Сенбі, 23 Қараша 2024
Қайраткер 1294 1 пікір 18 Маусым, 2024 сағат 10:45

Ұлт азаттығын жеке мансабынан жоғары қойған!

Коллаж: Abai.kz

Қызылордалық азаткер, демократ, қоғам қайраткері, жазушы, ағартушы, аудармашы Сағат Есмаханұлы Жүсіп 80 жасқа толды. Соған орай, оның бір топ серіктестері ізгі тілектерін жолдап отыр.

«Азат» қозғалысының ардагерлерінен Сағат Жүсіптің 80 жасына құттықтау тілектерін Abai.kz оқырмандарына ұсынғанды жөн санадық. 

Серік Ерғали Әбдірешұлы, Астана қаласы:

- Сағат ағамен алғаш рет 1991 жылы «Азат» қозғалысының Қызылорда бөлімшесін құру кезінде танысқанбыз. Ол кезде ағамыз Облыстық қаржы басқармасы төрағасының орынбасары болатын. Сол кезде ол нағыз мемлекеттік піскен, әмбебап шенді еді. Өз ісінің білгірі және өзіне сондай сенімді көрінді. Сол сенімі мен Ұлттың азаттығын жеке мансабынан жоғары қойған ол, қыруар айлығы мен мансап мүмкіндігін тастады да кетті... Нағыз Азаткерлік шешім қабылдады. Содан қайтып, Сағат аға мемлекеттік қызметке бармады. Егер нағыз тәуелсіз ел болғанымызда, биліктің биігінде жүріп, бел шешіп кірісетін қайраткердің өзі болар еді. Бірақ ол сол сәттен бастап өзінің алаш жолындағы тұрғысын өзгертпеді. Ол сонысымен бірегей азамат!

Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Сағат Жүсіп енді ұлттық демократиялық бағытқа көшті. Саяси-ағарту жұмыстары мен демократияландыру бағытында таза оппозициялық, бұлтартпайтын, ешкіммен, ештеңемен бұл жолда келіспейтін, тайқымайтын үлгі көрсетті. Ұйымдастырушылық қабылет шығармашылық ағарту ісіне ұласты. Қаржыгерлік мамандық енді жазушылыққа, аудармашылыққа ұласты.  Оны соңы тарихшылыққа барып тірелді. Сөйтіп жүріп, «Ашаршылық ақиқаты» еңбегі үш том болып жазылды. Сәкенің қолынан тіпті «Мағұлымат» аталатын энциклопедиялық жинақ та шыққаны бар. Ол бұның бәрінде де ұлт үшін қызмет ету миссиясын орындаумен келеді. Сағат ағаның мұншалықты жанқиярлық әрекеті соңындағы біз секілді буынға ешбір осалдануға мұрша бермейтін үлгі еді. Сағат Жүсіп бұл жағынан  заманауи жанкешті ұлтшыл эталонның өзі!

Оның кеудесі  ұлтшыл сезімге толы; сауаты мен идеясы, сараптау қабылеті, шығармашыл қасиеті оны көптеген адамды шаңына ілестірмейтін саяси саңлақ етті.

Сағат Жүсіп бұрын туғанда Алашорда қайраткерінің сөзсіз бірі болар еді. Ал қазыр ол - бізге Алаш қайраткерлерінің көзі тірі үлгісін көз алдымызға әкелген тұлға! Оның қатарымызда болғанына, өзіміздің оның қасында болғанымызға мақтаныш орнаған 30 жылдан асқан уақыт сондай қастерлі!

Ғұмырдың мәні еліңе, ұлтыңа ешбір қайтарымсыз еңбек ету мен қызмет қылу екен. Ешбір популистік жолмен көзге түспей-ақ, талай істі талмай, ештеңеге алаңдамай атқару мықтының ғана қолынан келеді, оған керек күш-қайрат күштінің ғана бойынан табылады. Сағат Жүсіп сондай!

Сағат Жүсіп өз дәуірінің барын сығып, нәрін сіңірген ұлтшыл қайраткер, кемел тұлға. Оны жеке ғұмыры аямады, талай сынады, бірақ оның қайраткерлігі мен беріктігі сол сынақтардан алып шықты.

Ағамыз сексеннің сеңгіріне шықты. Баянды болғай! Пенделік қызық пен бақытқа кенелгей!

Дос Көшім, Алматы қаласы:

- Сағат ағамен, ұмытпасам, 1990 жылдары кездестім. Ол кезде мен Социал-демократиялық партияның төрағасымын. Сәкең өзінің пікірлестерін жинап, менімен кездесу өткізгені есімде. Бұл – қарапайым жандардың саяси-қоғамдық өмірге енді ғана араласып жатқан, қызу да қызықты кезеңі болатын. Сол уақыттан бастап кейде бірге, кейде «қатарласып» жұмыс істеп келеміз. Өз басым, қандай бастама көтерсем де, Сәкеңді бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. «Демократияны тарату орталығы» ұйымын құру болсын, саяси ағартушылық бағыттағы семинарлар мен кездесулер ұйымдастыру мәселесі болсын, «Азаттың» облыстағы іс-әрекеттері болсын, сайлауды бақылау бағытындағы жұмыстар болсын, барлық жерде Сағат ағаның не өзі, немесе, оның ұсынған адамдары қасымда болды. Әсіресе, 1994 жылғы сайлау науқанында, қыстың қақаған суығында, жаяу жүріп қол жинағанымыз, кездесулер өткізгеніміз әлі есімде. Тоңып, шаршап келгенімізде марқұм Анар жеңгеміздің ақ дастарханы дайын тұратын. Жас айырмашылығымыз біршама болғанмен, саяси қоғамдық мәселеде рухтас, жолдас болып кеттік. Бір бірімізбен ашық пікір таластырып, кейде қателігімізді не бұрыс қадамымызды бетке айтатынбыз. Бірақ, бір нәрсе анық. Осы отыз жылда Ұлттық мақсатта, немесе қоғамды өзгерту мақсатында жаңа идея, жаңа бастама көтергенде Қызылорда облысына басымызды ауыртпайтынбыз. Себебі ол жерде – қара нардай Сағат Жүсіп ағамыз бар екенін білеміз!

Сәке, сексеннің сеңгіріне шыққан күнің құтты болсын! Қолыңнан қаламың түспесін. Сені жылдар сындырмайды, шыңдай түседі деп ойлаймын. Алла ұзақ өмір, зор денсаулық берсін!

Жұмағұлов Уалихан Дәлетұлы, Шымкент қаласы:

- Қызылордалық Сағат Жүсіп ағамамызбен тәуелсіздік жолында күресте пікірлес болып, сонау 1990 жылдары танысқанбыз. Сәкеңнің қайсарлығын еліне, жеріне, тіліне, қазақ халқына жанашырлығын айтып жеткізуге мүмкін емес. Қазақстанның тағдыры сонау жылда қыл үстінде тұрған болатын, қызыл коммунистердің диктатурасының қылышынан қан тамған кез еді. Елде дүкен сөресінде тамақ, киім жоқ, жұмысшылардың, зинеткерлердің зинетақысы берілмей, төрт-бес айлап жоқ болатын. Коммунист басшылар өзінің жеке басына «коопоратив» ашып жұмысшылардың айлығының орнына қымбат аяқ киімдер, көйлектер, қапшықтап қымбат ұн, күріш, макарон әкеліп тарататын. Сексеуіл кентінің темір жолшыларының азапқа төзіп, еліміз тәуелсіз мемлекет болса деген арман жанын жегідей жеп жүрген кез болатын. Әр мерекеде «транспоранттарын» дайындап, ұрандатып «Жалаң аяқ жалаңаш, халқым қайда барасың?», «Қазақтың қызыл креміл қанын сорғанын қоймаса, шапалақ жейді»-деген ұрандатып шыға бастады.

Халық депуттары жиналып Сексеуіл кентінің темір жол жұмысшылар арасынан «Жұмысшылар қозғалысын» құруға бел байладық. Сол кезде Сексеуіл Лококомотив депосында жұмысшыларының арасында «стачком» «СТК - жұмысшылардың кеңес комитеті» құрылған болатын.

Сағат Жүсіп ағамыз бізге кеңес беріп, еліміздің тәуелсіздігі үшін күресіп жүрген Қазақстанның Азаматтық «АЗАТ» қозғалысының Арал аудандық бөлімшесін ашуды ұсынды. Дегенмен көп ұзамай Сағат ағамыздың шақыруымен Сексеуілге Алматыдан Сәбектқазы Ақатаев, Жағда Бабалақұлы екеуі, Қызылордадан Сағат Жүсіп, Әлібек Баубекұлы, Ақтөбеден «Алдаспан» қоғамының, Шалқардың «Жұмысшы қозғалысының», Аралдың «Тамшы» қоғамының жігіттері келіп, Сексеуілде құрылтай ашып Республикалық Азаматтық «АЗАТ» қозғалысының Арал аудандық бөлімшесі ашылды.

Содан бастап Сағат Жүсіп ағамыз бізге ақылшы көш басшымыз болып, Сексеуіл кентіне жиі келе отырып, Арал өңірінің әлеуметтік мәселесін шешуге, Арал экологиясының заңының қабылдануына, «Возрождения» аралындағы бактериялық зерітхананың жабылуына, Семей полигонының жабылуына, Оралда казактар көтерілісіне тойтарыс беруге мұрындық болды.

Елі үшін туған қайсар ердің сексен жасқа толғанын қуанышпен тілек айтып құттықтаймыз! Сағат аға қарттық өміріңіздеде арда ақсақал ретінде еліңізге елеулі, халқыңызға қалаулы ақсақалсыз. Елім деген жүрегіңізге жаратқан күш қуат берсін, ұрпағыңыз бақытты болсын деп тілеймін!

Ізгіліктің нұрын шашар маңайға,
Адамсыз ғой үлгі болар талайға.
Жақсылықты өзіңізден көп көрген,
Ұмытпайды халқың сені қалайда!
Үлгі болған үлкенге де жасқа да,
Сыйлар сізді туған-туыс, басқа да.
Бақытты боп бұл өмірде мәңгілік,
Қуатыңыз таусылмасын 100 де де!

Баймағамбеттегі Тілеп Жұмаұлы, Ақтау қаласы:

Ассалаумағалейкум, құрметті Сағат Жүсіп
Кезінде бағаладың, жүрмедің күтіп,
Алла тағала берген жасыңды жасап,
80-ге де келіп қалдың артыңа қарап.
Келген жасың Сағат аға, құтты болсын,
Ондай жас бізге де жұғысты болсын,
Артыңа еріп, ақыл-кеңесіңді тыңдап,
Аман болайық, сынақтарға шыдап.
Сарқылмасын Алла берген қуат күшің,
Аллаға рақмет, Сізбен таныстарған үшін.
Денсаулығыңыз әрқашан зор болсын,
Алланың берген несібелері мол болсын,
Шын ниетпен өлеңмен жазған тілек,
Баймағамбет тегі, Жұмаұлы Тілеп.

Ахметов Көшкінбай, Ақтөбе қаласы:

- Сағат аға 90-шы жылы Ақтөбенің «Алдаспан» бірлестігімен бірінші болып байланыс орнатқандардың бірі және «Алдаспанмен» тығыз байланыста болғандардың бірегейі.

Ағай талай қиындықтарға, төзгісіз қысымдарға қасқайып тұрып төтеп бере білді. Нағыз Алдаспандай беріктік танытты.

Бұндай қажымас қайрат, қайсар мінез тек бірегей Сағат аға сияқтыларға ғана беріледі.

Мерейіңіз әрдайым үстем болсын, аға.
Мерейлі 80 жасыңыз құтты болсын, Сағат аға!

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5362