Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 2866 6 пікір 3 Шілде, 2024 сағат 15:54

«Нар қазақ пен құл қазақтың күресі»

Коллаж: Abai.kz

«Нар қазақ пен құл қазақтың күресі»

С.Елубай

01.02.2008. Жұма.

Күн шайдай ашық. Желтоқсанның соңына ала басталған доңыз жылының доңыз мінезді қысы бір айдай бүкіл елді бүрсеңдетіп-ақ жіберіп еді. Ал, мына жаймашуақ  күн жұртты таң қалдырып тұр. Қазақтың «сауатсыз» қарияларының есебі бойынша қыстың қырық күндік шілдесі шығар соңғы аптаға жетіп қалыппыз. 5 жуда беліңді шеш деп те ақпанның 5-жұлдызына есеп жасаған қазағың.

1969 жылдың жойқын жұт қысын еске алдым. Дәл осы ай, осы күндерде мен жалаң сым шалбармен жасырын жағдайда, суық – иен үйде тәуліктеп тығылып жатып едім. Наурыздың апталап жауған  боранында екі қабат жалаң шалбармен  екі апта тау асып, тас бастық. Қар жамылып, тоң төсендік. Сол сұрапыл суықтан зардап шектірмей, ауруға шалдықтырмай мені аман алып қалған қандай құдірет, қандай күш болды екен? Әрине, «ой хой 25 болар-ау!»

Ал, алпыстан асып ауыр операциядан шыққан мына күндерде жылы үй пана болмай, аяқ-қолды жылыта алмай қалтырап отырғанымыз мынау.

Бүгін «Жас Алаш» газетінің №9, 31.01 санында жарияланған Сұмағұл Елубай досымның «Нар қазақ пен құл қазақтың күресі» атты мақаласын оқып, үлкен әсерге бөлендім. Кеше ғана арамыздан кеткен маған жазушылығы бейтаныс Баққожа Мұқайдың шығармашылығына талдау негізінде жазылған мақала арқылы жазушы Сұмағұлдың азаматтық, елдік тұрғысы мен сыншылдық қарымын тағы бір рет танысам, ең бастысы Баққожаның марқұм болып кеткенде – кеш танығаныма өкінсем де шүкіршілік еттім.

Е.Сұмағұл Баққожа шығармаларындағы ең өзекті мәселені терең танып талдау арқылы, қазақ қоғамындағы күні бүгінге дейін (тіпті алда талай жылдарға созылар) шешімін таппай келе жатқан «ұлттық сатқындықты» бетке ұрып, ар сөзін, ұлт сөзін айтар қайраткерге зәру ділгірлікті тамаша көрнекілендіріпті.

«Өмірзая» романында мынадай диалог бар екен: «Бір замандарда намысын ту етіп көтерген ел үшін бүгінде күн көріс негізгі мәселеге айналыпты. Қарны тойған қалың тобыр ел елдің  болар аманатын да, қабырға қайыстырған қайғысын да ұмытыпты. Жыртығын жамаудың орына жырқ-жырқ күліп жүре беретін жыртақайға айналыпты. Жыртақайда намыс болып па?»

«...Біз бәріне қызмет еттік, балам. Тек туған халқымызға қызмет еткен жоқпыз. Жетпіс жеті жыл ғұмыр кештім. Біздің ғұмыр құлдықпен  өтті. Өмірзая, Өмірзая жалғыз немерем бар. Қазақпын деуге намыстанады. Ол – менің болашығым. Бөтен. Мен де оған бөтенмін... Жатпын. Өз шаңырағыма, өз балама симай далада қалған көптің бірімін.»

Осындай жанайқайына құлақ түрген азамат Сұмағұл былайша ашына ой толғайды:

«Сатқындық, социалистік қазақ қауымының ең өзекті тақырыбы еді. Алай да оны қаузауға жан баласының дәті жетпеді. Қазақ тілін сатты. Дінін сатты. Тарихын сатты. Ұрпағын сатты. Орыстанды. Айналып келгенде, ата-бабалар аманатын сатты. Сатқындық жалпы қазақтық құбылысқа айналды.

Мысалы: тілін сату, ұрпағын орыстандыру ұят емес, мақтанышқа айналды. Ал, қалада қазақ тілінде сөйлеуге қазақ ұялатын болды. Ұлтымызды аздырған сол коммунист көкелерге бүгін біздің өкпеміз қара қазандай. Қара тас десеңіз де болады. ...Сатқындар төлі бүгінде өсіп-өніп миллиондап мәңгүрттер армиясына айналып, қазақ тілінің (қазақ елін деп түсініңіз) аяғына тұсау болып отыр. Енді қазақ ажалы жетсе, жетеді қазақтар атқан оқтан. Мінеки, сатқындық салдары!» Ары қарай Баққожаны  тыңдайық: «Балам, басыңдағы бағың мен астыңдағы тағыңды күш көруші болма! Адамға адал серік – ары ғана. Арыңның өлгені – барыңның өлгені. ...Біреудің  қаруы -  байлық.  Біреудің қаруы – билік. Бірақ ел болмаса, осының екеуі де тұл.»

Бұл нар қазақ дегендердің өсиеті әрі қатал өкімі деп ұқтық.

Марқұм Нұрлан Мәукеннің мынадай ғаламат өлеңі бар еді:

Өлінің қамын тірі жер,

Тірілер бірін-бірі жер.

Бір күні біз де барармыз,

Сен аман болғай, сірі жер!

***

Иә, бұл өмір, бұл адам баласы осылай жаратылған. Осы бір тозақы өмірде тіршілік етіп, өлместей-ақ алысып-жұлысып хайуани зұлымдықты кәсіп етіп келеміз-ау!

Мен осылайша рухани азап талқысында ғұмыр кешіп келе жатқандардың бірімін. Ол да мақтан болып па тәйірі! Ол дегеніміз бас-аяғы жоқ, шеті-шегі де жоқ азап теңізінде малтығып, ажал сәтін күткен теңізшінің аянышты тағдырын мойындағандық емес пе? Қайтесің менің саналы 50 жылдық өмірім осылай өтіп бара жатқаны анық. Құдай ақырын оңдасын!

***

Мен мынау Есенғали ініме айдалада жүріп тілеуін тілеуші, бәрекелдешісі болғаныма 30 жылдай уақыт болыпты. Әрине, өлеңдерін оқи бастағалы.

«Қазақ әдебиеті» газетінің 11.01.2008. № 1 санына шыққан «Арпа ішінде бір бидай» атты мақаласын сүйсіне оқып шықтым. Сабазың бұл жолы да биіктен бой көрсетіпті. Ол былай деп көсіліпті:

«Сөйтіп ол өзінің мектебі бар ақынға айналды. Ал, бұл кез келген таланттың маңдайына жазыла бермейтін бақыт. Одан тәлім алған жастар былайғы ел жек көретін шовинизм идеологтары да емес, «бойы былғаң, сөзі жылмаң» (Абай) жалпақшешей поэзияның өкілдері де емес, нағыз ұлт ақындары болып қалыптасуда.

Бақытсыз ел деп ұлт ақындары аз, немесе ұлт ақындарын көппен бірдей көретін елді айтамыз.

...Біреуге ұнар, біреуге ұнамас, Ресей әлемдік саясаттағы өз орнын ешқашан жоғалтқысы келмейтін ел. Сондықтан да оған бейшара, бейтарап, кедей, сұрамсақ, жағымпаз, есепшіл, есірік, даңғой емес, шын мәніндегі ұлт әдебиеті керек, ұлы мақсатқа қызмет ететін ұлт әдебиеті.

Бақытты әдебиетті жасап жүрген орыстың бақытты ақынын мерейлі мерейтойымен біз де құттықтаймыз.

Біз желтоқсан оқиғасын ұмытқан жоқпыз, ұмытпаймыз да, Станислав Юрьевич!»

Дұрыс-ақ  Есенғали бауырым. Сен де жас емессің, ердің жасы елудесің тәп-тәуір ғана емес, талантты, қаны бар ақынсың.

Станислав көкеңнің қандай хикметтің күшімен сондай атақ-даңққа қол жеткізгенін дәп басып таныпсың. Ендеше мен сияқты өзіңді құрметтейтін адамдардың сенен сондай хикмет таяғына сүйенер ерлікті неге талап етпеске? Сөзден іске, нақтылы іске көшер мүбәрак сәт қашан келеді? Әлде сен де айтуын айтып, істеуін басқалар істеп, азабын тарта берсін дейтін тоғышарлыққа меңзейсің бе?

Қолыңнан келер еді. Талантың жетіп тұр, талабың, ісің қалай болар екен?.. Қазаққа жетпейтіні соңғысы-ау, сірә!

Жасасын өмір! Тек өзім аман болайын! – дейтін бір қарғыс атқан қанаты сынық қанатты сөз бар. Құдайым содан сақтасын!

Ой бой, кеш болып кетіпті. Артыма қарап қимылдамасам болмас. Денсаулық деген бір пәлеге мән бермесе болмас.

Әлімғазы Дәулетхан

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2061