Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Абай мұрасы 2244 6 пікір 1 Шілде, 2024 сағат 14:49

Абай іліміндегі өмір мақсаты не?

Коллаж: Abai.kz

Бүкіл болмыста, оның ішінде, тіпті, хайуанат өмірінде де мақсат бар. Ендеше адам өмірінің де мақсаты бар. Хайуанат өмірі – бүкіл болмыстың эволюциялық жетілуінің бір бөлігі. Бірақ олар оны білмейді. Оларға оны білудің де қажеті жоқ. Себебі, хайуанат табиғатқа толық бағынады, өздерінде ерік жоқ. Инстинкт арқылы Олар эволюция заңдылығы бойынша инстинктпен өмір сүріп, табиғат үйлесімділігін бұзбайды.

Адамдар мүлде басқа. Оларға Абай көрсеткендей, ерік пен өзіндік ақыл берілген, сондықтан адамдардың өз өмірін өздері өзгертуге мүмкіндігі бар. Бірақ, сол еркіндігін дұрыс пайдалана алмай, адамдар өздерінің негізгі міндеттерін жиі ұмытып кетеді. Сондықтан, әркім өзінің өмірдегі борышын толық атқару үшін әуелі өмірдің түпкі мақсатын жақсы білуі керек.

Рухани болмыстың терең сыры ашылатын «Лай суға май бітпес қой өткенге» атты өлеңінде Абай өмірдің түпкі мақсаты не екенін былай деп түсіндіреді:

Мекен берген, халық қылған Ол ләмәкан
Түп Иесін көксемей бола ма екен?
Және Оған қайтпақсың, оны ойламай,
Өзге мақсат ақылға тола ма екен?

Түп Иеге қайту идеясы – Абайдың жүрегінде ғана емес, данышпандардың айтып, қасиетті жазбаларда расталған ақиқат. Бұл ақиқатты қандай діни ағым болса да растайды. Мысалы, қасиетті Құранда  «Түбінде барлығы Маған қайтады» (Құран 23-93) деген аят бар. Абай да көңілде өзге мақсат болмауы керек екенін нықтап көрсетеді. Осылай Абай тіршіліктің түпкі мәнін беріп отыр. Ол мән – Түп Иеге қайту. Қазақ халқының адам өлгенде оны «өлді» демей «қайтты» деуі де бұл ақиқатты білгенінен болса керек.

Ойшыл сонымен бiрге, Түп Иеге қайтудың адамға неге негiзгi мақсат екенiне дәлел келтіреді: Ол «мекен берген, халық қылған» Жаратушы, және адам өмiрiне қажеттiнiң барлығын берген Түп Ие. «Өзге мақсат ақылға тола ма екен?» деп басқа мақсатты iздеу білімсіздік екенін бiлдiредi. Сонымен бiрге, Жаратушы барлық жаратқандарына мекен берсе де, өзі мекенсіз (ләмәкән) деп, Абай Түп Иенiң басқа жандардан айырмашылығын көрсетеді.

Абай осылай өмірдің құпия сырын ашып, адам өмірінің түпкі мақсатын көрсетеді. Бұл өте үлкен мақсат. Өмірдің бұл түпкі мақсатына бірден көтерілу мүмкін емес. Оған жету үшін әуелі өмірдің төменгі мақсаттарынан өту керек. Тіршілік мақсаттарының барлығы баспалдақ тәрізді, тек қана осы түпкі мақсатқа жету үшін арналған, түрлі белестер ғана. Абай ілімі бойынша бұл төменгі мақсаттарды тән құмары, ой құмары және жан құмары деп үшке бөлуге болады. Абай тек қана жан құмарына көтерілгеннен кейін ғана өмірдің түпкі мақсатына жетуге болатынын білдіреді. Өзге төменгі мақсаттар түпкі мақсатқа жатпайды.

Өмір жолын дұрыс өту үшін оның заңдылықтарын жақсы білу керек.

Бұл жолдың сипаты мен оның себебін Абай былай деп түсіндіреді:

Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ,
Иілтіп екі басын ұстаған Хақ.
Имек жолда тыянақ, тегістік жоқ,
Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ.

Өмір жолы дегеніміз осы. Данышпанның бұл төрт шумақ өлеңін түсінген адам өмірдің түпкі сырын да түсіне біледі. Бұл жолдарда өмірдің не екені, оны Кімнің және қалай жасайтыны, ол жолдың қасиеті мен мақсаты қысқаша осылай тезисті түрде берілген. Терең философиялық қабаттарды қамтитын бұл ғибратты жолдарды түсіну үшін  олардың әрбір сөзіне терең бойлап, жүрекпен сезініп, түсіне білейік.

Өмір жолы – Абайдың өзі айтқандай, соқтықпалы, соқпақсыз күрделі жол. Бұлай Хақтың Өзі жаратқан. Өмір жолы иген жақ (садақ) тәрізді тыянақсыз, тегістік жоқ. Және жақтың екі жағын ұстап, иілтіп тұрған Хақтың Өзі. Яғни адам өмірін Хақтың Өзі басқарады. Өмір жолын қалай иілту – Хақтың құзырында. Іс-әрекеттің жақсы, не жаман болуына байланысты өмір жолы әртүрлі иіліп, тиянақсыз болады. Қарымта заңдылығы осыған арналған. Әлемнің әділет заңдылығы бойынша әркім өзінің қадір-қасиетіне байланысты  артық та емес, кем де емес өзіне тиесілі үлесін алады. Қоғам да сол. Әлемдік әділет заңдылығы бүкіл әлем өмірін басқарады. Не ексең – соны орасың. Қарымта дегеніміз осы. Осылай Жаратқан Ие әркімге өзінің тиесілі несібесін береді. Жақсылығың үшін – жақсылық, жамандығың үшін – қайғы-қасірет. Бұл табиғи заңдылық. Осылай тар соқпақта, қуаныш-қайғы арқылы адам өзінің қателіктерінен сабақ алып, шыңдалып, жетіліп, дұрыс өмір сүруге үйренеді. Бұл да Жаратқанның бір шапағаты. Кейбіреулер осыны түсінбей, тіршіліктің қиындықтарына шыдамай Құдайға наразылық білдіреді. Тағдырдың берген сынағын дұрыс қабылдай алмай, өмірін бейберекет, бос әурешілікпен өткізеді, соңында өкініште қалады.

Сонымен, өмір жолы дегеніміз – иілген жақтың (садақтың) ортасы, тиянақ, тегістік жоқ. Өмірдің екі жағы – жақсылық-жамандық, шындық-өтірік, қуаныш-қайғы, табиғатта ақ-қара, жарық-қараңғы, ыстық-суық, үлкен-кіші тәрізді екіжақтылық, қарама-қарсылық бар. Тіршіліктің жамандығын білмей, оның жақсылығын білу, өтірікті білмей шындықты білу, қайғыны білмей қуанышты білу мүмкін емес екені белгілі. Адам өмірді кейде қуанышта емес, қайғыда тереңірек түсінеді. Ал күннің шығуы мен батуы, қыс пен жаздың алмасуы болмаса, табиғат өмір сүре алмас еді. Адам баласы өмір жолында осы екі жақтың ортасында маятник тәрізді тербеліп, жанталасуда. Бұл адамды рухани жетілдіру үшін Хақтың жасаған жалпыға ортақ заңдылығы. Сондықтан жақсы-жаман, қуаныш-қайғыны Алланың шапағаты ретінде бірдей ризашылықпен қабылдап, сабақ алып, өмірде қолдана білу керек. Өмір көріністерін қабылдамай, қарсылық жасау – Алланың берген шапағатын қабылдамай, Өзіне қарсылық жасаумен бірдей. Осылай адам үлкен күнә жасап, өзіне берілген бақытты ұстай алмай, әуре болады. Құлдырау жолына түседі. Себебі, мұндай тар соқпақпен жүрудің өзі қауіпті. Ұлы Абай «Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ» деп Түп Иеге қайту жолын дұрыс түсініп, дұрыс жүруге үйретеді. Ол үшін өмір заңдылықтарын толық түсініп, дұрыс қолдай білу керек. Сонда ғана өмір ағымын дұрыс пайдаланып, келесі жағаға жетуге болады. Қателік жіберме, сақ бол! Хақтың әділетті жолымен өмірдің түпкі мақсатына ұмтылсаң, осы өмірде де бақытты боласың. «Адамның бақыты өз қолында» деген сөз босқа айтылмаған.

Хакім Абай осылай болмыстың екі жақтық заңдылығын көрсетеді. Бұл заттық әлемнің бұлжымас заңдылығы. Дүние қызығымен жүрген пенде өзінің білместігінен бұл заңдылықты дұрыс пайдалана алмай, оның пайдасын көрудің орнына, өзі оның ықпалына түсіп, туу-өлу, жақсы-жаман, қуаныш-қайғы тәрізді екіұдайылық ықпалына  түсіп, жанталасып, дұрыс бағытынан айырылып, зардап шегеді.

Өмірдің екі жақтық қарама-қарсы заңдылығын өзгертуге болмайды. Тек қана оны дұрыс түсініп, дұрыс пайдалануға ғана болады. Дұрыс түсіну дегеніміз – өмірдің осы екі жақтың ортасында жатқанын сезіну. Адам осылай өмірдің қуаныш-қайғысын бірдей қабылдайды, сезімдерге беріліп, азап шекпейді. Сезімдердің өткінші және уақытша екенін жақсы түсінгенде адам табиғаттың ықпалынан шығады. Ондай адамға өмір толқыны әсер етпейді. Жан тыныштығы келеді.

Рухани жетілу үшін әрбір адамның табиғи қуаты ашылып, оның рухани жаңғыруына тиісті жағдай жасалуы керек.

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2037