Киевтегі қастандық: Садықовты кім атты? Президент пікір білдірді...
Кеше Украина астанасы Киевте қазақстандық оппозициялық журналист, «БАСЕ» каналының негізін қалаушы Айдос Садықовқа қастандық жасалды. Бұл туралы оның әйелі, журналист Наталья Садықова Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
Украиналық БАҚ-тың дерегінше, оқиға Киевтегі Шевченко ауданында болған. Киев прокуратурасы Садықовқа жасалған қастандыққа қатысты «Қасақана адам өлтіруге оқталу» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Прокуратураның хабарлауынша, Садықов қазір ауруханада жатыр, жағдайы ауыр.
Аталған оқиғаға қатысты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірді.
«Елімізде Заң үстемдігін нығайтып жатырмыз, яғни барлық салада, ең алдымен, Заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – айқын. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақстанда Заң мен тәртіп бәрінен биік тұруға тиіс. Сондықтан қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті Заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет.
Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша Украина тарапына ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім.
Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстандық журналист Айдос Садықовқа жасалған қастандықтан кейін Қазақстан билігі Украинаға ресми нота жолдады. Бұл туралы Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаев «Азаттыққа» мәлімдеді.
«Біз Украина Сыртқы істер министрлігіне осы жағдайға байланысты түсініктеме алу үшін ресми нота жолдадық. Әлі жауап келмеді. Украина тарабынан бізге ешкім хабарласқан жоқ», - деді елші Қалетаев.
Abai.kz