Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 7081 0 пікір 30 Желтоқсан, 2013 сағат 13:53

МІНСІЗДІК ПЕН ШЫНШЫЛДЫҚ

Жыл емес, ай туғанда да Жаратқаннан жаңа айда жарылқауын сұрайтын қазақпыз ғой. Қанша жерден бұл қазақтың жаңа жылы емес десек те, күнтізбедегі жыл ауысымы уақыттың тағы бір межесінен аттағаныңды мойындатпай қоймайды. Осындай сәтте алдағы жылдан үлкен үміт күте отырып, өткен жылдың жемісі мен кері ісін салмақтап көретінің рас. Газетіміздің жылан жылын қорытындылайтын санында соңғы кездері қоғамымызда белең алған бірқатар мәселелерді әңгімемізге арқау еттік. Осы орайда туындаған «Біз біреуді мақтасақ, мінсіз адам етіп көрсетеміз, әдебиетте де мінсіз кейіпкерлер сомдап жатамыз, шектен тыс мінсіздіктің түбі қайда апарады? Кісілік, адамгершілік секілді қасиеттер мен ар-ұят сезімдерінің бүгінгі көрінісі жайлы не айтасыз? Сіздіңше адам сыйлаудың бүгінгі өлшемі қандай? Біз бүгін кімдерді сыйлап жүрміз? Нағыз талантты бағаламау, шала сауаттылық, шалахаттық мәселелерінің зардабы қандай болады деп ойлайсыз?» деген сыңайдағы сұрауларымызды қос қаламгерімізге жолдап, біріне өмірден, екіншісіне әдебиеттен мысал келтіре отырып, пікір білдірулерін өтінген едік.

  Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ, 
  жазушы:
 

Жыл емес, ай туғанда да Жаратқаннан жаңа айда жарылқауын сұрайтын қазақпыз ғой. Қанша жерден бұл қазақтың жаңа жылы емес десек те, күнтізбедегі жыл ауысымы уақыттың тағы бір межесінен аттағаныңды мойындатпай қоймайды. Осындай сәтте алдағы жылдан үлкен үміт күте отырып, өткен жылдың жемісі мен кері ісін салмақтап көретінің рас. Газетіміздің жылан жылын қорытындылайтын санында соңғы кездері қоғамымызда белең алған бірқатар мәселелерді әңгімемізге арқау еттік. Осы орайда туындаған «Біз біреуді мақтасақ, мінсіз адам етіп көрсетеміз, әдебиетте де мінсіз кейіпкерлер сомдап жатамыз, шектен тыс мінсіздіктің түбі қайда апарады? Кісілік, адамгершілік секілді қасиеттер мен ар-ұят сезімдерінің бүгінгі көрінісі жайлы не айтасыз? Сіздіңше адам сыйлаудың бүгінгі өлшемі қандай? Біз бүгін кімдерді сыйлап жүрміз? Нағыз талантты бағаламау, шала сауаттылық, шалахаттық мәселелерінің зардабы қандай болады деп ойлайсыз?» деген сыңайдағы сұрауларымызды қос қаламгерімізге жолдап, біріне өмірден, екіншісіне әдебиеттен мысал келтіре отырып, пікір білдірулерін өтінген едік.

  Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ, 
  жазушы:
 
«БӨЛЕ БЕРСЕҢ, СҮТТЕН ДЕ ҚАРА ДАҚ ТАБЫЛАДЫ»
 
  Қазақта «Бөле берсең, сүттен де қара дақ та­былады» деген сөз бар. Демек, өмірде мінсіз адам болмайды. Ең жақсы деген адамның да өзіндік міні бар. Мәселе сол мінді түзей білуде. Әр адам алдымен өз мінін байқап, оны жөндеуге күш салуы тиіс. Қоғамымыздағы қай саланы алып қарасақ та, кемшіліктер жетіп-артылады. Ел ішін жайлап бара жатқан жемқорлық фак­ті­ле­рін күнде көреміз. Жоғары лауазымды шенеу­нік­­тердің өзі жемқорлықпен ұсталып, жазалануы жиілеп кетті. Мұның бәрі қоғамымыз­дың ая­ғына тұсау, қолына бұғау салатын үлкен мін. Ал осы мәселе көркем шығармада әлі күнге кө­рі­ніс таба қойған жоқ. Тек мақалалар ғана жазылуда. 
Жалпы кеңестік кезеңде жағымды кейіпкер, жа­ғымсыз кейіпкер деген болды. Жағымды кейіп­­­кер шығарманың басында жақсы қылық­та­рымен көзге көрінсе, аяғына дейін сол жақсы қалпында қалуға тиіс. Ал жағымсыз кейіпкер шығарманың басынан аяғына дейін айналасына зиянын тигізіп, кедергісін келтіріп жүреді. Анығында, қанша кемшілігі көп адамның өзінде бір жақсы қасиет кездеседі. Ал жақсы адамда керісінше. Мен «Беласқан» деген шығармамды қайта өңдегенде осы идеяны ұстандым. Бас кейіпкерім – Қамбар төре деген кісі. Бұрын бізге төрелер, қожалар, молдалар, бай-манаптар жағымсыз кейіпкер түрінде көрінді. Ал шын­ды­ғын­да баюдың өзі ақылды адамның ғана қолы­нан келетіні шындық. Ел басқару да сол секілді нәрсе. Мұрағаттарды ақтарып, қариялармен сөйлесу барысында Қамбар төренің өте жақсы адам болғанына көз жеткіздім. Сырттан келген переселендерден қазақтарға ұсталықты үйреткен, алғашқы шөп шабуды меңгерткен, елді егіншілікке жұмылдырған, айта берсек, өрке­ниет­ке бет алуға ұмтылыс жасаған адам екен. Дей тұрғанмен де, ол кісінің жуан сіңір азамат ретінде халыққа жасаған қиянаты да жетерлік. Ертістің арғы бетіндегі азаматтардан мал алдыруы, өзі сияқты төре тұқымының батырларын ұстап алып, жазалауы керемет деп отырған Қамбар төренің екінші қырын ашады. Алғашқы басылымда кейіпкерімді мүлдем әппақ, тап-таза, мінсіз етіп көрсетуге тырысыппын. Кітапты қайта басуға жөндегенде осыған біраз мән беріп, кемшіліктерін де ашық жазуға тура келді. Кез келген әдеби кейіпкер мінсіз немесе мінді болып көрінуі шарт емес. Менің түсінігімде реализм – шындықты айту, адамның өмірдегі шын бейнесін көрсету. Мәселен, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Судыр Ахмет жағымсыз қы­лық­тарымен қатар, жақсы мінездерімен де көрінетін образ.
Еліміз қайткен күнде алдыңғы қатарлы да­мы­ған мемлекеттер қатарына қосылады дегенді осы күні жиі көтереміз. Бұл ең бірінші сол ме­м­ле­кетті құрайтын жеке адамдардың адам­гер­шілік ұстыны мен кісілігіне, адами қасиеттеріне байланысты. Осы күндегі біздің шенеуніктердің жасап жүрген қателіктері айналып келгенде бү­гінгі қоғам адамдарының мінез-құлқы ой­да­ғы­дай еместігін көрсетеді. Бізде шешілмеген про­блемалар шаш-етектен. Жаңа айтып кеткендей жемқорлық дерті асқынып тұр. Онымен әр­бір азамат жеке күресуі тиіс. Жақсы қоғам орнату үшін адамдардың әрқайсысы өзі үшін жауап беруі керек және қасындағы адамдардың жақсы азамат болуына ықпал етуі тиіс деп ойлаймын.
Түркі тілдерінің ішіндегі ең байы саналатын тілі­міздің бүгінгі жағдайы да сын көтермейді. Те­ледидарды қосып қалғанда, қарапайым адам­дар­дың қазақша екі сөздің басын қосып сөйлей алмайтынын көріп, қарның ашады. Бұл адамның өз тілін менсінбеуінен, жауапкершілікті сезін­беуі­нен туатын нәрсе. Соңғы кездері «қара орыс­тар» деген термин шықты. Ол өзі қазақ бола тұра өз тілінде сөйлегісі келмейтін, мұрын шүйіріп қарайтын адамдар. Тәуелсіздік алғалы жиырма екі жыл болса да, ана тіліміздің, ұлттық діліміздің мәселелері шешімін таба алмай тұр. Тіл мәселесі­нің күрмеуін шешу үшін мемлекеттік қызметке қабылдайтын әрбір адамға, ең алдымен, «қазақ тілінде қалай сөйлейсің, қалай жазасың» деген критерий қойылуы керек. Екінші бір мәселе – біз­дің тәуелсіздік мейрамы төңірегінде. Біз бұл мей­рамның қадіріне шын мәнінде жете алмай жүр­міз. Жаңа жылға деген алапат дайындық біздің аңсап жеткен ұлық мерекеміз – Тәуелсіз­дік күнін көлеңкеде қалдырып келеді. Біз қазір тәуелсіздіктің құнын жете түсіне алмай жүрген жайымыз бар. Осы секілді қоғамымызда кезде­сіп жүрген олқылықтар – біздегі қарапайым адам­нан бастап, билік басындағыларға дейін­гілер­дің бүгінгі бет-бейнесінің айнасы. Соңғы кездері жайлап бара жатқан тағы бір індет – жағымпаздық. Кез келген аудандық, облыстық газетті алып қарасақ, бірінші бетке жиі-жиі әкімнің суретін басады. Бұның ар жағында үлкен жағымпаздық тұр. Жағымпаздық – ақиқатты бүркемелеу деген сөз. Қазір әр басшы өз қара­ма­ғындағы халықтың қамын ойлаудан бұрын өзінен жоғары басшының тілін табуды көздейді. Әсіресе, «ертең өссем-ау» дейтін азаматтардың осы жағымпаздық мінезі қатты белең алып кетті. Жалпы, өз басым, адамды қызмет-беде­ліне, атақ-мансабына емес, тек қана кісілігіне қарап сыйлау қажет деп ойлаймын. Жақында ҚР Парламент депутаттарының бірі «Мәке, Тәке, Сәке» дегенге қарсы шықты. Менің түсінігімде бұл халқымызда ғасырлар бойы қалыптасқан адам сыйлаудың үлгісі. Оны мәселе етіп көтеріп, тіпті үлкен мінбеде сөз етудің өзі ұят. Қазақта Бәлен­бай Түгенбайұлы деп, әкесінің атын бажырайтып қоса айтып отыратын салт болмаған. Бірақ қазір осы оғаш үрдіс қалыптасып барады. Адамды кісілігіне ғана қарап сыйлау керек. Өсек, өтірік айтатын екіжүзділерге қылығын бетіне басып айтып отырған жөн сияқты. Бұдан басшыны сыйламау керек деген ой тумау керек. Бірақ тым-тым жылпылдамай, шектен шықпай, қызмет бабындағы қарым-қатынас барысында әр нәр­се­нің орны, шегі бар екенін есте ұстасақ деймін. Ағайынның өзара сыйластығы қазақта ежелден келе жатқан керемет дәстүр. Қарап отырсақ, өзге халықтарда құдалар бір-бірімен араласа бермейді. Ал қазақ құдасын Құдайындай сыйлайды. Баланың ата-анасын құрметтеуі, олардың алдында өзін борышты санауы біздің ерекше қасиетіміз еді. Қазір қартайған ата-ананы қарт­тар үйіне апарып тастау, жаңа туған шарананы көшеге немесе балалар үйіне қалдырып кету дейтін сұмдық шыға бастады. Бұл – өзге халық­тан жұққан жиіркенішті дерт, әке мен баланың ара­сына түскен сызат. Біз ұлттық рухымызды жоғары ұстай білетін болсақ, мұның бәрінен бірте-бірте арылуға болады деп ойлаймын. Ол үшін ата-анасынан, бауыр еті баласынан бас тартқан тасбауырлар халық алдында айыпталып отыруы тиіс. Жуырда көпшілікке танымал бір азаматымыздың бала-шағасы бола тұра қарттар үйіне барып қайтқанына бәріміз куә болдық. Бұл – біздің ұлттық трагедиямыз.
Шын таланттарды мойындамау мен сауатсыз­дық, шалахаттық мәселесі өз алдына бөлек әңгіме. Жалпы, адамның қанында бар дарын­ды­лық түбінде жарып шықпай қоймайды. Кеңестік кезеңде қазақтың керемет дәстүрі айтыс өнері жоғалып кетті. Айтыс өнері осылай құритын болды-ау деп қорқатынмын. Бірақ кейіннен қайта жанданып, халықпен қауышты. Қазір айтыс ақындарының алдыңғы толқынының өзі қарт­тардың қатарына қосылып қалды. Күні кеше ғана тәуелсіздік мерекесіне орай өткен айтыста жастардың қарқынына, қабілет-қарымына қарап отырып, сүйсіндім. Ақын-жазушыла­ры­мыздың ішіндегі дарындыларды да танымай қалу мүмкін емес. Сөзінің шұрайы, ойының оты бар қаламгерлер қашан да халық назарынан тыс қалмаған. Айталық, Жанат Ахмади деген жазушы бар. Қазақы сөздің қаймағын қалқып ішіп жүрген азамат. Төгіп-төгіп жазады. Бұл жігіт­тің кезінде көрмегені жоқ, бірақ Құдай берген дарын түбінде мойындатпай қоймады. Қалай айтсақ та арғы беттегі қазақтардың тіл­дері орамды келетіні рас. Дегенмен де, халық мойын­даған кейбір азаматтардың, өнер адам­дары­ның экрандардан көрінбей кетуі жиі кез­де­седі. Оның себебі, қазақта бақталастық дейтін жаман қасиет бар. Талай азаматтарымызды балағынан тартатын сол бақталастық дерті.
Ал сауатсыздықтың басы балабақша мен мектептен басталуда. Балабақшаға балаңды орналастыру үшін басшысына ақша беруің керек. Перзентіңді таңдаулы мектепте оқытқың келе ме құнын төлей ғой. Бұл бүгін ешкімге жасырын емес. Ең сұмдығы, балаң мектепті жақсы бітірсін десең де ақысын беруге тиіссің. Бұдан баланың ғылымға-білімге дейтін жауапкершілігі азаяды. Ал жоғары оқу орындарындағы жемқор­лық тіпті асқынып кетті. Дипломын сатып алған мамандар толып жүр. Өзі ешнәрсе білмейтін ұстаз балаңызға не үйретеді деп күтесіз. Тәуел­сіз­дік алғаннан бері Білім және ғылым министрі он үш рет ауысты. Оның әрқайсысы өз реформасын ала келгенімен, ісін аяғына жеткізе алмай кетіп жатты. Осының барлығы шәкірттің соры деген сөз. Қазір кез келген оқу орнында ғылым докторлары, профессорлар көп. Біздің кезімізде университеттің өзінде әр ғылым саласында 1-2-ден ғана профессор болатын. Ол керемет құр­мет­­ке ие еді. «Әне, профессор келе жатыр» деп, бә­ріміз иіліп сәлем беріп тұратынбыз. Қазір екінің бірі ғылым докторы. Ең сұмдығы, біздің жо­ғары шенді, лауазымды азаматтарымыздың бәрі осындай атақтар алып алды. Осының бәрін мен ғалым екен деп мойындай алмаймын. Елі­міз­де мықты-мықты шын ғалымдар бары рас. Олар­дың еңбегін бағалау, елеп-ескеру біздің қоғам­ның алдында тұрған мәселе.

Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ,
прозашы, ақын

ЕКІ ҚҰЛДЫҢ ҚАЙСЫСЫНА
ҚОЖАЙЫНЫ СИЯПАТ БЕРУІ КЕРЕК?

Иә, біржақты жақсы немесе біржақты жаман кейіпкер жасау үрдісі әлі де жоқ емес. Әсі­ре­се, біздің тарихи романдарда мінсіз кейіп­керлерден аяқ алып жүре алмайсыз. Жалпы, тарихи персонаждар қашан да күмән туғызады. Мәселен, «Соғыс және бейбітшіліктегі» Наполеон – өмірдегі Наполеон емес. Ол – толығымен Толстой шығармашылығынан туған кейіпкер, ол – толығымен Толстойдың концепциясы. Бі­рақ жазушының ХІХ және ХХ ғасырдағы орыс тілді оқырмандары тарихи Наполеонды дәл сол романдағыдай деп қабылдады.
Аристотельдің жазуынша, тарихшы мен ақынның айырмашылығы мынада: біреуі бол­ған оқиғаны әңгімелейді, екіншісі болған оқи­ғаның «көркемделген» нұсқасын жазады. Бұл «классикалық шекараны» кейінгі әдебиет бұз­ды. Әсіресе, ол ХХ ғасырда көрініс береді.
ХХ ғасырдың қаламгері автобиографияны, бас­қа да өмірлік, белгілі оқиғаны деректі жанрға ғана емес, әдеби шығармаға да тұтасымен пай­далана алды.
«Қылмыс пен жазадағы» Раскольниковтың «жа­­ғым­ды әлде жағымсыз» кейіпкер екенін оқушы алғашында тап басып айта алмайды. Тұр­мысы нашар, денсаулығы әлсіз, арманшыл, қи­яли жас жігіттің әуелі ұнамды кейіпкер ретін­де көрінетіні рас. Бірақ біраздан соң-ақ оның санасындағы ой тартысы, психологиялық қо­бал­жулары кейіпкердің күрделі персонаж еке­нін сездіреді. «Қылмыс пен жазадағы» осы кейіп­кердің ішкі жан дүниесіндегі арпалыс процесі Достоевскийдің өзге шығармаларында­ғы­дай ерекше екпінмен жүреді. Өйткені, Раскольников – мінсіз кейіпкер емес. Жалпы, Достоевский кейіпкерлеріндей күрделі образдар қазақ әдебиетінде әлі жасалған жоқ. Өзі­міз­­ге-өзіміз қанша сүйсінсек те, осы шындықты мойындауымыз керек.
Өзі жасаған ХVІ ғасырда ғана емес, ағылшын әдебиеті тарихшыларының жазуынша, ХVІІІ ға­сырдың ортасына шейін Шекспирдің аты Еуропада жер жарып шыққан емес екен. ХVІІІ-ХІХ ға­сырға дейін ол белгісіз болмаса да, ел назары ауған, атақты драматург саналған емес дей­ді.
ХІХ ғасырда, яғни өз заманында Федор Тют­чев­тің поэзиясы орыс әдеби сынының жоғары бағасын ала алмаған. Меніңше, шығарма­лары­ның өз тұсында лайықты бағасын алмауының үлкен бір себебі, оның шетелде ұзақ жүруінен (Германияда көп жыл елшілікте қызмет атқар­ған, т.с.с.), сол кезде «әдеби орта» саналатын әде­би журналдардың төңірегінде жиі көрін­беуінен болса керек. Оның үстіне Тютчев­тің өзі көзге көріне беруді ұната бермейтін, біртоға адам болған. Керісінше, Бенедиктов, Надсон, Северянин секілді замандастарының сол кезде аты дүрілдеп тұрды. Сыншылар солардың шы­ғар­машылығын әңгіме қылып жататын. Бірақ уақыт өте келе бәрі сабасына түсті. Северя­нин­дердің есімі әдеби өмірдің өрісінде көріне де бермейді.
Заманнан заман өте келе көркем әдебиетті оқушы жұрттың ақын-жазушыларға деген қызығушылығы өзгеріп жататыны кездейсоқ дүние емес. Әдеби табыстың да, танымал­ды­лық­тың да түрлі-түрлі факторы бар. Әр дәуірдегі қоғамдық өмірдің түрленіп жатуына орай оқырман жұрттың пікірі де құбылып отырады. Мысалы, ХХ ғасырдағы орыс әдебиетінің ең атақтысы, ең алыбы Лев Толстой болды. Толстой – долы теңіздің буырқанған толқыны тепсініп келіп соқса да, міз бақпайтын қара жартас. Совет дәуірінде әдебиеттің пайғамбары дәрежесіне дейін көтерілді (Олжас Сүлейменов се­кілді жастардың жазушының 90 томдығын үтір-нүктесіне дейін қалдырмай оқитын кезі). Сол Толстой ХХІ ғасырда оқылудан қалып барады.
ХІХ ғасырда әлем әдебиетінің дамуына зор әсерін тигізген француз әдебиеті (Стендаль, Бальзак, Флобер) қазір сол Батыстың өзінде оқыла бермейді. Өйткені, заман басқа, әдебиет жаңа. Қанша мойындағымыз келмесе де, әдебиетке, әдебиеттің түрлі ағымдарына деген мода классикалық деп саналған әдебиетті көлегейлеп тұрады.
Ал ХХ ғасырдың 60-80-жылдарында Хулио Кортасар, Карлос Фуэнтес, Марио Варгас Льоса, Габриэль Гарсиа Маркес секілді әлем әдебиетінде латын-америкалық серпіліс (boom latinoamericano) әкелген атышулылар туралы, олардың, біреуі лайықты, біреуі лайықсыз, атаққа шығып жатуы – өз алдына бір кітапқа жүк болатын, ұзақ әңгіме.
Әдеби табысқа, әдеби атаққа жетудің түрлі факторы бар екенін әдебиет тарихын зерттеу­шілер жоққа шығармайды. Бұл тарапта белгілі бір автордың өз шығармасының (немесе әдеби бағытының) ерекшелігін, жаңашылдығын айтып айғайды салып, «мәлімдеме» жасап, дабыра көтеріп жатуы да елдің назарын еріксіз аударатынын айтады зерттеушілер. Егер, деп жазады Иван Розанов, жаңашыл жазушы әдебиетте айғай-шусыз, үн-түнсіз, өз жолымен кетіп бара жатса, сыншылар да, өзгелер де ұзақ уақыт бойы оны байқамауы мүмкін. Ал енді ол еске­гі­мен көк шалғынды жайпап, «ескішілдерге» ұры­нып, дүрбелең тудырып жатса (мәселен, Пуш­кин, Некрасов, символизмнің көсемдері), онда ол әдебиетте көпшіліктің назарын өзіне аударуы да мүмкін. Сөйтіп, кейбіреуі аттаққа шығып, замандастарының арасына таны­мал­ды­лыққа ие болуы ықтимал; бұл жерде, деп жа­зады Розанов, ақылды бастан гөрі айғайы күшті көмей керек болады (ХХ ғасыр басындағы футуристердің мәлімдеме жасап, дабыра тудырып жатқанын есепке алғаны). Бұл айтылған ойлардың негізі жоқ емес, жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды, оның шет-жағасын өзіміз де көріп жүрміз... Ресми өкіметтің қаламгер­лер­дің жалынан сипап алдына жем тастауы, бұ­қа­ралық ақпарат құралдарының әспеттеп қоғамдық пікір туғызуы аты-жөнін дабыралатуға ықпалын тигізіп жатады. Мұның бәрі бірақ – өткінші дүние.
Оқушы жұрттың пікірі мықты болса да, қа­лам­­­гердің танымалдылығына оқырман бас шұлғып жатса да, әдеби шығарманың құндылы­ғын дәл осылармен өлшеуге негіз жоқ. Көр­кем­дігі асыл шығарманың өз заманында үлкен та­быс­қа жете бермеуі әбден мүмкін деген Томас Манн.
Талантты мойындамау қай заманда да бол­ған. Бола береді де. Бірақ сыншылар талантты мойын­дамайды екен деп жазбай кеткен қалам­гер бар ма? Жоқ. Белгілі ақын-жазушылардың биографиясына үңілейікші. Достоевскийдің өзін заманында кейбір сыншы жерден алып, жерге салған. Бала күнінен тұрмысы ауыр болып, артынан айдауда жүріп келген жазушының тауаны қайтты ма? Қайтқан жоқ. Сол ауыр тұр­мыс­та өмірін өксітсе де, өзінің әдебиетке не үшін келгенін жақсы білді, сыншылар айтты екен деп мойыған жоқ, жасыған жоқ. Өлмес шығармаларын жаза берді.
...Ежелгі Рим дәуірінде бақыр тиынды «талант» деп атаған екен. Осыған орай мынандай аңыз бар: Бір бай қожайын өзінің құлдарының екеуіне бір-бір бақыр таланттан беріп, осы талантты бір жылдан соң қайтарып бергенге сияпатым бар депті. Құлдың біреуі әлгі талантқа өз ісін ашып, бір жылдан соң қожайынға арты­ғы­мен қайтарып беріпті. Екіншісі ақшаны жо­ғал­тып аламын-ау деген үреймен алған талантын жерге көміп тастап, бір жылдан кейін қазып алып қожайынына қайтарып беріпті. Ал енді осы екі құлдың қайсысына қожайыны сияпат беруі керек?
Әдеби шығармашылық та осыған ұқсас. Құ­дай берген талантты жерге көміп тастамай, жан­кешті еңбекпен жалтыратып, жарқыратып отыру керек, яғни әдеби шеберлік өмір бойы жетілдіріліп отыруы қажет. Қазіргі эстрадада өріп жүрген «жұлдыз» әншілердің халтурасы әдебиетте де бар. Продюсер жетектеген «жұл­дыз» қаламгер ХХІ ғасырда көбейіп келеді. Еуропада да, Америкада да. Қазір олардан Ресей қалыспай тұр. Оқырманынан ажыраған біздің жетім әдебиет тақымын қысып үйде отыр...

Дайындаған Айнара АШАН.

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5292