Жексенбі, 8 Қыркүйек 2024
Жаһан жаңғырығы 1843 6 пікір 26 Маусым, 2024 сағат 15:40

Еуроодақ, құшағыңды аш, біз келеміз!

Коллаж: Mezgil.kz

Молдова Республикасы мен Украина Еуроодаққа кіру туралы келіссөздерді ресми түрде бастады. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды

Еуропалық одақ бір жағынан, Украина мен Молдова Республикасы екінші жағынан келіссөздер жүргізе бастайды. Бұл келіссөздердің алғашқы кездесуі Люксембургте өтеді. Бұл – аталған екі мемлекетке ЕО-ның толық құқылы мүшесі болуға мүмкіндік беру үшін жасалып отыр. ЕО мен үшінші ел арасындағы келіссөздер үкіметаралық конференция (IGC) аясында өтпек.

Регламент бойынша, Люксембургтегі келіссөздер келесі тәртіппен өтеді. ЕО-27 Украинамен келіссөздерді ресми түрде бірінші болып бастайды. Онан соң, келіссөздер Молдова Республикасының делегациясымен жалғасады.

Бұл келіссөздердің басталуы – ЕО-ның 26 елі арасында қол жеткізілген қиын келісімнің нәтижесі. Бұл келіссөздерге қарсы болған жалғыз – Венгрия. ЕО-ның 26 елі Венгрияны осы процеске бөгет жасамауға көндіріп бақты. Қиыннан қиыстырды. Әйтпесе, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Украинаның ЕО-ға кіруі туралы кез келген келіссөздерге қатаң қарсы позициядағы адам.

Орбан желтоқсанда ЕО-27 көшбасшыларының саммитінде келіссөздер үстелінен кетуге келісті, ал өзге 26 елдің басшы-қосшылары ЕО-ға кіру туралы Киев және Кишиневпен келіссөздерді бастау туралы шешім қабылдады.

ЕУРОИНТЕГРАЦИЯ: КЕЛІССӨЗ ПРОЦЕССІ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСПАҚ?

Үкіметаралық конференцияның ресми ашылуынан кейін келіссөз жүргізушілер алдымен екі елдің заңнамасын егжей-тегжейлі қарап, оның ЕО заңнамасымен үйлесімділігін талдайды. Брюссель жаргонында «скрининг» деп аталатын бұл кезең әдетте бір жылдан екі жылға дейін созылады.

Ал Украинаға немесе Молдова Республикасына қатысты жағдай жылдам болады. Еуродипломатия басшылары осыған дейінгі процесстердің жай-жапсарын талдап, осындай шешім шығарған. Десе де, бүгін басталып отырған келіссөздер кезеңі бірнеше апталардан, бірнеше айларға дейін жалғасуы мүмкін.

Оған қоса, 1 шілдеден бастап Украинаны ЕО-ға қабылдауға аса ынтасы жоқ Венгрия 27 мүше мемлекеттің министрлерін біріктіретін ЕО Кеңесіне алты ай бойы төрағалық етеді.

Венгрия Киевпен келіссөздердің ресми басталуын әлі де кейінге қалдырды. 7 маусымда Еурокомиссия Украина мен Молдова Республикасы кіру үшін барлық алғышарттарды орындады деп есептеді.

Еуропалық атқарушы директор Киевтен жемқорлық пен олигархтардың иелігіне қарсы күрес шараларын қабылдауды сұрады. Комиссия сондай-ақ, ұлттық азшылыққа көбірек көңіл бөлуге шақырды. Бұл туралы Будапешт Украинадағы венгр қауымының қатысуына байланысты қатулана сұрады.

Еуроодақ Украинаға 2022 жылдың маусымында көрші Молдова Республикасы сияқты соғыс басталғаннан кейін бірнеше ай өткен соң өте символдық ишаратпен кандидат ел мәртебесін берді.

Келіссөздердің басталуы - бұл ЕО-ға қосылу процессінің ұзақ әрі қиын бір кезеңі ғана. Өз кезегінде ЕО бұл кеңеюді еңсеру үшін өзін реформалауға ниетті және онсыз да күрделі шешім қабылдау процессін жақсартуға ниетті.

Abai.kz

6 пікір