипатталады. Толық мәтінді Qalam.global сайтында оқуға болады.
Анықтамалық ақпарат:
Qalam Global – әлем тарихы мен мәдениетіне Қазақстан және Орталық Азия елдерінің көзімен қарайтын мультимедиялық жаңа жоба. Жобаға Қазақстан, АҚШ, Канада, Ұлыбритания және Ресейдің халықаралық зерттеушілер тобы қатысады. Qalam жобасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көреді.
Димаш Зиядин
Abai.kz