Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4332 0 пікір 1 Қаңтар, 2014 сағат 18:28

«Қазайтыс» кімнен қорқып отыр?

Abai.kz порталы – азат ойдың мінбері. Біз ешкімді бөле жарған емеспіз. Қандай мәселе болмасын әртүрлі тараптардың пікірлерін, материалдарын оқырманға жеткізіп келеміз. Әрі осы жолдан таймаймыз. О бастағы ұстаным – ұстаным, мақсат – мақсат (http://old.abai.kz/category/zh-rdemshi/doktrina ).

Abai.kz порталы – азат ойдың мінбері. Біз ешкімді бөле жарған емеспіз. Қандай мәселе болмасын әртүрлі тараптардың пікірлерін, материалдарын оқырманға жеткізіп келеміз. Әрі осы жолдан таймаймыз. О бастағы ұстаным – ұстаным, мақсат – мақсат (http://old.abai.kz/category/zh-rdemshi/doktrina ).

30-ншы желтоқсан күні Алтай Бұқарбаев дейтін азаматтың «Мұртынан айырылып, сақалы ғана қалған айтыстан неге мән кетті?» (http://old.abai.kz/content/myrtynan-aiyrylyp-sakaly-gana-kalgan-aitystan-nege-men-ketti) мақаласын жариялағанбыз. Техникалық себептерге байланысты мақала соңындағы автордың аты-жөні түсіп қалыпты. Алайда, «Қазайтыс» сайты ешқандай дәлел-дәйектері болмаса да, мақаланы Abai.kz порталының бас редакторы Дәурен Қуат жазды деп топшылап, «Дедің-ай-ау, Дәурен Қуат! (Айтыспен айтысқанға)» (http://www.kazaitys.kz/kz/article/view?id=844 ) деген тақырыппен мақала жариялапты. Ол мақаланы да жарияладық. Дәурен Қуат қандай тақырыпта мақала жазса да өз атынан жазатынын барша оқырман жақсы біледі. "Қазайтыс" сайтының техникалық қателіктерге байланысты автордың аты-жөні түсіп қалған мақаланы Дәурен Қуат жазды деп бал ашып, ол өтіріктеріне өздері сеніп қана қоймай, Алтай Бұқарбаевтың мақаласында айтылған айтыс туралы ойларын өрескел бұрмалап, саясиландырып, арандатып, ол аз болғандай Бұқарбаевтың мақаласына мүлдем қатысы жоқ Дәурен Қуаттың жеке басына тиісіп, келемеждегенін түсіне алмадық.

Міне, төменде Алтай Бұқарбаевтың мақаласымен бірге редакция поштасына жіберген сауалнамасы мен «Қазайтыс» сайтында жарық көрген мақалаға қатысты ойын қоса беріп отырмыз.

Abai.kz

 

«Қазайтыс» кімнен қорқып отыр?

Abai.kz порталында жарияланған  «Мұртынан айырылып, сақалы ғана қалған айтыстан неге мән кетті?» (http://old.abai.kz/content/myrtynan-aiyrylyp-sakaly-gana-kalgan-aitystan-nege-men-ketti ) мақалада қазіргі айтыстағы көңіл толмайтын мәселелер турасында өз ойымызбен бөліскен болатынбыз. Оған «Азаттық» радиосында шыққан «2013: Айтыстағы атаулы үш оқиға» (http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_aytis/25216789.html  ) атты мақаланың жариялануы да отқа май құя түскендей болды. Оның үстіне Abai.kz оқырмандары қазіргі айтысқа қарата айтқан пікірлері «Қазайтысқа» қатты тисе керек.  Жоғарыдағы атап өткен мақалаға қарсы «Дедің-ай-ау, Дәурен Қуат! (Айтыспен айтысқанға)» (http://www.kazaitys.kz/kz/article/view?id=844 )деген тақырыппен материал жарық көрді. Бізде  қатардағы оқырман ретінде мақалаға пікір жазып едік, 2-3 минуттан соң біздің пікірлеріміз «тазаланып» өшірілді (Жоғарыдағы суреттерді салыстыра қараңыз қараңыз). Сынап көру үшін қатар отырған 3-4 адам қайталай пікір жазып едік, тағы солай болды. (Редакциядан: біздің сайттың қызметкерлері де пікір қалдырып еді, біраз уақыттан кейін ол пікірлер жойылды. Суреттегі жойылған пікірлерге қарасаңыз, ешкімнің ар-намысына тимеген, тек мақала жайлы өз ойын жеткізген оқырмандар пікірі ғана)Қысқасы, өздеріне жақпайтын пікірлерді қиып тастайды да, өздеріне ұнайтын пікірлерді ғана қалдырады. Міне, бұл атышулы «Қазайтыс»  сайытының «әділдігі».  Хакім Абай айтпақшы, «қолдарында байлық та, билік те бар»,  өздеріне ұнамсыз пікірлерді қиып тастай салатын мүмкіндіктері бар «Қазайтысқа» қарсы дау айтудың ендігі жерде қажеті шамалы екені бәрімізге мәлім болды.

Жалған аңыс жасап, өздерінің әлсіздігін жасыру арқылы халықтың өздеріне көзқарасын жақсарту дәмесі болса керек. Әйтпесе, «Қазайтыста» неміз бар. Мүмкін қаптап келген коменттерден қорыққан болса керек. Осыдан-ақ, олардың  «кімнің принцпін» ұстаныа отырғанын түсінуге болады.

 «Мұртынан айырылып, сақалы ғана қалған айтыстан неге мән кетті?» атты мақаламен қоса, қазіргі айтыс жайында ойын  білуге бірқатар азаматтарға сұрау салып, пікірін жинастырған едік. Сайт редакциясы мақала мен пікірлерді бөлек-бөлек берейік деп өтініш айтқан соң, келіскенбіз. Арада «Қазайтыстың» шулы мақаласы жарық көріп үлгерді. Сол себепті мақала авторы әрі пікірлерді жинастырып  Abai.kz-ке ұсынушы ретінде осы жолдарды жазып отырмын.

Құрметпен, Алтай Бұқарбаев

 

Қазақ  айтысының қалы қалай?

Көптен көңілде жүрген бұл сауалдың бәрімізді ойландырары хақ.  Осы оймен айтыс туралы, айтыстың қазіргі деңгейі,  артықшылығы мен кемшілігі жөнінде бірқатар азаматтардан пікір сұраған едік.

 

Сағат Жүсіп,Тәуелсіз  журналист, қаламгер:

- Менің ше, мәселе ақынның саясаткерлігінде емес, халықшылдығында, халықтың сөзін сөйлеуінде, халықтың жырын жырлаймын деген іс-қимылында. Қазақта ақын, жыршы, әнші көп болған. Солардың қайсылары халықтың есінде қалды? Халықтың жағында болғандары - Ақан сері, Біржан, Жамбыл, тағы басқалары. Бұл - аксиома, дәлелдеуге жатпайтын ақиқат. Сондықтан да қазіргі айтыскерлердің ішінен есте қалатындары - халық, ел азаматтарын, Желтоқсан мен Жаңаөзенді жырға қосып, Алтынбек пен Заманбекті, қазақтың тілі мен рухын асқақтата жырлағандар халықтың есінде әрқашан қалатын болады. Ал күлше мен сылдырмақ медаль, орден , көлік үшін ән, жыр, өлең айтатындар халықтың есінде қалмайды деп ойлаймын.. Иә, ағысқа қарсы жүзу, яғни биліктің жетегіне көнбеу - ақындардың барлығының қолынан келмейді. Тек АЗАМАТТЫҢ қолынан келеді.

 

Мұхитдин ИСАҰЛЫ, Теология ғылымының докторы, «Нұр-Мүбәрак» университетінің оқытушысы:

- Жас кезімде өзім де айтыскер болғанмын. Манап атамның баласына шәкірт те болдым. Бірақ қазір айтысқа көп қарамаймын. Айдағанға көнетін, өзіне емес біреулердің көзіне қарап айтысатын ол қандай айтыс? Ақиқат айтылмаған айтыста айтыстың атасы өледі. Менің ше, айтыс баяғыда қайтыс болған. Бұлар тек оқта текте сол айтыс атасының моласының басына жақсылық үшін емес, бақсылардай бақсылық үшін жиналған болмаса. Айтыстан жұрнақ іздесең, Қытай қазақтарынан тауып қаларсың. Негізі оларға қытай айтысты жандандырыңдар деп бермеген, өз еліндегі қазақ деген халықтың жаназасын шығарыңдар деп берген. Ал мынау соңғы Жүкеңнен жұлып алып оған сыпайылық көрсеткен айтысың да артында ешқандай ұлттық, дәстүрлік, қазақылық бояуы жоқ айтыс. Бұл әлгі орыс жіберген татар молдалардың іс-әрекетіне ұқсайды. Бұлардың артынан арабтың иісі мүңкиді. Соны көре алмаған, сезе алмаған олар қандай ақындар? Бұрынғының ақындары гүл-бақшада бұлбұл болған ақындар еді, бүгінгінің ақындары тырнақшада торғай болған ақындар. Бұрынғының ақындары көргеннің көз жауын алатын жорға еді, бүгінгінің ақындары көрінгеннің "дауын" салатын дорба болды.

 

Бұлұтай Мұртаза Жүнісұлы, белгілі дінтанушы, мәдениеттанушы,  философия ғылымының кандидаты:

- Қазақстанга алғаш келген жылдары 1990-1994 дейін  бірін қалдырмай айтысқа барушы едім, кейін осы айтыста екі түрлі мәселе калыптасып кеткен соң  баруды қойдым:

Біріншіден, айтысқа монополия орнап, белгілі  бір адамдардың бақылауына түсіп кетті, оған қатысу мен айтыс кезіндегі ұстанымдар бақылауға алынды. Менің ше, бұл айтыстың табиғатына жат нәрсе.

Екіншіден, айтыстың сапасы, яғни мазмұны көңілімнен шықпайтын боп кетті. Тар шеңберден шыға алмайтын ақындар, коғамға ойтүрткі сала алмайтын сөздер, аға мен қарындас немесе жеңге мен қайнысы боп айтыса қалатын жұптардан ест- ести шаршаған сөздер, құр уакыт өлтіруге қазіргі заманда құқымыз жоқ. Әр салада болып  жатқандай айтысты да кемелдендіріп, дәстүрлі болмысымен заманауи талапқа сәйкестендірмесе, бұл өнер бара-бара құриды...

 

Есенгүл Кәпқызы, журналист:

- «Ел арнада» теларнасындағы  «Жырың болып, төгілемін» атты айтыс беріліп жатыр. Жалпы, айтысқа партия мен идеологияның араласқанын қаламаймын. Десе де, мүлдем көрсетпей тастағанша, осылай бір халықты желпінтіп, "Нұр Отанды" мақтаса да, сарай ақындары болса да, әйтеуір іштегі шеріңді тарқатады екен. Мүлдем тыйым салып тастағаннан гөрі, партияны жырлап бір рухты өнерді өзгеше қырынан танытады екен.

 

Ырысбек Дәбей, ақын:

- Шынын айтсам, қазір айтыс көріп жүргем жоқ. Иа, кеше Аблязовты біреуі жерден алып жерге салып жатқан, бір қарағанымда. Соншалық надан болуға бола ма, сол саясатты білсе ғой, дым да білмейді. Неге соларЖанаөзендехалыккаокатканжендеттуралы сөз козғамайды? Халыкты қынадай қырган деп. «Кімнің тарысы піссе соның тауығы!»

 

Әбдіхалел Нығмет, айтыс жанкүйері:

- Ырысбек Дәбей айтқандай, түңілген жоқпын. Десе де минус жақтарын қалай жасырарсың!? Иә, кешегі айтысты көре алмадым.Бұл- айтыс авторынокқа айналған 90- жылдардан басталды-ау, деймін!Тіліп түсетін алмас қылыштар жоқ емес, бар. Әттең, әттең! Ақындық- пендешілікке айырбас болып бара жатыр ма, деп те қаласың кейде. Кезінде. Бұқар бабаның сөзіне Абылай не үшін құлақ түрді? Бәлкім, ол уақытта заман да, адам да басқа болған шығар. Бірақ, сөз құдіреті біреу ғана емес пе?

 

Қуандық Шамақайұлы, халықаралық журналист, ф.ғ.к.доцент:

- Төл өнер қандай жағдайда да халықтың көңілінен жол таба алады ғой. Айтыс сонысымен де әр қазақтың жүрегіне жақын. "Нұр отан" ұйымдастырса да халықтың көкейінде күрделі мәселелерді айтып жеткізіп жатыр ғой. Демократиялық үрдіске біршама бейімделген, сөз бостандығының негізгі алаңы да айналып келгенде осы айтыс болып отыр. Айтыс ақындары өз ішкі цензурасы бар, мәдени нормаларды барынша сақтайтын яғни, ситуацияға қатты бейімделіп алғандары аңғарылып тұр. Ақын да адам баласы ғой. Әркімнің қоғамдық позициясы, жеке көзқарасы бар, Сондықтан, ананы былай айттың, мынаны бүй демедің деп сөгудің өзі қиын. Бірақ, жалпылама алғанда халықтың көңілінен шығып жатқаны рас қой.Жалпы, сөз өнерінің жауапкершілігі де, салмағы ауыр. Осы себептен, оған мін тағудан бұрын түсіністікпен қарауға тырысамын, өз басым. Әрине, тым жағымпаздыққа бой ұрып, біреудің сойылын соғып кетулеріне еш қашан жол беруге болмайды. Халықтың айтыстан іздейтіні шындық қана!

22.12.2013

Дайындаған - Алтай Бұқарбаев

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5555