Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Билік 2353 13 пікір 3 Шілде, 2024 сағат 13:40

Қазақстан мен Қытай басшыларының достығы – мемлекетаралық қатынастардың үздіксіз дамуының локомотиві әрі кепілі

Коллаж: Abai.kz / суреттер: Ақорда

Қытай төрағасы Си Цзиньпин Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекет басшылары кеңесінің отырысы қарсаңында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.

Достас елдердің басшылары алдағы кездесуден не күтетінін айтты.

Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды

Төраға Си Цзиньпин не деді?

Сапар қарсаңында Си Цзиньпин Қазақстанның жетекші бұқаралық ақпарат құралдарында «Қытай мен Қазақстан: жаңа көкжиекке ортақ ұмтылыс» атты мақаласын жариялады.

«Қытай Халық Республикасының Төрағасы ретінде мен сіздердің керемет еліңдерізге бесінші рет келіп отырмын. Қазақстанның жарқын мәдениеті, ғажайып табиғаты, мейірімді және қонақжай халқы әрдайым маған ерекше әсер қалдырады. Мен көп үміт күтетін алдағы сапар маған Жаңа Қазақстанның келбеті мен жетістіктеріне таңдануға ғана емес, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты ынтымақтастықтың өзекті тақырыптарын талқылауға, Қытай-Қазақстан қатынастарының және  ШЫҰ-ның одан әрі дамуындағы басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді», – деп жазды Си Цзиньпин мырза. Сондай-ақ ҚХР-мен ынтымақтастық Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатындағы маңызды басымдық әрі стратегиялық серіктестік саналатынын айтты.

«Қазақстан мен Қытай басшыларының жеке достық байланыстары – мемлекетаралық қатынастардың үздіксіз дамуының локомотиві», – деп атап өтті Си Цзиньпин.

Қытай мен Қазақстан басшыларының бүгінгі мемлекеттік сапары мен келіссөздері Қытай мен Қазақстан арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті жаңа биіктерге шығару үшін екіжақты байланыстарды одан әрі дамытудың жаңа жоспарларын айқындайды.

Қытай Халық Республикасы басшысының айтуынша, ең бірінші саяси саладағы дәстүрлі өзара қолдауды күшейту. Елдер шынайылық пен сенімге негізделген қарым-қатынас құруды жалғастырады, саяси өзара сенім мен стратегиялық үйлестіруді тереңдете береді, негізгі мүдделер мен негізгі мәселелерге өзара қолдауды күшейтеді.

Екіншіден, өзара тиімді ынтымақтастықты барынша пайдалану. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Әділетті Қазақстанның экономикалық бағытын ілгерілету арқылы «Бір белдеу және бір жол» бастамасын бірлесіп жүзеге асыру бойынша жұмысты жандандырып, Қытайдың алпауыт нарығында қазақстандық тауарлардың қолжетімділігін арттырады. Қытайдың даму мүмкіндіктерін бірлесіп пайдалану.

Үшіншіден, көп ғасырлық достықтың әлеуметтік негізін нығайту. Мәдени-гуманитарлық алмасуларды тереңдету және кеңейту үшін білім, туризм, археология, өнер және БАҚ салаларындағы ынтымақтастықты тұрақты түрде жандандыру маңызды.

Төртіншіден, жүзжылдықта байқалмағае өзгерістерге бейімделу. «Бұрын-соңды болмаған өзгерістер, дәуірлік және тарихи өзгерістер жағдайында Қытай тарапы дағдарыс кезінде жаңа мүмкіндіктер жасау және өзгерістер кезінде жаңа перспективалар ашу үшін Қазақстан тарапымен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. БҰҰ-орталықтандырылған халықаралық жүйе мен әлемдік тәртіптің күзетінде батыл тұруға, шынайы көпжақтылықты іске асыруға, гегемонизмге, күш саясатына және блоктық қарама-қайшылыққа қарсы тұруға дайын, әлемнің тең және реттелген көпполярлығын, жалпыға қолжетімді және инклюзивті экономикалық жаһандануды ілгерілетуге әзір», – деді Синь Цзиньпин мырза.

«Біз қазақстандық әріптестерімізбен иық тірестіре отырып, ұлттың бірлесе өркендеуі мен жаңғыруына, қытай-қазақ достығының жаңа көкжиегіне жол ашуға дайынбыз», – деді Қытай басшысы.

Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды

Президент Тоқаев не деді?

«Қазақстан Қытай Халық Республикасымен тығыз әріптестікті жоғары бағалайды. Елдің қарым-қатынасы берік достық, ортақ тарих пен тату көршілік байланыстарына негізделген», – деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Синьхуа агенттігіне берген сұхбатында.

«2022 жылдың қыркүйегінде менің досым Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында біз екіжақты ынтымақтастықтың жаңа «алтын 30 жылдығын» бастадық», – деді Қазақстан басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Төраға Си Цзиньпинмен сұхбатында «ерекше маңызды ойларды барынша дәл жеткізу немесе күнделікті өмірдің қызықты тақырыптарын талқылау үшін» қытай тіліне ауысатынын мойындады.

«Қытай өз көшбасшысының дана басшылығымен Қытай халқын қайта түлету және Аспан империясын әлемдегі ең үлкен державаға айналдыру бойынша ұзақ мерзімді мақсаттарға жету жолында дәйекті түрде алға жылжуда. Мен сіздің ел өз дамуында бұдан да биік белестерді бағындырып, «Қытай арманын» толықтай жүзеге асыратынына сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ел басшысы Қазақстанның Қытаймен көп қырлы қарым-қатынастарын одан әрі тереңдету үшін ауқымды жоспарлар қойып отырғанын атап өтті.

«Ол үшін барлық қажетті алғышарттар мен жағдайлар жасалуда. Біздің өзара іс-қимылымыздың қазіргі жоғары өсу динамикасын ескере отырып, өзара тауар айналымын 100 миллиард долларға дейін ұлғайту міндетін орындау әбден мүмкін екеніне сенімдімін», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы бірлескен жұмыстың бес «аса маңызды» бағытын атап өтті.

Біріншісі – инвестициялық саладағы ынтымақтастықты тереңдету. Ауыл шаруашылығы, жаңа энергетика, машина жасау  өнеркәсібі сияқты салаларға ерекше назар аудару керек. Сонымен қатар  индустрияландыру мен қосылған құны жоғары өнім өндірісіне де  жұмылу қажет.

Екіншісі – екі ел  арасындағы тауар айналымының өсуі, оның ішінде сауда құрылымын әртараптандыру мен тауарлар атауларын арттыру. Заманауи құралдарды, оның ішінде электронды коммерция мен электронды сауда алаңдарын пайдалану керек.

Үшіншіден, 2024 жыл –  «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасын одан әрі ілгерілету үшін маңызды жыл. Қазақстан үшін осынау мега-бастаманың негізгі әрі бұлжымас қатысушысы, сондай-ақ сенімді еуразиялық көлік хабы және «Бір белдеу, бір жолдың» орталық логистикалық торабы ретінде Қазақстанның рөлін күшейту аса маңызды. Бұл ретте біздің назарымыз Ляньюньган портының, Сиан қаласындағы құрғақ порттың және «Қорғас – Шығыс Қақпа» АЭА-ның мүмкіншілігін белсенді пайдалануға баса назар аударылады.

Төртіншіден, екі ел арасындағы көлік ынтымақтастығын кеңейту. Бүгінде Достық-Мойынты теміржол учаскесінде екінші жолдардың құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар, ортақ шекарамызда 3-ші теміржол өткізу пунктын салуды бастау жоспарланған.

Бесіншіден, мәдени-гуманитарлық саладағы көпқырлы өзара байланысты жандандыру. «Біз орнатқан Визасыз режим орнату, өзара мәдени орталықтарын, «Лу Бань шеберханасын», ЖОО филиалдарын ашу, сонымен қатар әуе рейстерін ұлғайту бойынша тұрақты жұмыс халықтарымыз арасындағы өзара түсіністік пен достықты одан ары нығайту жолындағы маңызды қадам болмақ», – деді Тоқаев.

«Елдеріміз Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың жаңа «алтын 30 жылдығы» аясында бізді жарқын болашақ жолында біріктіретін үлкен жетістіктер мен жеңістер күтіп тұр деп сеніммен айтуға болады», – деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды

Қазақстан – Қытай: сандар мен фактілер

Екі ел арасындағы 30 жылдық дипломатиялық қарым-қатынастың нәтижесінде өзара тиімді саяси байланыс орнады.

ҚХР – Қазақстан Республикасының әлемдегі ең ірі сыртқы сауда серіктесі.

2023 жылдың соңында екіжақты тауар айналымы 30%-ға өсіп, рекордтық көрсеткішке (31,5 млрд доллар) жетті (Қытай бойынша – 41 млрд доллар).

2023 жылы өзара сауда көлемі 31,5 млрд долларды (+30,1% – 24,2 млрд доллар) құрады, оның ішінде экспорт – 14,7 млрд доллар (+12,6%), импорт – 16,8 млрд доллар (+50,5%).

2024 жылғы қаңтар-наурызда Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тауар айналымы $6,3 млрд (+6,8%) құрады, оның ішінде Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасына экспорты – $3,2 млрд (+23,1%) болды. ), Қазақстан Республикасының импорты – $3,1 млрд-қа (-6,5%)  жетті.

Қытай –  Қазақстан экономикасына инветиция салған ірі бес инвестордың бірі. Соңғы 19 жылда Қытайдан келген тікелей инвестицияның жалпы ағыны шамамен 25 миллиард долларға жетті, 2023 жылы тартылған инвестиция көлемі 2022 жылмен салыстырғанда (1,4 миллиард доллар) 1,7 миллиард долларды (+15,3%) құрады.

2023 жылы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы теміржол жүк тасымалының көлемі 28,3 млн тоннаға  (+22%) жеткен. Қытай Халық Республикасынан Қазақстан Республикасына – 10,8 млн тоннаны (+8%) құрады. Қазақстан Республикасынан Қытай Халық Республикасына – 17,5 млн тонна (+34%) жүк тасымалданған. Қазақстан Республикасы арқылы теміржол транзиттік контейнерлік тасымалдау көлемі 8 млн тоннаны құрады.

2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы жүк тасымалдау көлемі 4 719,8 мың тоннаға  (+17%) жеткен.  Қытай Халық Республикасынан Қазақстан Республикасына – 1 816,2 мың тонна (+17%) құрады. 9%), Қазақстан Республикасынан Қытай Халық Республикасына – 2903,6 мың тонна (+22%) жүк тасымалданған. ҚР-ҚХР өткелдері арқылы транзиттік контейнерлік тасымалдау көлемі 192,2 мың ЖФФ (+10%) құрады.

Елдер арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 2023 жылы $1,29 млрд (+40%) құрады, оның ішінде экспорт – $1 млрд (+45%), импорт – $290 млн (+20%) жеткен.

Қазіргі таңда 1718 қазақстандық ауыл шаруашылық кәсіпорны Қытайға өз өнімдерін экспорттау құқығына ие (86 – мал шаруашылығы өнімдерін өндіру, 1629 – өсімдік шаруашылығы).

Өзара визасыз режим және биылғы Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы туристердің өсуіне, іскерлік және тұлғааралық байланысты нығайтуға айтарлықтай әсер етеді.

Қазақстан Қытайдың жаһандық даму, жаһандық қауіпсіздік және жаһандық өркениет үшін ұсынған бастамаларын жоғары бағалайды және қолдайды, олардың жүзеге асырылуы әлемде тұрақтылық, қауіпсіздік пен сенім орнатуға ықпал етеді, сондай-ақ тұрақты дамуға қол жеткізеді.

Қазақстан Қытаймен көпжақты құрылым бойынша ШЫҰ, АӨСШК, Орталық Азия- Қытай шеңберінде тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті.

Мемлекеттік сапар барысында Астанадағы Бейжің тіл және мәдениет университеті филиалының ашылу салтанаты, сондай-ақ екі ел мәдени орталықтарының ашылу салтанаты өтті. Қазақстандық тарап Қазақстанда Қытайдың басқа да озық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуға дайын екенін атап өтті.

Abai.kz

13 пікір