Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Білгенге маржан 4377 0 пікір 26 Маусым, 2024 сағат 16:00

Өткен ғасырдағы қазақ елінің ғажайып суреті

Коллаж: Abai.kz

«Қазақ даласында»

Джон Уилфорд Уордел.

Бұл естелік жазбаның авторы ағылшын инженері Джон Уилфорд Уордел.  Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған 1914 жыл мен Азамат соғысы өршіп  тұрған 1919 жыл аралығында Қазақ өлкесіндегі Атбасар, Спасск кен өндіру  орындарында бес жыл қызмет атқарып, сол кездегі Ресей империясының  отарлық езгісіндегі Алаш жұртының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын еуропалық таныммен нақты және қызғылықты етіп, қағазға түсірген. Бұл еңбек, кейіннен 1961 жылы Лондонның әлемдік ғылыми айналымға енген.

Осы аталған мұра тұңғыш рет қазақ тіліне аударылып, оқырмандарға  ұсынылған. Естелік мұраны қазақшалаған, тарих ғылымдарының кандидаты  Қ.М.Ерімбетова. Аударма өте сәтті шыққан, тілі көркем, оқырман түсінігіне  соншалықты жеңіл. Осыған орай, аудармашыға рахмет айтқымыз келеді.

Сонымен ары қарай кеттік.

...Қазақтардың әдеп-ғұрпы өте қызық және өздеріне тән ерекшелігі бар. Қазақ халқы, мұсылман дініндегі ел болған соң, арасында жиі кездесетін құбылыс, жалпыға ортақ амандасу: «Салам уалейкум!» («Бейбітшілік сізбен  болсын!»). Оған жауап қайтару: «Уалейкум салам!» («Сізге де бейбітшілік тілеймін!») - деп сөздері басталады. Дегенмен, бұдан өзге де өзара сәлемдесу, амандасу түрлері бар. Қазақтар Рамазан айын қадір тұтады және таңның атысынан күннің батысына дейін үнемі құлшылық етеді, тамақ жемейді және ештеңе ішпейді. Алайда, күн ұясына батқаннан кейін, түнгі мезгілде олар, күндізгі барлық жіберілген мүмкіншіліктердің орнын  толтырады, тамақ жейді, ішеді және екі ішекті аспаптың (домбыра) сүйемелдеуімен ән айтады, күй шертеді.

Салт-дәстүрлерінің бірі, ежелгі жоралғы бойынша, тиісті дұға түрін оқып немесе бал ашу, сонымен қатар, отқа қақталған қойдың жауырыны арқылы келешекте кездесуі мүмкін кедергілердің алдын болжап, сәуегейлік жасайды. Қазақ бақсылары туралы да өте қызықты және тартымды баяндалады.

Мұсылман заңы бойынша қазақтың ер-азаматтарының, төрт немесе оданда  көп әйел алу дәстүрінде бар. Тіпті, қалауы бойынша күң де ұстайды. Әрине,  тұрмысы, ауқаты жоғары болса. Ру басының үлкен әйелі (ру ақсақалының  бәйбешесі) Ақ үйде тұрады, ал қалған әйелдерінің барлығының да жеке  тұратын отаулары бар. Әйелдерді қалың малға алатын болғандықтан, әрине, ол екі жаққа да тиімді. Сондықтан болар, қазақ отбасыларында өскен қыздар - сол үйдегі ұлдар секілді аяулы.

Жаңа туылған нәрестенің есімін әкесі қояды. Нәресте тәй-тәй басып, үйден алғаш рет шыққанда, үй іші қуанып, қой сояды. Босанған әйелдің қайын енесі, өзінің келініне қою сорпа әзірлеу үшін, қойдың ішек-қарнын сүтке қайнатады. Сондай-ақ, әлгінде сойылған қойдың тұтас етін жіліктеп, үлкен  қазанға салып, баяу қайнатады. Келіні болса, киіз үйде нәрестесін емізіп, сорпаны ішіп, қойдың еті біткенше ештеңе істемей, демалып жатуы керек. Нәрестенің есімін жазып, бір жапырақ тері ішіне тігеді, ол - тұмар деп  аталады. Оны нәрестенің мойнына молда тағады. Сонан кейін, тұмарды еш уақытта шешпейді.

Осылайша, қазақ халқының күнделікті және жылдар бойғы тұрмыс-тіршілігі, олардың әдебі мен салты, дәстүрі, егжей-тегжейлі, асқан нақтылықпен баяндалады. Тіпті, қазіргі күндері біз ұмытқан кейбір салтымыздың қандай  болғандығын көресің және қайран қаласың.

Жазбада, қазақ әншілері мен ақындарының қандай болатындығын, олардың  шеберлігі мен дарындылығын әдемі суреттейді.

Қазақтың әскери тактикасы, атпен жорту мен торуылдан тұрады. Қазақтар - өте тәжірибелі, айлакер партизандар. Оларды алыстан ататын мылтық, пушка болмаса, еш уақытта қасына келіп, айла асырып, қылышпен, найзамен жаулай алмайсың.

Қазақтардың мәдениеті өзге де көптеген түркі халықтарының мәдениеті сияқты жылқымен тікелей байланысты. Себебі, жылқы көшпенділердің өмір сүруі үшін, дұшпендермен күресте болсын, мал жаю, отбасыларын көшіруге де аса қажетті жануар.

Сонымен қатар, кітапта қазақтардың тойлары, ат жарыстары: көкпар, бәйге, қыз қуу, теңге алу және палуандар күресі өте айшықты жазылған. Тіпті, оларға берілетін сый-сыяпаттың түр-түрі де көрсетілген. Бұл еңбекте, жұртымыз ұнататын сүйікті құс салу өнері де бар.

Тағы бір айтарымыз, Джон Уилфорд Уорделдің естелік жазбаларында, сол  кездегі Спасск, Атбасар, Қарағанды, Қарқаралы, Сарысу, Петропавл аймақтары, олардың табиғаты, ерекшеліктері көркем суреттелген. Сондай-ақ, сол тұстағы қазақ даласындағы большевиктер мен ақ гвардияшылардың  арасындағы тайталас соғыс, қақтығыс және олардың елге әкелген зобаланы нақпа-нақ айтылып, ашық түрде, боямасыз көрсетіледі.

Жалпы айтарымыз, инженер Д.У. Уорделдің естелік жазбалары өте құнды, тарихи тұрғыда баға жетпес жұмыс деуге болады.

Бейсенғазы Ұлықбек

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1507
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3283
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5812